Қалдықтар мен материалдарды жинап, оларды жаңа өнімге айналдыру процесінде біз білмейтін лайфхактар өте көп. Мысалы, банан қабығын 6 ай, қағаз стаканды 5 жыл, консерв банкісін 10 жылға дейін пайдалануға болатынын немесе дүкеннен алынған чек қандай қалдық түріне жатып, Ақтөбеде пластиктің қандай түрлерін қайта өңдеуге болатынын білетіндер аз. Өңір оқушыларына осы секілді пайдалы, танымды ақпараттар түсіндірілді. «Қазхром» компаниясы бұл бағыттағы шараларды жиі қолдап, экомәдениетті қалыптастыруға бір кісідей атсалысады.
Қазір экологиялық ұстаным трендте. Күні кеше компания филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында «Жасыл мектеп» акциясы өтті. Бұл жоба – Ақтөбе қаласындағы «Eco network» ұйымымен бірлесе отырып, өткізілетін жылдағы дәстүр.
«Жасыл кеңсе» желісімен жұмыс істейтін «Eco network» ұйымының маманы Хромтаудағы №2 гимназияның 4-сыныбында эко-викторина өткізді.
Еліміздегі және әлемдегі экологиялық мәселелер, қалдықтармен жұмыс, қалдықты үй жағдайында қалай өңдеуге болады, пластик, қуаттағыш сынды заттардағы таңбаларды ажырату сынды мәселелер төңірегінде оқушыларға сұрақтар қойылып, эколог маман тұшымды жауаптар алды. Бастауыш сынып оқушыларының өндірісті өлкенің экологиялық жағдайына көзқарастарын біліп, идеялары тыңдалды. Ал эко-рейнджерлер оқушыларға тауар сыртындағы қауіпсіздік кодын түсіндіріп, пайдалы ақпараттармен бөлісті.
– Бұл жобаның мақсаты – оқушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру. Қазіргі таңда экологиялық мәдениет ең бірінші орында. Себебі, республиканың экологиялық мәселелері бізді алаңдатады. Оның ішінде қалдықтарды сұрыптау, жер, су проблемалары бар. Өткізілген сабақта оқушыларға риза болдым, — дейді «Eco network» ұйымының маманы, Ақтөбе қаласының эко кеңесшісі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Айдана Қыдырова. – Оларға экологиялық білім мектеп қабырғасында жақсы оқытылатынын көрдік. Бұл жобаны алда барлық сыныптарда өткізіп, шеберлік сағаттарын, «Затқа екінші өмір сыйлау» тақырыбында декупаж жасауды көздеп отырмыз. Негізі Хромтау ауданының экологиялық мәдениеті басқа аудандарға қарағанда жоғары.
Сондай-ақ, қазір Хромтау қаласының үш мектебіне қоқыс контейнерлері орналасқан. Ұйым маманының сөзінше ай сайын мектеп оқушыларының арнайы жәшіктерге қоқысты қалай сұрыптап салып жатқанына аудит жүргізіледі.
«Жасыл мектеп» жобасы Ақтөбе қаласының №26 орта мектебінің 5-9 сыныптарында да өтті. Пластик қалдықтармен күрес тақырыбына арналған эко-сабақта оқушылар топқа-топқа бөлініп, қызу талқы алаңын құрды. Олар Қазақстан мен Корея, Германия, АҚШ сынды шетел мемлекеттеріндегі пластик қалдықтармен күресу жұмыстарын салыстырды. Тек саралап қана қоймай, осы істі елімізде жетілдіру үшін әлемдік тәжірибелерді қолдану керектігін жеткізіп, өздерінің ұсыныстарын айтты. Ерекше сабақтың екінші бөлімі эко-викторинаға ұласты. Қандай сөмке табиғатқа зиян келтірмейді. Полиэтиленді немесе мата, Ақтөбеде пластиктің қандай түрлерін қайта өңдеуге болады, осы және өзге де сұрақтар жастарды қызықтырмай қоймады.
Экологиялық мәселелерге бей-жай қарамай, ойларын ортаға салып, белсенділік көрсеткен барлық оқушыларға шара соңында «Жасыл мектеп» жобасын қолдайтын «Қазхром» компаниясының экологиялық сыйлықтары табыс етілді.
Арайлым ҒАНИ
Алексей Пименовтың фотосуреттері