Архив құжаттарына негізделіп, ресми дереккөздерінен алынған ақпараттарға сүйенсек, Атырау облысынан 11 мыңнан астам адам репрессия құрбаны болған. Оның 800-ге жуығы ату жазасына кесілген. 2000 мың адам бас бостандығынан айырылып, 300-дейі жер аударылған. Жазықсыз жала құрбандарын ақтап, олардың ешқандай «халық жауы» болмағанын, кінәсі жоқтығын дәлелдеу, адам атын қалпына келтіру — бүгінгі ұрпақтың парызы, азаматтық борышы.
Осындай ізгі мақсатта 1993 жылдың 14 сәуірінде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Одан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Бұл – ұлтымыздың болашағы үшін құрбан болған боздақтарға, Алаш қайраткерлеріне, тарихи тұлғаларға деген үлкен құрмет. Мұның бәрін жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді, еркін, азат ел қылуға ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жүйелі жұмыстардың игі бастауы болды деп бағалаймыз. Бұл – ұлтымыздың болашағы үшін құрбан болған боздақтарға, Алаш қайраткерлеріне, тарихи тұлғаларға деген үлкен құрмет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы күнге айрықша мән беріп, репрессия құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құру туралы ұсыныс көтеру арқылы тарихты түгендеуге ниетті екенін көрсетті. Деректер мен дәйектерге жүгінсек, өткен 1927–1953 жылдары еліміз бойынша 125 мыңнан астам адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңнан астамы тар қапасқа қамалып, атылған. Талай шаңырақты қиратып, кейбір жерлерде тұтас елді мекендерде тігерге тұяқ қалдырмаған осынау зұлмат жылдарда сол кездегі Кеңестер одағында 953 лагерь болса, оның 20-дан астамы Қазақстанда орналасқаны мәлім. Мылтықсыз майданның құрбанына айналған жандарды ұрпақ ұмытпауы тиіс. Коммунистік режимді жеңе алмасын білсе де, қазақ зиялыларының ұлттық келбетімізді сақтап, тарихымыздан, тіл-дінімізден ажырап қалмау үшін жанын салып күрескені баршаға белгілі. Олар осы әрекеттері үшін жазасыз қалмайтындарын түсінді. Қуғын-сүргінге ұшырап, репрессия қақпанына түсетінін болжады. Сонда да болса, ешқайсысы негізгі идеяларынан айнымады, өз істерінің ақтығын, түпкі мақсаттары орындалып, түбі жеңіске жетіп, әділдіктің салтанат құрарына сенді.
Жыл сайын 31 мамыр күні атыраулықтар да Жеңіс саябағындағы мемориалға тағзым етіп, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуды мызғымас дәстүрге айналдырды. Бұл – нұрлы болашақ жолында құрбан болған боздақтарымызға, елінің ертеңі үшін күрескен тарихи тұлғаларымызға деген бүгінгі ұрпақтың ұлағатты құрметі ретінде жалғасын таба бермек.
Атыраулық тарихшы ғалым Шәкіман Нағымовтың осы тақырыпты қозғап, облыстық «Атырау» газетіне жариялаған ғылыми-зерттеу мақаласында репрессия төңірегінде біраз дерек-дәйектер келтіріліпті. Оның баяндауынша, 1920-1930 жылдары республикамызда кеңес өкіметінің пәрменімен сайлау құқығынан айырылған азаматтардың да күні кешеге дейін ақталмай келгендігі айтылған. Бір ғана Атырау облысының өзінде олардың саны 3 мыңнан асады. Сорақылығы сол, сайлау құқығынан айыратын адамдарды анықтаған кезде кеңестік «конвейер» «жарамсыз элементтерді» ақылға сыймайтын санаттар арқылы жіктеген.
Соның ішінде, отбасымен қудаланғандарға қатысты сұрқия тірліктің түйіні сол, алалау мен өзге де қиындықтар олардың тек өзін емес, отбасыларын да шарпып, зардап шегушілер санын еселеп арттырды. Мысалы, «қанаушы кулак» санатында көрсетілген Гурьев қаласының тұрғыны Липатий Пупыкиннің үш ұлы да осы тізімге енген. Дәл осындай жағдай Ходин, Тощаков, Демидов, Приданов, Мустахимов, Артамонов, Карамышев, Ибатуллин, Әжікеев, Ұзақпаев, Липатов, Чанпалов, Чертихин, Зарщиков, Фофонов, Өтепбергенов, Ротновтардың отбасыларына қатысты болды.
Мәселен, бір ғана Новобогат (қазіргі Исатай) ауданы бойынша дәулет иесі Қали Әлменовпен бірге анасы Дәметкен, бәйбішесі Жансекер, ағалары Бисен мен Кенжеғали, олардың әйелдері Қарашаш, Жамал, Болған да сайлаушы мәртебесінен айырылды. Сондай-ақ, ағайынды Ахмет, Тәпеш, Шалақұл, Боқан Далдақовтар мен олардың анасы Үнзира, әйелдері Мақан, Разия, Жұмаштың да мүмкіндіктері шектелген. Онымен қоймай, бар құқайды отағасымен бірдей көрді. Гурьев облысы бойынша асыраудағы 1801 адам сайлау құқығынан айырылса, бұл жалпы тізімдегілердің тең жартысы еді.
Олардың арасында әсіресе, дін жолын ұстанғандарға көзқарас аса жағымсыз болды. Тізімдегілердің 20,4%-ы құраған бұл санаттағыларға қатысты қуғын-сүргін КСРО-ның жазалау саясатында ерекше орынға ие және ерекше мақсат-міндеттерді көздеді. Большевиктердің дін мен діни қызметкерлерге қарсы іс-қимыл бағдарламасы 1919 жылы В.Лениннің Ф.Дзержинскийге жазған әйгілі хатында ашық көрініс тапқан. «Дін мен поптардан мүмкіндігінше тезірек құтылу керек. Поптар барып тұрған контрреволюционерлер мен диверсанттар ретінде тұтқындалып, барлық жерде атылу керек және мүмкіндігінше көбірек. Шіркеулер жабылуға жатады. Храмдардың, шіркеулердің үй-жайлары қоймаларға айналады». Шынында да, тек шіркеулер емес, мұсылман мешіттері де осы санаттан табылды. Патша өкіметі кезінде Гурьев уезіндегі 90-нан астам мешіт пен медреседе 2 мыңға жуық шәкірт тәлім алған. Ал, 1930-1932 жылдары мешіт атаулының 80 пайыздан астамы арнайы нұсқауға сәйкес жабылып, көпшілігі бұзылды. Дауыс беру құқығын жоғалту сол дәуірде үлкен соққы болды. Бұл санаттағыларға 1923 жылдан басталған науқан бай-феодалдарды тәркілеу, діни қайраткерлерді қудалау, көшпелі және жартылай көшпелі отбасыларды күшпен отырықшыландыру, қазақ зиялыларын саяси қуғын-сүргінге ұшырату шараларына ұласты. Ал, 1929-1933 жылдар аралығындағы нәубет пен алапат аштықтың кесірінен 3,5 миллион қазақ опат болды. Әрине, бұлардың арасында атыраулықтардың аз болмағаны ащы да болса шындық.
Ринатқызы Дильназ