СӨЗ БАСЫ
Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі.
Сондай тұлғалардың бірі – мемлекет, қоғам қайраткері Шеген Ермұхаметұлы Құдаманов (1901-1974) туралы 2006 жылы алғаш рет «Алмагүл» мөлтек ауданында көрші үйде тұратын ақсақал Ғайпен Бейсіовтен естіген едім. Ғайпен ақсақал 1954 жылы Жезқазған лагерінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Шеген Құдамановпен бірге жазасын өтеген. Кезінде Ш.Құдаманов Қазақ КСР-ның Бас прокуроры болған, қасіретті 1937 жылдың құрбаны Сүлеймен Есқараевтың жан-жолдасы болған.
Бұл мақаланың жазылуының мәнісі былай болатын. Ғ.Бейісов екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Түркістан легионының қатарында болған. Ақсақалдың әңгімесін тыңдау үшін жұмыстан кейін кешкі уақытта үйіне барып тұратынмын. Көп қиыншылықты бастан кешірген қарияның есте сақтау жадысына таңғалмасқа болмайтындығы. Легион, Түркістан комитеті, онда қызмет еткен тұлғалар туралы әңгімелерін естіп, түртіп алып жүрдім.
Соғыстан оралған соң НКВД-ның құрығына ілініп, «сатқын» атағын иемденіп сотталған. Кеңестік лагерьде қандай жайсаң азаматтар азап шегіп, о дүниелік болды деп өкініп отырушы еді жарықтық. Сондай кешкі бір әңгіме үстінде мен саған өзіммен бірге азап лагерінде қапаста отырған азаматтар туралы айтып берейін деді.
Әңгіменің басын Шеген Құдамановтан бастады. Шеген деген атқа елең ете қалдым. Оның да өзіндік себебі болатын. Шеген аты көп кездесе бермейтін есім болса, екіншіден, жездемнің есімі Шеген (ақын Мақсот Неталиевтің баласы) болатын. Кейін Атырау облыстық, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының, Ақтөбе облысы мемлекеттік архивтерінен Ш.Құдаманов туралы деректерді іздестіргеніммен, еш нәтиже болмады. Архивистердің айтуынша репрессияға ұшыраған тұлғалардың істері архив қорынан жинап алынған. Алайда жоқ іздеген таппай қоймайды демекші, 2022 жылы қараша айында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорынан Ш.Құдамановтың жеке ісімен және ол туралы басқа да қорлардағы деректермен танысып, көшірмесін алған болатынмын.
Былтырғы жылы жоғары да аты аталған Шеген жездемнің жалғыз қызы Әйгерімге (республикаға белгілі домбырашы) қазақы дәстүр бойынша құда түскен болатын. Дастархан басында құдалармен танысып, әңгіме-дүкен барысында келген құдағайдың бірі Қызылордаданмын дегені. Менде жалма-жан сіздер жақта Шеген Құдаманов деген тұлға өткен, ол туралы естуіңіз барма деп сұрадым. Құдағайымыз сол Құдамановтың немересімен демесі барма?! Құдағайымыз атасы сонау ХХ ғасырдың 30-жылдары қызмет еткен Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының келіні болып шықты. Құдағаймыздың есімі Айгүл Құдаманова, мамандығы бойынша дәрігер. Атырау қаласында тұрады. Міне, өмір заңдылығы. Қазақтың мақалында айтылғандай «Іздегенге – сұраған» дегендей болды. Шиелі ауданында Ш.Қодамановтың туғанына 120 жылдық мерейтойын атап өткендігін, ұялы телефонындағы осы тойға арнап жасалған щақыру билетін де көрсетті.
Сонымен…
Соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шекендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерлерде азап шекті. Сондай тұтқындардың бірі соғыс жылдарында Түркістан легионы қатарында болған атыраулық Ғайпен Бейісов болатын.
Ғайпен Бейісов 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидаттықа қабылданып, Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 15-ші қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймықан неміс-фашисттері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған Ғ. Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «сатқын» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прократурасының № 12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қортындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінде сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні бақиға озды.
Ғайпен Бейісовтың «Тамұқтан өткен тағдыр» атты деректі әңгіме кітабындағы басты тұлғалар екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихтың «ақтаңдақтар» беттерінен ойып, өз орындарын алатын қайраткерлер екендігін кәрі тарихтың өзі дәлелдеп берді. Естеліктерін 1955 жылы Қоянды басқармасының лагерінің 3-бөлімінде жүріп жаза бастаған. Көп күрсінткен күрең жылдар Ғайпекеңнің жадынан қалай өшсін.
КЕЗДЕСУ
Бірі «халық жауы» ретінде «атақты» 58-ші баппен, бірі «Отанын сатқан сатқын» «58-1 б» тармағымен сотталған, тағдырлары талайлы екі азамат кездескен лагерь – КСРО көлеміндегі мың сан лагерьлердің ішінде аты аталғанда үрей туғызатын ең қандысы, қорқыныштысы «Степлаг» («Дала лагері»). Оның бөлімшесі «Рудник-Жезқазған» лагері болатын. Үш жылдан артық Сібір лагерінде жазасын өтеп, айдаумен келген Ғ.Бейісов Шеген Ермұхаметұлымен алғашқы кездескенін былайша әңгімелейді.
«… Біздер, Сібірден келген 23 Түркістан легионерлерінен тағы бөлек бригада құрды. Жаңадан екі кісіні қосты. Бірі – Қытайда полицай болып істеген Ақшал деген жігіт. Екіншісі 1937 жылдан бері отырған. Срогі өтіп кеткен қашан шығаратыны белгісіз «до особого разрешенияны» күтіп жүрген, жасы елуден асып кеткен, Калыма лагерінен келген Шеген Құдаманов деген кісі. Калымадан келген 58-бен отырған Шеген Құдаманов жайлы айтарымыз. Бұл кісі көп жылы Гурьев округінің Теңіз аупарткомның бірініші хатшысы болып істеп тұрғанда облыс құрылды. Облыс құрылғанда обкомның бірінші хатшысы болып жаңа істей бастағанда ЦК Қазақстанның ауыл шаруашылық бөлім басшылығына Алматыға шақырылады. Осы жерде 1937 жылы ұсталады да, он жылға сотталады. Он жыл срогі бітіп енді «До особого распоряжения» дегеннің жарлығын күтіп отыр. Негізі Қызылорда Шиелінікі. Бұл кісінің атын атап отырған себебім, осы кісі арқылы 1937 жылдың зобалаңын білуге болады. Бригада да беделі бар, ақылын жігіттерге айтып кеңес беріп отырады. Екеуіміз бірге жатамыз. Қара жұмыс істетпейміз бригаданың инструменталшігі болып есептіліп жүрді».
ҚҰДАМАНОВТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ғайпекең Шеген Құдамановтың лагерь барагындағы бір әңгімесін былай өрбітеді:
«1937 жылы жаздың шуақ күндерінің бірінде Алматыдағы ЦК Қазақстанның үйінде ЦК-нің кезекті бюросы өтті. Бюроға сол кездегі Қазақстан басшылары Мирзоян, Исаев, Құлымбететовтер қатысты. Ішін де менде болдым. Бюро аяқтала бергенде Қазақстанның бас прокуроры Сүлеймен Есқараев «менің кезектен тыс мәлімдемем бар» деп қолын көтірді. Жиналысты басқарып отырған Мирзоянның ұлықсатын күтпестен сөйлей жөнеледі. Негізгі сөзін Мирзоян мен Исаевқа арнап былай деді: «Бірге жүрген жолдастырымызды алып кетіп, қайтып оралмай жоғалып кетіп жатыр. Обком хатшылары, министрлер (қомиссарлар болуы керек А.А.), жауапты қызметкерлер. Бүгін түнде алып кететін болар деп ұйықтамай күтіп отыратын болды. Мен Республиканың бас прокурорымын. Мен ұсталатын кісіге ордерге қол қоюым керек. Ал мен кімді ұстап жатқанын, қайда әкетіп жатқанын білген емеспін, білмеймін. Ондай прокурор республикаға керек пе, бұл нәубеттің тоқталатын күні бола ма? Осылай қой құрлы маңырай алмай кете бере ме? Мұны Сталинге айтып тоқтата алатын сіз екеуіңіз?!» — деп орнынан тұрып жүре берді. Есіктен шығар жерде есіктің тұтқасын ұстап тұрып, артына бұрылып бір сәт қарап алды да, есікті сыртынан жапты. Отырғандардың бәрі де түсінді іштей қоштасып тұрғанын, ертеңіне Есқараев жұмысқа шықпай қалды. Менің көп араласқан жан жолдасым еді. Іштей Сүлеймен-ай, не істегенің, ендігі күнің не болар деп, сөйлеуге тілім келмей отырып қалыппын, — деді.
Шәкең әңгімесін аяқтаған соң Ғайпекең: «Мұның түбі не болар, немен тынар. Бұған бір тоқтау болатын күн болар ма екен» деп сұраған. Сонда абзал азамат: – Арқан қанша ұзын болғанмен оның бір шеті болмай ма, ұзыннан ұзын шеті жоқ арқан болмайды. Болатын болса мұның да болатын шетін күте бер», — деп жауап беріпті. Одан артық ол заманда қандай жауап болмақ.
БҰЛ ЖЕР БІЗДЕР ҮШІН…
Лагерьдегі біркелкі сұрықсыз кезекті бір күні Шәкең Ғайпекеңе естігенін, білгенін айтып ескерту жасаған. Ол оқиға былайша өріледі. Шәкеңнің айтқаны.
– Лагерьде жасырын ұйым жұмыс жасауда. Шамалары келсе бунт көтіретін ойлары бар. Біздің бригаданың жігіттері де соған ыңғайланып жер. Мен қарсымын. Шамам келсе қойдыруға тырысамын. Ал сен бұл іске араласпа, естімеген, білмеген бол. Кімнің арқасымен 800 грамм нанға қолы жетіп, енді тойынғасын құдайларын ұмытып кетіп жүр. Соны білсе де түсінгілері келмейтін сияқты. Кеуделеріне әбден жел кірген. Енді қайткенде сол желді шығаруға жұмыстануымыз керек, — деп алдағы үлкен іске дайындалып жүрді, — деген болатын естелік әңгімесінде Ғайпекең.
Шәкең қазақ тұтқындары алдында көрегендікпен сөйлеген сөзін: — Сіздердің айтып жүргендерің өз әңгімелерің емес. Менің түсінігімде ол әңгіме жақсылыққа соқтырмайды. Тыңдасаңдар үлкендігімді айтқалы отырмын. Мен айтуға тиістімін. Мен айтпасам құрдымға кеткелі тұрсыңдар, — деп бастапты.
Сөзін одан әрі былайша жалғастырады: – Бұл әңгімені сонау балтикалықтар, кавказдықтар, орыстар айтатын, солардың сөздері. Олар үшін өлі дала, олар үшін ит ішпестің ала шөлі, құтымның қу шоқысы екені рас. Өйткені оларға жат жер. Оларға барса келмес жер керегі жоқ. Ал біздер, қазақтар үшін туған жер, ата-баба жері. Кіндік қанымыздың тамған жері. Бұл жер Ұлытау жері, осы жерде ата-бабамыз ақ киізге отырғызып талай ханды сайлап көтерген жері. Талай жауды қырып, елін қорғаған жері. Біз тұтқын болайық, катржан болайық қалай аталсақ та, туған жерден еш бір заң-закон бөлектей алмайды. Сол сияқты аластай да алмайды. Біздер қайда жүрмедік, біздерді қайда апармады, сонау жер қиянға дейін барып, аман оралып келіп отырмыз. Калымада, Сібірде қалай жүрдік, қалай едік, қазір қандаймыз. Кешегі Сібірдегі бишарлық күнімізді ұмытып кетіп нанға тойымшылықпен қарайтын күйге жеттік. Мұны да атамекеннің құдіреті, қасиетінен деп түсінген дұрыс болады. Жерімізге салынып жатқан мың сан қыруар тұрғын үйді, зауыт, фабрикаларды ертең еліне қайтқанда мына тұтқындар бұтарлап алып кетпейді. Осы біздің жерімізде, біздікі болып қалады. Соған түсіну керек, тұтқын болып жүрсек те осы жердің қожасы сияқты болып қалуға тиіспіз. Заң бұзылды, біздерді айуандық пен азаптауға кірісті дейсіздер. Біздің қазіргі уазипамыз бас ұсынып орындау керек. Шыда, тек сол үшін төзімділікті бізден талап етеді. Ертең сүттей иіп бірің іні, бірің аға болып, тату-тәтті, күлсең бірге күліп, ренжісең бірге ренжіп жүргенің неге тұрады. Біздің қолымыздан қарсы көтерілгенде не келеді, соны ойлап көрейікші. Өлгеніміз өліп, өлмегенімізді тас қазуға салады. Өлдім десең ешкім жаныңа бармайды. Сол азаптың алда тұрғанын неге ойламасқа , — деп аяқтаған.
Міне, Шәкең қорықпастан өткізген әңгімесінде жігіттерді тыныштандырып, бір апаттан аман қалды деуші еді Ғайпекең. Алла оларға иман байлығын берсін!.
ШӘКЕҢНІҢ КӨМЕГІ
Шәкеңнің азап лагерінде жүріп-ақ, тамұқ өткелінде жүрген азаматтарға қолынан келген көмегі туралы Ғайпен ақсақал былайша еске алады. Бірде біздің ІІ-ші лагерь пунктке І-ші лагерь пунктен көтерем болған, жұмысқа жарамаған 500 каторжникті әкеліп қосты. Соның біреуі біздің бригаданың мүшесі болып қосылды. Өзі ірі жігіт екен, көтеремдік бастан өтті білеміз ғой. Бүтін бригада әлгіге жәрдем беруге кірісті. Бригадир әлгі жігітті ағаш ұста шеберханасына желім ертуге қойды. Ол соған да жарамады. Күнбе-күн демалған сайын оңалудың орнына төмендей бастады.
Бір күні Шәкең маған:
- Келген жігіт өзі Құлсарынікі (сол уақытта Атыраудағы поселка — А.А.) екен. Аты Қуан. Қуанның өзі жан-жақты жігіт көрінеді. Мен Қуан болып жазайын, үйінен кісі келсін. Сен біреуді тап. Сөйлесіп келген кісіге жататын үй даярлатып қояйық. Мен сол адресті жіберейін, сол үйге тіке келіп түсетін болсын, — деді.
…. Бір айдан кейін Қуанның Құлсарыда тұратын інісі келді. Оншақты күн ағасының қасында болып, қош бешпен кетті-ау.
Бұл Шәкеңнің кең жүректі азаматтығының бір ғана мысалы.
Білімді де білікті Шәкең басы байлаулы, өзі айдауда жүрсе де қанша жазықсыз адамдарға араша түсіп, жоғары органдарға хат-хабар жазып, көмектескені туралы Ғайпекең тебіреніспен еске алған болатын.
МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ…
Осы жылдары Ғайпен ағамыз лагерьде жүріп Ш.Құдамановтың ауызынан естіген Алаштың даңқты ақыны Мағжан Жұмабаевтың мына өлеңдерін жатқа айтқанын 2006 жылдың 1 қазанында өз үйінде жазып алған едім. Өлеңдердің көпшілігін ұмытып қалғанын өкінішпен еске алған еді. Есінде қалғаны «Сарыарқа», «Ленин туралы» атты өлеңдерінен үзінділер айтып берген болатын. Ал есінде қалған ақынның басқа да өлеңдерін латын ғаріпімен жазған блокнотынан көрсеткен болатын. Кейін беремін деген де болатын, өкінішке орай бақилыққа атанып кетті. Қазақы салғыртығымыздың қырсығынан, уақытында алмай, ал енді сол жазбалардың қайда қалғаны да белгісіз. Сол өлеңдерді еске түсірген ақсақал ақынның бірінші өлеңінде кеңестік шолақ белсенділердің әпербақан саясатынан запы болған ақын дүниені қайта құрып, туған жер топырағынан тәрбиелі де, жаңа тұрпатты адамдардың келуін аңсайды деп түсіндірді дейді Шеген Құдаманов. Ақсақалдың Құдамановтан естіп, жадында сақталып қалған өлең жолдары төмендегіше, «Сарыарқа» өлеңінде ақын:
Дүниені топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Қанды көбік шашса екен!
Сол уақытта жаңадан
Сарыарқаның топырағынан
Жаратар едім жаңа адам – десе, Мағжанның «Жер жүзін топан басса екен» өлеңінде төмендегіше:
Жер жүзін топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Таудай толқын құтырып,
Улы көбік шашса екен – деп жырланады (Мағжан Жұмабаев Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. Өлеңдер, дастандар, аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2003. – 208 б).
Ал Ленин туралы өлең жолдарына назар аударсақ:
Күн батысқа қарасам
Көз көрінбейді ала шаң.
Ала шаңның алдында
Екі етегі делдейіп,
Безіп келеді бір адам
Бұл кім екен деп қарасам
Өзіміздің баяғы
Кәдімгі Иван екен есалаң.
Ш.Құдаманов бұл өлең шумағын Мағжан Батыста басталған революциялық төңкерістерді сипаттай отырып, Лениннің образын орыс халқында көп кездесетін Иван есімімен байланыстырады деп түйіндейді. Ал ақынның «Пайғамбар» атты өлеңінде:
Қап-қара түн. Толықындары қара қан.
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң – деген жолдарды кездестіреміз (Мағжан Жұмабаев Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Өлеңдер, дастандар, аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2003. – 208 б).
ШӘКЕҢ АЙТҚАН АНКЕДОТ
Ғайпекең Шеген ақсақал бірде мынадай анекдот айтқаны есіме келді: «Лев Николович Троцкийді кеңес жерінен аластап шетелге қуғанда, кетерде Сталинді «СССР» деп ғайбаттап кетеді. Мұның шешімін Бухарин тапқан екен делінеді. Сонда оның шешімі бірінші «С» смерть, екінші «С» Сталина, үшінші «С» спасает, «Р» Россию деп шешкен екен» деп айтып отыратын-ды. Онда да біреу естіп қалмасын деп сыбырлап айтатын-ды. Сонда бәрін жинақтағанда «Смерть Сталина спасает Россию» деген сөз болып шығады екен.
Түйін. Өмірі азапты күндер мен қайғылы түндерді бастан кешіріп, болаттай берік, қорғасындай мықтылықта, таусылмас төзімділікте өткен Түркістан легионерлерінің соңғы тұяқтарының бірі Ғайпен Бейісовтің мемлекет, қоғам қайраткері, қайтпас қайсар тұлға Шеген Құдаманов туралы естелігі міне осындай еді.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор