2025 жылы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаменті республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Қаржы ағындарын басқару, төлемдерді өткізу, мемлекеттік мекемелердің қаржылық операцияларын есепке алу сынды негізгі міндеттер толыққанды орындалды.

Бүгінде департамент 636 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 71 республикалық мемлекеттік мекеме, 498 жергілікті мекеме, 6 квазимемлекеттік сектор субъектісі және мемлекеттік сатып алуға қатысатын 61 ұйым бар.

Жыл қорытындысы бойынша кассалық шығыстар көлемі 763,4 млрд теңгені құрады. Бұл – өңірдегі қаржы айналымының ауқымды екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

Есепті кезеңде департаментке 27 мыңнан астам қаржылық құжат келіп түсті. Оның 24 мыңнан астамы өңделіп, тиісті операциялар жүзеге асырылды. Қайтарылған құжаттар үлесі шамамен 10 пайызды құрады.

Сонымен қатар, азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу бағытында 32 мыңнан астам өтінім қабылданып, оның 30 мыңнан астамы тіркелді. Ал 5 пайыздан астам өтінім түрлі себептермен кері қайтарылған.

Төлем құжаттары бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Жалпы 402 мыңнан астам төлем құжаты қабылданып, оның 385 мыңнан астамы орындалды. Орындаусыз қайтарылған төлемдер үлесі 4,18 пайызды құрады.

Жалпы алғанда, 2025 жылы департамент арқылы өткен құжаттардың саны 520 мыңнан асты. Оның 498 мыңнан астамы сәтті өңделіп, шамамен 4,1 пайызы кері қайтарылған.

Мемлекеттік мекемелердің шығыстарын қалпына келтіру, түсімдерді есепке алу және арнайы шоттар бойынша операциялар да толық көлемде орындалды.

Мемлекеттік сатып алу саласында әлеуметтік өнім берушілердің тәжірибесін растау бағытында 4,5 мыңнан астам құжат қаралды. Оның ішінде 2 356 құжат расталып, 2 203 құжат кері қайтарылған. Бұл көрсеткіштер құжаттарды рәсімдеу сапасына қатысты мәселелердің әлі де бар екенін аңғартады.

Өткен жылмен салыстырғанда түскен құжаттар саны азайғанымен, қайтарылған құжаттар санының өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде құжаттарды сапалы дайындау қажеттігін көрсетеді.

Департамент жұмысының ашықтығын арттыру және түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 14 мақала жарияланып, мемлекеттік мекемелер өкілдерімен 43 семинар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы 8 мыңнан астам кіріс және 3,7 мыңнан астам шығыс хат тіркелген.

Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 216 өтініштің басым бөлігі қаралып, тиісті жауаптар берілген. Олардың ішінде арыздар, сауалдар және бір шағым тіркелген.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаменті бюджет қаражатының тиімді әрі ашық игерілуін қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп, қаржылық тәртіпті нығайтуға үлес қосты.