Бірде он екі ата Байұлы ішіндегі руы Есентемір Бөкен би атамызға Сырым батыр бата алуға барыпты дейді. Батасының соңында Сырымның сөздеріне риза болған атамыз оған қарап тұрып шекесін шертіпті. Сонда Сырым атамызға аузын ашып, «тілін» көрсетіпті. Сөйтсе, оның мәні «Басқа пәле – тілден» деген сөз екен. Сол айтқандай, Алла тағала адам баласына берген нығметінің бірі – тіл. Тіл арқылы адамдар ойын, пікірін, қуанышын, мұңын, сүйінішін білдіреді. Кейде әдепсіздеу айтылған сөздер біреудің ар-намысына тиіп кетуі мүмкін.
Сондықтан бұны қазекем «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Екінші жағынан бұл сол адамның сөйлеу мәдениетін де көрсетеді. Алайда, кей адамдар сөйлеу барысында боқтықты араластырмаса жүре алмайтыны да бар. Ол оның рухани тұрғыда төмен, жаны да, санасы да лас адам екенін меңзейді. Әрине, құлаққа түрпідей тиетін мұндай жағымсыз сөз кім-кімге де өз әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Бұрынғы кезде қазақы ортада жосықсыз балағат сөз айтып, адамды немесе адамдарды қорлағандар әдет-ғұрып бойынша дала заңына сәйкес жазаланып отырған. Мәселен, Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдар жинағы «Жет жарғының» бесінші жарлығында «Кәмелетке жеткен баланы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек» деген жаза белгіленген.
Бүгінде балағат сөздерді аузына алмайтын адамдар кемде-кем. Көбі балағат сөздер арқылы өздерін басқалардан мықты етіп көрсеткісі келеді. Тіпті, кейбір үйлерде отағасы балаларына боқтаудың неше атасын үйретіп қоятынын қайтерсің?! Ой-өрісі әлі қалыптаса қоймаған бала боғауыз айтудың адам өміріне кесапат әкелетінін қайдан білсін. Ал керек болса… Қазір ер балалармен қоса, қыз балалар да боғауыз айтатынды шығарды. Егер сіз әлеуметтік желілердегі сөздерге көз жүгіртсеңіз, боғауыз айтудың көкесі осында ма деп қаласың. Кілең долы мінезді, ашулы адамдар бірінен кейін бірі былапыт сөздерді жаудырып жатады. Бұдан өзің қараптан-қарап ыңғайсызданып, «бүкіл қоғам байшекі сөз айтумен айналыса ма?» деп те ойға шомасың.
Қазір бұрынғы заман емес. Мәдениетті адам ешқашан боғауыз айтпайды. Ал, мәдениет елдің тұрмысына, халықтың жасампаздық қабілетіне байланысты. Мемлекет халықты еңбекке жұмылдыра алмаса, халықтың мәдениеті төмендейді. Ол мәдениетсіздік ауылдан да, қаладан да көріне бастайды. Бейпіл сөз айту – бүгін ғана шыққан құбылыс емес. Бұрын да болған. Бірақ мұндай сөздер түрленіп, мүлдем басқа сипатқа енген. Қазақ халқының әу бастағы сөйлеу мәдениеті, өзін ұстау мәдениеті, психологиясы мүлдем басқа болатын. Өте сабырлы, барынша этикаға жақын болған. Жас ерекшеліктеріне байланысты ақсақалдар мұндай сөз айтпайтын, орта жастағылар баланың көзінше балағаттамайтын. Мұның барлығы біз бодан болғаннан басталды. Патша үкіметіне қосылғаннан бастап біз боқтық сөзді де, жаман әдеттерді де еселеп үйреніп, сонымен өмір сүретін деңгейге жеттік. Кеңес заманында бұған арақ пен темекі қосылды. Мас адамның аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады». Адамның психологиясы бұзылғанда, ашынып-күйініп, тұрмыстық қиыншылықтарға төтеп бере алмаған кезде өзін-өзі ұстай алмайтын адамның аузынан боқтық сөз шығады екен. Бұл айналып келгенде, біздің мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді.
Былапыт, боғауыз сөз айту – қазір қанымызға сіңіп бара жатқанын қайтіп жасырамыз? Кейбір адамдар оны дәреже көреді. Осындай адамның бала-шағасы да көргенін істейді. Ал, ол баланы түзей алмайды. Балам былапыт айтпасын десе, ата-ана әуелі өзін түзеуі керек.
Енді жапон ғалымдарының тәжірибесіне үңіліп көрейікші. Ол үшін екі ыдысқа бірдей мөлшерде бір құдықтан су құйылған. Бірінші ыдыстағы суға күнде жақсы сөздер, ал екінші ыдыстағы суға күнде балағат сөздер айтылады. Біраз күннен соң, балағат сөздер айтылған су иістенеді, тағы да бірер күннен кейін түсі лайланып бұзылады. Сосын сасиды. Ал жақсы сөз айтылған су құдықтан алынған бастапқы таза, мөлдір күйінде өзгеріссіз қалған.
Он жеті жыл сөз бен адам санасы арасындағы байланысты зерттеген биология ғылымдарының докторы Иван Белявский: «Жақсы сөз, тілек, алғыс басқаның ғана емес, оны айтқан адамның да көңілін биіктетеді. Ол сөз қуаты адамның ағзасына терең еніп, жасушаларға дәл солай әсер етіп, өмір жасын ұзартады. Жаман балағат сөз керісінше әсер етеді» дейді. Былапыт сөз қай ағзаны зақымдайды? «Балағат сөз өз тұқымын қарғағанмен тең» дейді ғалымдар. Өйткені, балағат сөздерде жыныс мүшелері аталады, айтылады. Бұл «атаулар» қай тілде аталса да, қандай түрде айтылса да, түпсана оны сол күйінде қабылдап, айтылған адамның сол ағза жасушаларына лас, теріс энергия бағыттайды. Сондықтан бейәдеп сөздің теріс энергиясы алдымен жыныс мүшелерінің жеңіл ауру түрлерімен көрініс береді екен. Боқтық сөз қайталанған сайын, ағза жасушасына енген лас энергияның қуаты да арта түсіп, енді ол ауыр кеселдерге айнала бас-тайды. Тым көп айтқан адамдарда ол бедеулік, белсіздік ауруларына асқынады. Лас энергия бұнымен тоқтап қалмайды. Оны сіз күнде қуаттандырып отырсаңыз (балағат сөзді қайталап), біртіндеп сіздің тұқымыңыз – перзенттеріңіздің ағзасына өтеді. Өйткені, лас энергияның қуаты артып, оның көлемі күннен-күнге ұлғайып жатыр. Сондықтан бірінші сіздің айналаңыздағы және қаныңыздан жаралған адамдарды ауруға орайды. Әлі де балағаттауды доғармадыңыз ба, ол балаларыңыздың ағзасындағы өмірге келмеген жасуша түріндегі келешек ұрпақтарын зақымдайды. Сол ұрпақ кейін ержетіп, бойжетіп отбасы құрғанымен, сәби сүйе алмай қиналады. Кейбірі кемтар, сал, даун синдромымен өмірге ұрпақ әкеледі. Ал, бұндай аурумен туған нәрестелердің өмірі қысқа болатыны белгілі.
Зерделеп ойласаңыз, осылай ұрпақ сабақтастығы үзілуге жақындайды. Егер перзенттеріңіз, немерелеріңіз сізден үйренген балағат сөздерді «мұра» етіп қабылдап, ары қарай қуаттандыратын болса, онда ұрпағыңыз жойылады. Бұны ғылыми тілмен айтсақ, жаман энергиялы сөз ДНК құрылысын бұзып, ұрық жасушаларын мутациялық өзгеріске түсіріп, соңында жояды. Сөзіміз дәлелді болсын, осы орайда белгілі ғалымның ғылыми еңбегінен үзінді келтірейік. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Оксфорд Академиялық Одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының профессоры, академик Жасай Зекейұлы ғылыми еңбегінде: «Балағат сөз қолданатын адамның ДНК-сында күрделі мутациялық өзгерістер орын алады. Бұл өзгерістер тұқым қуалау үдерісінде жалғасын тауып, ұрпақтарына да беріледі. Гендердің бұзылуы түрлі аурулардың дамуына ықпал етіп, ДНК-ның құрылымын сау күйден ауру күйге душар етеді. Өйткені, балағат сөз радиациялық сәулелігі мың рентгенге тең келетін мутагендік әсер береді», — дейді.
Бұны биология ғылымдары-ның докторы, академик П.Горяевтың «хромосома ақуызы – ақпарат тасымалдаушы. Ол бойындағы ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдап отырады» деген сөзі нақтылай түседі. Ғалымдардың бұл дәлелдемелері мен тәжірибелерін «іріген сөздермен өзіңіздің және ұрпағыңыздың денсаулығын шірітпеңіз» деген ескерту деп қабылдаңыз. Ал біз атауының өзі жиіркенішті «боқтау» мен «боқтық» сөздерден ертерек жиреніңіз дейміз.
Биылғы наурыз айынан бастап қоғамдық орындарда балағат сөз айтқан құқық бұзушыға 69 мың теңге айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады. Сондықтан «ауыз өзімдікі» деп балағат сөз айта беруге болмайды. Ендігі жерде балағат сөз айтсаң, заңмен жазаланасың. Қоғамды тәрбиелеудің бірден бір жолы – қатаң заң мен тәртіп. Бұл – өркениетті елдердің тәжірибесі.
Аяпберген САЛИХОВ