Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ізгілік іздеген жүректер» атты ағайынды ақындар Әділет және Ақтілек Орынбасаровпен поэзия сағаты өтті.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған кеште орталық директоры Бауыржан Ергенұлы сөз алып, бір ананың өлең сүйген қос ұлына шығармашылық жетістіктер тіледі. Ризашылығын білдіріп, алғыс хат және естелік сыйлық табыс етті.

Кеш барысында жас ақындар әдемі өлеңдерін оқып, әдебиет төңірегіндегі идея-ойларымен бөлісті. Көптеген облыстық мүшәйраның жүлдегері Әділет Орынбасаров жуырда жарық көрген «Біз Дендерденбіз» атты жыр-жинақ жөнінде әңгімеледі. Оның үстіне қандай бағытта ізденіп жүргенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта жеке шығармашылығын дамыту мақсатында нендей бастамаларды қолға алатынын айтты.

Ал жас ақын Ақтілек Орынбасаров қызығушылықтары, жеке шығармашылық шеберханасы туралы сөз өрбітті. Өзі үлгі тұтатын қаламгерлердің туындылары жайлы да ой қозғады.

Поэзия сағатында өлең де оқылды, ән де айтылды. Әділет Әлібекұлының сөзіне жазылған «Саған әнім», «Күлкің сенің» атты әндерді Айдана Әжғалиева және Алтынбек Базаров пен Елжас Мағзом шырқады. Өз кезегінде Әділ Ахметов «Мұңайма, қалқам» (сөзі мен әні Бекжан Әшірбаевтікі) атты әнді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ және Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Қырымжан Жақыпова жас ақындарға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін ақтарды.

Айта кетейік, ағайындылардың бірі Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы болса, бірі Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі. Олар бүгінгі таңда уақытының біраз бөлігін журналистикаға арнап, түрлі тақырыпта мақала-материал ұсынып жүр.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *