Соңғы бір-екі айдан бері әлеуметтік желілерде «енді елімізді қара қытай жаулайды» деген сыңайлы алып-қашпа жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әуелі бұл жазбаның о баста қайдан пайда болғанына үңіліп көрейікші. Бұл пікірлер негізінен «Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады» деген мәселеге байланысты туындап отырғаны анық. Одан солай болады екен деп үркудің қажеті жоқ. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл үрдіс әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Өйткені, жаhанның жүзден астам дамыған мемлекеті осы бағытта оңтайлы жұмыстар жүргізіп, өз елдерінің экономикасын өркендетуге әлдеқашан кірісіп те кеткен. Біз қазір кез келген нәрсеге айдың-күннің аманында үрке қарайтын болып алғанбыз.
Өткен жылы біздің еліміз «қытай азаматтары 14 күн визасыз жүре алатын» өзгеріс енгізгені баршамызға мәлім. Оған да бір жыл уақыт болыпты, алайда бізге келіп жатқан қаптаған қытайды көрмедік.
Әрине, еліміз өз алдына егемендік алғалы бері баяғыдан көрші Қытаймен халықаралық байланысымыз жылдан-жылға нығайып, жақсарып келеді. Барыс-келіс бұрынғыдан да күшейе түсуде. Визаның арқасында Алтайдың арғы бетіндегі қандастарымызға атажұртына келуге толық мүмкіндіктер жасалған. Оның үстіне жыл сайын біздің елімізден де Қытайға демалуға, медицинасы жақсы болғандықтан, ем алуға барып, келіп жатқандар да аз емес.
Бір сөзбен айтқанда, мұны көршілес елдердің сауда-экономикалық әлеуе-ті мен туристік қарым-қатынасын саяси hәм мәдени ынтымақтастығын арттыруға бағытталған жоба екенін дұрыс түсінуіміз керек.
Жоба жүзеге асқалы бір ғана Алматы қаласының өзіне мыңдаған қытай азаматы келіп, шаhардың туристік орындарын аралаған. Әсіресе, Көктөбе, Медеу шатқалы, қаладағы тарихи-мәдени музейлерге келуші туристердің саны артқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шетел азаматтары тарапынан ешқандай құқық бұзушылық жағдайлар тіркелмепті.
Үкімет қаулысы негізінде сыртқы істер министрлігі дайындаған құжатта екі елдің азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші мемлекетте 30 тәулікке дейін болуды жоспарласа, виза рәсімдемеуге құқылы. Ал одан ұзағырақ мерзімге қалғысы келсе, визаға өтініш беруге тиіс. Екі ел арасындағы бұл келісімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қытай еліне ресми сапары кезінде одан әрі өрістету көзделген.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов көрші елде де жұмыс істейтін кәсіпкерлеріміз бар екенін айтады. Енді екі ел арасындағы сауда-саттық нығаяды. Біз қытай нарығына ет өнімдерін, дәнді дақыл және тағы басқа азық-түлік тауарларын жеткіземіз. Тауар айналымын ұлғайтып, инвестор тартуға таптырмас мүмкіндік туып отыр. Іскерлік кездесулерде жиі өтетін болады. Визасыз режім еліміздің кезекті дипломатиялық жеңісі деп ойлаймын, -дейді ол.
Қазақстан төлқұжатының күші әлемдік паспорт индексінде 55-ші орында. Ел азаматтары 30-ға жуық мемлекетке визасыз бара алады. Көптеген елдерде виза алу сол мемлекетке барғанда әуежайдан алу қарастырылған. Мәселен, отандастарымыз Грузияда 1 жыл, Арменияда 180 күн, бауырлас Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан елдерінде 90 күн визасыз жүре алады. Дәл солай Беларусь, Ресей, Моңғолия елдеріне үш ай мерзімге барсаңыз, алдын ала виза алудың қажеті жоқ. Молдова, Албания, Украина, Коста-Рика, Колумбия, Намибия елдері де отандастарымыздан 90 күндік сапар үшін виза талап етпейді. Сол секілді Тәжікстан, Өзбекстан, Катар, Индонезия, Малайзия елдеріне бір айға барамын десеңіз, виза алмайсыз.
Әсіресе, шет елдермен барыс-келісте туризмнің атқаратын рөлі зор. Өйткені, туризм — кез келген мемлекеттің табыс көзі. Міне, елімізде жаз айы да басталуда. Осы кезден бастап, қара күзге дейін қай мемлекетте де туризмнің нағыз қызатын шағы. Бұл үрдіс барлық мемлекеттерді бір-бірімен жақындастырудың бірден-бір әлімсақтан келе жатқан озық үлгісі деуге болады. Мұндай мүмкіндіктер елдің экономикалық қуатын нығайтып, мәдениетімізді көрсетудің төте жолы десек, қателеспеген болар едік.
Ендеше, әлемдік тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан үрдіс еліміздің саяси беделін арттырып, халықаралық байланыстарға оң ықпалын тигізеді деп сенейік.
Сәкен ШАРАПИДЕНОВ, мұнайшы, аудандық мәслихат депутаты:
-Қазақта «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» деген сөз бар. Егер сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз сауда-саттық бағытында керуен жолдарын салып, көрші елдермен баяғыдан ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатқанын білеміз. Содан бері де арада қаншама жүздеген жыл өтті. Дамыған мемлекеттерде әлі күнге осы үрдіс жалғасып келеді.
Визаны ұзартудың бір пайдасы шет елде жүрген отандастарымыздың келуіне мүмкіндік болса, екінші жағынан экономикамыз бен әлеуметтік және мәдени өміріміздің жақсаруына, туризміміздің дамуына, халықаралық байланысымыздың артуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз дер едім.
Аяпберген Салихов
Дұрыс айтады