Отан қорғау — нағыз ерлердің ісі. Бүгінде құқықтық тәртіп әскері елдің ішкі қауіпсіздігінің қалқанына айналғандай. Себебі жас сарбаздар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейбіт күнде ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып жүр. Ендеше, біз, Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі, Атырау қаласындағы әскер құрамында Отан алдындағы борышын атқарып жүрген ҚР Ұлттық ұлан сарбаздарымен бір күнімізді өткіздік.
Таңғы сағат 06:00. Бұл уақытта қала тұрғындарының көбі тәтті ұйқыда жатады. Алайда таңмен таласа оянатын мамандық иелері ыстық кофе ішіп, газет оқитындардың қатарынан емес. Әскер қатарындағы сарбаз қызметiн жауынгерлік пәрмен арқылы бастайды: олар ұйқыдан оянады, таңғы ас, таңғы жаттығу, күнделікті бір-екі сағаттық сабаққа қатысып, жауынгерлік қызметке физикалық дайындық өткізеді. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген.
Ел тыныштығын күзететін Ұлттық ұлан әскері күнделікті таңғы үрдістен кейін күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын қала тыныштығын қамтамасыз етуге, яғни патрульдеуге кіріседі.
Ұлттық ұланның қатарында қызмет ету көптеген жас үшін құрмет. Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылған жас сарбаздарға жүктелген міндет те зор. Өйткені, Әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Жақында ғана биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап алғашқы жауынгерлік міндеттерін атқара бастаған.
- Мен ҚР азаматы, қатардағы Ахатов Дархан Тілектесұлы. Орал
қаласынан 2021 жылы Атырау қаласына Ұлттық Ұлан әскер құрамына шақырылдым. Қазіргі уақытта батальон жеке құрамымен Атырау қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етудеміз. Ұлттық Ұлан әскер қатарына шақырылғаныма мақтанамын -, дейді қатардағы жас сарбаз.
Жедел мақсаттағы батальонының штаб бастығы Сейтжан Қалбай, батальон жеке құрамының мақсат-міндеттерін тілге тиек етіп, жауынгерлердің полиция қызметкерлерімен бірлесіп атқарған жұмыстары туралы айтып өтті.
- Жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы Ұлттық Ұланға
жүктелген міндеттердің ең маңыздысы бірі — ол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсаты бойынша қызмет. Бұл мақсатта Атырау қаласында Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп қызмет атқарамыз. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, Ұлттық Ұлан жауынгерлерімен 10 қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін тұлғалар құрықталды. Және де 35 азамат әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазаға тартылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Ұлттық Ұланның қосқан үлесі өте зор. Одан бөлек, антитеррорлық операцияларға қатысуда, және табиғи техногендік апаттардың алдын алу, салдарын жою бойынша міндеттер атқарылады. Жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы алдына қойған мақсаттарды орындауға әрқашан дайын- дейді ол.
Осылайша, сарбаздар жауынгерлік қызмет атқарып, жауынгерлік есеп пен таралымда бой көтеріп, күнделікті сағат 17:00-ден 23:00-ге дейін қала көшелерінің тыныштығын күзетеді.
Иә, әскери жарғымен белгіленген талаптарды орындау — парыз және қасиетті міндет. Өйткені, тыныштықсыз, ел бірлігінсіз егемендіктің арайлы күндері санаулы болары, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам толары анық.
Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5546 әскери бөліміне өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.
Дана Тілек