Сонау сан ғасырлардан бері қазақ халқы небір қиындықтар мен азапты күндерді бастан кешіп келе жатқаны әмбеге аян.  Соның ішінде ең елеулісі, еш ұмытылмас тарихи оқиғалардың бірі – қалмақтармен соғыс. Бұл жылдар жадымызда «Ақтабан шұбырынды,алқакөл сұлама» деген атпен қалды.

Бұл кезде Қытай мемлекетінің абыройын асқақтатқан, жерін кеңітіп, керегесін бекіткен, кемеліне келтірген Е.Сюан 1722 жылдың аяқ кезінде жасы ұлғайып, дүниеден өтті. Оның орнын басқан ИньЧжень жоңғармен соғысты тоқтатып, бітім шартын жасасты. Бітім шартына қол қойған соң кешікпей 1723 жылдың ерте көктемінде Сыбан Раптан, бұрыннан қазақтармен талай ұстасып жырынды болып қалған, соңғы он-он бес жыл бойы Мәнжу-Цин әскерімен үнемі соғыс тәсілдерін жан-жақты меңгерген, ысылған, от қаруы бар жүз мыңнан астам қыл шашақты, қызыл тулы қалмақ шеріктері қазақ жеріне еш кедергісіз кіріп, ойранын шығарды. Сөйтіп, малын қыстан жаңа шығарып, енді төлдетіп жатқанда Сыбан Раптан, Дүрбіт-Ойраттың шерігін бейқам жатқан қазақ еліне жауып жіберді. Қапелімде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмай» қалған қазақ не істерін білмей дал болды.

Осылайша,  қазақ халқы «балапан басына, тұрымтай тұсына» қашып, пана таба алмай, қалмақтың табанының астында қызыл қан болып қырылды. Отыз-қырық мыңнан кем емес түтіні бар қалалардың орнында күл араласып құлаған, өртенген үйлердің орны қалды. Тірі мақұлықтан ештеңе қалған жоқ десек, қателеспеспіз. Күшігін ерткен қаншық иттерге дейін өлтірілді. Итаяқтан қолға ілінер зат қалмады. Қолға түскен адамдарды түгелдей сапқа тұрғызып, бетіне әжім түскені мен шашының бір тал ағы барлары мен екіқабат келіншектерін түгелдей қылышпен шауып, өлтірді. Жас қыздарды ғана іріктеп алып, күң етіп пайдалануға немесе араб-парсы байларына сату мақсатында айдап кетті.

Өстіп, қазақ «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты апатқа жолықты. Қазақтың басына ақырзаман осылай орнады. Малын түгел жауда қалдырған ел аштықтан қырылды. Ұлы жүз пен Орта  жүздің Қоңыраты мен Найманы Сырдария жақтағы Алакөлдін айналасын өлікке толтырып, Бұқараға бет алды. Орта жүзден босқан ел жалаңаш, жалпақ бұрқылдақ сорды кешіп, ақ табан болып, шұбырып, Торғай жағына бағыт алды. Он екі ата Байұлына ермей қалған Кіші Жүздің халқы өлгені өліп, өлмегені өлімші болып, Хиуаны бойлай тартты.

ЕЛІН ҚОРҒАҒАН ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ

Бала кезімізде 5-6 сыныптың тарих пәні оқулығынан:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді,-

деген ұзақ дастан жырды оқығанымыз бар еді.

Сондай зарлы әуен. Астарына үңілсең бүкіл қазақ халқының шерлі, мұңды өткен өмірі сайрап тұр. Оқыған сайын екі көзіңе мөлтілдеп жас келіп, сай сүйегің сырқырайды. Тебіреніп кетесің. Кейін білдік ғой, бұл тарихи поэманы шығарған Орта Жүз Керей Ашамайлыдан шыққан атақты Толыбай сыншының ұлы Қожаберген деген атақты әрі ақын, әрі жырау, әрі батыр, әрі қолбасшы екен.

Тарихшылардың дерегі бойынша ол Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, «Толыбай жалы» деген жерде 1663 жылы дүниеге келген. Әкесі Толыбай да батыр, би, елге танымал ат сыншысы болған. Ол жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқиды. Сауаттылығының, зеректілігінің арқасында ол өзіне дейінгі ақын-жыраулардың өлең-жырларын көп оқиды. Араб-парсы тілдерін жетік меңгергендіктен, медреседе жүріп, Шығыстың жарық жұлдыздары атанған Низами, Науаи, Жәми, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки шығармаларын оқып, солардан ғибрат алады. Бұған қоса, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри және өзінен бұрын өткен Әбілғазы баһадүр хан сияқты ғұламалар жазып қалдырған шежірелермен таныс болған.

Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түркімен елдері арасында елшілік қызмет атқарған. 1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары жиырма бес жастағы Қожаберген жырауды бүкіл қазақ, ноғай, қарақалпақ әскерінің қолбасшысы етіп сайлайды. Үш ғасырға созылған қазақ-қалмақ шапқыншылығының халқымыздың өміріндегі ауыр кезең болғанын, мұнда жан берісіп, жан алысқан, қаншама қан төгілген шайқастар болғанын тарихтан жақсы білеміз. Тауымыз шағылып, амалсыз елден, жерден ығысып, «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырайтынымыз осы тұста. Сол аласапыран кезеңдегі елдің аумалы-төкпелі зар заман мен қатпар-қатпар тарихи оқиғаларды «Елім-ай» атты эпопеялық дастанында ғажайып шындықпен бедерленеді. Көлемі мен ауқымы мол жеті бөлімнен, 3683 шумақ, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанын асты-үстін қопарып зерттесе де, бірнеше ұрпақ ғалымдары түгесе алмайтын құнды жәдігер, қазыналы қойма екені даусыз.

Қожаберген жыраудың жан-жақты терең білімі мен үлкен дарынын қазақтың ұлы мемлекет қайраткерлері Әз Тәуке де, Абылай хан да тиімді әрі орынды пайдалануға тырысқан. Әз Тәуке хандық құрған тұста елдің ата заңындай болып әйгілі «Жеті жарғы» дүниеге келеді. «Жеті жарғыны» жазуда Қожаберген кеңесші немесе атақты билердің айтқандарын  көшіріп беруші ретінде емес, белсенді авторының бірі ретінде шешуші рөл атқарған. Сөйтіп, Қожаберген  Әз Тәукенің сенімі мен үмітін ақтап, «Жеті жарғыны» ақ былғарыға жаздырып, ханның өзіне тапсырады. Мұның бір данасы бүгінде Түркияда Стамбулдың Сүлеймен атындағы Канони кітапханасында сақтаулы екені айтылып жүр.

Тарихи деректердің айғақтауынша, Қожаберген 1710 жылдың жазында өзінің салиқалы жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздіксіз қатысып, шаршағанын алға тартып, Тәуке ханның өзін Ордабасы қызметінен босатуды сұрайды. Әз Тәуке әуелі қош көрмесе де келісім береді. Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын беріп, өз орнына Бөгенбай батыр Ақшаұлын қазақ, ноғай, қарақалпақ жұртының біріккен әскерін басқаратын Бас қолбасшы етіп сайлайды. Қожабергеннің батырлығы мен ерлігі Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты толғауында кеңінен баяндалған.

Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұраның шексіз екенінде дау жоқ. Қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманда мұңын тартқан «Елім-ай» әні бір төбе, «Күлдірмамай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары балта керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл» дастандары, «Ақсауыт», «Ғасыртас», «Дүние», «Жігіттік» сияқты толғаулары мен «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы» өлеңдері, «Дабыл», Аңырақай», «Бозайғыр», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлері» – осының бәрі тарихтың қойнауынан құнды деректерді суырып алуға сұранып тұрған мол дүниелер.

Қожаберген жырау ұзақ жасап Қызылжар төңірегінде қайтыс болған. Сонымен Сыр бойында қазақ халқына белгілі батыр Қожаберген жырау қайдан жүр? Енді соған тоқтала кетейік.

Жалпы ауызекі шежірелерге құлақ түрсек, халық арасында «Кіші жүз Сауранды екі-үш айналған» деген сөз тіркесі бар. Мұның мәнісі мынау болса керек. Ел басына күн туғанда Кіші жүз халқы қиын-қыстау кезеңнен аман қалу үшін Алтай мен Каспийдің аралығында емін-еркін көшіп жүрген ғой. Әсіресе ХVII ғасырда Есентемір, Алтын-Жаппас, Таз, Ысық, Алаша, Кердері, Жағалбайлы рулары Сыр бойына Жайық өңірінен көшіп келгені тарихтан белгілі. Олардың біразы 1723 жылға дейін «Бестам» дейтін шаһарды қоныстанған екен. Жайықтан келген Кіші жүз руларының бетке ұстар биі, ақылгөйі Қабылан деген адам болыпты. Қабыланның кіндігінен Айша атты қыз, Айбасқали деген ұл болған.

Айбасқали Самархан медресесінде оқиды екен. Елден шалғай жүрген Айбасқали әйгілі жырау Қожабергенмен Самарханда жүріп достасады. Екеуі оқудан қайтар сапарында Қабыланның үйіне бірге келіпті. Сол сапарда Қожабергеннің көзі Айшаға түседі. Ақыры екі жас көңілі жарасып, қосылады.

1723 жылы Қожаберген жырау Науан, Бекет есімді балаларын ертіп, Айбек, Ермек деген атқосшысы арқылы бірге Қабылан бидің ауылына, яғни «Бестамға» қонаққа келеді. Үш жүздің белгілі жырауын Кіші жүз елі бірінен соң бірі қонақ етіп, жырын тыңдайды. Сөйтіп, олардың бүкіл жазы Сыр бойында өтеді. Тек қыркүйек айында елге қайтуға жинала бастаған сәтте қас қылғанда шығыстан жоңғар қалмақтары, батыстан Еділ қалмақтары елімізге бас-көктеп енеді. Еліне қайта алмай, Сырда қалған Қожабергеннің мынадай өлеңі бар екен:

Ызғарлы күн шығыстан жел келеді,

Шұбырған Алтай жақтан ел келеді,

Еділден Убаша қалмақ тағы шапты

Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.

Осылай екі жақтан тиді қалмақ,

Әскерін күн-түн жиды қалмақ

Қазаққа екі беттен шабуылдап,

Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.

Жау шабуылына төтеп беру мүмкін болмады. Айша мен Қожабергеннің екі ұлы қалмақ оғынан шәйіт болады. Қайғырса да қазақ үшін сол қасіретті көтере білген Қожаберген:

Қазаққа қиын болды келген індет,.

Ежелден жауға шабу – ерге міндет,

Шығарда  жау қоршаудан күшпен бұзып,

Екі ұлым майданда өлді Науан, Бекет.

Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,

Төрт боздақ қара жерді барып құшты.

Өлімін төрт сабаздың көргенімде,

Өртеніп, іші-бауырым күйіп-пісті.

Сол кезде өзімді-өзім тоқтата алмай,

Ұрандап «ошыбайлап» салдым айқай.

Сілтедім оңды-солды көк найзаны

Жығылды талай дұшпан, салып «ойбай».

Екі ұлым бізге еріп келіп еді,

Қызықты Сыр бойынан көріп еді.

Ақыры қан майданда шәһит болды,

Қос құлыным жау қалмаққа неғып еді!

Сыр бойындағы қазақтар қанша қайрат қылғанмен қалмақтың топан судай қаптаған қалың қолына төтеп бере алмады. Оңтүстіктен батысқа қарай үдере көшу басталды. Бұл көшпенділіктің ішінде бір кезде атақонысы Жайық жаққа бет алған біздің аталарымыз да бар еді. Қожаберген мен Айша екі ұлының қазасына қара жамылып, өздерін құрмет тұтып сыйлаған елдің ортасында болды. Сұмдықты халқымен бірге көрді.

АЙША САЛҒАН ЗАРЛЫ ӘУЕН

Қазақ басына түскен қасіретке Айша апамызда ортақтасады. Табиғатынан өнерлі жан әншілік талантымен біраз қазаққа танымал екен. Біздің осы пікірімізді Қожабергеннің «Ақ табан шұбырынды» деген жыры дәлелдей түседі.

«Елім-ай» деп, бастай бер, Айшажаным,

Біз айтпасақ кім айтар елдің зарын.

Жауға шабар қасымда жасағым жоқ,

Өлең айту болды ғой бар амалым.

Мінгестік Айша екеуміз жалғыз атқа,

Амалдан қамшы бастық ақбоз атқа.

Құтылып жаудан алыс кете бардық,

Әйтеуір, тұтқын болмай ит қалмаққа.

Ән мен жыр қайғырса да, қуанса да Қожаберген мен Айшаның серігі болады. Жыраудың жүрегінен туған «Адыра қалғыр Қаратау», «Иесіз қалған сылаң Сыр», «Қаратаудың басынан көш келеді» деген жан тебірентерлік жырлары осы кезде жазылған.

Зерттеушілер аузында «Елім-ай» өлеңін Қожаберген, оның зарлы әуенін шығарған Айша екен деген сөз бар. Оны негізсіз деуге болмас. Өйткені, Қожаберген жыраудың осы кезде шығарған барша өлеңі «Елім-аймен» іштей үндесіп, бір керуеннің бұйдалас түйесіндей байланыста. Шынында да әулие Айша «Елім-ай» әнінің авторы десек, оның еш ағаттығы жоқ деп ойлаймын.

Бір көне кітаптарда қазақтың шыбын жанын сақтап қалуға Айша апамыздың септігі тиген деген мәліметтерде кездесіп қалып жүр. Тұтқиылдан шапқыншылық басталған кезде елді қалмақтар қырып кетпес үшін кемпір-шал, әйел, бала-шағаны Қаратаудың үңгірлеріне бастап барыпты дейді. Сол үңгірлер әлі күнге Сыр бойында бар көрінеді.

Аяпберген САЛИХОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі