«Қазақ» газетінің (Бас шығарушы Ахмет Байтұрсынов) 1914 жылғы 14 ақпан күнгі №50 санында Ғұмар Қараштың «Шарғы мәселе» атты мақаласы жарық көрген. Мақала басында Ғ.Қараш Астархан маңайындағы бір бауырым Хамидолла Нәубетов деген ушителден хат алдым деп оқырмандар назарына береді.  Хаттағы сұраған фәтуасы жұртқа ортақ нәрсе турасында болғаны үшін, оның хатын да һәм жауабымды да құрметті «Қазақ» арқылы жариялатуды лайық көрдім, қатесін тапқан жандардан жолы-жөніменен, шанышпай, шаптамай түсіндірулерін тілеймін деген пікірін білдіреді. Бұл мақаланы «Заң мәселесі (Шариғи мәселе)» атауымен Уфа қаласынан жарыққа шығып тұрған «Шора» журналының 1914 жылғы №50 санына да жариялайды.

Біріншіден, ардақты ұстаздың сол дәуірдегі қазақтың көрнекті тұлғаларының бірі Ғұмар Қарашқа хат жазғаны көпшілігімізге белгісіз деген ойдамын.

Екінші, мұғалім Х.Нәубетов хат жазып отырған Ғұмар Қараш  кім еді? Соған тоқтала кетсек. Ғ.Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, қайраткер-ағартушы, қаламгер, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, түрік, татар, башқұрт, парсы тілдерін жетік білген ғұлама-ахун. «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттерін және «Мұғалім» журналын шығаруға үлес қосқан баспасөз жанашыры. Ол 1875 жылы Бөкей Ордасының Қырқұдық (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы) деген жерде дүниеге келген.  Жастайынан жетім қалған оны ағайын-туыстары қамқорлығына алып,  ауыл молдасына оқытады. Кейін Жалпақталда Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі  ұстаған медресені бітіреді. 1902-1910 жылдары өзі туып-өскен ауылда, Тіленшісай, Борсы елді-мекендерінде  жәдитше бала оқытады.  1907 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ сахарасына кең тараған  «Қазақ»,  «Қазақстан», «Сарыарқа», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы»,  «Ұран» және «Айқап», «Шора»,  «Абай», «Мұғалім»  журналдарына сол дәуірдің көкейкесті мәселелері туралы мақалалар мен өлеңдерін жариялап тұрды. 1917-21 жылдары елдегі қоғамдық-саяси істерге белсенділікпен араласты. 1921 жылы ақ бандылар Құнаншапқан деген жерде қылышпен турап, азаптап өлтірді.

 Ал хат жазып отырған  мұғалім Х.Нәубетов 1885 жылы Исатай ауданының Бегайдар құмында дүниеге келген. Атырау өлкесіне белгілі, Нарын құмында оқу-ағарту ісін алғаш ұйымдастырушылардың бірі, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болған ұлағатты ұстаз. 1973 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.  Бүгінгі күндері  Исатай ауданында және Атырау қаласында ұлағаты ұстаз  есімін иеленген мектеп, көше атаулары бар. Х.Нәубетов 1904-64 жылдары  Нарын құмы мектептерінде бала оқытқан. Хат жазылған кезеңде Х.Нәубетов теңіз жағалауындағы Березино учаскесіндегі екі сыныптық училищеде сабақ берген. Үшіншіден, бұл хаттардың маңыздылығы сол кезеңдегі қазақ қоғамы үшін ең өзекті мәселелердің бірі – оқу-ағарту саласына ерекше мән берілгендігінде. 1913 жылдан бастап шыға бастаған қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылым «Қазақ» газетінің кең сахараға тарап, көзі ашық, көкірегі ояу жастарда газетті алдырып оқығаны да белгілі.

Сонымен Х.Нәубетов Ғұмар Қарашқа жазған хатында:  «Құрметті Ғұмар әпенді, «Қазақтың» 36-нөмірінде «Сарқандтан телеграм» деген мақалада құрбандықты шалмай, 5 сомнан құрбан басына хақ кесіп, жиып алып, студенттерге  жәрдемге жіберіпті. Бұл іс қазақ арасынада бұрын болмаған уақиға болғандықтан, аң-таң қалып, «Бұл дұрыс па екен? Шығармай, ақшалай хақ кесіп, үлестіру шариғатта жарай ма екен?  Бұл бір рәсуі ғамал болмаса еді деп күмәнға қалушылар бар. Билік иесі адамдардан мұның жарап-жарамауы хақында сұрап біліп, егер шариғатта дұрыс болса, біздер де неге» істемейміз деп ойға қалып, сізді соған дұрыс дәлелімен фәтуасын беруге рақым етер деп, бұл өтініш сәлемімді жолдадым. Егер құрбандықты тірі үлестіру дұрыс болса һәм бұл біздің қазақ арасында жайылып, халықтың нағыз мұқтаж болған оқу-өнер жолына жұмылса, ұлтымыздың қараңғылықтан жарыққа қарай бет алуына көп себеп болар еді», — дейді.

Ұстаздың хатынан бұл құрбандықтың оқу-өнер жолына жұмсала деген ізгі ниетін байқайтынымыз.  Шын мәнінде бүгінгі таңда да құрбан шалу мәселесі жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі. Ал құрбандық шалу – көне діни ғұрыптардың бірі. Сонымен қатар ел арасындағы құрбан шалу мәселесі, дін-шариғат жөнінде ақыл-кеңес сұрап хат жазуына қарағанда Ғұмардың ел-ішіндегі атақ-даңқы өрлеп тұрғандығын аңғаруға болды.

Ағартушы Ғұмар Қараш Хамидолла мұғалімге арнап жазған хатында: «Құрметті бауырым Хамидолла! Сізге мұның ғажап болып көрінуі жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, сізге үйреткен моллалар Құранды ашып, шариғаттың рух фәлсафасын үйретудің орнына әлгі қалың кітаптардағы мың жылғы бұрынғы хәлге, заманаға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айрылма, тап осыны өзгертпе  дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызышы: жыл сайын  Хижаздағы Мина  деген жерде құрбан  күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр малдары бір күн ішінде шалынып жерге көміледі, бұл ұят емеспе!.. Мұндай ысырапты хақ шариғат қосар ма?.. Міні осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, суретін, формасын қолданып адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (Ғ.С.) заманасында, сахабалары заманасында ислам мәдениетінің негізі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін, мектеп-медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да, мүлде аз болған. Сол себепті ол күндерде құрбандықты шалып, фақырларға етін таратудан басқа орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп қайтадан арамызға келіп халімізіді көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып біздің ғылымды-һөнерлі болуымыз, басқа елдерге хабарласуымыз жолына жұмсар еді.  … Бізде қазірде түрлі орындарда ресми рұқсаты бар жәмиғат хейрилер ашып, солар арқылы зекет, құрбандықтарымыздың пұлы, иәки өзі жиналып мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттер оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптар бастырып тарату – бірінші фарыз.  Бұған фәтуа беріп бастап көрсету, халыққа түсіндіру – ғұламамыздың, ашық пікірлі саңылауы бар адамдарымыздың ауыр міндеті. Енді мұндай орындарға лайықты үгіт айтуға уақыт келгенде көрінеді. Һәрбір халықтың мәдениет тарихы қараса, дүниеге шыққан ақиқаттың баршасы да сынменен, бұл қалай?… Бұл солай ма екен? … меннен басталған екен. Бізде де «Бұл қалайлар?» көріне бастады. Енді ұзамас, «Ие, … солай екен, солай керек екендер» де дүниеге шықса керек.  Табиғаттың жолы солай», — деп аяқтайды.  

Х.Нәубетовке қайтарған жауап хатында қайраткер-ағартушы бірінші парыз сол кезеңде ең өткір тұрған мәселелер қараңғы қазақ арасында мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттерді оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптар бастырып тарату керектігін алға тартып, дұрыс бағыт-бағдар береді. Ғасырдан астам уақыт бұрын көтерілген бұл мәселелер күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймаған ең өзекті мәселелер болып отырғандығы да белгілі. Тарихымызда өзіндік орындары бар тұлғалардың өзара жазысқан хаттарынан түйгеніміз осындай ойларға жетелейді.

Аққали Ахмет

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *