Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі 5100-ден астам жәдігер толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Бұл бастама мәдени мұраны сақтау, жүйелеу және көпшілікке қолжетімді етуге бағытталған. Сондай-ақ, мәліметтерді «E-museum» веб-порталы және АИС «SAQTAU» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы музей қорының мемлекеттік каталогынан табуға мүмкіндік бар. Болашақта аудан орталықтарындағы музейлер де цифрлық жүйеге көшірілмекші.
Орта ғасырлық Сарайшық тарихын зерттеп жүрген жас тарихшы Динара Сатымова, облыстық музейдегі жағымды жаңалыққа тәнті болғанын айтады. Себебі, мұнда «Алтын Орда дәуіріне тән 10 мыңнан астам тарихи жәдігер сақталған. Оның барлығын зерделеу уақытты қажет ететін ақиқат. Енді Динара өзіне керекті мәліметті интерактивті тақтадан еркін таба алады.
«Кез-келген құнды жәдігердің тарихын және оның қай жерден табылғанын суреті, вертуалды турын анықтап, көре аламыз. Мұны интернеттен де көруге мұмкіндігіміз бар, үйде отырып қолдана аламыз»- дейді жас тарихшы Динара Сатымова.
Күні бүгінге дейін музей қорындағы барлық жәдігерлер электронды форматқа көшірілді. Енді келушілер арнайы құрылғылар арқылы түрлі суреттер мен экспонаттар жөнінде виртуалды тур және 3Д форматта мол мағыұлмат ала алады
– Музей залдарында орналасқан галаграммалар арқылы көрермендер үшін қойылған жәдігерлерді 360 градус форматта жан-жағынан көруге мүмкіншіліктер қарастырылған. Ал, «Алтын Орда» залында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 2 қабаттағы залдардан түсірілген бейне экскурсиялар көрсетіледі, — дейді музей таныстырушысы Ақзер Жеңісбайқызы.
Облыстық тарихи — өлкетану музейінің қорында 65 мыңнан астам тарихи жәдігерлер сақталған. Біздің мақсатымыз, қорды цифрландыру жүйесін енгізу арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және оларды ғылыми айналымға енгізудің тиімді тетігіне айналдыру,- дейді мамандар.
Музей қорынының меңгерушісі Меңсұлу Наурызбаевадан білгеніміздей, мұндағы археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, тағы басқа да жинақтар жоғары сапалы фотосуретке түсіріліп, 3Д форматта цифрландырылуда. Сонымен қатар цифрландырылған зкспонаттар музей қорының электронды базасына енгізіліп, ғылыми зерттеуге, көрме жұмыстарына пайдаланылады.
Музейшілердің айтуынша, осы жылдың аяғына дейін өңір аудандарындағы тағы да 9 музей цифрлық жүйеге көшіріледі. Сол кезде, қазіргі жәдігерлердің қатары тағы 12,5 мыңға көбеймекші.
К.АРЫСТАНОВ
