Атырау облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы әлі білмейді. Сол себептен, бағдарламаны іске асыруға салғырт қараған басшыларға тәртіптік жаза қолданылды.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты жиын өтті.
«Бұл жобамен жеке және қосалқы шаруашылықтар 2,5%-бен 8,6 млн теңгеге дейін несие алады. Ал ауылшаруашылық кооперативтерін құру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 27,6 млн теңге несие беріледі. Несие беру арқылы тұрғындардың табысын арттыру көзделген. Қазір 54 ауылға скрининг жүргізілді. Нәтижесінде 433 адам 3 млрд 103 млн теңгенің несиесін алуға ниет білдіріп отыр. Биыл 1 млрд 504 млн теңге бөлініп, оған 188 несие беру жоспарда бар», — деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов.
Әкімнің пікірінше, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жұмыстары нашар жүріп жатыр. Сол себептен, жобаны іске асыруға салғырттық танытқан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов пен «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы» АҚ төрағасы Данияр Тахановқа қатысты тәртіптік жаза қолданылған.
«Сіздердің баяндамаларыңыздан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істің жоқтығын көріп отырмын. Бір жарым ай бұрын бұл жобаны қолға алу тапсырылды. Жұмыс мамыр айында басталатынын айттыңыздар. Алайда, әлі жұмыс жоқ. Бұл жерде бөлінген ақшаны үлестіріп беру емес, бағдарламаның орындалуы маңызды. Негізгі мақсат – кооперативтерді дамыту. Ниет еткен адам малын бағып, тапқан өнімін еш кедергісіз сататын жағдайға жетуі тиіс. Сіздерді басқа өңірлерге тәжірибе алмасуға жібердік. Бірақ, бұдан қорытынды шығара алмадыңыздар. Тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасының бар екенін әлі күнге дейін білмейді», — деді Серік Шәпкенов.