( « Sakhara» газетінің 10.01.2023 ж. №1-2 санындағы Батыр Жасұланның «Ит те өз тілінде үреді» мақаласының жаңғырығы ізімен)
«Егер саған біреу: «Мен өз анамды емес,өзгенің
анасын сүйемін» десе,оның жалған айтып
тұрғанына бірден көз жеткізер едің. Ал, туған анасын
тәрк ету,тіпті оған ашық түрде тас лақтыру,яғни,
космополиттік бағыт ұстану-біздің елімізде
кең өріс алған.
Мұхтар Шаханов
Иә.Алаш арыстарының рухани мұрагері,өзі де жиырмасыншы-жиырма бірінші қос ғасырдың тоғысында қазақ деген ұлт үшін теңдессіз ерліктермен парапар таңғажайып еңбектер жасаған Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов кезінде бүкіл қазақ қоғамына жар салған дабылды ескертуі тегін емес еді.Тәуеліздігіміздің отыз екінші жылында да әлі күнге өзінің ана тілін менсінбей,орыс тілін дүниенің тұтқасындай көріп,көшеде,қоғамдық орындарда,автобустарда орыс тілінде шүлдірлейтіндер көбеймесе,азаймай отыр.
Осы заманғы байланыс құралдарында «смартфон,гаджеттерде)орыс тілді контент үстемдік еткендіктен,осындай телефондарды құшақтап өскен сәбилердің тілі орысшаға бейімделгендіктен, кейбір ата-аналар өз ана тілінің нәріне қанып өспеген балаларын «Sakhara» газетіндегі аталмыш мақаласында Батыр Жасұлан жазғандай атқарушы билік Ресей тілінде сөйлейтін бірен-саран арыз берушілердің талабына көніп,Талғар,Алматы қалаларындағыдай аралас тілді мектептердің саны артып бара жатқаны жасырын емес.
Осы жерде заңды сауалдар туындайды.Неге біздің билік Ресей тіліне жалтақтағыш?! Неге біз тәрбие,білім,ғылым секілді аса маңызды мемлекеттік,ұлттық мүдделер аймағында үркек,жалтақ,қорқақпыз?!
Неге біз ұлттық мүддемізді жан салып,бар дауыспен қорғайтын жерде не үндемей қаламыз,не көлгірсіп, «жалпақ шешей» бола қаламыз?!
Егер қазақ қоғамы жаңару тілесе,жаңаша ойлағысы келсе,осы сауалдардың жауабын беруі керек.Ал, Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңаша ойлау үдерісі:ой-сананың құлдық психологиядан арылып,ұлттық рух,ұлттық сана, ұлттық намыс жағынан жаңа сапалық деңгейге жетуі ең алдымен қоғамның жетекші күші –атқарушы билікке,сонан соң қарапайым халыққа да қатысты.Билікке қатысты болатыны: әсіресе,жас ұрпақты отаншыл,мемлекетшіл,ұлтшыл азамат етіп тәрбиелеу үшін ана тіліміздің көсегесін көгертіп,мәртебесін өсірудің ұзақ мерзімге арналған бағдарламалық даму бағыттарын белгілеу және осылардың тек қағаз бетінде қалып қоймай,қоғамның қозғаушы күшіне айналуына ықпал ету-биліктің құзыретіндегі шаруа деп білеміз. Әрине, мемлекеттік тілді қолдау бағытындағы игі іс-шараларды жоққа шығармаймыз.Десек те орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие болғандықтан,оның басымдығының әлі де күшті болып отырғаны жасырын емес.Сондықтан,Жаңа Қазақстанның билік өкілдері (әсіресе,Астана,Алматы,Шымкент сияқты ірі мегаполистерде) аралас мектептер санын көбейте бермей,қайта азайтуға бағыт алғандары дұрыс болар еді.Қазақстанда бала орыс тілін үйренбей қалады-ау деген қауіп жоқ.Керісінше,бала өзінің ана тілін еркін меңгере ала ма? Ана тілінде сауатты оқи ала ма,сауатты жаза ала ма,бай ана тілінің терең мағынасында ойлай ала ма?-деген қауіптер бар.Осы ұлттың коды-ана тіліміздің іс жүзіндегі «орташа» даму деңгейіне байланысты,осыған тікелей де,жанама да қатысы бар қазақ қоғамын әбден меңдеп алған рухани қауіпті «дерттер» жайлап алғанын көріп отырмыз. Ұлтымызды әбден меңдеп алған бір «дентіміз»-жалпақшешейлік,жалтақтық тым асқынып тұр.Бір ғана мысал.
Өткен жылы Ресейдегі азаматтарын жаппай әскерге шақыру оқиғасынан кейін,Қазақстанның шекаралас аймақтарына ағылған мыңдаған орыстарға өз қандастарымыз талай жылдар бойы баспана таппай қаңғып жүргенде, үй-жайымызды босатып беріп,қонақүйлерден орын дайындап,ас-су беріп,қоғадай жапырылып,қызмет көрсеткеніміз –нағыз жалпақшешейліктің шынайы көрінісі емес пе?Адамгершілік,қайырымдылық жолы бір басқа.Әуелі өз ұлтымыздың ондаған жылдар тұрақты баспаналы болуға қолы жетпей,жалдамалы пәтерлерде тапқаны тамағына шаққа жетіп,тентіреп жүрген,өз елінде өгейдің күнін кешіп жүрген өз қандастарымызды жарылқап алайық.
Ал, ресейліктерге келсек,бұлар әлдебір апатқа,зілзалаға ұшырап,қиын жағдайларға тап болған сорлылар емес,әскерге шақырудан бой тасалап жүргендер.Бұларды Ресей басқыншылығынан баспаналары қирап, арман-мақсаттары бір күнде күйреп,бүкіл Еуропаны кезіп, қаңғып кеткен Украина босқындарымен салыстыруға да болмайды.
Бүгінгі қазақ қоғамын жайлап алған және бір «дерт» -енжарлық, салғырттық.
Жетпіс жыл бойы бір Одақтың құрамында болған, тілі басқа болса да тілегі бір, заманында Маңғыстау өлкесінде айдауда болған Кобзаріне (Тарас Шевченко) ұлы ақынына екі қаламыздың атын берген, алыс та болса жақын бір Мемлекет –Украинаның Ресейдің отаршылдық басқыншылығына ұшырауына бүкіл ел болып бейжай қарап отырғанымыз-осы енжарлық пен немқұрайлылықтың анық белгісі емес пе !?
Мен,сәуегейліктен, саясаттан аулақ адаммын.Бірақ табиғатта да,тарихта да қайталамалы құбылыстар, оқиғалар мыңжылдық,жүзжылдықтарда болып тұратынынан хабардармын.Құдай оның бетін аулақ қылсын!
Екінші дүниежүзілік соғыстың өртін ең алғаш тұтатқандар –фашистік Германия мен Кеңестер Одағы болғанын тарихнаманың жаңа шынайы көзқарастарына байланысты білудеміз.Сол замандарда әлемнің АҚШ,Ұлыбритания сияқты алпауыт мемлекеттері соғыс өртін үрлемесе,бастапқы кезеңінде сөндіруге тырысқан жоқ. Нәтижесінде жиырма миллион бейкүнә адамзат баласы құрбан болмап па еді!?
Ал, мына замандағы Қазақстан,Орта Азия,бүкіл ТМД аймағындағы мемлекеттер халқының Украина тәуелсіздігіне басқыншылықпен қол сұққан, біртұтас,өзін-өзі басқаруға толық құқылы БҰҰ-ның құрамындағы бір мемлекетті шовинистік өктемдікпен тоз-тозын шығарған Ресей саясаткерлерін,Ресей үкіметін айыптап, бір ауыз қарсылық сөзімізді айта алмауымызды немен түсіндіреміз?
Батпандап кіріп кеткен рухани қауіпті «дерттері» бар Қазақстан қоғамының бүгінгі сиқы осындай.
Ойымды түйіндесем,сөзімді ана тіліміздің абырой,мәртебесі жолындағы көшбасшы күрескеріміз Мұхтар Шахановтың кесек ойымен бастап едім,абыз ақынның тағы бір пікірімен аяқтайын.
Әрбір ұлттың ең негізгі анасы- туған тілі. «Тілді үйрен» деген бізде қазір шай үстінде ғана айтылады.Сондықтан шай үстіндегі әңгіме тез ұмытылады». (М.Шаханов)
Ана тіліміздің қадір-қасиеті артып,ұлттық рух қалыптасуы үшін әрбір қазақ баласы « шай үстінде» емес,оқу орындарында, еңбек,қызмет ортасында,көшеде,қоғамдық орындарында,автобустарда ана тілімізде ойлап,ана тілімізде сөйлеп, іс жүзінде жанашырлықпен атсалысайық, отандастар! «Өз тілінде үретін» иттен үлгі алуға болмай ма !?
Амантай Бақыт