Мен мамандығым тарихшы, заңгер және Құрманғазы ауданындағы “Өренді өлкетанушылар” ұйымының мүшесі болғандықтан туған жерім — Атырау өлкесінің тарихына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларды үнемі оқып отырамын.

Өткен жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланысты газет-жорнал беттерінде көптеген мақалалар жарық көрді. Солардың ішінде атыраулық жауынгерлердің Отан үшін, Жеңіс үшін жасаған қаhармандық ерліктері туралы да біршама мақала-очерктер, зерттеу материалдарын да оқыдық. Әсіресе маған тарихи маңыздылығы, ақиқаты жөнінде ой салған, бәрімізге мектеп қабырғасынан белгілі Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері туралы екі автордың еңбектері болды.

Бірі белгілі өлкетанушы-ғалым, профессор Амангелді Шамғоновтың «Sakhara» газетінің 2025 жылғы 11 ақпанда жарияланған «ЛЕСКИ ДЕРЕВНЯСЫНДАҒЫ ҰЛЫ ЕРЛІК, оны жасаған қай Боран?» және сол жылғы «Мерейлі мекен» жорналының №10-12 сандарында жарық көрген «82 ЖЫЛДЫҚ ҚАТЕЛІК НЕМЕСЕ БАТЫР ТУРАЛЫ АҚИҚАТ» атты мақалалары мен маңғыстаулық азамат Ж.Науаровтың «Прикаспийская коммуна» газетінде жарық көрген «КТО ВЫ, БАТЫР БОРАН» атты туындысы. 

Бір қарағанда бұл мақалаларды мазмұны жағынан сенсациялық бағыттағы жарияланым деуге де болар еді. Алайда, мақалаларды мұқият оқығанда ондағы оқиғалардың майдандағы және тылдағы адамдардың тағдырларына тікелей қатысты екенін байқау қиын емес.

Тарихшы-ғалым А.Шамғонов мақалаларында 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысының Есбол, бүгінгі Индер аудандық әскери комиссариатынан екі Боран Нысанбаев майданға аттанып, екеуі бір дивизияның бір полкінде жаумен шайқасқаны көрсетілген.

Бір Боран — Арыстанов Нысанбайдың (руы Таз, Жастабан бөлімі) баласы болса, екіншісі – Мәстеков Нысанбайдың (руы Беріш-Құлкеш) баласы. Екеуінің тектері, рулары, туған жерлері екі бөлек. Арыстантегі Боран — сауаттылығы жағынан ілгері, комсомол мүшесі болса, Мәстектегі Боран сол заманғы ауыр жағдайларға байланысты оқып сауатын аша алмаған, кейін қоғамдық ұйымдарға мүше болмаған азамат. Соғыста Арыстантегі Боран минометші,  Мәстектегі Боран  атқыш болып жаумен шайқасқан.

А.Шамғоновтың жинақтап жазған еңбектерінде минометші Нысанбаев Боран Арыстантегі 1943 жылы 6 ақпанда Ресейдің Лески деревнясын жаудан азат ету барысында бойына гранаталар мен қару құралдарын асынған күйінде ДОТ ішіне кіріп, жау әскерлеріне гранаталар лақтырып, 28 фашист жендетін жер жастандырып, пулеметтерінің үнін өшірген. Өзі де сол жерде қаза тапқан. Биыл алдағы 6 ақпанында батырдың елі мен жері үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанына 83 жыл болады. Боран Арыстантегінің сол жерде ерлікпен қаза тапқанын, денесі сол Орел облысы Покровск ауданы аймағындағы Никольск деревнясындағы бауырластар бейітіне жерленгенін Орел қаласындағы «Огненная дуга» іздеуші отрядтың басшысы Н.А.Андреев айтуда. Ол кісі қаза тапқан солдаттарды тауып, анықтап, туыстарына хабар беріп, жерлеу шарасын жасап келген. Майдан шебінде ерлікпен қаза тапқан Боран Арыстантегінің қай жерде, қалай жатқан күйінде табылғанын көзімен көріп, қолымен ұстаған адам.

Минометші Боран Нысанбаевтың 1943 жылы 6 ақпанда соғыста ерлікпен қаза тапқанын көрген командирлерінің ұсынысымен батырға қаза тапқаннан кейін  «I дәрежелі Отан соғысы»  ордені және Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Алғашқы жарлықта «Буран Исимбаев» болып жазылған. Барлық мәліметтері анықталғаннан кейін КСРО Жоғарғы Советі Президиумының сол кездегі төрағасы Л.Брежневтің 1963 жылғы 10 маусымдағы қайталанған жарлығымен батырдың аты-жөні Боран Нысанбаев болып түзетілген.

