Биыл республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» автомагистралы орташа жөндеуден өткізіледі. Ұзындығы 500 шақырым болатын күре жолдың 184 шақырымы Атырау облысының 2 ауданы арқылы өтіп, 10 елдімекенді осы күре жолға қосады. Батыс өңірлік көлік транзитінде де ерекше маңызға ие автомагистрал соңғы рет осыдан жиырма үш жыл бұрын жөндеуден өткен еді.
Қазір екі аралықтағы жолдың азабын жүргіншілер тартып жүр. Осыған орай, биыл Үкіметтің кепілдігімен «Қазақстан даму банкінен» 50 млрд теңге бөлінді. Енді негізгі техникалық мәселелері шешіліп, күн жылына жолшылар іске кіріспекші.
Осынау күре жолдың Атырау қаласына кіретін 15 шақырымы былтыр ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ендігі мәселе – Индербор кенті мен Алмалы ауылына дейінгі аралық. 2024 жылғы тасқын кезінде осы жол 8 жерінен жырылып, жарамсыз болып қалған-ды. Оны жамап-жасқағанмен әлі де кедір-бұдыры көп,- дейді жүргіншілер.
– Индерден Махамбетке дейінгі жолдың сапасы өте нашар. Күрделі жөндеуді қажет етеді, Көлік жүргізушілер шоқалағы мен шұңқырлары көп жолдың тақсыратын тартып келеміз,- дейді жүргізуіші Азамат Жаманқұлов.
Шынында да жүргізушілер сөзінің жаны бар. 20 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген күре жол тозып бітті. Оның үстіне көлік ағыны да жыл сайын артып келеді. Себебі, жолы бойындағы аудандардан өзге Орал арқылы еліміздің батыс шекарасына қатынайтын жүк тасымалында тыным жоқ.
Республикалық маңызы бар бұл автомагистральмен тәулігіне 4 мыңдай жеңіл көлік және жүздеген жүк көліктері өтеді. Оның ішінде салмағы 40 тоннадан асатын алып автомашиналар да бар.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының директоры Аслан Дүйсеновтің айтуынша, Атырау мен Оралды қосатын бұл 3-ші техникалық санаттағы жол болса, онда тәулігіне 3 мың автомобиль жүру керек. Жүк көліктерінің әрбір оське түсетін салмағы 8-10 тоннаға есептелген. Ал, қазір жүріп жатқандар одан едеуір көп. Содан жол сапасы бұзылады.
Биылғы наурыздан бастап автомагистральда жөндеу жұмыстары басталады. Құрылыс 90 және 94 шақырымдық екі учаскеге бөлініп, қатар жүргізіледі. Бүгінде жобаға қажет 50 млрд теңге қаражат бөлінген. Жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Мердігер компания анықталған соң жол салушылар іске кіріседі.
– Жалпы жөндеу жұмыстарын 2026-2027 жылдары аяқталуды жоспарлап отырмыз. Орташа жөндеу жұмыстары болғандықтан бұл жол 8 метрлік енімен қазіргі күйінде қалады. Жалпы болашақта аралық жолды бірінші санатқа өткізіп, 4 жолақты жолға ауыстыратын жобалау жұмыстары қазір басталды, — дейді «Қазавтожол» ҰК АҚ, Атырау филиалының директоры Ардақ Қайырденов.
Сондай-ақ, биыл облыста 90 шақырымдық «Атырау-Доссор» автокөлік жолында да жөндеу жұмыстары басталады. Осы екі жоба толық жүзеге асқанда, «Орал-Атырау-Ақтау» күре жолы арқылы жолаушылар мен көлік қатынасы жаңа деңгейге көтерілмек.
А.КЕНЖЕ
