«Қариясы бар елдің қазынасы бар» десек, аузы дуалы, ұрпағына өз тәлім-тәрбиесін көрсетіп, келешекке бағыт-бағдар беріп, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қашыратын, бар өмірлік тәжірибесін сіңіріп отыратын ата-әжелер — асыл мұрамыз екені хақ.  Үйімізде, бір шаңырақ астында, жанымызда жүрген, бізге бәйтеректей қорған болып отырған үлкендеріміздің жөні бөлек, десе де қартайған өз әке-шешесін баға алмай арнайы мекемелерге өткізіп, жанарларын мұңға шалып қоятындар да бар. Кейде тағдыр тәлкегімен қараусыз қалып, жанашыры табылмай жалғызбасты болған қарияларымыз арнайы мекемелердің тұрғындарына айналады. Жасы ұлғай­ған шақта төрт қабырғаға қама­лып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телмі­ріп, жалғыздықтан жапа шегіп отырғанша, қатарластарымен бірге тұрып, сырласып, шер тартқаны абзал-ақ.

 Сондай мекемелерде тұрақтаған қариялар өмірінің жай-күйін, осында  келу себептерін білу мақсатында Атырау қалалық «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» директорымен сұхбаттасқан едік. Мекеме директоры Қ. Исабайқызының айтуынша, қазіргі таңда осында қаламыздың әр өңірінен келген 107 адам тұрып жатыр. Жалпы бұл орталық — бірінші және екінші топтағы мүгедектерге және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ, бала-шағасы шетелде тұрып, өздері қараусыз қалған егде жастағы адамдардың тұруына арналған мекеме. Осы орталықта тұратын  107 адамның 80-і ер адамдар, 27-сі әйел адамдар,  мүмкіндігі шектеулі 49 жан бар. Жасы ең егдесі биыл 90 жаста, ең жас тұрғын  — 35 жастағы I топ мүгедектігі бар жас жігіт.   

Қариялардың өз өмірінің бейнеті мен зейнетін баяндауына  зейін қойып, әңгімеге тарттық.

 2017 жылы бұл мекемеде отбасын құрған Сейтқали Ақманов пен Светлана Ұлданова  өмірінің екінші көктемін осы жерде жолықтырып, бақытты ғұмыр кешуде. Сейтқали  атамыз — 71 жаста, Светлана апайымыз —  65-те.

  • Өзім Индер ауданынының тумасымын. Ұлтым – татар, ертеректе  репрессия кезінде әке -шешеміз Қазақстанға жер аударылғанда осы Атырау облысы, Индер өңіріне тұрақтаған екен. Содан бері талай жыл өтті, өсіп-өндік, қазір  балам Украинада тұрады, қызым да шетелге тұрмысқа шыққан, зайыбым  қайтыс  болған.      . Жасым ұлғайғанша көп жерде қызмет жасадым, «Атырау Су Арнасында» жүргізуші, лабораторияда машинаГор жүргізуші, одан бергі жылдары күзетші жұмысын да атқардым. Жұмыс пен үйдің ортасында жүріп, уақыттың  тез сырғып өте шыққанын да елемеппін.  Жалғыздық адамды жегідей жейді екен, осы жерге келуім де сондықтан. Бұл жерде  жарым Светлананы жолықтырып, шаңырақ құрғанымызға биыл  6 жыл толды. Шүкір, бізде бәрі жақсы, бақыттымыз, — деп Сейтқали ата ағынан жарылды.
  • Ия, біз өз бақытымызды таптық. Сүрінгенде  сүйеу, жанға демеу болып, қартайғанда қасыңда қалқиып  қара шалың жүрсе ол да бір бақыт екен. – Светлана апай көзәйнегін көтеріп түзеп қойды да, сөзін жалғады. —  Өзім қазіргі Атырау бұрынғы Гурьев қаласында аспаздық мамандығын бітірдім.  Экспедиция орталығында III разрядты азпазшы ретінде 10жыл қызмет атқардым,  Өнерпаз сауда орталығында да  біраз жыл  еңбек еттім.  Жалғыз балам мен жолдасым қайтыс болған соң ағайынға жалтақтауды құп көрмей, осында тұруды  жөн деп шештім. Сейтқалиға жолықтырған тағдырыма ризамын, жалғыздық жаныңа батқанда жан-дүниеңді түсінер адамың жаныңда жүргені  көңілге бір медет. Қазір екеуміз бірге тұрамыз, бақыттымыз. Светлана апай жанында отырған қартына қарап күлімсіреп қойды.

Мекеме қызметкерлері ерлі-зайыптыларға неке куәлігін дайындатып, заңды құжат берген екен. Некелескен күні осы мекемеде дастархан жайып, қатарластарымен кішігірім тойды да атап өткен.

Келесі сұхбаттасқан кейіпкеріміз — Әбижанов Яш. 72 жаста.

  • Мен бұл мекемеге 2019 жылы тұрақтадым, яғни 68 жасымда келдім. Оған дейін жан досымның үйінде тұрғанмын. Жастайымнан еңбекке араласып, жүргізуші мамандығын да игеріп алдым. Отбасын құрмадым, көп жылдарым еңбекпен өтті. Біраз жылдар бойы ауруханада жүргізуші болып қызмет еттім. Бертін келе  «Махамбет драма театрында» әртістерді тасымалдап, көлік жүргіздім. Осында келген алғашқы айлар қиындау болғанымен, өз қатарластарымды жолықтырып, тез бейімделіп алдым. Қалада тұратын досым да жиі қатынап тұрады.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша Яш ата қоғамдық  жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастыру қызметтерін тиянақты атқарады екен.

 Кісупов Жетпіс ата  1938 жылы дүниеге келген. Биыл сәуір айының 28-інде 85-ке толады. 3 жыл  Закавказье, Тбилиси аумағында Армия қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеген. Одан кейін пекарь мамандығын оқып, Астрахань қаласында 4-і разрядты аспаз, Құрманғазы ауданының Самарқан ауылында нан пісіруші қызметінде болып, пекарь-мастер санатына да көтерілген. Махамбет ауданының Бақсай совхозында 95-ші жылға дейін малшы, сақманшы болып қызметтер атқарған. Одан кейін күзетші, жүк түсіруші жұмыстарын да жасап, еңбекке етене араласқан. Жетпіс атаның айтуынша шамамен 45 жылдай еңбек өтілі бар. Өзі тың, осы орталықтағы қоғамдық іс-шараларға жиі қатысып, белсенді бола білгені де еңбексүйгіштік қасиетінің дәлелі.

 Халелов Рашид атамыз 60жаста. Осы орталыққа биыл 2 наурызда келдім. Оған дейін адаптацияда Лесхоз маңындағы мекемеде болғанмын. Туған жерім – Құрманғазы ауданы, Сүйіндік селосы. Жас кезімде Отан алдындағы борышымды атқарып келген соң, жұмыс жасау үшін Ресейге барғанмын. Бірде Астрахань қаласынан келе жатып, Орал стансасында орыс жігіттерімен шекісіп қалғанбыз. Сол жерде байқаусызда біреуі мерт болып, 1988 жылы абақтыға қамалдым. Нәпақа тауып, Ресейдегі жұмыстан келген бойда, үйленем деп жүрген кезім еді. Шатылып, үйлене алмадым. Содан 10 жыл отырып, 1998 жылы бостандыққа шыққанмын. Ол кезде үйленер адамым қайтыс болып кеткен. Тағдыр жаныма жақын басқа адамды жолықтырмады. Содан Сүйіндікке келіп, көп жылдар бойы  малшы болып жұмыс жасадым. Жасым келіп, қарайласар адам болмағасын осы жерге тұрақтадым.

  Ия, өмір жолдары сан алуан кейіпкерлеріміз жақындарынан ажырап қалса да, көңілдерін кірбің шалмай, қатарластарымен бірге бір шаңырақ астында белсенді ғұмыр кешсе – құба-құп.

 Орталықтың  негізгі миссиясы – қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған, жасы мен денсаулық жағдайына байланысты тыныс-тіршілік жағдайын жасау. Мекеме басшысы мәлімдеуі бойынша тұрғындар төмендегідей қызмет түрлерін пайдаланады.

. Әлеуметтік-медициналық қызмет бойынша дәрігердің тағайындауымен емдері беріліп, саулықтары қаралады.

. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет бойынша төрт мезгіл ас мәзірі, жатын бөлмелерін тазалау, аптасына 1 рет моншаға шомылдыру, төсекке таңылған адамдарды күту, шаштарын алдыру, төсек жаймаларын ауыстыру қызметтері жасалынады.

. Әлеуметтік-психологиялық қызметі бойынша психологиялық кеңес беру, жанжалдың алдын-алу немесе жою жұмыстары, түрлі психологиялық тренингтер, логикалық ойындар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.

 . Әлеуметтік еңбек қызметі бойынша тұрғындар ою-өрнек, тігін машинамен түрлі бұйымдар тігумен, гүлдер өсірумен, аквариумдағы балықтарды және ауладағы көгершіндерді күтіп баптаумен айналысады. Олардың қолдарынан шыққан түрлі бұйымдардың көрмелері өткізіліп тұрады.

. Әлеуметтік-мәдени қызметі бойынша  әр мереке сайын мерекелік шаралар, туған күндері аталып, құттықтаулар үнемі өткізіліп отырады. Қала аумағындағы мәдениет үйлері мен мектеп оқушылары келіп, концерттік бағдарламалар жасайды.

. Әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қызмет бойынша мекеме заңгері зейнетақы мәселесі мен әлеуметтік төлемдер, мекемеге тіркеу, есептен шығару, халыққа қызмет көрсету орталығындағы көп жұмыстарды ұйымдастырады.

 Мекеме басшысы Қ. Исабайқызы  қариялар өмірін мәнді де мағыналы өткізу үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қуаныштарын арттыру — басты мақсат  екенін ашық айтты.

Біз өз тарапымыздан орталық тұрғындары мен қызметкерлеріне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледік. Қариялардың бар қажеттіліктері өтеліп, көмек көрсетілетіні — жанға демеу, жүрекке жайлылық болмақ…

Ш.Рашит

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *