Мемлекеттік қызметкердің әдептілігі – қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын басты құндылықтардың бірі. Себебі мемлекеттік қызмет – тек кәсіби міндеттерді орындау ғана емес, халықпен мәдениетті қарым-қатынас орнату, жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын ұстану.
Бүгінде қоғам мемлекеттік қызметкерлерден заң талаптарын сақтаумен қатар, азаматтармен сыпайы сөйлесуді, қызметтік этиканы ұстануды және кез келген жағдайда сабырлы әрі әділ болуды күтеді. Халықпен тиімді байланыс орнату, мәселелерді байыппен шешу, әріптестермен өзара сыйластықта жұмыс істеу – сапалы мемлекеттік қызметтің маңызды көрсеткіштері.
Сондықтан әдеп нормаларын сақтау әрбір мемлекеттік қызметкердің күнделікті кәсіби мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Әдептілік, адалдық, әділдік және ашықтық қағидаттарын сақтау мемлекеттік қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы сенім деңгейін нығайтуға ықпал етеді.
Осы бағытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалары мен Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстары қазынашылық басқармасы қызметкерлері арасында тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар басқарма ғимаратында Әдеп жөніндегі уәкіл туралы толық мәліметтер, оның ішінде тегі, аты-жөні, фотосуреті, кабинетінің орналасқан жері мен байланыс нөмірлері азаматтарға қолжетімді әрі көрнекі орындарға орналастырылған. Бұл мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Мемлекеттік қызметтегі әдеп қағидаттарын сақтау – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты нығайтатын маңызды фактор.
Г. ДЖАНАЕВА
Жаңаөзен қалалық мемлекеттік қазынашылық
басқармасының басшысы
