« Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ

                  Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс…

                                      Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ.

                                      Бәрі  өзімізде бар. Жастарға осындай керемет

  табиғатымызды    танытып,оны қадірлеуге

  баулуымыз керек.

                                               (Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»)

    Қазақ баласы  үшін туған жерден қадірлі,туған жерден қымбат ештеңе жоқ.

«Алтын бесік» деп бабалардың бабасы  баяғыда-ақ бағасын берген.

   Қасым Аманжоловтай  марғасқа ақынымыз мәңгілік елдің аспанына, саналы ұрпағының сана асқарына:

           «Уа,дариға, алтын бесік-туған жер,

            Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

           Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

          Ақын болмай, тасың болсам мен егер…»-деп, өшпестей ғып өсиет-жырын, аманат-жырын қалдырды.

    Қасиетімен киесі барша қазаққа белгілі Дендер жерін әрідегі Қазтуған жыраудан бастап, қаншама ақын-жыраулар өздері толғана, тыңдаушы –оқырманын тебіренте жыр жауһарларын төкпеді!?

       «…Қиядан қолды көрсеткен; Төбеңе шығар күн бар ма; Жотасы биік Дендерім»,-деп Жиембет жырау күңіренді. «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер; Еділ менен Дендерден; Сағыз бенен Жемдерден;Онан да талып өткен ер»,-деп Махамбет батыр шерленді.

 «… Тайсойған мен Қарабау; Мекен еткен жерлерің; Шалқып жатқан көлдерің; Дендерден бергі бауырдан; Қазтуған,Шұбақ өткен жер…»-деп Мұрат Мөңкеұлы төгілді…

    Атамекен, туған жерімізді күркіреп өткен Кеңес заманының өзінде де жергілікті ақын, журналистеріміз,қаламгерлеріміз «Дендер» деп жырға қосты; шығармаларына арқау етті.

     Даңқы алысқа кеткен Дендер жерінің терең тарихы мен байлығын, айдыны мен айбынын өмірден ерте озған талантты бард ақын Табылды Досымов  «Дендерім-байтақ мекенім» ән-өлеңіне (төрт-ақ шумақ) сыйғызып, Тәуелсіздік заманында мәңгі өлмес сөз –ескерткішін тұрғызып кетті.

     Айтарымның «әлқиссасын» Мемлекет Президенті  Қасым –Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен бастағаным тектен-тек емес. Иә. Жас ұрпақ отаншыл боп, ел мен жерге жанашыр боп,  оларды сүйіп өсу үшін қадірін,бағасын білмек керек. Туған жеріміздің (мейлі ол шөл болсын,тақыр болсын,таулы, қыратты не жазық  дала болсын,қазақ үшін жаманы жоқ), заты ғана емес (жер -судың табиғи сипаты, ерекшелігі) , атының да тарихи –танымдық тұрғысынан ұлттық, елдік мүддемізге сай келуі маңызды.

         ЕліміздіңТәуелсіздік  алғанына 32 жылға аяқ басса да отаршылдық ықпалынан әлі де арыла қоймағанымыздың жалпы ел ішіндегі бір көрінісі өткен жылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде анық көрінді.Қаншама жастарымыз әлдекімдердің, жат пиғылдылардың « айтағына еріп,өз игілігін өзі қиратып,бүлдіріп, Отанына миллиардтаған теңге қаржылай, материалдық та,моральдық та зор шығындар жасады. Құлдық,тобырлық сананың шынайы белгісі осындай –ақ болар.

    «Атырау» газетінің 2022 жылдың 20 желтоқсанындағы   №101   санында ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер Қайрат Сәки «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі» мақаласында құлдық санаға мынадай анықтама береді.

  «Құлдық сана дегеніміз- ішкі дүниенің құрсауда болуы,келісімпаздық,өзінің жеке пікірінің болмауы,принципсіздік,көзбояушылық. Николло Макиавелии сөзімен айтқанда: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан,отансүйгіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады». Шынның жүзіне тура қарап, мірдің оғындай ғып жеріне жеткізіп,қадап айтылған ой көкірегінде сәулесі мен ұлттық намыстың ұшқыны қалған жанды бір сәт ойлантып, оның жүрегін дір еткізбес пе екен? «Көпке топырақ шашқым» келмейді.

