Еліміз өз алдына тәуелсіздік алған отыз екі жыл ішінде әлеуметтік жағдайымыз едәуір жақсарғаны жалған емес. Алайда «медальдың екі жағы бар» дегендей, осы сөздің астарына тереңірек үңіліп қарасақ, біздің ойымыз бұдан былай басқаша өрбейтініне таң қалуға болмас. Сөйтсек, көпшілігіміз отыз екі жыл бойы банктерге қарыздар болып келіппіз ғой. Былайша айтқанда, есепсіз несиені үсті-үстіне банкіден ала беріппіз. Оның соңы, несие алушыларды қиын жағдайға қалдырды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жетіпті. Соның ішінде тұтынушылық несиенің көлемі – 8 трлн теңге болыпты. Қарыз алушылардың жалпы саны 8 млн адамға жуықтайды екен. Біле білген адамға 14 трлн теңгеге жеткен банк несиесі де, жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтап қалған микроқаржы ұйымдарының қарызы да аз берешек емес. Банкроттық жариялау азаматтардың ерікті өтініші негізінде жүзеге асатын болғандықтан, әзірге ел бойынша нақты қанша адам өтініш берері белгісіз.
Кез келген мемлекетте экономиканы несие арқылы қолдаудың екі арнасы бар, біріншісі – бизнесті қолдауға бағытталады, өндіріс қуатын арттырады, сол арқылы қаражат айналымын жақсартады. Екіншісі – халыққа берілетін несие, бұл тауарлар мен қызметтерге деген тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруға бағытталады. Соған байланысты былтырғы жыл соңында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» заңы жарияланды. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Аталған заң биылғы 3-наурыздан бастап күшіне енді. Осы заң шеңберінде ел азаматтары борышкерлік мәселелері бойынша тиісті қаржылық мекемелермен толыққанды жұмыс істей алады. Өйткені, қазіргі жағдайда азаматтардың біраз бөлігінің қаржы жағдайы нашарлағаны белгілі. Оның түрлі себептері бар: жұмысынан айырылу немесе жұмысқа жарамсыздық, экономикалық құлдырау аясында әл-ауқат деңгейінің төмендеуі секілді тағы басқа іс-шаралар салдарының әсері коммуналдық төлем, салық бойынша берешегі бар азаматтардың қатарын күрт көбейтіп жіберген. Нақтырақ айтқанда, коммуналдық төлемдер бойынша тұрғындардың салық берешегі 20 млрд теңгеден асып кеткен.
Жоғарыдағы заңның басты мақсаты – экономиканы жақсарту, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру және азаматтардың қарыздарын өтеу процедуралары арқылы үмітсіз қарыздардың көлемін азайту. Дегенмен, көпшілік бұл заңды кезекті несие амнистиясы ретінде, ал процедураның өзін қарызды кешіру ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл дұрыс пікір емес. Барлық «проблемалық» борышкерлер «банкрот» бола алмайды. Ал процедураның өзі айтарлықтай қиын және борышкерлер үшін бірқатар жағымсыз салдарға әкеледі. Әзірге қарыз алушылардың ішінен қанша адамның соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысу үшін өтінім берерін тап басып айту өте қиын. Бірақ аталған мүмкіндіктің проблемалық қарызы бар бірқатар клиентті қызықтырары сөзсіз.
Қабылданған заң қарыз алушы мен кредитор арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған. Сол себепті заң өмірлік қиын және қаржылық жағдай қыспағында қалған клиенттердің проблемасын шешеді және олардың мойнындағы несие жүктемесін жояды. Сондай-ақ жаңашылдық келешекте азаматтардың несиені ешқандай кедергісіз рәсімдеу үшін жағымды несие тарихын қалыптастыруға деген жеке қызығушылығын оятуға көмектеседі.
Банкроттық рәсімін пайдаланудың үш нұсқасы бар. Алғашқысы соттан тыс банкроттық рәсіміне қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар қатыса алады. Бұл рәсім аясында іс сотқа жолданбай, тікелей Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы реттеледі. Банкроттықтың бұл рәсімін Egov.kz электронды порталы және «e-SaIyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады.
5,5 млн теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып саналса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредитор оны талап ете алмайды. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар – заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар. Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметіне ақы төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.
Банкроттықты қолдануға мүмкіндік беретін үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл ең қолайлы нұсқа саналады. Себебі, рәсімнен кейін ешқандай салдар болмайды. Тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды. Сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Міне, осылайша еліміз азаматтардың төлем қабілетін жүйелеуге, банкроттық тәртібін реттеуге баса назар аударып отыр. Тірлігім түзу болсын десеңіз, қаржы-қаражатты сауатты түрде пайдалану мен басқару ісін назарда ұстаған абзал.
Аяпберген САЛИХОВ