Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылу салтанатында адами капиталды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлу керектігін баса айтты. Өйткені адами капиталдың экономикалық дамуға өзіндік  әсері бар. Адам капиталы дегеніміз, бұл – алдымен өзі, екіншіден жұмыс беруші және үшіншіден бүкіл қоғам үшін адамға жасалған алғашқы инвестициялар мен ағымдағы шығындардан асып түсетін және басқа да пайдалы әсерлер жасауға мүмкіндік беретін білім, білік және дағдылардың танымдық жиынтығы. Компьютерлік тәжірибе және шет тілдерін білу дағдылары, ізденімпаздық пен талапшылық, үлкен әлеуметтік белсенділік, ыждаhатты ізденістер еңбек өнімділігіне әсер ететін адами капиталдың негізгі компоненттері.

Осыған байланысты Президентіміз Қасым -Жомарт Тоқаев: «Адам капиталын дамыту тұрақты жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын» деген болатын. Бұдан біз мемлекетіміздің тарапынан жасалып жатқан әрбір экономикалық, әлеуметтік, мәдени реформалардың еліміз үшін  бекерден-бекер жасалып жатпағанын бағамдар едік. 

Жалпы адами капитал идеясы сонау XVIII ғасырдан бастау алады. Адам Смит өзінің тұжырымдамасына «Ұлттар байлығының табиғаты мен себептерін анықтау» кітабында сілтеме жасап, онда ұлттың байлығын, білімін, дайындығын, таланты мен тәжірибесін зерттеген. Адамс оқыту мен білім беру арқылы адам капиталын жақсарту қоғамның ұжымдық байлығын қосатын, көп пайда әкелетін кәсіпорынға әкеледі деп болжайды. Смиттің айтуы бойынша, бұл жеңіске жеткізеді. Кейінгі кездерде бұл термин өндірістік тауарларды шығаруға кететін еңбекті сипаттау үшін қолданылды. Бірақ ең заманауи теорияны бірнеше экономистер қолданды, соның ішінде Гари Беккер және  Теодор Шульц, олар 1960 жылдары адам мүмкіндіктерінің құндылығын көрсету үшін осы терминді ойлап тапты. Шульц адам капиталы өнімнің сапасы мен деңгейін жақсарту үшін кез келген басқа капитал түрі сияқты деп сенді. Бұл білім беру, оқыту және ұйым қызметкерлерінің артықшылықтарын жақсартуға инвестицияларды қажет етеді. Бірақ экономистердің бәрі бірдей келісе бермейді. Гарвард экономисі Ричард Фриманның айтуынша, адам капиталы дарындылық пен қабілеттіліктің белгісі болған. Бизнестің шынымен нәтижелі болуы үшін, ол өз қызметкерлерін оқыту және ынталандыру, сондай-ақ күрделі жабдықтарға қаражат салу керек деді. Оның қорытындысы адам капиталы өндірістік фактор емес деген тұжырым жасады.

Мысалы, дүниежүзін алаңдатқан пандемия кезінде дамыған елдердің   тәжірибесін, техникалық және қаржылық көмектерін кеңінен пайдалануымызға тура келді. Себебі ол  еліміздегі адами капиталды сақтап қалу ісіне өз ықпалын тигізді. Адами капиталды білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет саласына тек қана инвестиция құю жолымен тыңайтуға тырысу ұлттық дамуымыздың стратегиялық мақсатына жауап бере алмайды. Еңбектің цифрлануына байланысты талай нәрсені үйренуге тура келеді.

 ЕЛДІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Тұрғын халықты бизнеске баулымай, нарықтық, инновациялық қызметке икемдемей ұлттық даму жолына түсе алмаймыз және экономикалық дамуды қамтамасыз ете алмаймыз. Қазақстан экономикасының жеделдете дамуына, азаматтардың әл-ауқатының өсуіне шешуші үлесті тек адам капиталы қоса алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дер кезінде қолға алынған демографиялық қиындықтарды да жеңілдету адами капиталды әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналдырумен орайлас шешілуі қажет. Адами капиталды – нарықтық құндылық ретінде дамыту ұлттық қауіпсіздіктің де бірден-бір кепілі.Пандемия кезінде алда тұрған бұрын- соңды қолға алынып көрмеген тарихи міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті адами капиталды қалыптастыратын білім беру саласының рөлі өте маңызды болды. Халыққа білім беру мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бірі ғана емес, елдің экономикалық дамуының қозғалтқыш күшіне айналуы қажет. Болашақты болжамай, білімнің қоғамдық дамуда атқаратын орны анықталмай, ешқандай стратегия құрылмайды.

Әлеуметтік-экономикалық дамуды ішкі жалпы өнімнің өсуі деп қана емес, халықтың өмір сүру сапасының, әл-ауқатының нақты жоғарылауы деп түсіну керек. Біз үшін ең маңыздысы, экономикалық өсуді жеделдету, технологиялық  жаңғырту, әлеуметтік  тұрақтылықты және елдің жаһандық позициясын нығайту мақсатында қазақстандық адами капиталды сапалы және сандық жағынан дамыту үшін білім беру саласының әлеуетін арттыру. Әлемдік ауқымда өрістеп жатқан түбегейлі экономикалық процестер адамдардың қоршаған ортаға әсер етуінен, цифрлы технологиялардың, биоинженерия мен жаңа материалдардың дамуынан туындаған революциялық өзгерістер қарсаңында тұр. Мамандардың айтуынша, 10 жылдан кейін қазіргі жұмыс орындарының кем дегенде 15%-ы жоғалып кетуі де мүмкін. Дәл осындай себептерден экономика салаларындағы пайдакүнемдік еңбек мазмұнының айтарлықтай өзгеруінің, жаңа мамандықтардың пайда болуының ықтималдығы өте жоғары. Зерттеушілердің пайымдауынша, түбегейлі өзгерістер қоғамдық өмірдің басқа салаларында, соның ішінде мәдениет саласында да болады. Қазіргі жағдайда әлеуметтік жүйелердің дамуы көбіне адамдардың белсенділігімен анықталады. Бұл әлеуметтік ұтқырлықты арттыруды, қоғамдағы ынтымақтастықты күшейтуді қажет етеді. Осы жағдайда ұлттық бәсекеге қабілеттілік көбіне білім беру саласындағы экономикалық саясатқа байланысты. Түптеп келгенде, әлемде білім беру жүйесі негізгі инвестициялық ресурстардың біріне айналуда.

БІЛІМДІ АДАМ –

ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Күні кешегі VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталының сапасын барынша арттыру- бүгінгі таңда өте маңызды мәселе екеніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның басты байлығы адам екенін, қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар қана елімізді  алға бастайды. — Сол үшін  білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ білім сапасын, әсіресе орта білім деңгейін арттыру батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Білім саласындағы басты тұлға — ұстаздарға да қойылатын талап жоғары болуы тиіс. Олардың білім деңгейін көтеруде күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттердің бірі болып отыр,- деді ол өз сөзінде. Одан әрі Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Оның айтуынша, осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Президенттік жастар кадр резерві секілді білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтпек. Тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті.

  ДЕНІ САУ ҰРПАҚ-

ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе- денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру. Елдегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы:

-«Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл-өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген. Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді, -деген еді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы асыраушысынан айырылған әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға да мемлекет тарапынан көптеген көмек-қолдаулар жасалып жатқанын тілге тиек ете кетті.

Президентіміздің осы төңіректе:

-Дегенмен кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауы тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл-ұят нәрсе,-деуін де көп жайт жатса керек.  Бір сөзбен айтқанда, бүгіндері қоғамның адам капиталынсыз алға жылжу еш мүмкін емес. Бұрын бренд атауын тек технологиямен байланыстырсақ, қазір бренд – интеллектуал. Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллектімен бәсекеге түсіп жатыр. Ендігі бренд – адам капиталы. Біз экспорттық сая-сатымызды саралаған кезде адами капиталдың да мүмкіндігін қаперге алуымыз керек,-деп түйіндегім келеді сөзімнің соңын.

Аяпберген Салихов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *