Бізге жиен аға болып келетін белгілі театр актері, мәдениет қайраткері Махмұтов Қайыржан ағамыздың өмірден өткенінің жыл толу қадесі алдында жұбайым Мәншүк екеуміз ағамыздың үйіне бара қалдық. Кәмеш жеңгей, қызы Роза, жиені Венера және бұрын біз көрмеген егде тартқан бір ақсақал мен кемпір отыр. Сәлем-сауқат сұрасып, бейтаныс қонақтармен таныстық.
Қарттың өзі де, сөйлеген сөзі де жып-жинақы, қимылы да ширақ көрінді маған. Бурыл тартқан шашына сақалы мен мұрты да жараса қалыпты. Әлгіден бері жас шамасы сексеннің сеңгіре келіп қалған шығар деген топшылап отырған бұл Қайролла есімді ақсақал Кәмеш жеңгейдің туған ағасы болып шықты. Кемпірі көп сөзге жоқ, тұйықтау кісі екен.
– Қайыржанның жылдық асына Петропавлдан — Қызылжардан келдік. Жақсы көретін, сыйлас болған күйеубаламыз еді. Жолдың қашықтығын сырып тастап, кемпіріммен келіп жатқан жайымыз бар, шырағым.
–Жиен ағамыздың жылдық еске алу асына келген екенсіздер. Қадамдарыңызды сауаптан жазсын. Онда сіз бізге құда болдыңыз ғой, — дедім.
– Жасым – 89-да, мына қарындасым Кәмешпен арамыз екі жас.
– Сізді тоқсанның төбесіне шығуға таяу деп ешкім ойламайды. Алла сізге қуат берсін.
…Ақсақалмен сыр-сұхбат барысында оның атақты аудармашы, жазушы, қазақ, орыс және неміс тілінде еркін сөйлеп, жаза білген марқұм Герольд Бельгермен бірге оқығанын, сыныптас досы болғанын да білдік.
– Біз Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Октябрь ауданының Ленин ауылында тұратынбыз. Отан соғысының жүріп жатқан кезі ғой. Жаппай депортация кезінде Ресейдің Еділ бойынан, Саратов өңіріндегі неміс ұлтының өкілдері біздің ауылға көшірілді. Төртіншіні тәмамдап, бесінші сыныпқа көшкенде Гера деген неміс баласы келді. Ауылдағы шағын орталау қазақ мектебінде онымен бірге оқыдық, — деп естелік әңгімесін балалық шаққа бұрды.
– Ол сабаққа өте зерек болды. Бала кезінде аттан құлап, аяғын сындырып алған екен. Біраз уақыт екі балдықпен жүрді. Футбол ойнағанда да балдағын тастамай, доп тебе беретін. Сыныптағы белсенді баланың бірі, қабырға газетіне мақалалар жазады. Гераның жазуға қабылетін сонда байқағанбыз. Онжылдықты алтын медальмен бітіретін еді. Тек сынып жетекшісі «Бельгер шығарма жазуда бір үтірді қоймай, қате жіберген» деген сылтаумен алтын медальді бергізбей тастапты. Біз оны кейін білдік. Герольд Карлұлы 60 жасқа толуына байланысты біздің ауылға келді. Сонда өңірдің әкімі болған Владимир Гартман оның сол баяғыда берілмей қалған алтын медалін бергіземін деп уәде берді. Кейін сол алтын медаль иесіне тапсырылды деп естідік.
Гера асқаралы алпысына өзімен бірге оқыған үш адам – генерал-майор Әлімжан Ахмадин, облыс әкімінің орынбасары Ханафина және мен Алматыға бардық. Лермонтов атындағы орыс драма театрында салтанатты шараға қатыстық. Біз елден апарған сый-сияпатымыздың ұсындық.
Мерейгердің салтанатты кеш барысында бір қызық жайтқа куә болдық. Қазақтың ақын-жазушыларының біразы театрға жиалыпты . Бәрі шешен, құттықтау тілектерін жаудырып жатыр. Бір кезде мінберге жазушы-драматург Қалтай Мұхаметжанов көтеріліп, «Қадірлі қалайық! Мен кейде Сталинге риза боламын» деп құттықтау сөзін бастағанда зал толы халық сілтідей тына қалды. «Бұл кісі не айтықысы келді екен? Халқымызды қуғын-сүргінге ұшыратып, қынадай қырғызған Сталинге неге риза бола қалды» деген ой да сап ете қалды. Сосын Қалекең «Егер сонау соғыс жылдары Еділ бойынан біздің жерге немістерді күштеп көшірмесе, қазақ әдебиеті тарихында қазақ, орыс және неміс тілінде жазатын жазушы да, аудармашы да болмаған болар еді» дегенде жұрт ду қол шапалаққа басты. Сөйтіп, бір қызық болғаны бар.
– Гераның ата-анасы, басқа бауырлары туралы не айтар едіңіз?
– Әкесі Карл Фридрихович деген ауылдың дәрігер-фельдшері болатын. Алты-жеті шағын ауылды атқа мініп аралап, дәрігерлік көмегін көрсететін. Ол да тұрмыстық деңгейде қазақша білетін. Кешке, түнде сырқаттардан шақырту түсе қалса, Гераның әкесі колхоздың машинасын жүргізетін маған «мені сонда жеткізші» деп талай келген-ді. Көмектесіп жіберемін. Оның Анна деген әйелі мектепте мұғалім еді. Гераның Эльма және Алма есімді екі қарындасы болды. Кейін ана-анасы пенсияға шығып, Ташкентке көшіп кетті. Оларға сол жерден топырақ бұйырды.
Иә, оның өмір жолына үңіліп қарасақ, орта мектепті үздік тәмамдаған Герольд Карлұлы оқу іздеп, Алматыға кетті. Содан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны бітірді. Өзінің еңбек жолын Жамбыл облысының Байқадам кеңшарындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастап, 1963-1964 жылдары – «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкерінен шығармашылық жұмысқа ауысты. Ал, тоқсаныншы жылдардың басында неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.
Қазақ әдебиетінің Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Хамза Есенжанов, Әбіш Кекілбаев және басқа да классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды. Еңбектерінде ол Абайдың сан қырлы шығармашылық дарынына, ақындық құдіретіне, жаңашыл дәстүріне шолу жасап, Гете мен Абай шығармалары үндестігінің философиялық, эстетикалық, психологиялық эаңдылықтарын талдады. Ол Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық және Қазақстан ПЕН-клуб сыйлықтарының иегері атанды. «Парасат» орденімен марапатталған болатын.
Біздің әңгімемізге құлақ түріп отырған Кәмеш жеңгей де сөзге араласты.
– Гераның қарындасы Эльма екеуміз бір сыныпта оқыдық. Ал, Алмасымен менен кейінгі сіңлім оқыған. Ол қазір Германияда тұрады деп естідім.
–Гераның жұбайы татар қызы Раиса Закирқызы мектепте шәкірттерге ұстаздық етті. Қызы Ирина Герольдқызы Мәскеуде тұрады. Театрда актриса, кинорежиисер болып қызмет жасаған. Әкесі Карл Фридрихович керемет өнерлі жан еді. Скрипкада, мандолинода шебер ойнайтын. Қолы босаған кешкілік мезгілде ауылдың өнерлі балаларын жинап, клубта дайындық жүргізетін. Мерекелерде көркемөнерпаздардың концертін ұйымдастырып, қуаныш сыйлайтын марқұм. Гераның өзі де өнерден құр жаяу емес-тұғын. Жас кезінен гармонда, аккордеонда тым-тәуір ойнады. Қазақтың халық әндерін тыңдап, санасына сіңірген ол Сырымбет, Балуан Шолақтың әндерін нақышына келтіре орындап жүрді, — деп есіне алды кейіпкерім.
Қайрекеңнің тағы бір сыныптасы – Әлімжан Ахмадин құқықтық тәртіп қызметіне қырық жыл өмірін арнаған жан екен. Тергеушілер мен жедел қызметкерлерді дайындайтын КСРО ІІМ Жоғары мектебін тәмамдап, еңбек жолын Сарань қаласында қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі қызметінен бастап, кейін Қарағанды облысы ІІБ бастығының орынбасары, Шымкент және Жезқазған облыстарында ІІБ басқарған, республикадағы басты қоғамдық тәртіп сақтау басқармасының бастығы, Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Отставкаға шыққаннан кейін ІІМ Академиясы жанындағы жедел-іздестіру кафедрасын басқарды.
– Герольд Карлұлы өзінің алпыс жылдық мерейтойына келген генерал Әлімжан Ахмадин екеумізді және бізден басқа тағы бес-алты адамды Алматыдағы үйіне шақырды. Есте қаларлықтай көңілді отырыс болды. Балалық, жастық шағымызды, бастан кешкен қызықты оқиғаларды еске түсірдік. Оның ұялы телефонын алып, екеуміз жиі амандық-саулық сұрасып тұратынбыз. Бірде оған телефон соқсам «Қайролла, ренжіме, мен қатты ауырып қалдым ғой» дейді. «Ау, Гера сен уайымдама, еңсеңді түсіре берме, бар болған сексенде емессің бе? Өмірдің қызығын алда әлі де көресің» деп қайрап қойғанмын. Көп кешікпей 2015 жылдың ақпан айында 80 жасында өмірден озды. Артынан кемпірім екеуміз Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген Гераның зираты басына барып, дұға бағыштадық. Алтынбек Сәрсенбайұлының жанына жерленген екен. Иман байлығын беріп, жанын жәннаттық қылғай!
Қайролла Қасымұлы Алланың ақ жолын дәріптеп, ауылдастарын, әсіресе, жастарды ынтымаққа, ауызбіршілікке, мейірбандыққа шақыру жолында көп еңбек сіңіріп жүргендігін әңгімесінен-ақ аңғардым. Айтқандай, 2001 жылы барша мұсылманның Алла алдындағы бес парызының бірін өтейтін жері – қасиетті Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын орындап қайтыпты.
– Қажылық сапардан үлкен әсермен оралдым. Діннің адамды адалдыққа, әділдікке тәрбиелейтін тегеурінді күшіне, Аллаға мінәжат еткен пенденің рухани тазарып қана қоймай, айналасындағыларға да үлгі-өнеге көрсететініне, мұның өзі қоғамның тыныштығына, дұрыс жолмен дамуына игі әсер ететініне және бір көз жеткізгендей болдым. Қашаннан бейбіт өмірге бейім қазақтың ұлы даласында ондаған нәсілдермен бірге тату-тәтті тіршілік жасап жатқан халқымыздың мерейі үстем бола беруіне Алланың шапағат етуін тіледім. 2008-2018 жылдары аралығында Ыбыраев ауылындағы мешітте имам қызметін атқарып, имандылық ұясында жастарға үш кезеңмен арабша оқу үйреттім, Құран оқытып, дәріс бердім.
Шүкір, қазір бар шаруаны балалар, немерелер атқарады. Малдан қой, сиыр мен жылқы, үй құстарынан үйрек пен қаз өсіреміз. Жағдайымыз жаман емес. Бәрі табиғи таза өнімдер, өзімізге жетеді, әйтеуір, — деп ойын түйіндеді.
…Әскер қатарынан оралған соң кейіпкерім 1955 жылы Гурьевке келіп, театрда актер болып жұмыс жасайтын майдагер ағасы, Республикаға еңбегі сіңген артист Ысқақ Иманқұловтың үйінде жатып, шоферлік курсты бітіріпті. Кейін туған жеріне оралады. Колхозда жүргізуші, қойма, автогараж меңгерушісі қызметтерін де абыройлы атқарыпты. Өмір жолынан қысқаша сыр ағытқан Қайрекең әлі күнге шейін өзінің байырғы кәсібі – көлік жүргізушіліктен айырылғысы жоқ екендігін әңгімесінен аңғардым.
Айтуынша, ол баласының атындағы жеңіл көлікті айдап кете беретін көрінеді. Бірде Қайреке тақтайдай тегіс жолда 130-бен зулап келе жатса, МАИ қызметкері тоқтатып, «Ақсақал, кешірерсіз, қатты жылдамдықпен келесіз ғой. Қайда асықтыңыз?-деп сұрайды.Сонда Қайрекең инспекторға еш мүдірместен: «Ой, айналайын, өлімге асығып бара жатыр дейсің бе? Тек 70 жылдай көлік жүргізіп келе жатқандықтан жастық шағым есіме түсіп кетіп, газды басыңқырап жіберіппін. Атаңда ондай-ондай болып тұрады. Айып етпе, шырағым! Атаңа айыппұлыңды сала қоймассың,- депті. Ақсақалдың осы сөзін естіген жол сақшысы басын шайқап, оған ауызша ескерту беріп жіберіпті.
Тағы бірде қарттың көлікпен зулап келе жатқаны «Сергек» бейнебақылау камерасына түсіп қалады. Біраз күннен соң жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл төлеу туралы құжат суретімен үйге келіп тұр дейді. Көлік иесі – баласына айыппұл төлеу құжатын берсе, баласы «Айыппұлды рульде отырып көлік жүргізген, әрі жылдамдықты асырып, камераға түскен сол ақ салды шал төлесін» деп әзілдейтін көрінеді. Қарттың бұл әңгімелеріне де біраз күліп алдық…
Қайрекең қажымен күтпеген кездесу осылай өрбіді. Тоқсанның төбесі көрінгенімен әлі қайраты қайтпаған ақсақал әлеуметтік желілер арқылы жаңалық-хабарларды оқып, фб достарымен бөлісіп, олардан өзінше ой түйіп отыратыны да мені таңдантпай қоймады…
Бақытжан ЖҰМАТ