Осы қыста көрші Махамбет ауданынан соғыс және еңбек ардагері, партия және кеңес жұмыстарының қайраткері, КСРО Журналистер одағының мүшесі, танымал журналист, редакторымыз Ізтілеу Көпбаевқа «Ауданның Құрметті азаматы» атағы берілді деген жақсы хабар келіп жетті.

         Басқаларды қайдам, бұл хабарға Ізтілеу ағаның туған жерінде осылай құрметтелуіне ағайын-туыс, ұрпақтарымен бірге барша журналистер де риза болып, оны газеттің де абыройы деп бағалады. Аудан тарихын 90 жылдан астап уақыт бойына хаттап, үзбестен шежіресін жасап келе жатқан аудандық газет осы Ізтілеу аға басқарған жылдары КСРО мен Қазақстанның бірнеше белді де беделді байрақтарын жеңіп алғаны тағы бар. Оны да ұмытуға болмайды.

         Аудан ғана емес облысқа беделді, ұзақ жылдар бойына Махамбет пен Индер аудандық партия комитеттерінің екінші, үшінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, «Малды өңір» («Жайық шұғыласы»), «Дендер» газеттерінің бас редакторы болған, өңіріміздегі санаулы-ақ алты орденді азаматтың бірі оның іскерлігі өз алдына биік  еді. Әрине, оған баға беретін біз емес, елі екені  анық.

         Сондықтан да біз өзіміздің саналы өмірімізде кездескен алғашқы редакторымыз, басшымыз болған Ізтілеу Әлдіұлының есімін әрдайым ілтипатпен еске алып жүреміз. Ал ол кісінің талапшылдығы, іскерлігі, жауапкершілігі туралы ерекше бір құрметпен сөз қозғауға болады. Бірақ осы жолғы әңгімемізді азаматтың өскен ортасы мен майдан жолына көбірек бұрсақ деген ниеттеміз. Оның да себебі бар.

          Біз, журналистер, көбіне көп әріптестеріміздің редакция қабырғасында жүргендегі жұмыс тәсіліне, шеберлігіне, адамгершілік қасиеттеріне көбірек тоқталып, азаматтың қалыптасқан ортасы аталмай,сырт қалып жатады. Бүгін сол олқылықтың орынын толтырудың сәті түсіп отыр.

         Ізтілеу Әлдіұлы Көпбаев 1923 жылы 18 тамызда бүгінгі Атырау облысының Махамбет ауданындағы Есбол ауылдық кеңесіне қарасты Жаңа күш (10 ауыл) ауылында байдың малын баққан, кейін колхозшыға айналған Әлдиев Көпбай мен Зылиха ана шаңырағында  Әмина мен Сағида атты апаларынан кейін дүние есігін ашады.

         Әрине, үлкендер қазаққа тән ырым-жоралғыға сай ұлға Ізтілеу деп азан шақырып ат қояды. Сол тілек қабыл болып, үлкендер одан соң Ізмағанбетті сүйіп, «Жыртық үйдің де құдайы бар» демекші, мерейлері тасиды.

         Әттең, бұл отбасындағы сол қуаныш ұзаққа созылмай, Ізекең 8 жасқа толғанда асыл әке өмірден озып, шаңырақтың бар ауыртпашылығы Зылиха ананың иығына түседі. Қазақтың талай қайсар қыздары иықтарын тосқан бұл ауыртпалыққа сол кезеңдегі еліміз бастан кешкен қиын-қыстау кезең, ашаршылық та қосылып, бар шаруаның бір басын буыны әлі қатпаған Ізекеңе анасымен бірге көтерісуге тура келеді.

         Осы қиындықтарда шыңдалған сол кезеңнің әр жасына тән болған  мақсаткерлік қайсар жігіттің де бойынан табылып, ол өмірден өз жолын да жаңылыспай таңдауға ұмтылып, Есболдағы жетіжылдық мектептен соң  Гурьев педагогикалық училищесін үздік тәмамдасымен қазіргі Индер ауданындағы Гребенщик (Ә.Кекілбай) жетіжылдық мектебіне оқытушы, кейін оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.

         Әрине, бұл бейбіт өмір, оқытушылық қызметтің ұзаққа созылуына жазбады. Көк күңіреніп, жер тітіркенген алапат соғыс басталып кетеді. Жас мұғалімнің амалсыз жауынгерлік киімді иығына іліп, қолына қару алып, сапқа тұруына, сөйтіп, елді жаудан қорғауға аттануына тура келеді..

         Жайынгерлік жолы Гурьевтегі Томск жаяу әскери училищесінде білім алып, шеберлігін шыңдап, 1942 жылдың күзінде 812 артеллериялық полктің, 273 атқыштар двизиясы құрамында атақты Сталинград майданына алып келеді. Сол 1942 жылдың желтоқсанында партия қатарына да қабылданады.

         -1942 жылдың 12 қарашасында біздің командиріміз Кузнецов қаза болып, маған командованиені қабылдап алуыма тура келді. Содан біздер Трактор зауытына шабуыл жасадық, қарауымда 3 бөлімше болатын. Біз топография бөлімшесі деп аталдық.

          Атқаратын қызметіміз артеллерия полктеріне материалдар дайындау еді. Сталинградтың айналасында сайлар көп болатын. Котлубань, Паньшино, Белучи деген. Сол Белучиде немістер бекініп алып, көп адамымызды шығынға ұшыратты.  

          Осы Сталинград түбіндегі шайқаста-«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Сол сапарда мені топография бөлімшесінен алып, полктің комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Біздің арамызда 11 коммунист бар еді.

         Бірде штабтан шыға бере бір рота немістермен кез болып қалдық, қасымда сібірлік жолдасым болды. Екеуіміз рота немістерге ұрыс салып, оларды штабқа жібермедік. Түрлі белгілер беріп, көмек шақырдық. Штабтағылар бізді естіп, көмекке келді. Сол кезде мен мина снярадынан жамбасымнан жараланып, ес-түсіз госпитальға түстім. Немістер бар болғаны екі-ақ адаммен соғысып жүргендерін білмепті.

          Полк командирі Варзанов пен капитан  Котов операцияма қатынасып, есімді жиған соң штабты қорғағаным үшін  алғыс айтып, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылуыммен құттықтады,-деп еске алыпты кейін жауынгерлік жолдарын Ізтілеу Әлдіұлы.

         -Атақты Сталинград шайқасының жаудың күйрей жеңіліп, фельдмаршал Паулюстің де тұтқындалуымен аяқталса, Ізекең осы бір сәтке де өзінің куә болғанын жауынгерлік аса мақтаныш сезіммен үнемі еске алып отыратын,-деп жазды кейін әріптесі әрі көршісі Шойынбай Өтенәліұлы.

         Ал ағамыздың бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін кеудесіне тағуының сыры бұдан да ауыр жағдайда өтеді. Ол орден алдымен Польшаның Сандомир  плацдармын қамтамыз ету жолындағы Висла өзенін үш рет дерлік жауған оқ-снярадқа қарамастан жүзіп өтуге қатысып, талай қаруластарынан айырылса да мойымай, жасаған көзсіз ерлігінен қалған естелік екен. Ал бейбіт өмірде капитан Ізтілеу Көпбаев үшінші рет бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

         Ізекеңнің жорық жолдары Брянск, Белорус және І-нші Украин майдандары әскері құрамында Украина, Польша, Венгрия, Австрия халқын фашистерден тазартуға дейін алып барады. Ұрыс қимылдары кезінде бірнеше рет жарақаттанып, контузия алған кездері де аз емес.

          Соның да салдарынан болар ағамыз бар-жоғы 63 жас-ақ өмір кешіп дүниеден өтті. Ағамыз құрамында болған Одер-Висла операциясына қатысып жатқан полкті Бреслаудан өтіп Берлинге таяу қалғанда тоқтатып, Вена арқылы Австрияға жібереді. Мұнда Оберварт қаласы үшін нео-фашистермен үлкен шайқасқа түсіп аман қалады.

         Олай дейтініміз осы Вена қаласында Жеңісті қарсы алған қазақ жауынгері ойда-жоқта қаңғыған оқтан ажал құшуға шақ қалады. Оны бір Жеңіс күні қарсаңындағы редакцияда өткен кездесуде мұндайда бола береді деп отырып, бізге өзінің байыппен әңгімелегені  бар еді.

          Ізекең соғыс аяқталған соң да 1946 жылғы тамызға дейін Жоғарғы командование тапсырмасымен Орталық әскери тобының құрамында Бреслау, Вена, Оберват, Баден қалаларының комендатураларында әскери міндетін атқарады.

          Сөйтіп, бес жылдан аса соғыс даласында алғы шептегі сан шайқастарға қатынасып, кеудесі «Қызыл жұлдыз», қос «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдары жарқырап, КСРО Жоғарғы бас қолбасшысының 1942-1945 жылдары бірнеше қалаларды жаудан азат еткені үшін берілген грамоталары,Алғыс хаттарымен, бастысы Жеңіспен елге оралған 23 жастағы жігітті, ержүрек капитанды  туған жерде де талай жұмыстар күтіп тұр еді.

         Ал ол қиындықтарды азамат қалай атқарды оны елі жақсы біледі. Ол атқарған жауапты жұмыстардың басты-бастысын ғана атасақ, сол шақта қазіргідей тестіден өтіп, бітірген оқуды тізбелеумен емес, қызметке өзіңді іспен дәлелдеп, зор тәжірибе жинаған соң ғана қызмет баспалдақтарымен жоғарылайтынын ескерсек, бес жылдық соғыс жолынан өткен майдангер үшін тылдағы жауапкершіліктің өзі де жеңіл тимегені анық аңғарылады.

         Ол ұзақ жылдар Бақсай аудандық партия комитетінің насихатшысы, бөлім меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, екінші хатшысы, төрағасы, газет редакторы сынды жауапты лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарады.  

         Ізтілеу Көпбаевтың бүгінде 95 жыл  болған бұрынғы Есбол, қазіргі Индер ауданының Хрущевтің екпінімен таратылып, 1965 жылы 13 қаңтарда қайта құрылған кездегі Кеңес атқару комитетінің төрағасы ретіндегі атқарған жұмысы тіпті ұлан асыр.

         -Жұмыс орнында отырғанда талқылайтын мәселелерден басқа,кейбір айтылатын «бөгде әңгімелерге» мүлдем үйір адам емес еді. Осылай еңбек және қызмет тәртібін қатаң сақтау арқылы,тек қна қаралуға тиісті мәселелердің қандайы болмасын, нақтылап айтқанда иінін қандырып, талқылап, оған мемлекеттік тұрғыдан түсінуді талап ететін.

         Сол кезде құрылған аудан орталығын заман талабына сай болуын, аудандық мекемелерді жаңа жерге орналастыру, сырттан келген кадрларға отбасылық баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары оңайға түскен жоқ. Оның бәрін тиісті орындар алдында дәлелдеп, бюджеттен ақша бөлуді сұрап, сатып алуға дейін әрекет жасап, өзінің ұйымдастыру қабылетінің жоғары деңгейде тәжірибесі мол басшы екенін көрсетті,-деп жазды кейін 30 жылдай аудандық қаржы бөлімін басқарған Шойынбай Өтенәліұлы.

         Ал соғыстан оралған соңғы бейбіт кездегі жұмыстардың нәтижесі қос Еңбек Қызыл Ту ордені, 10-нан аса медаль, төсбелгі, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы,тағы басқаларымен атап өтілгенін ескерсек, Ізекеңнің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі қомақты екендігі анық көіріне түседі.

         Бұл арада сұм соғысты жауынгер, сержант болып бастап, комсомол жетекшісі, лейтенант, аға лейтенант, капитан шенінде тәмамдаған майдангердің шаңырағын тіктеп, қонақжай отбасының берекесін асырған Марипа анамыз туралы да сөз етпей кетуге болмайды.

         Ағамыз бен апамыздан тараған Әйгерім, Асқар, Асан, Сәуле, Хасан, Гүлжан, Мейрам мен Сайрандардың өзі бүгінде жоғары білім білікті маман болуларымен қатар ұрпақ өсірген бақытты шаңырақтың ата-әжелері. Олардың барлығы да Астанадан бері қарай Атырау, Индерборда тұрып жатса да Ізтілеу Көпбаев атындағы  көшедегі  әке шаңырағын ұстап отырған Хасан құрдасымыздың төріне жиі оралып, қонақ болып, ұдайы  шуақты естелікке ерік беріп отырады.

         Арада қаншама жылдар өтпесін, ата-анаға деген сағыныштары бір басылмай, сол бір асыл жандардың жүз жылдықтарын да өз дәрежесінде өткізіп, немере-жиендер, шөбере-шөпшек, жиеншарлардың да саналарына олардан дарыған үлгі-өнегені беріп, есімдерін мәңгілікке қалдыру ойлары да жоқ емес.» Ерлік елге мұра, ұрпаққа-ұран» дегеннің өзі де осы емес пе?!

         С.Халықов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *