Жыл сайын еліміз бойынша жүздеген маман түрлі оқу орындарын бітіріп келіп жатыр. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің ең басты өзекті мәселесі — осы дипломды мамандарға жергілікті жерлерден жұмыс тауып беру оңайға соқпайын деп тұр.
Алайда қазіргі заман талабы қатты өзгерген. Сенен диплом талап етпейді, сол іске деген қабілеттілігің немесе жұмысқа деген икемділігіңді, яғни дағдыңа ерекше көңіл» бөледі.
Атақты өнертапқыш, бизнесмен, Ford Motor Company негізін қалаушы Генри Форд: «Ең жақсы жұмыс дегеніміз — жоғары жалақы төленетін хобби» деген екен. Былайша айтқанда, қазіргі адамдарға өз хоббиін, қол боста айналысатын сүйікті ермегін жақсы жалақы төленетін жұмысқа айналдыру мүмкіндігі берілгелі тұр деуге болады. Бүгіндері жаңа Парламент «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қолға алды. Егер осы заң қабылданса, онда енді дипломның қажеті болмай қалады. Ол үшін 15 мың теңгеге арнайы сертификатты алсаңыз жетіп жатыр. Еуропада студенттер біздердегіше сарылып, ұзақ уақыт оқып жатпайды. Олар білімді курстардан, үйірмелерден, репетитордан, тренингтен, клубтардан алады. Сосын сол салаға қатысты жұмысқа тұрып, өзіне керекті біліктілік пен тәжірибені жинауға жұмыстанады.
Ал бізде бес жыл бойы білім алып болғанша, мамандықтар заман талабына күрт өзгеріп кетеді. Содан екінші мамандық алуыңа тура келеді. Тіпті елімізде қазіргі кезде бірнеше оқу орындарын бітірген дипломды мамандар да толып жүр. Оларды қай облыстан да табуға болады. Бірақ игере алмаған соң, оны қайта-қайта оқи бергеннен не пайда деген ойға қаласыз?! Ал шетелдіктер мұның жолдарын әлдеқашан тауып қойғанға ұқсайды.
«Диплом – адамның тек білімі барын растайтын құжат. Алайда диплом оның мамандықты қаншалықты игергенін растай алмайды. Бұл ретте сертификат маманның біліктілік деңгейін, соның ішінде микроквалификацияларды қаншалықты меңгергенін растайды. Мысалы, бізде мобилограф, СММ, менеджер, маркетолог, дизайнер және тағы басқа да көптеген жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды игеру үшін бес жыл университетте оқудың қажеті жоқ. Оны кез келген адам өз бетінше игере алады. Содан соң біліктілігін көрсететін тиісті құжат алу үшін сертификаттаудан өтеді. Бұл үшін кәсіби, білікті сертификаттау орталықтары болуы қажет. Соның сарапшылары өзін-өзі қалыптастырған маманның білім, машықтары нақты бір кәсіп стандарттарына қаншалықты сай екенін бағалайды. Лайықты болса, тиісті сертификат береді.
Еңбек министрлігі өз қолында мемлекет мойындаған, біліктілігін растайтын нақты құжаты бар мамандарды жұмыс берушілердің жұмысқа қабылдауға бейім тұратынын байқаған. Қазір қоғамымызда нақты бір кәсіп түрін жете меңгергенімен, дипломы болмағандықтан жақсы қызметке орналаса алмай жүрген шеберлер мен дарындылар көп. Егер осылар біліктілігін растап, сертификат алса, онда кәсіпорын-компанияларда оларды қымбат жабдықты, құрылғыны басқарып, жұмыс істеуге жібере алады. Осылайша, бұдан былай біздің өмірімізге халықты жұмыспен қамтудың тың тәсілі, жаңа жүйесі енгізілмек. Сол себепті бүгінгі таңда Парламент үшін қоғам мен мемлекет қажет еткен «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобаларын жетілдіріп, мүмкіндігінше жылдам қабылдау маңызды болып тұр.
Сонымен бірге өз бетінше үйренуге болмайтын мамандықтар тізімі жасалады, оларға міндетті түрде оқу орнын бітіруге тура келеді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, педагогтар, қаржы аудиторлары, өрт сөндірушілер, адвокаттар, журналистер бар. Тұтастай алғанда, бұл санатқа негізінен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар жатқызуға болады. Олар сертификатты жоғары оқу орындарынан бітірген соң алады. Ал одан басқа кәсіп иелері біліктілігін ерікті түрде растайды.Өстіп қазір информалды білім алуға ынтыққан қазақстандықтар бірте-бірте көбейіп келеді. Қорыта айтқанда, ендігі жерде заман талабына сай білім-білік тәжірибесі мол қоғамға өте қажет ділгір мамандардың дәуірі жақындап келе жатқанын назарға беруді жөн көрдік.
Аяпберген САЛИХОВ