Соңғы жылдары Президентіміздің «Еститін үкімет», «Жаңа Қазақстан»,т.б. тұжырымдамалары мен бастамаларының оң ықпалымен қоғамымызда жариялылыққа,шынайылыққа,әділдікке қарай бет бұрған өзгерістер,бетбұрыстар байқалуда.Бүкіл Еліміз, барша қоғам жаңарумен ұлттық өрлеуге бағыт алғанда біздің ауданымыздың жұртшылығы әлі де болса «ішкі дүниенің құрсауынан» (Қ. Сәки), құлдық санадан  арылмағандаймыз. Олай дейтінім:үстіміздегі жылы 95 жыл  құрылғанына толатын ауданымыздың атауына көнбістікпен, енжарлықпен қарап, ежелгі атамекен, жеріміздің төл аты-Дендерді қайтара алмауымызды немен түсіндірер екенбіз?! Көңілге медеу болары бұл мәселеде жергілікті өлкетанушылар, ұстаздар, журналистер,зиялылар, өкілдері ешқашан үнсіз қалып көрген жоқ. Қолымда бар мәліметке ғана сүйеніп айтсам, Дендер атауын ауданға беру жөніндегі ұсыныс-ойларын  Кенжеғали Қайып «Дендер-таудың ежелгі аты» («Дендер», 25. 09. 1992ж.); С.Базарбаев «Жер-су атаулары- тарих айнасы» («Дендер», 11. 01. 2008ж.);Есенжол Домбаев «Саусақтағы сәуле немесе «Дендер» сөзімен қоштасу» («Дендер», 15. 09. 2011 ж); Жанай Амантурлин «Ұлылар «Дендер» деп тұр ғой 

(«Дендер», 6. 12. 2012 ж.); Осылар сықылды ондаған көзі қарақты азаматтар жазудай-ақ жазып еді. Еш нәтиже болмады.Орынды айтылған ойлар құмға сіңген судай жоғалды…

  Ауданымыздың құрметті азаматы Самиғолла Ғалымұлы кезінде былай деп жырлап еді:

          «Сен-«Дендер», әттеген-ай, елім- «Индер»,

           Ауданым, тауым менен көлім – «Индер»,

           Бір тілде сөйлесуге «Дендер» болып,

           Біздерге тиым салар енді кімдер?

       «Дендер» боп атандың сен жеке дара,

         Біз жүрміз әлі күнге «жерге қарап»,

        Тойыңда сексен беске толған жылы

        Бір тілде сөйлейікші елге қарап».

 («Дендерім», құтты болсын сексен жасың», «Бостандық пен бодандық», кітабынан, 27-бет)

 Алдымызда «Дендер» газетінің де 90  жылдығы келеді. Біз болсақ «әлі күнге жерге қараудан» жалығар емеспіз…

 Егер бір адамның төлқұжатында тегі әдейі бұрмаланған болса, мұны жеке бастың қайғысы дерміз. Ал, байтақ атамекеннің бабалар берген төлтума атауының бұрмалануын бүкіл елдің қасіреті деп бар дауыспен айта алар ма екенбіз?! Отаршыл өктемдікпен қабылданған «Индер» атауын қашанғы құрметтемекпіз?! Егер батылдығымыз жетсе, аманатқа қиянат жасаудың «нағыз үлгісін» көрсетіп отырғанымызды мойындайтын кез келді.

 «Мың өліп,мың тірілген қазақтың» (Жұбан Молдағалиев), миллиондаған қазақ баласының төгілген қанымен келген Тәуелсіздіктің арқасында әлем картасында Қазақстан Республикасы аталатын жер бетіндегі тарыдай шашылған қазақ баласының жалғыз Отанының бүгінде Ел іргесін бекемдеп,шекарасын шегендеп, Көк Туын көкке желбіретіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқылы бір мүшесі болғанына шүкіршілік етеміз ғой.

  Десек те,жаңарған  Конституциямызда «Жердің иесі –халық» деген арнайы баптың заңдық күші орындалуының аса зор маңызы боларын жүрекпен сезінеміз. Ал, халық өз жерінің шын аты, нағыз атауы мен аталғанын ой-санасымен де,жүрегімен де қалайтынын кім жоққа шығарады?!

  Әлде жұртшылықтың жанайқайын жоғарыға жеткізбей тұрған «беймәлім күштер» бар ма? Қалай дегенде  де егемендіктің отыз екінші жылына қадам басқан Еліміздің ежелгі бір аймағы- ауданымызда көрер көзге,естір құлаққа таңқаларлық өмір шындығы-«Индер» болып,  әзірге орын алып тұр.

  «Жаңа Қазақстанды», «Әділетті Қазақстанды» шындықсыз  құра аламыз ба?! Шындықсыз әділет,әділдік бола ма?!

    Туған жеріміздің қадірін  біліп, оны жүрекпен сүю үшін де атамекеніміздің ежелгі атауы өзіне қайтарылғаны абзал.

  Ежелгі жер атауын елемеу-елдікке сын.

                                            Амантай Бақыт,

                              «Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі»

                               «ҚР Білім беру ісінің үздігі»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *