Өмірдерек парағын сөйлетсек
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатынасушы майдангер Құмар Есмағанбетов 1923 жылы Гурьев облысы Есбол ауданы,Есбол селосында дүниеге келген. 1942 жылы Есбол аудандық әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына шақыртылған.
Әскери міндетін 475 атқыштар полкінде атқарған.Соғыста Сталинград жерін азат етуге қатысқан. 1942 жылы Ұлы Отан соғысында оң иығының сүйегінен жарақат алған. 1944 жылы Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралған.Жаумен шайқастағы ерліктері үшін төмендегідей орден медальдармен марапатталған: «Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күрестегі жанқиярлық ерліктері мен қайсарлығы үшін және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің қырық жылдығы құрметіне орай Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен; (нөмірі 1855232) «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 40 жылдығы» мерекелік медалдарымен; «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерекелік медальдарымен және ұзақ жылдарғы қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
1944 жылы күз айында ауылдасы Есмағанбетова Разиямен отау құрады.
Ерлі-зайыптылар отбасында 5 бала өсіріп тәрбиелеген. 1947-1949 жылдар аралығында Орал қаласындағы мемлекеттік 2 жылдық колхоздың кадрлық басшылығын дайындау мектебін бітіргеннен кейін, зейнеткерлік жасына шыққанша Индер ауданының «Правда» совхозында мал, егін шаруашылықтарында егінші, малшы болып еңбек етті. Белсенді еңбек еткен жылдарында совхоз басшылығы тарапынан әлденеше мәрте түрлі мадақтауларға ие болды.
Зейнеткерлік жылдарында да ауыл-аймағына қадірлі қария жас буынға ақылшы, қамқоршы болып,ауылдың әлеуметтік,қоғамдық-саяси,мәдени өмірінен тыс қалған жоқ. Құмар Есмағанбетов соғыс салған жарақат салдарынан 1993 жылы 70 –ке қараған шағында өмірден озды.
Қаһарман ұрпақтың өкілі
Сонау жылдар сағынышқа айналған сарабдал ақындарымыздың бірі Төлеген Айбергенов мынадай бір жыр жолдарын ақ қағазға өрнектеген екен.
«…Менің үшін бірдей тілің,жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен,ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер тынысым.
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін
Қарапайым адамдары еңбектің!
Барлығын да бағыштар ем сендерге
Махаббатын маған берсе жер-көктің».
Еліміздің арғысын айтпай-ақ бергіден қозғағанның өзінде өркендеу мен өсу жолдарында айтулы Тұлғалармен қатар қарапайым да қажырлы еңбек адамдарының үлестері зор ауқымға ие. Қашан да Ел өміріндегі толағай табыстардың иесі- халық,халықтың ортасынан шыққан маңдай терлерін төгіп бейнет кешкен қарапайым еңбеккерлер.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өмірге келген ұрпақ –аға толқынның маңдайына жазылған зор тауқымет- Екінші дүниежүзілік соғыстан жаралы болып елге оралған майдангер ағалар бейбіт заманда да нағыз қаһармандық пен қажырлылықтың небір ғажайып үлгілерін көрсеткенін тарихымыздан, деректі фильмдер мен бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, біліп өстік. Заманында Ұлы Отан соғысында от кешкен қайсар ұрпақ туралы Кеңестер Одағының Батыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы былай деп толғанған еді.
«Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді,ерлігі өлмейді,ол атқарған ұлы іс өлмейді.Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен,осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады.
Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті…»
(Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», 348 -бет)
Халқымыздың арда ұлы Баукең айтса, айтқандай,өмірдерек парағынан көзімізге түскені – майдангер Құмар Есмағанбетов атамыздың 1942 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылғаны.
Бұл- Екінші дүниезжүзілік соғыста түбегейлі жауды жеңудегі шешуші бетбұрыс болған сұрапыл шайқастардың бірі-Сталинград қаласын азат ету шайқасының түтеп тұрған уақыты еді. Осындай жан алып,жан беріскен ұрыстардың біразына қатынасып,кеудесін оққа төсеп,талай ажалмен бетпе-бет келсе де,періштесі қорғап,жаралы болып,туған жеріне 1944 жылы аман оралған жауынгердің алдағы елу жылдай ғұмыры өз ауылы- алтын бесігінің бұрынғы Кулагино, бүгінгі Есбол ауылының өсіп –өркендеп,қанат жаюымен тығыз байланыста өтті.
Кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Батық Мәжитұлы соғыстан оралған жауынгерлер туралы былай деп жазған еді:
«Соғыстан қайтқан солдаттар.Олар қан майданға аттанған мұңлы эшолонға отырғанда,өмірдің қызығын көріп үлгермеген бозбалалар еді. Тіпті,кейбірі бойжеткендерге сыр ақтарып, хат жазып та үлгерген жоқ. Арудың жүзіне тіктеп қарай алмайтын сол балалар соғыс өртінде есейді.Жүз жылдық,мың жылдық ғұмыр кешкендей, көпті көрген көнекөздердей, жүректері тілім-тілім күйде әр қатарда бір селдір болып атамекенге оралды.Олар соғыс қасіретінің не екенін біледі.Оны көңілдің сыр сандықтарына жасырып, аузын құлыптап үнсіз отыратын.Ағарған шаштарынан,әжімді маңдайларынан,күреңіткен жүздерінен зер салып қараған адамдарға бәрі көрініп тұрушы еді…
… Қайран әкелер, орден- медальдардың сиқырына елтіген жоқ. Олар үшін тіршіліктің ең үлкен наградасы-талқаны таусылмай,балдаққа сүйенсе де қоңырқай шаңырағына аман-сау оралғандары еді.Содан да болар, соғыс ардагерлері шүкіршіл,қанағатшыл,көрген қасіреттерінің бізге белгісіз тылсымдарын өздерімен бірге үнсіз ғана бақилыққа әкетіп жатқандарын біреу түсінеді, біреу түсінбейді.
(«Батық Мәжитұлы», «Танкистер», «Егемен Қазақстан», 10.03.2005ж)
Қажырлы еңбеккер
Мінезі жайлы,шаруасына,сеніп тапсырылған іске мығым,өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын еңбеккер жан оны көре қалған іні-қарындас замандастарының есінде қалғаны анық. Қашан да ақ пейіл мен адал еңбек саналы жанды адамгершілік,азаматтық жағынан өсіретіні белгілі.
Заманында 1943- 1947 жылдары Есбол ауданы мен облыста 7 мәрте бас бәйге еншілеген әйгілі « Есболдың жирені»- тұлпарды баптаған әйгілі атбегі Есмағамбет Айдуәлиевтің тұяғы, өзі де атбегі Құмекең жұбайы Разия анамыз бен бірге талай жылдар ауданымыздың іргелі шаруашылығы – «Правда» совхозында егінде беде (жоңышқа) өсіруші, шаруашылық орталығындағы қаракөл елтірісін дайындайтын пунктің меңгерушісі болып белсенділікпен адал еңбек еткен азаматтардың бірі.
Ерен еңбегінің белгісіндей ол 1967 жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қатынасушы мәртебесіне де ие болады. Құмекең қарт туралы замандас інілері, «Правда» совхозында ұзақ жылдар мал шаруашылығы саласында жауапты басшылық қызметтер атқарған азаматтар – Мұхси Боранбаев,Жәрдем Біләлев, Ажар Сұлтанғалиева( совхоз кәсіподақ комитетінің төрайымы)- аға, апалармен телефон арқылы хабарласқанымызда,олар атамыздың қарапайымдылығын, өз шаруасына мұқият, кім-кімге де қолынан келгенінше көмекке дайын тұратынын, Көшмағанбет (Көшен), Есмағанбет аталардан тараған үлкен әулеттің
жанашыры да, қамқоршысы да болғанын тілге тиек етіп еді.
Ардагер журналист, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты- Сансызбай Базарбаев еңбеккер әулет туралы кезінде былай деп жазған еді.
« Құмар Есмағамбетов ағамыз Кулагинодағы «Правда» кеңшарында зейнеткерлікке шығып алып та егінші болып ұзақ жыл істеді.Жұбайы Разия да жоңышқа өсірудің майталманы болды.Оның суреті кеңшардың құрмет тақтасынан түспейтін. «Айбынды еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен бірнеше рет облыстық,аудандық құрмет грамоталарымен наградталды. Құмар ағаның іс-тәжірибесі аудандық «Дендер» газетінде таратылды,плакат болып басылды. Ол соғыс жылдарының ауыртпалығын да басынан өткерді.Өзінің інілері Биғали, Отармен,келіні Айжанмен, жұбайы Разиямен шаршап-талмай еңбек етіп, халық абыройына бөленді».
« Ел-жұрты құрметтеді тірісінде,
Ұмытпайды игілікті бір ісін де.
Амандықпен өсірді перзенттерін,
Қиындықтың көріп жүріп түрлісін де.
Ұлы өсті Сағындықтай парасатты,
Білетін,қастерлейтін ата салтты.
Ырысты,Нәсіпті, Үміт,Тұрсынайлар,
Жалғауда ұрпағымен болашақты.
Әке мен ана қымбат ұл-қызына,
Оларды теңер көктің жұлдызына.
Ағайын, тума-туыс қашықтамай,
Талай сәт куә болған дәм –тұзына.
(С.Базарбаев «Ел-жұрты құрметтеді тірісінде», «Ар-честь»,18.04. 2003ж).
Қарымды қаламгердің жазбасынан адал еңбекпен өсіп-өніп, бауырмалдығымен, қонақжай көпшілдігімен ауыл-аймағының құрметіне бөленген берекелі шаңырақ иелері:Құмар атамыз бен Разия шешемізді көріп,олардың өнегелі өміріне ырза боламыз да,елдіктің мерейін өсіретін осындай жандар-ау деп ой түйеміз…
Шығармашылық ой өрісіме түсіргенде Құмар қарттың бейнесі былайша көз алдыма келеді. Қақ-соқта ісі жоқ; өз ісін жетік біледі; өзіне тапсырылған шаруаға аса жауапкершілікпен қарайды;жан сарайы таза; бос сөзге әуес емес; уақытын қадірлей біледі; көмек сұрағанға қол ұшын беруге әзір; тұрмыста қанағатшыл, қарапайым; өзіне тапсырылған жұмыстың нәтижелі,сапалы болуы үшін өзін ар алдын да, қоғам алдында да жауапты сезінеді.
Атбегілік-ерекше қасиет
Ақсақалдың атбелгілігі төңірегінде әңгіме өз алдына.
Ұлттық құндылықтарымыздың,ұлттық қадір-қасиеттеріміздің бірі де бірегейі – осы атбегілік. Атбегілік сірә, атадан балаға тек қан арқылы берілетін қасиет болса керек. Осындай ұлттық қазынамыздың бүгінде өрісі тарылып арнасы сарқылып бара жатқандай. Әрине, Атырау облысында Өнербек Жанбала ағамыз басқаратын ұлттық спорт федерациясының жұмысын жоққа шығара алмаймыз. Негізгі мәселеге көшсем, атбегілік-он мыңнан, жүз мыңнан біреудің ғана қолынан келетін шеберлік. Мұндай жылқы мен адамның «тілсіз» үндесіп, үйлесуін талап ететін қасиет, менің көз-қарасымда, ерекше жаны таза адамдарға ғана қонады. Тірлікте қарапайым мұндай жандардың тазалығын, адалдығын, олардың ақ ниетін төрт түліктің асылы-Қамбар ата нәсілі жақсы түсінеді, сезінеді.
Олай болса, майдан даласында қанын төгіп,бейбіт еңбекте тер төккен қаһарман жауынгер, қажырлы еңбеккер Құмар Есмағанбетов (келесі жылы жүз жасқа келетін) атамыз да –ел есінде мәңгі қалуға лайық азаматтың бірі.
Сол себепті де соғыс және еңбек ардагері Құмар Есмағанбетов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатып, өзі тұрған немесе Есбол ауылының жаңа бір көшесіне майдангердің есімін беруді Есбол ауылдық округінің әкімдігіне және ауылдық ардагерлер алқасына ұсыныс етеміз.
Амантай Бақыт