Қазақстан Жазушылар одағында «ҰЛТ ӘДЕБИЕТІ: БҮГІНГЕ БАҒА – БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ» атты әдеби жыл қорытындысы өтті. Ең әуелі Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет 2022 жылы атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқталып, қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Болат Жетекбай, Сағыныш Намазшамова, Жаңагүл Сәметова, Марат Тоғашбаев, Ырысбек Дәбей, Ермахан Шайқы және басқа да ғалым-қаламгерлер, белгілі тұлғалар 12 тақырып бойынша баяндама оқыды. Баяндамалардың толық нұсқасын алдағы уақытта «Қазақ әдебиеті» газетінен оқуға болады. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлы, Сейфолла Оспан, Қойшығара Салғарин, Марал Ысқақбай, Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев, Нармахан Бегалиев, Темірхан Медетбек, Тынымбай Нұрмағанбетов, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова, Ханбибі Есенқараева және Надежда Чернова «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағын алды.

Іс-шара барысында қаламгерлер ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тың жобаларды жүзеге асырған облыстардағы филиал басшыларына алғыс хаттар табыс етілді. Олардың арасында Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ергенұлы да бар.

Жиынға қатысқан бірқатар ақын-жазушыға түрлі марапаттар ұсынылып, бірнеше алматылық қаламгер одақ мүшелігіне қабылданды. Жанрлар бойынша халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы жиырмадан астам қаламгерге берілді.

Жиын пленумға жалғасып, одақ құрылтайын 12 мамыр күні өткізу бір ауыздан мақұлданды.

(Суреттерді түсірген Мақсат Құсайынов)

Марлен ҒИЛЫМХАН