Біз күнделікті қолданыста кітап оқу — өнер деп айтып жатамыз. Шындығына келгенде, кітаптың нақ өзі үлкен өнер туындысы деуге толық негіз бар. Өйткені, кітаптың көз тартар мұқабасынан бастап, оның ішіндегі безендірілуі, дизайндық ерекшеліктері өзінше бір бөлек өнер дейтін болсақ, ал ондағы жазылған мәтіннің мән-мағынасы, кітап ішіндегі оқиғаның оқырманды елітіп әкетуінде де үлкен өнер әрі еңбек жатыр. Кітапты басып шығаруда көптеген қызметкерлер еңбектенеді. Және өз оқырманының жүрегіне жол табатын дүниені табады. Жасыратыны жоқ, ең әуелі кез келген оқырман кітаптың мұқабасына зер салады. Ал мұқабадағы суреттің кітап ішінде маржандай тізілген мәтіннің мағынасын ашуы да көп ізденісті, өнерге деген ықыласты қажет ететіні сөзсіз. Баспа кітаптарының сапалы әрі көп данамен басылуының өзі бұл өнер туындысына деген сұраныстың жоғары екендігін айқындайды.
Баспа және электронды кітаптардың таптық тегеуріні белең алған тұста біз екі нұсқаны да өнерден алшақ қарастыра алмаймыз.
Шындығына келсек, сәнді мұқабалары мен жарқын иллюстрациялары бірден көзге түседі. Тіпті, кейбір ақпараттарға сүйенсек, сөрелер мен кітапханаларды безендіру үшін көптеген баспа басылымдарын қолданатынымыз да ақиқат. Айта кететін жайт, әдемі мұқабалар мен әсем безендірілген кітаптарды көрген сәттен бастап, олар оқырман арасында сүйіспеншілікке ие болды. Сонымен қоса, осы сәттен кейін біз кітапты жай ғана суреттері бар мәтін ретінде емес, біртұтас полиграфиялық өнер туындысы ретінде қарастыруды үйрендік. Мұнда кітаптың макеті де маңызды әрі үлкен рөл атқарады.
Кітап өнері кітап мәдениетімен тығыз байланысты. Жоғарыда атап өткен әсем безендірулер, жарқын иллюстрациялар, сәнді мұқабалар кітап мәдениетінде де айрықша рөл атқарады. Кітаптағы мәтін арқылы адамда мәдениет қалыптасады. Басылымның тутул бетіндегі мәліметтердің дұрыс әрі стандартқа сай болуы да, кітаптың мәдениетін арттырмаса төмендетпейді. Осы орайда біз кітап, оқу мәдениетінің тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастырамыз. Өйткені, кітап білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Ұлттық мәдени кодымыздың өзі кітап арқылы қалыптасады. Жалпы кітапты мәдениеттен, өнерден алшақ қарастыру мүмкін емес. Өйткені, түрлі өнердің бәрі адамзатқа кітап арқылы насихатталып, тарлан тарихымыздың өзі осы өнер туындысы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Бірақ, қазіргі таңда біз «Мықты дизайнерлер жоқ!» немесе «Мұқабаға ғаламтордан алынған суреттер саламыз», «Кітаптан ақша үнемдейміз» деген желеулер арқылы еліміздегі кітап дүкендері сөрелеріндегі отандық баспа кітаптарының ұзақ өтпей тұратынын ақтайтындай боламыз. Бірақ, бұл дұрыс емес. Ең бірінші, кітапқа салатын қаражатымыз қомақты болса, ол өнер туындысының өз оқырманын табуына жол ашады. Мұқабаға мән бермесек, кітаптың өтуіне кепілдік қалай береміз?!
Қазіргі уақытта тәуелсіз Қазақстандағы кітаптардың мәдени деңгейін қалай бағалаймыз? Бұл ретте, меніңше әуелі «Фолиант» баспасын атап өткен дұрысырақ, өйткені басқа баспалармен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, аталған баспа халықаралық стандарт бойынша да алдыңғы орындарды қанжығалап жүрсе, елімізде де бұл баспаның кітаптары сұранысқа ие екендігін мойындаған жөн. Сонымен қоса, оқырмандар арасында айрықша танылып үлгерген «Қасым» баспасын да атап өткен жөн. Өйткені бұл баспаның кітап мұқабалары өте әдемі әрі бірден көзге түседі. Демек, баспа кітап мәдениетіне айтарлықтай көңіл бөліп қана қоймай, көптеген шет ел тілдеріндегі шығармаларды қазақ тіліне аударып, тіл мәдениетін арттыруға да үлес қосуда.
Алтынай СЕЙТКЕН