«Ұстаз білімді, өмірге құштар, әділ, қажет десеңіз ержүрек болуы керек.»
«Ғылымды үйрену үшін адамның арының тазалығы қажет.»
«Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез- құлыққа байланысты.»
/Әбу Насыр Мұхаммед ибн Узлағ Тархан әл- Фараби ат- Турки.
870-950 ж.ж /
Әл- Фараби есімі дүние жүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан берік орын алады. Оның екі жүз қырыққа жуық трактат жазуы ғылыми мұрасының аса мол екендігін айғақтайды. Олар ғылымның алуан түрлі саласын- философия мен логиканы, математика мен физиканы, астраномия мен ботаниканы, минералогия мен лингвистиканы, медицина мен музыканы,социология мен педагогиканы, поэзия мен психологияны қамтиды. Данышпан ойшыл өз еңбектерінің көпшілігін ұстаздық тұрғыдан тәлім-тәрбиелік мақсатқа орайластырып жазған. Оның арифметика, геометрия, астраномия, музыка ғылымдарын педагогикалық, яғни тәрбиелік ғылымдар деген жүйеге жатқызуы, педагогика, методика мәселелері жөнінде еңбектер жазуы ұлық ұстаз екендігін анық байқатады.
Әл- Фараби еңбектерінде ұстаз бен шәкірттің ара қатынасы, бұл екеуінің педагогикалық- психологиялық қасиеттерінің қандай болуы керек екендігі жөнінде аз айтылмаған. Ұстаз өз шәкіртінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы аталған қасиеттер болуы шарт. «Философияны үйрену үшін алдын-ала нені білу керек?» деген еңбегінде ол былай деп көрсетеді: «Ұстаздық еткен адамның әдісі тым қатаң болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендіктен де болмасын. Егер тым қатты, үнемі ызғарлы болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егер де өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қаупі төнеді». «Ұстаз ескерер тағы бір жәйт,- дейді Әл-Фараби,-бұл шәкірттің мінез- құлқындағы жағымсыз мінезді, ұнамсыз қылықты болдыртпау, оның бойында жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру».Ұлық ұстаз осы тұста мінез тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Мінезділік- бақытты болудың басты шарттарының бірі. Кейбір адамдар қолдағы бақытынан оп-оңай айырылып қалады, кейде тіпті бақытсыздыққа ұшырайды. Оны мұндай күйге
түсіретін- сол адамның нашар мінезі. Сондықтан, жастардың жаны мен тәнін тәрбиелеуді бесігінен бастаған абзал, ал оқу орындарында бұған ерекше назар аудару қажет. Фарабидің ұғымында ізгі, қайырымды қаланың басшысы да, медресе имамы да жұрттың әрі ұстазы, әрі тәрбиешісі. Егер имам шәкірттерді оқытып- тәрбиелесе, қала басшысы барлық жұртты ізгі қасиеттерге баулиды.Олай болса, мұның екеуі де «сегіз қырлы, бір сырлы», халыққа қай жағынан да болса үлгі көрсететін, ақыл- парасаты басқалардан көш ілгері тұратын, өн бойында атап айтқанда төмендегідей сипат- қасиеттері болуы керек: 1) мүшелері мүлде мінсіз; 2) жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін; 3) өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын; 4) алғыр да аңғарымпаз; 5) өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан- анық бере алатын өнер білімге құштар; 6) тағамға, ішімдік ішуге, сыр- сұхбат құруға келгенде қанағатшыл; 7) жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын, жаратылысынан игі істерге ынтызар; 8) дирхем, динар атаулыға , жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарайтын; 9) әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін; 10) жақындарына, жат адамдарға да әділ; 11) пасықтық атаулыға мүлде рақымсыз; 12) қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек; Міне осындай тұла бойында туа біткен он екі, сондай-ақ өмір барысында жүре қалыптасатын алты қасиетке ие болған, бұларды бір-бірімен сәтті ұштастырған адам ғана нағыз ұстаз, жұртқа басшы бола алады деп дәлелдейді.
Қазіргі педагогика ғылымының негізгі ұғымдары: оқыту, білім беру, тәрбиелеуге алғаш нақты анықтама берген ұлық ұстаз Әл- Фараби болатын. Ол оқыту дегеніміз- үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру дейді. Ал, білім беру- ғылым теорияларын іске асыру деп тұжырымдайды. Тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру деп көрсетеді. Әл- Фараби тәрбие процесінде «қатты әдіс» пен «жұмсақ әдісті» ұштастыруды талап етеді. Бүгінгі тәрбие процесі тұрғысынан қарағанда «қатты әдіс» деп отырғаны жазалау да, «жұмсақ әдіс» деп отырғаны мадақтау болса керек. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін, қолдану жолдарын дәлелдеп кеткен дана ғалым.
Ғұлама дидактика, методика мәселелеріне де ерекше мән берген. Шәкірттердің білім меңгеруі, олардың жақсы әдет пен қажетті дағдыларға, икемділік пен шеберлікке машықтануы біртіндеп қалыптасатындығын ескерткен. Жасөспірім, жеткіншек үшін ұстаздың дұрыс бағыт беретін әсерлі де өнегелі сөздері аса қажет. Фараби ғылым-білімді, белгілі мамандықты өз қалауымен меңгеретіндерге сөзбен әсер етудің жеткілікті болатынын, ал оқуға
ықыласы төмен, қисық-қыңыр адамдарға зорлау принципін қолдану керектігін де айтады. Ол жаратылыстану ғылымдарын меңгеруге айрықша көңіл бөледі.
Әл- Фараби ғылым-білім үйренемін деген жас адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек мақсаты тек ақиқат пен шындық жолында ғана болуы тиіс дейді. Онда ғылымнан жәй ләззат іздеу, нәпсіқұмарлыққа ұқсас әрекет болмауы қажет. Адам көздеген мақсатқа жету үшін, оған жетудің тәсілін, жүрер жолын жақсы білуі шарт. Бір кәсіпке, не өнерге талпыну үшін адамға бәрінен бұрын табандылық керек. Сонда ғана ол білім саласында сындарлы пікір айта алатындай жағдайға ие болады. Ғылымды ұғу үшін үнемі сол ғылымның жолында болу қажет. Ғылымнан басқамен шұғылдануды азайту керек.Әрбір нәрсемен шұғылдана беретін істе тәртіпсіздік пайда болады. Дәл осындай пікірді арада мың жыл өткенде өзінің отыз екінші сөзінде хәкім Абай да айтқан. «Көңілің өзге нәрседе болса білім, ғылым қонбайды. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі…Ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек»,-деген болатын. Ал, Әл- Фараби: «Нағыз ғалым принципшіл, қулық-сұмдықпен, ұсақ-түйекпен, өсек-аяңмен ісі жоқ, жұртты алдап-арбауды білмейтін, басқаларға асқан ілтипатпен қарайтын, ерекше кішіпейіл болуы керек, білімділік оның өнегелі мінез-құлқымен ерекше безендіріліп тұрмаса болмайды»,- деп көрсетеді.
Данышпан ойшылдың оқу-білім, тәлім-тәрбие мәселелері жайлы айтқан пікірлері адам атаулыны гуманистік, ізгілік қасиеттерге баулу мәселесіне келіп тіреледі. Адам деген ардақты атты лайықты алып жүруден артық бақыттылық жоқ. Әлемдегі жаман мен жақсыны адамның ақылы ғана ажыратады. Адам алдымен ойлы, парасатты болуға, ақыл-ойының жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлуі қажет, парасаттылық адамға өзінен-өзі келмейді. Осы тұста, біз қазір ғылыми айналымда интеллект ұғымын жиі қолданамыз. Әл-Фараби интеллект сөзін парасатты, ойшыл адам деп түсіндіреді. «Интеллект адамның қасиеттері: 1) ойы мәнді; 2) ойы нақты; 3)біліктілігі жүре келе дарыған; 4) әрекетшіл, әмбебап адам»,- деп дәлелдеп береді. Демек, интеллектуалды ұлт,интеллектуалды адам,интеллектуалды мектеп болуы үшін жоғарыдағы 4 қасиет орындалуы керек.
Педагогикалық тұрғыдан Әл Фарабидің адамдар арасындағы достық, қастық қарым-қатынастар жөнінде айтқан пікірлері ерекше маңызды. Адамда достықтың екі түрі болады. Оның бірі- адал дос, екіншісі- айнымалы, алдамшы дос. Адал досқа үнемі зор ілтипатпен қарап, одан айырылып қалмау жағын көздеген дұрыс, достар бір-біріне жақсылық, өзара қамқорлық жасауы тиіс. Жақсы достың сенімін қастерлеп, ақтаған абзал. Достықтың екінші түрі-алдау-арбау негізінде құрылады.
Мұндай «досқа» адам өзінің құпиясын, мінез- құлқындағы кемшіліктерін айта берудің қажеті жоқ. Бір-біріне қас,жау адамдардың да екі түрі болады. Бірі- өшпенділігі мол, жаулығы басынан асқан адамдар да, екіншісі- көре алмаушылықтан жауығатындар. Фараби бұлардың біріншісінен ерекше сақ болуды, олардың ой-пікірін үнемі таразыға салып, қадағалап, біліп жүруді ескертеді. Ол осындай адамдардың арам ниетін біліп қана қоймай, тиісті жерінде аяусыз әшкерелеу қажет деген қорытындыға келеді. Ал, көре алмаушылық пен күндеуден жауласқан адамға байыпты қарым-қатынас жасалғаны дұрыс. Мұндай адамдардың көзінше көре алмаушылық пен күндеушіліктің себебін ашып, олардың көзін шындыққа жеткізу жағын ойластырған мақұл деп ескертеді.
Гуманист ғалым Әл Фараби тәрбиенің барлық мәселелерін логикамен, тәрбие мұратымен, білім алумен, үйренумен, үлгілі тәжірибемен, оқумен байланыстыра уағыздағанын білеміз. Ол өзі жазған «Ақыл мен түсінік» атты еңбегінде ақылдылық пен адамгершілік үлгілі тәрбиеге байланысты, оның негізі таза еңбекте, еңбек өз кезегінде- тәрбиенің негізінен туындайды деген болатын. «Бақытқа жету» атты еңбегіндегі жас ұрпақ тәрбиесі, жеке бала тәрбиесі, тіпті кейде жеке адам тәрбиесі, жастар тәрбиесі, жас жұбайлар тәрбиесі жайлы жан-жақты ұлағатты ұғымдары, тағылымды трактаттары, үлгілі-өнегелі сөздері халықтық педагогиканың қазынасына айналды. «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрену үшін не білу керек» деген еңбектерінде Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алады. Адамның ар тазалығы, оның жеке басының тазалығын, еңбек сүйгіштігі мен қызығушылығын бірінші орынға қояды. Осыдан келіп, мұның барлығын меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Орта Азия ғұламасы, Фарабидің шәкірті Әбу Әли Ибн Сина: «Фарабидің тәрбие тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбек сүйгіштік, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзіне пайда келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана, нағыз ел адамы бола алады деген өмірлік өсиет қалдырып кетті»,- деп көрсетті.
Ғалым Әл- Фараби денсаулықты сақтауда, ауруды жазуда айналаны қоршаған ортаның, дәрі-дәрмектің, тамақтың рөлі зор екенін айтады. «…Егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек. Егер тән ауырса, көңілдің күрт түсуі- табиғи құбылыс. Сондықтан, алдымен сазды әуеннің әсерімен көңілді сергітеді. Осының
арқасында дене біртіндеп сауыға бастайды». Сондай-ақ, дәрігердің білімі, тәжірибесі, түрлі дәріні, медициналық аспаптарды қолдана білуі де қажетті
шарт екенін атап көрсетеді. Оның пікірінше, адамның барлық органдары бір-бірімен өзара байланысып жататындығын білу- дәрігерлік емдеудің ең маңызды принципі болуға тиіс деп ескертеді.
Егер бүгінгі мемлекеттік қызметкер болашақ мемлекеттік қайраткер екендігін ескерсек, елге тұтқа болар қайраткердің бітім- болмысын ғұлама ғалым Әл- Фараби нақыл сөздермен нақтылап, дәлелдеп берген:
1. Денені емдеуші-дәрігер, ал жанды емдеуші- мемлекеттік қайраткер.
2. Мемлекет қайраткері- бүкіл өмірді емдейді.
3. Қайырымдылық, әдептілік мемлекет қайраткерінің басты қасиеті болу керек.
4. Ұстамдылық- әрбір қайраткердің негізгі қасиеті болуы қажет.
5. Игілікті әрекеттер арқылы қайырымдылық, қамқорлық жасаушы басшы ғана ұлы құрметке ие болады.Жақсы әкім басқару өнерін әрдайым қолдануға қабілетті.
6. Басшыда практикалық ақыл-парасат, пайымдағыштық, әдепті қайырымдылық, айқын пікір, тапқырлық, ойшылдық, іскерлік, зеректік, шешендік, қиялшылдық, т.б. игі қасиеттер болуы керек.
7. Нағыз әкімде: даналық, асқан пайымдағыштық, қалтқысыз сендіру қабілеті, өте жақсы қиялдау қабілеті, басшылық қабілеті, әділеттілік, батылдық қабілеті болу қажет.
8. Басшының ақиқаты, көкейтесті мақсаты болуы шарт.
9. Бейқамдылық- сәтсіздікке бастайды, сондықтан басшы бейқамдылыққа қарсы күресе білу керек. ( Әл Фарабидің «Әлеуметтік этикалық трактаттарынан»)
Осы бір ғибратты сөздерді қазіргі мемлекеттік қызметкердің «Ар-намыс Кодексіне» енгізсе, ұлтжанды азаматтардың қатары көбейген болар еді
Ұлы ғұламаның ұлық ұстаздығын, гуманист ғалымдығын, данышпан ойшылдығын дәлелдейтін мақаламыздың етек-жеңін жинақтайтын болсақ, Әбу Насыр Әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактаттарында» былай дейді: «Қайырымды қала тұрғындары мына сөздердің мәнін жақсы білу керек: Алла, періште, жұлдыз, жер-ана,сөз, тіл, адам, жан, қоғам, бақыт, надандық, әділдік, көнбістік және осы сөздерге
байланысты игі іс-әрекетке қайырымдылар батыл болуы қажет». Дана бабамыз көрсеткен қасиетті сөздер мен игілікті іс- әрекетті бойтұмардай ұстанатын болсақ, еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болатындығы шындық!!!
Айдар Рамазанұлы САБЫРОВ
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ақпанбек Г. Қазақтардың дүниетанымы. Алматы, Қазақ университеті,1989.
2.Әл- Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, «Ғылым» баспасы,1973
3.Әбиев Ж. Ә, Бабаев С .Б, Құдиярова А. М. Педагогика, Алматы «Дарын»,2004.
4.Жарықбаев Қ, Қалиев С. Қазақ тәлім- тәрбиесі, Алматы, «Санат» баспасы,2001
5. Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. «Қазақстан», 1979.
6.Нысанбаев Ә, Әбжанов Т. Ой. Ақыл. Адамгершілік. Алматы, «Білім», 1994.
7.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы, «Санат»,2001.