Қатерлі ісік – бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған ең күрделі дерттердің бірі. Бұл диагноз тек медицина саласының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігін талап етеді. Аурудың алдын алу, ерте анықтау, заманауи емдеу тәсілдері, скринингтің маңызы, кадр мәселесі мен жаңа технологиялар туралы Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Сапарова Эльмира Ғарифоллақызымен кеңінен әңгімелескен едік.

– Эльмира Ғарифоллақызы, алдымен Атырау өңіріндегі онкологиялық ахуалға тоқталсаңыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда жағдай қалай өзгерді?

– Бүгінде облыс бойынша онкологиялық есепте тұрған науқастар саны 5 мыңнан асады. Өңіріміз өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, экологиялық ахуалдың әсері бар екені жасырын емес. Соған байланысты қоғамда «Атырау облысы қатерлі ісік бойынша ең алдыңғы орында» деген пікір жиі айтылады. Бірақ бұл – ғылыми негізделмеген жаңсақ тұжырым.

Қазіргі таңда өңіріміз республика бойынша онкологиялық аурушаңдық деңгейі жағынан 12-13-орында тұр. Барлық деректер Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына, Денсаулық сақтау министрлігіне және тиісті басқармаларға ай сайын, тоқсан сайын электронды түрде жіберіліп отырады. Әрбір тіркелген науқас бірыңғай жүйеде есепке алынады.

Айта кетерлігі, өткен жылдың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келіп, онкологиялық аурушаңдықты зерттеу бағытында бірлескен ғылыми жұмыс жүргізу туралы келісімге қол жеткіздік.

– Қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу қолжетімді ме?

– Қазақстанда онкологиялық диагноз қойылған сәттен бастап науқастың тексерістен өтуі мен ем алуы толықтай тегін. Бір пациентке орта есеппен 2,5-3 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалады, ал емдеу курстары 20 күн сайын жүргізіледі.

Соңғы жылдары шетелге барып емделетін науқастар саны азайды. Ашық айтамын, диагнозды алғаш естіген кезде адамдардың психологиялық тұрғыдан шетелге барып қаралуға ұмтылуы түсінікті. Бірақ мен әрдайым: «Қаражатыңыз жетсе, барып тексеріліп келіңіз. Алайда ем алу үшін қарызға батып, үйіңізді сатып, есепшот ашудың қажеті жоқ. Себебі дәл сол емдеу әдістері бүгінде бізде де бар», – деп ашық айтып отырамын.

– Бұл аурудың пайда болу себептері қандай?

– Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің нақты бір ғана себебі бар деп айту қиын. Бүгінде тек жатыр мойны қатерлі ісігінің негізгі себебі анықталған. Ол – адам ағзасына папиллома вирусының енуі. Бұл жаңалықты дәлелдеген қазақстандық ғалымдар Нобель сыйлығына ие болды. Сол себепті қазір 11-13 жас аралығындағы қыз балалар арасында жатыр мойны қатерлі ісігіне алып келетін адам ағзасындағы папиллома вирусына қарсы екпе жүргізіліп жатыр.

Папиллома вирусы әйел адамдарда 90 пайыз жағдайда жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеледі. Сонымен қатар денедегі сүйел, папиллома, бородавка сияқты түзілістердің барлығы осы вирустың көрінісі.

Шетелде бұл вакцина 20 жыл бұрын енгізілген. Соның нәтижесінде жатыр мойны қатерлі ісігі жылына бір-екі ғана жағдаймен шектеліп отыр. Қазір ол елдерде қыз балалармен қатар ұл балаларға да екпе салынады.

Қазақстанда бұл екпе 2010 жылы Алматы, Астана, Павлодар, Атырау сынды бірқатар өңірде пилоттық жоба ретінде басталды. Сол уақытта мектептерде аталмыш екпенің маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бастапқыда менің қолымда тек шетелдік тәжірибе болды. Сәйкесінше ата-аналар тарапынан да екпенің кері әсеріне қатысты көп күдік туып, кейін бұл екпе елімізде уақытша тоқтатылған да болатын. Сол кезде біз 2 мыңнан астам қыз баланы вакцинацияладық. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап екпе елімізде қайта енгізіліп, қазір 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға салынып жатыр. Біз жүргізген зерттеу екпенің тиімділігін нақты дәлелдеді.

Жалпы, қатерлі ісік бір күнде пайда болмайды. Ол жай аурулардан басталады. Жасушада біртіндеп өзгеріс жүреді, бұл үдеріс малигнизация деп аталады. Ол процессті басқару, алдын алу мүмкін емес. Иммунитеттің төмендеуі, күйзеліс, созылмалы аурулардың емделмеуі қатерлі ісікке алып келуі мүмкін.

– Скринингтің маңызы жөнінде газет оқырмандарына үндеуіңізді естісек…

– Скрининг – қатерлі ісіктің алдын алудағы ең басты құрал. Қазақстанда 2007-2008 жылдан бері мемлекеттік онкоскрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Қазір үш бағыт бойынша жүргізіледі: жатыр мойны, сүт безі және тік ішек қатерлі ісігі.

Айта кететіні, скрининг толықтай тегін. Алайда халықтың белсенділігі әлі де төмен. Көп жағдайда адамдар ауырған кезде ғана дәрігерге келеді. Бұл – ең үлкен қателік. Біздің мақсат – аурудың өзін емес, оған алып келетін жай ауруларды ерте анықтау.

– Онкодиспансердің материалдық-техникалық жағдайына қатысты не айтасыз?

– Қазіргі ғимарат 1973 жылы салынған, әрине, ескі. Бірақ жаңа ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта қазіргі нысан сүріліп, орнына заманауи талаптарға сай жаңа онкологиялық орталық салынады.

Құрал-жабдық жағынан айтарлықтай ілгерілеу бар. 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама аясында заманауи медициналық техникамен қамтылудамыз. Бұдан бөлек, Қазақстанда тіркелмеген, бірақ халықаралық хаттамаларға енген бірқатар дәрі-дәрмектерді алғашқылардың бірі болып пайдалануға мүмкіндік алдық.

Молекулалық-генетикалық зерттеулердің енгізілуі ем тиімділігін арттырды. Қазір ісіктің түріне қарай жекелей емдеу тактикасы таңдалады. Бұл науқастардың өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттырып отыр.

– Кадр мәселесі қалай шешілуде?

– Бүгінде диспансерде 300-ден астам қызметкер еңбек етеді, оның 42-сі – дәрігер. Барлығы жоғары санатты мамандар. Соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен басқа өңірлерден білікті кадрлар тартылды. Жас мамандарға 5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы беріліп, қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілуде. «Отбасы банк» арқылы алғашқы жарнасыз, 5%-дық үстемақымен пәтер алу мүмкіндігі жасалуда.

Сонымен қатар, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Тұрсынұлы, Химия-терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Баянқызы, Бас мейірбике Бахтылы Медеуқызы сынды мамандарымыз Германия, Израиль сынды елдерде тәжірибе алмасып келді. Шетелде оқып келген бөлім меңгерушілері алған білімін әріптестеріне каскадтық әдіспен үйретеді.

Одан бөлек, Израиль елінің дәрігерлерімен, Алматы қаласындағы Онкология және радиология институты, Астана қаласындағы Онкология орталығы мамандарымен серіктестік жолға қойылған.

– Соңында осы өңірдің тумасы, денсаулық сақшысы ретінде атыраулықтарға берер кеңесіңіз…

– Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты екенін түсінуі керек. Уақытты өткізіп алмау – халықтың ең басты ескеруі керек мәселесі. Салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, күйзелістен аулақ болу – қарапайым, бірақ аса маңызды қағидалар.

Тағы бір қоса кететіні, бүгінде ел ішінде белгілі бір деңгейде бизнеске айналған биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) өз бетінше қабылдауға болмайды. Оның бауырға тигізер зияны көп. Қандай да бір дәріні тек дәрігердің кеңесімен ғана қолдану қажет.

Жылына кемінде бір рет медициналық тексерістен өтіп тұру – өзіңізге, отбасыңызға жасалған үлкен қамқорлық. Қатерлі ісік – үкім емес. Ерте анықталса, оны емдеуге болады.

Әңгімелескен Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