Ол қандай азамат?
Бала күнімізден санамызда қалғаны – әке, шешеміз, олармен қатарластар, тіпті күллі Нұржаудың еңбектеген баласы, еңкейген кәрісі ол десе, ішкен асын жерге қойып, ол жайлы даңқ пен дақпыртқа рахаттана құлақ асады. Мәйтен Матыбаев турасында өздері де білгенін айтып қалуға құштар. Айтқанда шайын ұрттап отырып құлықсыз ауыздарын сылп еткізбейді, жеріне жеткізіп, қоясына қондырып, тұздығын молынан қосып айтады. Әрісін айтпағанда Нұржау, Орлы бойының тұрғындары осы бір Мәйтен деген азамат ауызға іліксе, мейманасы тасиды. Әнтек әңгімеге араласып, ол жайында айтып қалуға көңілдері құштар. Тіпті менің әкем де ақкөңілдігіне салынып, жанары жасаурайтын. Дүйім елді аузына қаратардай ол соншалықты жұрттың бәріне не істеп қойыпты?
Оның мәнісі – адамдар мен адам бола білуінде екен. Пенде баласын хан, қара деп бөлмей есігін ашқандарға төр нұсқайтын мәрттігі де. Ол әрине дастархан басында солай. Ал, ел-жұртқа ортақ мүддеге келгенде іс барысында түгесілмес сылтау айтып шала-шарпы шалағайлық таныттың ба, өзге түгілі әкесі келсе де рахымшылық жоқ. Бүлдірсең, біліксіздік танытып бетіңмен кетсең, орысша-қазақшасын араластыра балағаттап алуы заңдылыққа айналған, өзі үшін емес, әрине. «Одан да мені сабағаны жақсы еді» деп қателігін түсінгендердің қарасы қалың. Осы Мәйтен көкенің тірлігіне құлақ түре өскендіктен зәуімен көрісе қалсақ, әкелік мейірім қалап тұратын біздің көңіл. Қазір адамдар бір-біріне былапыт сөз айтуларына болмайды, өйткенде шатылып кетесің, себебі ит атуға болмайтыны сияқты депутаттар бұған да заң шығарып тастаған.
Ал, Мәйтен ағасының сол бір боқтауын сағынатын інілері бар екенін де көре, ести қалғанбыз. Бәрі де жарасымды, ағаның зілсіз тиген сөз қамшысы да. Бүгін де ауыл, ауданның әр тұсында үлкен хошеметпен естіліп қалып жатады, ағаның көзін көргендер азайса да.
Еліне тіреу, еңірегенге сүйеу болған азамат өз ортасының көсемі де шешені, ешкімге жібермеген есені. Әсіресе, ауылдастың шаңырағын шайқап, көз жасты суалтып қаза жетсе, қарайласа кететін, қапылып шаруасын атқаратынына жұрттың көзі қанығып, бойлары үйренген. Қысылтаяңда тапқыр. – Мәйтақа, күн салқын ғой, ішіліп жатыр, сорпа шақ келетін емес, — десе бір қазалы жерде. Лезде: — сал қазанның астына отты, деген ғой, жарықтық! Мұндай ел ішін кезіп кеткен әзілге бергісіз шындықтар қанша ма? Қаруласы үшін өз басын өлімге байлаған қанды қасап қырғыннан өткен майдангер. Биыл көзі тірі болғанында ғасыр жасына толып, айқалатып өткізер орыны да, еңбегі бар еді, не істерсің, өлшеулі ғұмыр!
Басынан сыйпамаған балалық шақ
1923 жыл. Нұржаудағы жас отбасы Нәжім мен Сұлушаштың шаңырағында елді елең еткізердей жайсыздық бола қалды. «Сұлушаш толғақ үстінде жантәсілім етіпті» дегенге сенерін де сенбесін де білмеген жұрттың қарасы қалың. Өкініштен өзектері өртенгендер, көздерін жаспен сыққандар аяғанда не істер еді?
Жас ана осылай боларын сезініп, ері Нәжімге соңғы аманаты: — Сәбиімді қырқынан шыққан соң нағашыларына табыстарсың, өтінішін айтып үлгеріп, демі үзілген.
Шақалақ сәби Мәйтеннің нағашысы Матыбай мен әжесі Жұпардың қолына тап болуы осылай. Заманның зіл батпан ауыртпалығына қарамастан кәрі жүректер қорғансыз жиенді емірене иіскеп, бауырларына басып, емізікпен сүт беріп асырайды.
Ата-әжесінің ерке Мәйтені елпілдеп өсті, желкілдеп жетілді. Атасы оны Бедрдегі бастауыш мектептің 1-сыныбына апарды. Осыннан 4 жылдықты түгесіп, ары қарай оқуын Нұржаудағы «Теңдік» мектебінде жалғастырды.
1938 жылы Матыбай ақсақалға да ажал жетті. Ең басты қамқорынан айырылып, қаршадай Мәйтеннің жүрегі жараланды. Жеркепе үйде әжесі екеуі қалды шүлдіреп. Тұрмыс тапшылығы есіктен сығалады. 1939 жылы «Теңдіктің» 7 сыныбын бітірген жұлынып тұрған жас бала одан әрі өзіне оқудың жоқтығын сезініп, атасы, әкесіндей балықшылармен тізе қосты. Асау арналарға ау салысып, тартысып, алақаны алынды, борбайы шыт-шыт жарылды, шыдады бірақ. Күніне бірнеше метрлеп егіндік жерін қазысып белі талды, белгі бермеуге тырысып бақты бірақ. Қарыны шұрылдап, аш өзегі талса да сыр алдырмады, сынбай төтеп берді. Өзіне иек артқан әже жүзіндегі мейірім мен үміт оны өліспей беріспеуге жетелей түсті. Тым ауыр, маңдайдан сипамаған балалық шағы еді бұл.
1941 жылдың ыстық маусымында сұрапыл соғыс басталып, елге нәубет жетті. Бейбіт аспанды үрей бұлты торлап, мамырайқан күндер етек-жеңін қымтап үдере көшті. Бүтін ауылдар бүлік түскендей ошарылып, шал-шауқанның, бала Мәйтендердің жүзіне қарап қалды. Сол жылы ол марқұм қайраткер ана Дайрабаева Қаншайым жетекшілік жасайтын өзек ауы звеносының құрамына аушылық жұмысқа кірді. Ұран керілді, ұл болып үмітті ақта! «Бір балық – бір жауынгердің азығы!»
Мәйтен — майданда
1942 жылдың маусымында Мәйтен Матыбаев, Әнуар Исмахов, Қабиболла Шаяхметов, Зинолла Нұрымов, т.б. бір ауылдың балғын бозбаласын сыпырып майданға шақыртты. Олар Чкалов облысының Тоцк қаласында 365 атқыштар полкінің оқу батальонында әскери дайындықтан өткізілді. 1942 жылы кіші командир М.Матыбаев 898-і артиллерия полкіне жіберілді. Калач қаласы оның майдан жолының бастауы.
Ауыр артиллерияның оқтаушысы М.Матыбаев өз міндетін айтқызбай атқарып, командирлерінің, қаруластарының ізгі-ілтипатына бөленді. Жер шайқаған бомба гүрсілі, снарядтардың жойқын жарылысы, қолқа қапқан дәрінің ащы түтіні Мәйтен үшін күнде көріп жүрген үйреншікті жай. Өйткені, ол жорық жолдарында Одесса, Николаев қалалары, Украйнаның ауыл—кенттері, Молдавия, Бессарабия жерлері үшін болған ұрыстарда ауыр артиллериясымен отты шайқастардың нешеме көкесін бастан кешірді.
1944 жылдың сәуір айы. Бұлар Молдавия жерінде. Ашынған жау пысы басыла тұра әрбір деревня, ауылдар үшін ұрыстарда жанталаса қарсыласып бақты. Өртеді, бүлдірді, қорлады-зорлады, атты-асты дегендей. Бұларды сапқа тұрғызған командир: — Ертең ғаламат шайқас болады, салмақ ауыр артиллерияға түседі, дайынбыз ба? — Дайынбыз, — деді Мәйтен және қаруластары. Бір кезде майданда көрсеткен ерліктеріне орай санаулы сарбаздың СОКП мүшелігіне қабылданатынын жария қылды, командир. Жанарында жауға деген өшпес кек ұшқындаған қазақтың қағілез, сымдай тартылған қара баласы Мәйтен Матыбаевқа партия билеті бірінші болып табысталды. Ол ұлы мақсат жолындағы жан алысып, жан беріскен шайқастарда Отан үшін осалдық танытпауға ант берді. Көп ұлтты халықтардың бір үйдің баласындай ымырашылдығы ертеңіне ақ өз мақсаттарына жетіп, межелі жерге Жеңіс туын желбіретті. Біз Мәйтен көке жайында әлсін-әлсін қалам тартқан болатынбыз. Сонда есте қалғаны – ол өзінің жорық жолдарында көрсеткен ерліктерін, от пен оқтың астынан бірге өткен қаруластарын ылғи да мақтан етеді екен. 1943 жылы Запорожье, Синельникова қалаларын, 1944 жылы Марганец ірі станциясын, Николаев, Одесса,т.б. қалаларды жау табанынан тазартысқан. Сол үшін медальдарды былай қойғанда бас қолбасшы И.В.Сталиннің өзі қол қойып жіберген бес бірдей «Алғыс хат» иегері. «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдары кіші командир, артеллерист Мәйтен Матыбаевтың қанды қырғын шайқастарда көрсеткен ерліктерінің өшпес куәсі. 1947 жылы мамырдың жаймашуақ бір күні соғыстан ең соңғы болып оралған Мәйтен ұлдарын нұржаулықтар арнасына сыймай тасыған өзендерге жүрек үнін қосып, жүздері қуаныштан бал-бұл жанып қарсы алғанын өткен күндердің ескірмес парақтары айғақтайды.
Қаруластан келген хат
Мәйтен Матыбаевқа қарулас досы украйналық Павел Павлович Явисенкодан жиі хат келеді екен. Оның бірқатары зерделі ұлы Мәлік Мәйтенұлында әлі күнге сақтаулы. Ақсақал Ұлы Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында қазақ досына толғана сыр шертеді. Нағыз достықтың майданда болғандығын, осы күнде кездесіп қалатын ұлттар мен ұлттар арасындағы кейбір дүрдараздық көңіліне қаяу түсіретіндігін сыр ғып шертеді. Сол хаттан сөзбе-сөз үзінді келтірсек: «Мәйтен дос, сен соғыс оқиғаларының біразын ұмытыңқырап қалғансың-ау, есіңе сала кетейін. Ұмытуың бұл қарттықтың белгісі. Кәрілікті мойындауға өзіңдей ер мінез азаматқа ерте әлі. Біз №333 атқыштар дивизиясының 597 зеңбірек полкіндегі 3-батареясында болдық ғой. 1944 жылдың көктемі. Одессаны алдық. Молдавияға жеттік. Денстрден өттік. Сен зеңбірікші, мен байланысшы едім. Сталинградты бірге алдық, содан жұбымыз жазылмады. Сен мені өлімнен арашалап алдың. Ол былай болды ғой. Кезекті шабуылда байланыс үзілді. Мен оны жөндеу үшін алғы шепке бұқпантайлай жөнелдім. Жау бекінісіне таяп қалғанда кеудемнен ауыр жараланып, қаным судай ағып жатқанда көз алдым бұлдырап, есімді әзер-әзер білемін. Сонда артымнан сен келдің жер бауырлап, мені одеялға салып алып сүйрелей жөнелдің. Межелі жер кейін білсем бір жарым шақырымдай екен. Әйтеуір бақытымызға сен жараланбай не мерт болмай өзіңді де мені де аман сақтап қалдың. Сен-қазақсың, мен-украйнмын. Ол кезде кімнің қандай ұлт екенін ойламаушы едік-ау! Сондықтан, Мәйтен дос, мен тірі жүргенім үшін саған қарыздар екенімді әр хат жазған сайын айтсам, ол жүрек шындығы. Өмір бойы сен қазақтың алдына бас иіп өтем, жазып тұр, кешіктірмей, Асимушкаңа сәлем айтып қой, өзің құтқарған Павел досыңнан. Әйелім Галина Ивановна мен ұлым Сережаның сәлемін қабыл ал, бетіңнен сүйдім!Айтпақшы Сережа армиядан келіп, зауытқа жұмысқа орналасты, жағдайымыз жаман емес, біркелкі, досың Павел Явисенко» делінген онда. Борап тұрған оқтың астына жалғыз кіріп, қаруласын құтқарып қалу да ер қазақ – Мәйтен арқылы болған көзсіз ерлік. Павел досының оған өмір бойы табынатындай жөні бар, адамның бәрі ақымақ емес.
Майданнан оралысымен…
Ақсақ-тоқсақ, жаралы жауынгердің қай-қайсысы да қолдарынан келетін жұмысқа тартылды. Құдайы қарасып он екі мүшесі сау келген Мәйтенге қайдан тыныштық бола қойсын, ертеңіне ақ ертелетіп егіс басына жіберілді. Бригадир деген аты болмаса өзі де қолына күрек алып жер қыртысын айырды. Шығырмен егістікке су келтірудің бейнетін айтып түгесе алмайсың. «Қазақстан» ұжымшарының «Бедр», «Көк арна», «Қара су» аралдарының бойындағы егістік алқаптарға теңкиген қарбыздар, сап сары қауындар, қияр, қызаң өнімдері жайқала шығып, туырылып пісіп, жоспардан тыс мол өнімге қол жеткізілсе, «мың қосшыға-бір басшы» Мәйтен диханның өзіне де, өзгеге де тыныштық бермеген ебіл-себіл еңбегінің арқасы.
1948 жылдың 17 сәуірі еді ол. Жоғары биліктің тәртібімен ауданнан 300 адам Құлсарыға мұнай таситын тар табанды темір жол құрылысын салуға шұғыл аттандырылады. «Қазақстан» ұжымшарынан бригадир ана Дайрабаева Қаншайым бастаған 17 адам тартылады. Әрине, ол тізімнің ең басында қиындық атаулыдан қаймығып көрмеген Мәйтен Матыбаев тұрған болатын.
1948 жылы қыркүйекте аудандық партия комитеті М.Матыбаевты Андреев атындағы ұжымшарға бастауыш партия ұйымының хатшылығына жібереді. Аталған шаруашылықтың мәдениеті мен экономикасы бас-аяғы бірер жылда артта қалудан алға шықса, бұл партком М.Матыбаевтың коммунистер мен еңбеккерлерді ортақ істің шешуші тұстарына орналастыра білгендігінде деп бағаланды аупартком тарапынан.
1950 жылы оны «Жаңа талап» ұжымшарына парткомдікке ұйғарады. Мұнда да М.Матыбаев жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен дараланады. Қысқасы, алғыр коммунист, бұқараны артынан еріте білетін, сөзі өтімді Мәйтен Матыбаев 1962 жылға дейін ауданның іскер басшыны талап етіп тұрған шаруашылықтары мен партиялық қызметтеріне таңдалумен болды. 1962 жылдан 1983 жылға дейін Калинин атындағы кеңшарда директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызметін жалғастырды. Адал еңбегі, азаматтық келбеті айқындалып, халықшыл қамқорлығы аймаққа мәлімделіп, «Теңіздің Мәйтақаңы» атанумен ғұмыр кешті.
Зейнет жасында да қарап отырғызбай Калинин атындағы кеңшар әкімшілігінің ұйғаруымен диспечер қызметін атқарды. Кейінгі буынға жөн айтатын «айғайшы» аға болғанын да орлылықтар ұмыта қоймаған.
Жұбайы Нәсима да көргенді жердің қызы. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінен абырой тапқан ана. Мәйтен Матыбаев сынды пісіп-күйген, қонағы көп, есігі жабылмайтын азаматқа жар болудың қандай салмағы барлығын жөн-жосығы түзу адамның шамалары кәміл. Мәлік, Марат, Бақыт ұрпақтарына ұнамды тәрбие беру, өз қатарынан қалдырмай жоғары білімге қолдарын жеткізу борыштарын азаматымен бірге, үйлестіре атқарысқан өнегесі мол жан.
Біздің қазақ «артында бар оңалар» — ды тектен-текке айтпаған халық. Мәйтен Матыбайұлының бала-бауыры кім? – деген сауалға үлкен ұл Мәлік Мәйтенұлының жазбасын ұсынуды жөн санадық.
«Артында бар – оңалар»
«Әкемнің ағасы Мырзатай Матыбаев азамат соғысының қаһарманы. Ағайынды Қарасай, Шәку Сәтековтер, Уахит Әлтеміровпен бірге С.М. Кировтың 11-і армиясының барлаушысы болған. Ганюшкинді ақтардан тазарту кезінде қызылдарға құнды мәлімет беріп отырғандары үшін ақтар аталған үшеуін де ұстап, қылышпен кескілеп көздерін жояды. Ал, Мырзатайды Шәрәпи өткелі маңында терек ішіндегі жасырынған жерінен қолға түсіріп найзамен шаншып өлтіреді. Мырзатайдың мәйітін ақтар көпке дейін алғызбай, ағайындары түн мезгілінде амалдап әкетіп, жасырын жерлейді. Бұл батыр қазақтардың есімдерінің «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» кітабына кірмей қалуы өте өкінішті! Олар да жарқын болашақ үшін өз өмірлерін азаппен қиған елжандылар емес пе еді…
Әкемнің апасы Мәрия (Нәжиев Елжанның анасы) 1910 жылдың тумасы. «Қазақстан» әртелінде ұзақ жыл егінші болған, кейін аурулық себепті үй-шаруасымен айналысқан. 1969 жылы бақи дүниеге көшкен. Азаматы Ситәлиев Нәжі екеуінің әкеме ұшан-теңіз қамқорлығы болғанын білеміз.
Тағы бір апасы Рәзия Матыбаева соғысқа дейін «Қазақстан» әртелінде балықшы, егінші болған белсенділігі мол ана. Сталинград қаласын қирандылардан тазарту, қаліпке келтіру жұмыстарына бастан-аяқ қатынасқан қаһарман ана, қайсар әйел ретінде қазақ тарихында есімі қалған.
Мен үлкен ұлы Мәлік инженер-құрылысшымын, ұзақ жылдар аудандағы құрылыс мекемелерін абыроймен басқарғаным үшін ауданның «Құрметті азаматы», ҚР-ның «Құрметті құрылысшысы» атандым. Жұбайым әкемнің қаруласы нұржаулық Исмахов Әнуардың қызы Гүлнәр Н.Манаев мектебінде көп жылдар шет тілінен дәріс берген белгілі ұстаз.
Ұлымыз Нұрболат бухгалтер-экономист, «Қазақавтодор» ЖШС-інің бас есепшісі қызметінде жүргенде 2009 жылы «Астана-Бурабай» жолын салу барысында жол апатына ұшырап, көз жұмды. Келініміз Әсел ол да бухгалтер-экономист, Астана қаласында құрылыс мекемесінде мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Ұрпақтары: Аружан, Н.Назарбаев университетінің студенті, Айсұлу, Дария мектеп оқушылары.
Зайнагүл қызымыз жоғары білімді, Астанада «Қазпошта» мекемесінің қызметкері. Ал, әкемнің Нүркен немересі инженер-құрылысшы, құрылыс саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол үйдегі Лейлә келін инженер-құрылысшы, Астанада құрылыс мекемесінде мамандығы негізінде еңбектенеді. Балалары: Айзере оқушы, оның артынан Әмина, Мәлика ерген.
Қызы Бақытжан бауырымыз Н.Манаев мектебінде мамандығына сай физика пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар қызмет етті. 2018 жылы қайтыс болды. Қадіржан жиен мен Гүлнәз келіннен Әсет, Нұрәли, Айзада жиеншарлар мектеп оқушылары.
Маратұлы Атырау қаласының тұрғыны, жоғары білімді ұстаз, зейнеткерлік шағында. Жұбайы Сәния жоғары біліміне сай, ұзақ жылдар банк саласында қызмет жасады. Олардың Нұргүл қызы да жоғары білімді маман, банк, салық саласында қызметтер атқарды. Бауыржан күйеу бала мұнайшы. Құлсарыда тұрады. Арайлым, Әділжан, Мәдина, Ильяс, Асылнұр, Мерей есімді ұрпақтары бар. Үлкен қызы тұрмыста, Әнуарбек есімді күйеу бала бар. Олардан жиеніміз Санжар, Әділжан ұлы мен Арайлым келіннен Аманай, Томирис есімді немерелері бар. Нұрбол немере жоғары білімді банк қызметкері, Атырауда тұрады, Света келін екеуі Сайда, Мадьяр, Нұрәли, Ғимыран есімді ұрпақтарын өсіріп тәрбиелеуде. Назгүл немере жастай уақыт еткен. Гүлнәз жоғары білімді, Атырауда мамандығы бойынша еңбек етуде.
Әсима анамыз әкеміздің екінші жұбайы, екеуі отбасылық өмірді бастағанда анамызға еріп келген «сүт бауырларымыз» Максим ағамызды, Лена апамызды, Жүсіпбек ағамызды әкей өз ұрпағым деп қамқорлап қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсіріп, жоғары білім алып, бір-бір шаңырақтың иелері болуларына барлық жағдай туғызған. Бұл бауырларымыз да әке деп ардақтаудан жаңылған емес. Ағаларымыз дүниеден өтті. Лена апамыз өз отбасымен Астанада тұрады. Бүгінде ұрпақтары да жапырақтарын жайып, өз әлдерінше тірлік құруда. Мәйтен әке- Әсима анамыздың арты қандай дегенге берер жауап осы» — дейді Мәлік Мәйтенұлы өз жазбасында.
Сөз соңы
Тірі болса ғасыр жасы атаусыз өтпейтін қайсар тұлға жайында бүгінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетте қолымызға қалам алсақ, көкеміздің рухы разы болғай! Оның жауға жасқанбай барып қаруластарымен бірге жайратысқан бірегей ерлігі, туған топырағына оралып бүлінгенді бүтіндескен жанқиярлық еңбегі, азаматтық тұлғасы, отаншылдық бейнесі Тәуелсіз елдің жастарына үлгі-өнеге болса қанеки! Мәйтен Матыбайұлының тұтас ғұмыры, адами болмысы адалдықтың, ел-жұртқа деген алғаусыз сезімнің бойтұмары десек, Алла хош көрер!
Қазақы тәмсіл: «Адам бұйырған ғұмырында жақсы-жаманды ниетінен табады». Мәйтақаңның да ақ адал ниетіне орай жаратушы хақ бір-біріне жалғастырып өрісін ұзартар ұрпақ берді. Арты ажарлы, ормандай сыңсыған олары инабатты да имандылар, Тәуелсіздіктің керуен көшінен ойып тұрып орын алғандар. Шіркін, қазақтың әрбір әулеті, шаңырағы осылай бала-базармен шүпірлеп толса ғой, өзгелер көз алартуын қояр еду –ау, деп қиял-ғажайыпқа берілесің. Қысқасы Мәйтен көке тілегіне орай ниеті қабыл адам!
Есімі өшпейтін елдің ардақтысы, қатарлары кетсе де ол жайындағы даңқ пен дақпырт әлі күнге жер бетін шарлап, азат аспанда әуелеп тұр. Көзі алдыңа оның қаратаудың қатпар-қатпар сілеміндей қаһарлы бейнесі елес берердей. Тірісінде қалғуды білмеген қара шал әлі күн: «Отан әміріне адал болыңдар!» — деп әлде бір тылсымнан айқай салып тұрғандай, ендеше адал болайық, қазақтың елі мен жеріне!
Таңатар Дәрелұлы,
Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР-ның «Құрметті журналисі», «Құрмет» орденінің иегері