Өткенді білу – өскеннің белгісі

Өмір – өзен. Уақыт – ағын. Су секілді уысыңда тұрмайды, тоқтаусыз ағып, байқатпай өтіп жатады. Қорқыт бабадан жеткен: «Өткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Бүгінгі күн – сый екенін ескерсек, тарлан тарихқа ден қойғанымыз жөн. Тарихын білмеген халық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айналады. «Өткенді білу – өскеннің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеннің белгісі» — деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан бәріміз: «Біз шала халықтың емес, дана халықтың ұрпағымыз» деген сөзді ұлттық ұранға айналдыруымыз қажет.

Ғасыр жасаған абзал ана

Бағзы заманнан бері қазақ қоғамындағы әйелдің, ананың рөлі асқақ һәм биік. Әйтпесе, Айша анадай ақылды, Домалақтай дана, Бопайдай байыпты, Томиристей тапқыр, Әлиядай әдемі, Мәншүктей мықтыларды туғызып, тарих бетінде сақтамас едік.