Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Ассамблея жұмысының басты мақсаты – тілді, мәдениетті, дәстүрді, бірлікті сақтау және дамыту, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының арақатынасын нығайту.
Бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатында құрылған мекеме еліміздегі барлық ұлтты бір шаңырақ астына топтастыра білген маңызды құрылым ретінде жұмыла жұмыс атқаруда. «Қоғамдық келiсiм» коммуналдық мемлекеттiк мекемесi қазіргі таңда түрлі шараларға белсене араласып, тәрбиелік мәні зор кездесулер, танымдық кештер ұйымдастырады.
Біз аталмыш мекемедегі баспасөз қызметі және медиамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Ғимрановқа хабарласып, ұжым жайлы біраз ақпарат алдық. Оның мәлімдеуінше, мекемеде бірнеше бөлім бар. Талдау бөлімі барлық ақпаратты жинақтап, қоғамдық этносаралық ахуалға мониторинг жүргізеді. Әкімшілік-шаруашылық бөлімі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, этномәдени бірлестіктермен жұмыс жасайды. Басқа да бөлімдер елдің ауызбіршілігін нығайту мақсатында біраз шаруа атқаруда.
– Облысымызда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа да бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруге арналған 239 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Елдің жалпыұлттық бірлігін нығайтуға бағытталған жобалар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда, ауылдық округтерде де жемісін беруде. Қоғамдық келісім кеңестері мемлекеттік этносаясатты іске асыруға жәрдемдесіп, этномәдени бірлестіктердің және басқа да қоғамдық ұйымдардың қызметін ұйымдастырып, өзге этнос өкілдерінің мәдениеті мен тілін дамытуға көмек көрсетеді. Этномәдени бірлестіктердің қарым-қатынасын нығайтатын ақсақалдарға, аналарға, жастарға арналған қоғамдық келісім кеңестері шығармашылықты және өскелең ұрпақты рухани тұрғыда дамытуға ықпал етеді, – дейді Нұржан Ғибадатұлы.
Облысымыздағы жалпы білім беретін мектептерде ұлттың тарихын, мәдениетін, дәстүрін және тілін оқу, білу үшін сыныптар ашылған. Онда оқушылар білімін тереңдетіп, тағылымы мол туындылармен де танысады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне арналған қазақ тілін үйрететін тегін курстар да жұмыс жасап жатыр.
Өңірімізде жалпы саны 82 этнос өкілі тұрады. 54 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 144 медиация кабинеті мен 7 татуластыру орталығы және басқа да құрылымдық бөлімшелер белсенділік танытуда.
Облысымызда ұлтаралық жағдай тұрақты. Облыс тұрғындары, түрлі сала қызметкерлері Достық үйі атқаратын жұмысқа дән риза.
Бірлестіктердің қызметі баспасөз беттерінде, дөңгелек үстелдерде, кездесулерде, түрлі іс-шараларда кеңінен талқыланып жүр. Мониторинг ұлтаралық қарым-қатынастардың деңгейін анықтап, этностық мәселелерді шешіп, көшбасшылардың ұстанымдарын және өзгерістерді саралап, баяндамаларды жинақтаумен шұғылданады.
– Мемлекеттік құрылымдар, азаматтық қоғам институттары қоғамдағы ұлтаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту үшін жағдай жасауға бар күш-жігерін салуда. Ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында Достық үйі мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе қызмет етіп, «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауда. Тілдердің үштұғырлылығы қағидаты бойынша да жұмыс жасалып жатыр. Мекеме медиация мен қайырымдылыққа ерекше назар аударып, осы бағыттағы жұмыстардың жоғары деңгейде атқарылуына көңіл бөлді. Қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Қоғамдық келісімді сақтау, толеранттылық мәселелері бойынша халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Мейірімді көктем» қайырымдылық акциясының аясында тек қана көктемде емес, жыл бойы бітқатар игі шара жүзеге асты. Былтыр қайырымдылық балы өткізіліп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы арбалар сыйланды. «Шын жүректен» республикалық қайырымдылық телемарафоны шеңберінде мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Жалпы саны 169 ақсақалдар кеңесіне 1605 адам, 157 аналар кеңесіне 1200 адам мүше, – деді Нұржан Ғимранов.
Жалпы Достық үйінде 2016 жылдан бастап медиация кабинеті жұмыс жасайды. Мұнда медиация бойынша кәсіби медиаторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және азаматтарды қабылдайды. Медиация кабинетінің бастамасы бойынша облыстың ірі кәсіпорындарында, мекемелерде медиация кабинеттері ашылды. Жұмыс жоспарына сәйкес, медиация кабинеті облыстық қоғамдық келісім кеңестерімен бірлесіп қызмет көрсетеді.
Құрылғанына аз уақыт болса да, «Қоғамдық келiсiм» КММ өз қызметiне белсене кiрiсiп, аймақтағы этносаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бiраз iс-шара өткiздi. Барлық қоғамдық ұйымдармен, этномәдени бiрлестiктермен, мемлекеттiк құрылымдармен ашық жұмыс iстейтiн ұйым ретінде ел алғысына бөленді.
– Өңірімізде 660 мыңға жуық адам тұрады. Оның 76,3%-ы қазақтар. Орыстар – 125 мың (19,3%), украиндар – 9210 (1,4%), татарлар – 8400 (1,3%), белорустар – 1806 (0,3%), әзірбайжандар – 1668 (0,2%), немістер – 1257 (0,1%), армяндар – 516 (0,078 %). Бұлар ең ірі этникалық топтар. Бүгінге дейін этносаралық негіздегі шиеленістер мен қақтығыстар тіркелген жоқ. Халықтың 47,4%-ы облыс орталығында тұрады. Барлығы тату-тәті өмір сүруде, – деді Нұржан Ғибадатұлы.
Иә, облыс тұрғындары бірліктің – келісім бастауы екенін жете түсініп, ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етіп келеді. Биыл да Достық үйі ауызбіршілікті бекіте түсуге бағытталған жоспарын жүзеге асырып, қайырымдылық жұмыстарын жалғастыра бермек.