«Атамекен» өнер ордасында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының концерті өтті. Концертті «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді.
Ең әуелі экраннан Қадыр Мырза Әліге арналған бейнебаян көрсетілді. Іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Какимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, республикалық конкурстардың лауреаттары Альберт Ғазизжанов, Мәди Сабыров, Ерлан Қуанышев, Әділ Ахметов және «BatysStar» тобы өнер көрсетті.
Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Ақжайық», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Тамды аруы», «Әже туралы ән», «Өмірің өз қолыңда», «Тамаша», «Жар», «Сыған серенадасы», «Кездер-ай», «Орал – әнім сенсің шалқыған», «Жол жыры», «Өз елім» және «Атамекен» секілді әндер шырқалды.
Жалпы бұл Қадыр мұрасын насихаттауға бағытталған әдеби-сазды кеште әуезді әндер жанды дауыста орындалды. Қадыр Мырза Әлінің өзінің оқуындағы өлең де көрермен назарына ұсынылды. Ақ Жайық өңірінің ардақты перзентінің қанатты сөздері, қағытпа қалжыңдары айтылып, қуатты жырлары оқылды. Өлеңдерді нақышына келтіре оқыған Асылан Ислямов, Гүлфаризат Нұрсейітова, Ақмоншақ Есетова, Әділ Ахметов секілді өнерпаздар.
Көрермендер Қадыр мұрасын насихаттаушыларды қолдап-қошеметтеп, осынау рухани кеште ерекше әсерге бөленді. Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің атынан өнерпаздарға ықылас гүлі ұсынылды.
Марлен ҒИЛЫМХАН