Ұсыныс

Дәл қашан екенін ұмыттым, бірақ бұдан біраз бұрын облыстық теледидар жүгіртпе жол арқылы Атырау-Құлсары әуе жолы ашылатынын хабарлап жатты. Таң қалдым. Ау, ауданда ұшақ қонатын орын да жоқ қой. Ескі әуежайдың орнына тұрғындар әлдеқашан үй салып тастаған. Әлде жаңасын тұрғызды ма? Оны қалай білмей қалғанбыз?

Дереу Жылыойдағы жігіттерге қоңырау шалдым. Жоқ, ешқандай құрылыс жүргізілмепті. Ендеше, не дүрлігу? Әйтсе де, «Прикаспийская коммуна» газетінің 2017 жылғы 13-маусымдағы санында тілші Алма Тұрғанованың «Слетаем в Миялы?» деген мақаласы жарық көріпті. Мұнда облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының сол кездегі басшысы Қайрат Нұртаевпен өткен брифинг баяндалыпты. Лауазымды тұлға жақын болашақта (газетте «в недалеком будущем» деп ашық жазылған) облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандарға әуе қатынасы орнайтынын айтыпты. Яғни, Құлсары, Миялы мен Сүйіндікке ұшақ ұшуы ықтимал екен. Бұл үш елді мекен бойынша құрылыс жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі даярланыпты. Ал, Миялыға қатысты жобалау-сметалық құжаты әзірленіп жатқан көрінеді.

Айтылған әңгіме Қайрат Талапұлының жадында бар ма, әлде жоқ па – оны білмедік. Анығы сол – ешқандай құрылыс жүргізілмегені. Ұшақ ұшқан да жоқ, әуежайлар да салынбады. Неге? Кейін келген аймақ басшылары қажет деп таппады ма? Немесе қаржыдан қысылды ма? Мүмкін өзін ақтамайтын жоба шығар? Қайткенде де, бұл мәселе қайта қозғалмаған тәрізді.

Рас, бүгінде Атырау-Құлсары қатынасы жақсы. Арнайы автобус шығарылған, жеке таксилер жортып жүр. Оның үстінде, екінің бірінде көлік бар. Жол да жөндеген. Демек, әуеге телмірмей, асфальпен-ақ барып-келуге жағдай жасалған.

Әйтсе де, ұшақтың жөні бөлек-ау. Бұрын АН-2 құлсарылықтарды облыс орталығына 50 минут шамасында жеткізетін. Ауданда бетонмен бекітілген ұшу алаңы да жоқ-ты. Асты қатты қара жерге шағын әуе кемесі ұшып-қона беретін. Рас, диспетчер бөлмесі, ауа райын зерттейтін қондырғы, күту залы мен касса болды. Осы жолдардың авторы сол кішкене әуежайдан Мин-Воды қаласына пионер лагеріне ұшқан. Қап тауының бойындағы ғажап шаһарға еркін жеткенбіз. Облыстық газетте істеп жүрген жылдары Құлсарыға жиі барып-келіп тұрғам. Атырауда отырып, Құлсарыдағы кассаға тапсырыс беретінмін.  

Ендеше, соны жандандыруға бола ма? Рас, экономикалық тұрғыда кейбір шығынды қажет етеді. Бірақ, өзін ақтауы да ықтимал. Мәселен, сонау Сүйіндік халқы Атырауға көлікпен қалай жетеді? Облыс орталығы түгілі Құрманғазыға қатынау қиын. Азғыр аймағындағылардың ар жағындағы Ресейге иек артып отырғаны содан. Азық-түлігін де содан алады, дәрігерге де сол жаққа қаралады. Әуе жолы жерлестерімізді өзімізге жақындатпай ма? Әлде сырт елге тәуелді етіп қалдырамыз ба?

Немесе Миялыға тас жол тартылғанымен, Атыраумен аралық жақын емес. Шұғыл шарасы бар адам бірнеше сағатын жоғалтады. Ал ұшақпен әб-сәтте жетіп келмей ме? Сырқат жанды жедел жеткізуге де болады. Қайткенде де, шапшаңдыққа шаққанда, өзін ақтағалы тұр. Мүмкін билет бағасы аз-кем қымбатқа түсер. Бірақ, ұшаққа ұмтылушылар табылары даусыз. Оның үстіне, әрі қарай тек облыспен шектелмей, еліміздің басқа қалаларына бет бұруға жағдай жасалар. Бұл, әсіресе, Құлсары тәрізді вахтамен жұмыс жасайтындар шоғырланған шаһарға қолайлы.

P.S.  Қайткен де, қолымызға түскен көне құжаттың жауабын күтеміз. Бүгінде күллі аймақтың құрылыс саласына жаупты Қайрат Нұртаев бұдан сегіз жыл бұрын айтқан сөзін есіне түсірген шығар. Ендеше, редакция лауазым иесінен жазбаша жауап күтеді.

                                                                              Меңдібай СҮМЕСІНОВ