Күні ертең қазақтың қанатты қызы атанған Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың өмірге келгеніне 100 жыл болады. Сұрапыл соғыста жауына аспанан тажал төндірген қазақтың қайсар қызының өмірбаян деректерінде қайшылықтар барын байқадым. Ұлы Отан соғысы тақырыбы аясында жұмыстанып жүргендіктен архив құжаттары мен кітаптардағы мәліметтерді салыстырып жүремін. Көбіне кітап,энциклопедиялар мен тарихи анықтамалықтардан қате деректердің кездесетіні үйреншікті жайт болып барады. Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясынан қазақтың қанатты қызы Хиуаз Доспанованың өмірбаянын оқи отырып, еріксіз ойға қалдым. Содан соң үнсіз қалғаным жарамас деп шешім қабылдадым. Сонымен, 2010 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан шыққан «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабының 236-бетіннен үзінді келтірейін: «Доспанова Хиуаз Қайырлықызы (15.05.1922 ж.т., Орал қ. 2008, Алматы)- әскери ұшқыш, Халық қаһарманы, қоғам қайраткері. 1940 ж. Мәскеу мед. ин-тына оқуға түскен. Атақты орыс ұшқышы М.Раскова (1912-43) басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 ж. көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданады… ». Ал керек болса, Хиуаз апамыздың өмірбаянынан келтірген төрт жолдан біраз қате таптым. Біріншіден, Хиуаз Қайырлықызы емес, Хиуаз Қайырқызы. Екіншіден, Хиуаз Доспанова Орал қаласында дүниеге келмеген. Ол Орал қаласында соғысқа дейін мектепте оқыған. 2010 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» атты энциклопедиялық жинақтың 80-бетінде:«Доспанова Хиуаз Қайырқызы (15.5.1922, Атырау обл, Құрманғазы ауд, Ганюшкинов с. 21.5.2008 ж. Алматы қ.)» деп мәлімет келтірген болса, 2004 жылғы 15 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан Мейрамбек Төлепбергеннің «Қазақтың қаһарман қызы» атты мақаласында «Халқым сыйлайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір жолынан өтіп келемін» деп ойлаймын туған топырағым Атырау облысының Теңіз ауданы ғой. Кейін мектепті Орал қаласында бітірдім», -дейді Хиуаз Доспанова. Бұл жерде Хиуаз Доспанованың өз сөзіне сенуміз керек.
Сонымен қатар РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі № 1267519437 жазбада Доспанова Хыйуаз туралы мәліметті орыс тіліндегі нұсқасын жаза кетейін. Архив құжаты былайша сыр шертеді. Назар аударайық: «Доспанова Хыйуаз (құжатта солай). Год рождения: 1922. Гв. Ст.лейтенант. в РККА с 1941 года. Место рождения: Казахская ССР, Гурьевская обл., Денгизский р-н, с. Ганюшкино». Үшіншіден, Хиуаз Доспанованың атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкіне, 1942 жылы көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазылған жеріне нақты тоқталып өтейін. Хиуаз Доспанова әуелгіде 1941 жылы әскерге шақырылғанда 46 гвардиялық полкте емес, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полкте қызмет етеді. Оған дәлеліміз Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен [Қор:33. Тізбе:682526. Сақтау бірлігі: 67. Жазба № 11689911] алынған мына құжат. Оқып көрелік. Доспанова Хыйуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: сержант. 1941 жылдан Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армия қатарында. Әскерге шақырылған жері: Қазақ КСР-і, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық әскери комиссариаты. Қызмет орны: Закавказия майданы, 218 түнгі бомбалаушы авиа дивизия, 588 түнгі жеңіл бомбалаушы авиа полк. Ерліктің мерзімі: 19.09.1942, 20.09.1942, 25.09.1942-27.09.1942, 10.10.1942, 18.10.1942, 01.11.1942, 06.11.1942.
Закавказия майданындағы 218 түнгі бомбалушы авиа дивизияның 1942 жылғы 26 желтоқсандағы № 3/Н Майдан бұйрығымен сержант Хыйуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл құжатта Хыйуаз Доспанованың лауазымды қызметін құжат негізінде орыс тіліндегі нұсқасын жазып отырмын: Назар аударайық: «стрелок-бомбардир 588 ночного легко-бомбардировчного авиационного полка» деп жазған. 1942 жылы 20 желтоқсанда 218 түнгі бомбалаушы авиа дивизия командирі, авиация генерал-майоры Попов пен 588 түнгі жеңіл бомбалушы авиа полк командирі, майор Бершанская қолдарын қойып, Хыйуаз Доспанованы «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деген.
Төртіншіден, Хиуаз Қайырқызын 1942 жылы көктемде Е.Д.Бергиадскаяның полкіне қабылданды деп жазғаны да қате дерек. Жоғарыда ұшқыш жерлесімізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанда 588 түңгі жеңіл бомбалаушы авиа полк командирі, майор Бершанская құжатқа қол қойғанын жазған едім. Полк командирі Бергиадская емес, Бершанская екенінде ешқандай дау тумауы қажет.
Бесіншіден, энциклопедияда да Хиуаз Доспанова қызмет еткен полкын ашып жазбаған. Әскери бөлімдер мен құрамалар көп. Мәселен, байланысшылар полкы, атқыштар полкы, санитарлық полк, артилилерия полкы, атты әскер полкы, авиа полк деп айта берсек жалғаса береді. Аталмыш кітапта ұшқыш М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полк дұрысында 46 гвардиялық түнгі бомбалаушы авиа полк деп, кейін 46 гвардиялық Таман түнгі бомбалаушы авиа полкы деп аталған. Оған архив құжаты арқылы нақты дәлеліміз бар. Сұрапыл соғыста арын алау етіп, жанын жалау еткен қазақтың қайсар қызы, кіші лейтенант Хыйуаз Доспанованы майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатқа ұсынған 4 Әуе Армиясының 1944 жылғы 29 ақпандағы № 8/Н Майдан бұйрығына [РФ ҚМОА. Қор:33. Тізбе:686044. Сақтау бірлігі:2282. Жазба № 21855639] назар аударсақ артық етпес деп ойлаймын. Доспанова Хыйуаз 1922 жылы туған. Әскери шені: кіші лейтенант. 1941 жылғы қазан айынан Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армия қатарында. Қызмет орны: 4 Әуе Армиясы, 46 гвардиялық түнгі бомбалаушы авиа полк. Ерліктің мерзімі: 26.03.1943- 27.03.1943, 13.09.1943-14.09.1943, 29.09.1943-30.09.1943, 03.10.1943-04.10.1943, 31.10.1943-01.11.1943.
Бұл құжатта Хыйуаз Доспанова туралы «штурман звена 45 гвардейского Таманского ночных бомбардировщиков авиационного полка» деп жазылған. Аталмыш құжатқа 1944 жылы 26 қаңтар күні 46 гвардиялық Таман түнгі бомбалаушы авиа полк командирі, гвардия майор Бершанская қолын қойған.
«Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» кітабын шығарған шығармашылық топтың еңбегін еш етуден аулақпын. Ондай ойым да жоқ. Тек менің жаныма бататыны тарихи деректердің қате жазылатыны. Мұндайда нақты саралап, зерттеп барып жазу қажет деп ойлаймын. Негізінен тарихшылар архив құжаттарына және тарихи тұлғаның өз сөзіне басымдық береді. Сондықтан осындай кітап шығарарда ой елегінен өткізіп, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс болар. Шынымен де солай болуы керек. Басқалай алып-қосарым жоқ. Сіз не айтасыз патша көңіл оқырман?
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-
өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова
мемориалдық музейінің меңгерушісі,
«Үздік өлкетанушы» төсбелгі иегері