Келген сайын жадырай қарсы алып, керегіңді тауып беретін, мың жасағыр, аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің бұл жолы ұсынғаны-облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика бөлімі арқылы шыққан «Атаулар сыры-тұнған тарих» атты кітабы болды.
Расында осы кітаптың шығуына байланысты ауданда өткен бірнеше жиналыстарға қатысып, округ әкімдері ұсынған атаулар тізімін талқылауға бастан-аяқ қатысқандардың бірі болғандықтан, ерекше ынтамен жаңа әрі 387 беттік қалың кітаппен басқа жұмысты ысырып қойып, жедел танысып шықтық.
Кітаптың соңында талқылауға қатысқандағы белсенділікке байланысты, баршамызға ерекше ризашылық та білдірілген екен, онысына зор рахмет, аз-мұз еңбегімізді ескеріп жатқандарына. Өз басымыз, сол комиссияның қорытындысымен біраз ойларымыз бен ұсыныстарымызды қосып, аудандық «Дендер» газетіне көлемді мақала да жазған болатынбыз.
Оны оқырмандар жақсы білсе керек-ті. Ондағы мақсат Индер ауданындағы 90-ыншы жылдарғы кейінгі «жабайы» жекешелендіру, бөлісу кездерінде жер мен қыстақ, өзен, көлдердің көкпарға түскен лақтай болып, яғни ежелгі атауларынан ажырап қалмауынан сақтандыру еді (Жасыратыны жоқ «Қазаншының өзі біледі құлағын қайдан шығарса» да, «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген сияқты ғой).
Ол тілек орындалды ма, әлде… Оған соңына таман тоқталармыз. Кітапты парақтай отырып, әп дегеннен көңілге тоқығанымыз да, жетістіктері де, кемшіліктері де аз еместігі болды.Әрине, біз тек өзіміздің Индер ауданы бойынша ғана айтып отырған жайымыз бұл.
Расында авторларды да түсінуге болады, олар ең бастысы қарт Каспий, сонау Азғырдан, Жылыой, мына жағы Орал мен Ақтөбе аралығындағы кең аймақтағы атаулардың бәрін дерлік түгендеуге талпыныс жасап, алғашқыларын тереңдей зерттеп, нақтылай жазуға жол ашты. Ол да жеңілге түспегені айдан анық.
Ал осы тақырыппен арнайы мамандар болашақта да етене айналыспаса тағы болмасы белгілі. Осы ретте аталған тақырыпты қаузаған бұл жинақ бірінші, не соңғысы болмас, әлі де жетілдіріліп, толыға түседі деп сенеміз. Оны кітаптың соңында шығарушылар да растап, ұсыныс-тілектеріңізді күтеміз деген ыңғай танытқанын көріп айтып отырмыз.
Алдымен осы кітапта Индер ауданындағы 387 жер атауы қамтылыпты.Оғанда шүкіршілік етеміз. Өйткені, атау одан да көп болмаса, аз емес. Соның ішінде алдымен округтердің өздері, олардың атауларының бір ізге түсіріліп, нақтылануы орынды болған екен.
Ойлантқаны, сол мезеттегі кей округтердің халқының санына дейін көрсетіліпті де екіншілерінде ол жоқ. Олай дейтініміз, қарапайым ізденген жанға әр ауылдың халқының санын білу қиын болса, кей басылымдарда әлі күнге село, қалашық дегенді кездестіріп қалатынымыз да жасырын емес.
Сондай-ақ осы кітапта әдетте қанға сіңген қасиетіміздей, цифрларға, әсіресе шақырымдарға келгенде әртектілік бар. Бір-біріне тиіп тұрған Димаш төбені Индербордан (кенттің атауы да бірде Индер деп жазылады. Негізі ол ауданның атауы ғой.) 8 шақырым дейді де, Тұзды көл-18, ал Мұздықұдық тіпті 23 километрден бір шығады.
Әсте Димаш төбе (Оңдасын жалы), Тұзды көл, Күркіреуік, Тұздыбұлақ, халық көп баратын №100,102,99 карьерлер, Қыз әулие, Ханшапқан, Көктау, Махамбет, Малайсары, тағы басқа қастерлі орындардың болашақта кенттен нақты қашықтықтары қанша, жол-сүрлеулерінің кестесі (схемасы) болса да артық етпес еді. Сөйтсе ғана туристерге, басқа да жүргіншілерге қолайлы болмақшы.
Ондай шырғалаң Қыз әулиені іздеп таба алмай біраз жүргенде өзіміздің де басымыздан өткен. Негізі Қыз әулиенің тұсын көрсетіп тұратын тағы бір көрсеткіш №99 карьерден өтетін жолдардың басына емес, бойына биіктеу жерге орнатылуы қажет-ақ.
Сол секілді Өтеп Нұриев ағамыздың «Кенді елім менің-Дендерім» атты кітапта: «Ертеректе Индер тауы ішінде бұлақтар көп болған. Жергілікті тұрғындар оларды жер жағдайына байланысты атаған. Мысалы: Тас бұлақ, Ши бұлақ, Мәмбетәлі, Нұрбай, Қызылбұлақ, т.б. Бүгінде аталған бұлақтар тартылып қалған» деген жолдар бар.
Бұл кепті басқалары да кигелі тұрғаны өкінішті-ақ.Тиісінше олардың атауларын да бұл кітаптан кездестіре алмайсыз. Оны да ертең өкінбес үшін әлі де үлкендер арамызда жүргенде жеделдете анықтап, белгі қойып қойған артық болмас еді.
Әңгіме, Дендертау жөнінде болған соң осындағы шахталар жайына да тоқтала кетсек. Себебі осында №99 карьердің қасындағы шахта 1930 жылдары ашылды деген жаңсақтыққа жол беріліпті. Негізі «Аудан энциклопедиясында» («Кенді елім менің Дендерімде» де бар):
«1962 жылы №99 кен орындағы борлы-калийлі аймақты зерттеу бағытында алғашқы негізі салынды. Барлау 300 м. тереңдікте жер асты бұрғылау және тау жыныс қабаттарын көлденеңнен кесіп өту әдісі арқылы жүзеге асырылды»,-деп жазылған.Бұл жұмысты КСРО-ның монтаждау және арнаулы жұмыстар министрлігінің «Шахтаспецтрой» тресі жүргізіпті. Бүгінде бұл шахта қайғылы оқиғадан соң бетон плитамен жабылғаны белгілі.
Жаңа кітаптағы кезінде, атап айтқанда 2006 жылы 25 тамызда «Дендер» газетінде жарияланған Исатай Кенжалиевтің «Қарағай, Шәке мола, Маймағым-ай» атты мақаласында сөз болған батыр әрі би Қарағай Шардақұлы мен Маймақ би Қазантайұлың да мәңгілік тыныс тапқан жері осы Индербор екені анық жазылғаны дұрыс болған.
Алайда, атақты қос жанның жатқан қауымдары белгілі болса да, олар өз дәрежесінде ескеріліп жатыр деп айта алмаймыз. Оны ашық айтуға тиістіміз. Ол жұмыстар енді келешек ұрпақ міндетінде болса керек-ті.
Сол секілі Жамантау туралы бірер сөз. Аталмыш кітапта: «Жаман» (сын есім) «тау» зат есім сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы атау. Мағынасы: қоныстануға ыңғайсыз, жайсыз, беткейінде жайылым жоқ тау деген мағынаны білдіреді» деген кезекті үйреншікті түсініктеме беріліпті. Оның дұрыс-бұрысын бізге айыру қиын. Дегенменде, қазақтың «Сүйікті құлда атау көп» демекші, аталарымыз «Жаман» сөзін жақсыны көз бен тілден сақтау үшінде жиі қолданатынын да ұмытпаған жөн сияқты көрінеді.
Олай деуімізге, осы Жамантау атауына ертеректе бір академик ағамыз да жолай шүйіліп, «мұны Замантау атау керек» дегенінде, жергілікті халық өре түрегеліп, редакцияға хат жазып, ақындар өлеңдерін де арнаған болатын.
Келісіп кең даламен «Жерұйығы»
Жамантау самал ескен жер биігі.
Туған жер-сен дегенде, керіледі,
Көңілдің «көгілдірі» кермиығы.
Боздала бүлкілдеген бөрісімен,
Өзіңде алғаш рет көрісіп ем.
Әкемнің қой өргізген жері осы,
Туған жер-Жамантауым өрісім ең,-деп Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ақын Тілек Халин ағамыз әркез жырға қосып жүретін құт мекен бұл.
Айтпақшы майдангер Алдаш Исаев қарт та:
Алыстан бұлдыр көрінген,
Жамантау деп атаған,
Биік те емес жатаған,
Жаныстың ұлы Құспанның,
Басынан бөгет салдырып,
Мекен еткен жер еді.
Қызыл қабақ қыстауы,
Жайлаудың жазғы төрі еді,-деген жолдардың бар екенін, адамды біраз ойларға жетелей жөнелетінін де қайда қоймақпыз.
Ал кітаптағы «Таскешу-Жайық өзенінен өтетін өткел. Асты борлы ақ тас. Асан қайғы өзен түбіне тас төсетіп,жеті жұртты мал-жанымен аман өткізген деген аңыз бар» дегенді оқи отырып, қазіргі алып көпірді саларда болған мына оқиға еске түсіп отырғаны.
Бір күні газеттің редакторы кезім, аудан әкімі Талғат Досан телефон шалып, «Жайықтың түбін көргің келсе, тез шық, топ болып барайын деп жатырмыз» дегені. «Әйт дегенде ұшатын қоянға тәйт дегесін не жорық» деп жағаға қарай ұштық қой. Келсек бір топ аудан басшылары, мәслихат хатшысы Ерсайын аға да бар, Жайық жағасындағы шағын катерге мініп жатыр екен.
Ұққаным, көпір құрысшыларының өздері ұсыныпты, әлде дәстүрлері солай ма, білмеймін, әйтеуір, Жайықтың нақ ортасындағы қадақты қағып, ішіндегі суды сорып алып, түбін әбден құрғатып, енді бетон құйып, бекіту үстінде. Жалма-жан баршамыз қоршаулы құдық сияқты құйылар қадақ ернеуінен төменге үңілгенде, жарықтық, өзеннің түбі әлгінде айтылғандай аппақ-ау аппақ. Бұл да бір ұмытылмас тарих сияқты есте қалды.
Асылында Жайықтың осы бетіндегі Тоғыз пәтер,Тоғайбай мешіті, Жандалы, «Шәуен», «Көрпебай ауылдары», Ақсай, Түрекеш төбесі,тағы да басқа көптеген елді мекендердің орынын басқан Индербор кентінің де тарихы әлі түпкілікті терең зерттеліп біте қойған жоқ.
Себебі тағы бір деректерде, атап айтқанда атыраулық М.Қипиевтің «ХҮІІІ-ХХ ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді мекендер» деген кітапта «Қос Жайық немесе Индерские Горы қамалы» деген тұста патша Елизаветаның 1743 жылғы 23 сәуірдегі жарлығы негізінде Жайық өзенінің бойында пайда болған елді мекеннің бірі.
Қамалдың нақты қай уақытта салынғаны белгісіз,бірақ Рычковтың 1744 жылғы Индер көлі туралы картасында қамал «Қос-Жайық бекінісі» ретінде жазылған. 1755 жылы И.Красильниковтың «Ландкартасында» ол «Кошъ Яицкий Индерских горъ» атауындағы қамал ретінде белгіленген. Осыған орай, қамалдың атауын Индер тауы тұсынан Жайықтың қосарланып ағатын арнасынан шыққан деп есептейміз.
Бұл ойымызды академик П.С. Палластың жазбасы да қуаттай түседі. Ғалым қамалдан төмен қарай ағатын Жайық өзені екі арнаға бөлініп кетіп, оның ішінен қисық ағатын тарамы «Кошъ яик» деп аталатындығын жазған еді. П.Паллас 1769 жылы қамалды (Индер тау бекінісі деп жазды) сипаттау барысында оның қабырғалары үлкен бөренелермен қаланғандығын және Калмыковқа қарағанда адамдар көп қоныстанғандығын айта кетеді.
Жалпы қамалдың атауы ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысында бірқатар өзгерістерге ұшырады. Мысалы ХҮІІІ ғ. 70 жылдары шыққан карталарда оның атауынан «Қос-Жайық» сөз тіркесі алынып, «Индерский» деп берілсе, 80 жылдан бастап «Горск» деп атала басталады. Жергілікті қазақтар қамалды «Ақ қала деп атады» деп енді Жайықтың екінші бетіне ауысып жүре береді. Сайып келгенде бұл бағытта да зерттеліп, әлі де зерделенетін жайттар аз емес екені байқалады.
Осы жерде біз әңгіме желісін өзіміз туып өскен Елтай мен Аққала ауылдарына бұрсақ, онда да біраз сараптайтын, ойлантар тұстар баршылық екен. Біріншіден, әр ауылдағы атауларда да көбіне көп «Адамдар атына байланысты қойылған атау» деген тіркес жиі қолданылған.
Қалам ұстанған біз үшін бұл бір жағынан жеңіл көрінгенімен, тағы бірде кетпеннің екінші басы да өзімізге тиіп тұрғандай көрініс сыйлайтынын да қайтерсің.Дәл осындай түсініктеме Елтайға қатысты 35 рет қайталаныпты.
Ең болмаса, мысалы, Бөденедегі «Жакесбай қыстағы- Өтебалиев Жакесбай деген малшы 1953 жылы мал бағып сол жерде тұрған» деп нақты жазылса, бір бөлек қой. Әйтпесе, тегі де жоқ, «Қалыбай бейіті- Қалыбай дегеннің жалғыз бейіті болған. Сол кісіге байланысты атау» делінгені құлаққа да біртүрлі естіледі екен.
Соның бірі, мәселен, ауыл жанындағы «Абай қауымына» қатысты айтылғанды алалық.Шындығында бұл қауымға Абай ағамыз алғаш қойылған адам деуге толық негіз жоқ. Өйткені, біздің білуімізше, ол жерде бұрынғы кезде де төмпешіктер, яғни қойылымдар болған сияқты.
Баршамыз жақсы білетін сыйлы аға Жолдас Мусағалиевтің інісі, жап-жас жігіт Абай үйленген соң біраз ауырып, соңына жары мен ұл-қызын қалдырып, өмірден өткен соң, ауылдағы туыстары қайғы басқан отбасын көтермелеп, жиналып, басын өзгелерден ерекше етіп, бейітін ақ тастан қалап, еңселі етіп көтерген болатын. Содан алыстан көрінетін сол жердегі ақ бейіт иесі Абай ағамыздың атымен аталып кетті. Ал өзімізбен бірге ойнап өскен ұрпағы, шүкір, бүгінде сыйлы, бір әулетке айналды.
Міне, осындай тарих өңірдегі әр қорым, бейіттердің де артында беті ашылмай жатқан сияқтанады. Оны жинақтаушылар атын атап, түсін түстесе, сөйтіп, байыппен толықтыра түссе, тарихтың да жастарға белгісіз құпиялары азая түсер еді.
Бұл бағытта Елтайдағы М. Сиранов атындағы орта мектеп жанынан тарихшы ұстаз Гүлжан Қауашеваның бастауымен оқушылардың үйірмесі құрылып, біраз жердің атауларына үңіліп, ізденістер жалғасып, үлкендермен сөйлесіп, арнайы жазып алғаны есімізде.
Ол кейін бірнеше газет, кітапқа жазылды да. Бірақ сол жұмыс ілгері баспай қалған сияқтанады. Мұндай игі дәстүр Құрылыстағы М. Мөңкеұлы атындағы орта мектепте де (жетекшісі С. Керешов) болғанын естігенбіз, негізі туған өлкені тану жұмыстары өзге мектептер де өріс алса, жалғасын тапса жақсы болар еді.
Айтпақшы, Қараойдың «Жанай сағырында» жатқан қауым жаңа табылған арысымыз Баламайсан күйшінің атамен аталыпты. Бұл енді дұрыс па, бұрыс па, оқырмандардың өзі айта жатар. Бірақ ежелден келе жатқан «Жанай сағыр» деген жер атауы да ұмытылмауы тиіс. Болмаса ол да қосақталып беріліп қойғаны жөн болар.
Осы ретте бұрынғы Теректі деген жерден Жайық бойындағы Елтайға көшіп келгенше осы орындағы болған Марқа (Орталықта) бейітінің де соңында үлкен тарих мен мұндалайды. Олай дейтініміз бұл із сонау асыра сілтеу жылдарында мерт болған Алаш арысы Сәлімгерей Қаратілеуовке алып келеді. Ол туралы түрлі басылымдарда жазылды да.
Ал «Жыбырлақты-мал ауруы шыққан жер» деп түсінік берілуі қисынсыз. Себебі бұрынғылар бұл жерлерде ертеде талай қанды шайқастар болыпты-мыс, соның ізі ретінде ретті-ретсіз көмілген бейіттер болды делініп жүрген-ді. Ол туралы осы жерді біраз жылдардан бері мекендеп келген малшы Ислямғали Амантурлин ұрпақтары да сөз етіп, талай жәдігерлерді, құрал-саймандарды тауып алып, тиісті орындарға тапсырған. Оның жайын журналист Ж. Амантурлин талай мақаласына арқау еткен де болатын. Мұны да зерттеуден тыс қалдыруға болмайды.
«Бұзау қатын», «Қатын шағыл» деген жерлердің тарихы да аңызға бергісіз, ол еш Елтай-Аққалалықты бей-жай қалдырмайды. Оларды «Бұзау баққан әйел», болмаса, «ерлері соғысқа кеткен кезде әйелдері қалып, мекен еткен жер» деген түсініктер жеткіліксіз.
Сол секілді атақты жұлдызшы, ұрпақтары Елтайда тұрып жатқан Шіл қарттың «Басшыққан» мен «Досайдың» арғы беткейіндегі қорымына берілген «Шығу тегі белгісіз, мүмкін құс аты болар» деген жалаң түсінікті оқып, күлерімізді не жыларымызды білмедік.
Шындығында ауа райының қас-қабағын үйде отырып-ақ болжап, айтып, айнала –аймақты малшылар мен басшыларын сақтандырып отырған Шіл қарт туралы баспасөзде бірнеше рет жазылды.
Бірер жыл бұрын журналист Жанай Амантурлин бастаған, аққалалық жер танығыш Мәжіт Кәрімов құрдас қоштаған индерлік қаламгерлер тобымен бірге барып, Шіл қарттың басына тағзым еткенде «Руы Адай, Тәзіке бөлімі, Шотайұлы Шіл, 92 жасында 1959 жылы опат болды, тас қоюшы (1960 жылы қойған) немересі Самиғолла» деген жазуды оқыған едік.
Өзіміздің ата-анамыз, апа-жездеміз де талай жылдар Шіл қарттың ұлы Қобдағанмен Жырақұдық қыстағындағы ескі үйде көрші отырып, үлкен кісілердің ұлы Арыстанмен талай бірге ойнаған, бір дастарханнан дәм татқан шақтарды ұмытқанымыз жоқ. Ал алып «К-701» тракторын жүргізген Самиғолла ағамыздың інісі Халидолла мен Сафура жеңгейдің қызықтары өз алдына ғой.
Сол секілді осы кітапта «Бесоба» сияқты атауларға «Қатар орналасқан бесшоқы» деген түсініктің де жеткіліксіздігі анық байқалып тұр.Өйткені, «обаны адыр, адырларды тау деседі біздің ел» (Табылды Досымов) десекте, шоқы, төбе, жазық, ойпат, оба, шағыл, қызыл, тағы басқа да жер атауларын қойғанда аталарымыз көп жаңылмаған ғой. Оның үстіне оба деген белгілі бір жағдайларда үйілген топырақты да аңғартатынын ескерген жөн тәрізді.
Қысқасы өзінің аты да айтып тұрған қолымызға түскен «Атаулар сыры-тұнған тарих» атты қалың кітаппен таныса отырып, өткен-кеткенмен біраз сырласып, салмақтауға, ой тербеуге тура келді.
Асылында дана аталарымыз ежелден қылышын сүйретіп, алакөздене батыс не шығыстан шапқан қаба сақалдылар мен жоңғарларға өз жерінің бір пұшпағында бермеу жолында шыбын жандарын қиып, қан төккенін, ұлтарақтай жері үшін арпалысқандарын ұмытпағанымыз абзал.
Тіпті жер өлшеушілердің қағып кеткен қазықтарын да бір түнде ауыстырып, олардың өздерін де талай жаңылыстырған сәттері болғанын естен шығармалық. Әр атаудың артында мәңгі өшпес алып тарих жатыр, ол кейбір еркетотай жеңгейлердің сәндікке тағар бір мезеттік құлағындағы сырғасыда емес, ол өте өзекті саяси-әлеуметтік, мемлекеттік маңызға ие мәселе, өлмес тақырып.Біздің де айтпағымыз осы еді.
С.ХАЛЫҚОВ.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Индербор кенті