Архивтік деректерге қарағанда атқыш Нысанбаев Боран Мәстектегі 1943 жылы 14 желтоқсанда Украинаның Житомир облысындағы майдан шебінде қаза тапқан. Өкінішке орай Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Грамота 1963 жылы субьективті себептерге байланысты минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі отбасына емес, атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегі отбасына тапсырылған. Осы деректердің бәрін А.Шамғоновтың ұзақ ізденіп, біраз архивтік мәліметтерге сүйеніп жазылған мақалаларынан білдік. Ол үлкен де, жауапты жұмыс. Сол үшін зерттеуші ғалым ағамызға  оқырман ретіндегі рахметімді айтқым келеді.                

Маңғыстаулық азамат Ж.Науаров мырзаның «Прикаспийская коммуна» газетінде жарық көрген «Кто Вы, Батыр Боран» атты туындысы да Боран Нысанбаевтың ерлік істері туралы екен. Бірақ, мұнда А.Шамғонов жазған соғыста ерлікпен қаза тапқан минометші  Боран Арыстантегі емес, 28 жау әскерін жер жастандырып, өлімнен өзі аман қалған атқыш Боран Мәстектегі деп тұжырымдалған екен. Архивтік құжаттардан атқыш Нысанбаев Боран Мәстектегі  1943 жылғы желтоқсан айының 14 жұлдызында Житомир облысындағы шайқаста қаза тапқаны белгілі.

Автордың бұл еңбегі тек атқыш жауынгер Нысанбаев Боран Мәстектегінің соғыс барысында құрылымаралық ауыстырылымдар туралы ішкі бұйрықтар негізінде бір жақты жазылған екен. Батырлық ісін нақты әрекеттерімен дәлелдемеген. Сол «Лески» деревнясы маңындағы шайқаста қаза тапқан Нысанбаев Боран Арыстантегі туралы мүлдем ешнәрсе жазылмаған.

Еңбекте екі Нысанбаев Боранның тектері айырып талданылмаған, майдангерлік жолдарына жеке-жеке сараптама жасалмаған, қаза тапқан Боран Арыстантегінің өлі денесін тауып, аты-жөнін анықтаған тірі куә Н.А.Андреевтің тұжырымдамалары қаперге алынбаған. Ж.Науаровтың «беліне гранаталар байлап, қолдарына танкке қарсы гранаталармен жау ДОТ-ына кіріп, 28 фашисті жер жастандырған»,-деген суреттемелері маған да, көзі ашық көкірегі ояу өзге оқырман қауымына да тарихшы-ғалым А.Шамғоновтың архивтік тарихи құжаттар негізіндегі минометші Боран Арыстантегі туралы мәліметінің көшірмесі тәрізді көрінді.

Ең маңызды мәселелердің бірі — егер ерлікті Боран Мәстектегі жасаған болса, онда командирлері бір жылға жуық уақыт, яғни 1943 жылдың ақпан мен желтоқсан айлары аралығында марапатын өзінің тірі кезінде (соғыс кезіндегі дәстүрге сай) соғыс алаңында табысталмағаны да мақаланың ақиқаттан алшақтау ма деген үлкен күмән тудыратынын жасыра алмаймын. Автордың осындай маңызды мәселені толық анықтамай бір жақты тұжырымдау себебін де түсінбедім. «КТО ВЫ, БАТЫР БОРАН» атты  мақаланы жарыққа шығарған «Прикаскийская коммуна» газеті де мақала соңына қою әріптермен ақиқаттың анық ашылмағанын, бұл істе көптеген анықталуға тиісті үлкен сұрақтар бар екенін жазған екен.

Әрине, қай Боран болса да елі, жері үшін еріксізден ерікті болып соғысқа аттанып, жаумен шайқасып жандарын пида еткен қандастарымыз. Әр ақиқат ерте болсын, кеш болсын түбі анықталар.Сол ақиқаттың кеш анықталғаны, марқұмдардың рух тыныштығын бұзып, екі Боранның туыстарына, олардан тараған ұрпақтарға үлкен түсініксіздік тудырылғаны орны толмайтын өкініш.  Екеуі де елі, жері, халқы үшін соғысып, елімізге жеңіс сыйлаған майдангер боздақтар.

Қорыта айтқанда бұл екі автордың тұжырымдамаларынан А.Шамғоновтың ғылыми, тарихи ізденістер мен архивтік құжаттар негізінде жасақталған сараптамасы толық шындыққа негізделген деп түйдім. Егер солай болса Боран Мәстектегінің туыстарына қаншама ауыр болса да ақиқат үшін субьективті себептермен алмастырылып табыс етілген Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Грамота нақты иесіне, яғни Нысанбаев Боран Арыстантегінің рухына тағзым етіп, оның туыстарына тапсырылуы керек деп ойлаймын. Бұл Халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі үлкен тарихи ақиқат.

Ал  ақиқат қашан да жалғаннан жоғары тұратыны анық. 

Дүйсенбек ГАЙСИН,

тарихшы, заңгер, Ішкі істер органының ардагері.

Атырау қаласы