Әлемге тараған ақиқат
2018 жылдың 8-і Тамызында Ресей құрамындағы Оңтүстік Осетия халқы Грузия басқыншылығынан құтқарылды. Әрине, алып Ресейдің қуатты қарулы күштерінің арқасында. Аз қан төгілмеген осы жойқын соғыста көп ұлтты халықтардан тұратын Ресей армиясының құрамындағы он сегіз жасқа енді толып үлгерген талдай солқылдаған боздақтар Отан әмірін орындап ұлы ерліктер жасады, қыршын кеткендері қанша ма? Соғыстың аты, соғыс! Ешқандай рахымшылық күтуге келмейді.
Оңтүстік Осетияның азаттығы жолындағы шайқаста әлем жұртшылығының назарын аударған бір сәттік оқиғаның қаһарманы болған кім? Сол жылдары әлем кинотеатрларында Зака Снайдердің «ЗОО» деп аталатын картинасы үлкен қызығушылықпен жүріп жатты. Көрермен оның қаһарманын әлгі бір ерліктің иесі – жүрек жұтқан ұлдан іздеді.
Мәселенің тоқ етеріне көшсек: 58 армия құрамындағы орыс жауынгері, Оңтүстік Осетияға көмекке келгендердің бірі, бейбітшіліктің тұнығын лайлаушы басқыншыға қасқая қарсы тұрады. Саакашвилидің армиясы талқандалғаннан кейін, шегіністегі құрамалары қайта бас біріктіріп Гори қаласына кері оралу мақсатын ұстанады. Бірақ, жолай орыс армиясының блокбекеттеріне кезігеді.
Грузиндердің бүтіндей автомотоколоннасы тас жолмен жылжу сәтінде. Бір кезде олардың алдарында өздерін пулеметімен сығырая көздеген орыс жауынгері тұрады. Колонна лажсыз тоқтап, офицердің бірі: -жолды босат, алға жүруіміз керек, дейді. Естіген жауабы: «Идите на…» Грузин автомотоколоннасы құрамында оқиғаға әділ баға беруші шетелдік БАҚ өкілдері бар екен, пулеметімен өздерін нысанға алып тұрған орыс жауынгерін олар да сөзге тартып, жолды босатсаң қайтеді дегенді айтады. Әлгіндей жауап оларға да беріліп, «енді болмаса жандарыңды жаһаннамға жіберемін», дейді жауынгер сол сығырая көздеулі күйінде. Бір сағаттай уақытқа жалғасады сол текетеріс. «Қой, мына жүрек жұтқанның бетін қайтару мүмкін болмас» деп ойлаған сірә, Грузин офицерлері. Колонна басын кері бұрып, келген жағына қарай қайта шерулетеді, амалсыз. Шетелдік БАҚ өкілдері бұл сәтті айна қатесіз көшіріп, интернет арқылы күллі әлемге таратып жібереді. «Орыс армиясына 300 жауынгер емес, біреуі ақ жетеді» деген материалға сүйсінбеген жан жоқ. Миллиондаған блогерлер қаптап, «әр ұлан өз Отанын осындай табандылықпен қорғаса ғой» деген азаматтық азат үнге елікпеген кемде кем. Бұл жауынгер кім болды екен сұрағы зерделі саналарды жиі елеңдетті. БАҚ-ның соңғы жарияланымдары «бұл қазірде өмірде жоқ, бурят Бато Дашидоржиев» деп жатты. Ресейдің өзінің мерзімдік басылымдары да солай деп сендірді. «Үш жүз емес, бір ақ орыс жауынгері жеткілікті» деген мақтаныш әлем үстінде қырандай қалқыды. Тақырыптық форумдар мен интернет желісі Бато Дашидоржиев арнаулы бөлімде қызмет еткен, сондықтан өзін құпия көрсетпей ұстауда деген сәуегейлік айтты.
Моңғолия азаматы Чулунжав Аянга Ресей Президенті Путиннің атына буряттық жауынгер Батоны қайтыс болуына орай «Ресей Батыры» жоғары атағымен наградтауды өтініп хат жазды.
Құрметті Владимир Владимирович, әскери қызметін өтеу барысындағы қатардағы Бато Дашидоржиевтың ерлік ісіне назар аударуыңызды үлкен өтінішпен сұраймын. Ол жалғыз өзі ақ грузин мотопехота колоннасының одан әрі шиеленісті жалғастыруына ешқандай жол бермеді. Осы бір жанқиярлық ерлігімен жап – жас жауынгер сан жүздеген бейбіт тұрғындар мен екі жақтан бірдей шығынға ұшырағалы тұрған сарбаздардың өмірін сақтап қалды. Өз кезінде бұл факт әлемдік БАҚ-ы бетін шарлап, қарапайым жауынгеріңіздің өз Отанын қалай қорғай алатындығына анық та айқын дәлел болды. Орыстар жөніндегі қанатты фразаға айналған: «ЗОО-інің қажеті жоқ, жалғыз жауынгерінің өзі жетеді» сөзін мақтанышпен айтып, еліме, өзге де елдерге таратқанның бірі мен едім. Егер, әрбір саналы, биік рухты жауынгер бейбітшілікті қорғау жолында сіздің осы жауынгердей табандылықпен тапжылмай тұра алса, әлем үстіндегі қауіп –қатер біршама сейілген болар еді.
Оның ерлігі сөз жоқ «Ресей Батыры» жоғарғы атағына әбден лайық. Ол жазықсыз Осетия халқын қорғауда қаза болған Ресейдің қаһарман ұлы, шынайы перзенті. Қаза табуына байланысты Батыр атағын береді деп өзіңізге үлкен сенім артып отырмын. Рахмет және алдағы қызметіңізге жоғары табыстар тілеймін. Шындық сіздің жағыңызда. Өзіңізді құрметтеуші ағайын Моңғол елінің азаматы Чулунжав Аянга.
Міне, осыдан кейін ақ Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Алдар Дамдиновтың бастамасымен Бурятия елінде әлі белгісіз батыр жауынгерді іздестіру басталып кетті.
Сол жауынгер түсірілген роликті көрушілер саны миллондап көбейе түсті. Тіпті әскери коллекционерлер дүкендеріне пулеметімен жауын көздеп тұрған сол сарбаздың қола мүсіні жасалып қойылды. Оған Ресей Батырының Алтын жұлдызы лайық екенін айтқан үндеулердің ұзын шұбағы қалталы телефонға сыймай кетті десе де болады.
«Бұл жауынгер сонда не ойлады? Сол бір арпалысты сәтте қандай күйде болды? Бойын үрей билемеді дейсің бе? Оның да ұзақ та бақытты өмірдің иесі ретінде ұрпағын өсіріп, немерелерін иіскегісі келмеуі мөмкін емес?» Міне, шетелдік сан жүздеген блогерлерді ынтықтырған мәселе осы.
«Бұл роликті алғаш көргенімде жүрегім атқақтай соқты», — деп әңгімелейді Дамдинов. – Онда бұл буряттың біздің отандасымыз екені айтылады. Оны іздестіру жолында бүтіндей қозғалыс пайда болды, барлық сұрауларымызға келетін жауап:– бізде ондай адам жоқ. Өкінішке орай Бурятия еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Ревомир Гармаев бұл күнге жетпей кетті. Жас батырдың кім екенін анықтау жолында көп – көп еңбек сіңірді. Егер маған өзіме таныс Тасболат әлеуметтік желі арқылы шықпағанда, біз шынымен де тұйыққа тірелетін едік.
Міне қызықты қараңыз, шындығында «Бато тірі екен». Он бір жыл өткенде кадрда басқа – қазақстанның тумасы, Астрахандық Тасболат Ибрашев.
Оның әңгімесі сол бір соғыс өрті тұтанған күндерде нағыз отты нүктеде болғанын айғақтайды және басынан адам айтса нанғысыз жайларды кешкенін ұғындырып, тыңдаушысын таң –тамаша қалдырды»,-деді депутат Дамдинов. –Әрине, әңгіме бір басқа, да оны құжат жүзінде бекіту бір басқа ғой, әскери билетіне қарасаң дәл солай екендігіне көзің анық жетеді. 08.08.2018 жыл – 28.08.2018 жыл аралығында 23132 әскери бөлімнің құрамында Грузия мен Оңтүстік Осетия жеріндегі қақтығыстарға қатысқан.
Одан әрі Тасболат Ибрашевтың қандай өмір соқпағынан өткенін Дамдинов оның Facebookтегі парақшасы арқылы анықтап, нағыз құбылысқа кезіккендей болады.
«Жолды босат, біз өтеміз»
Тасболат Абатұлы Ибрашев 1984 жылдың 16 Қаңтарында Атырау облысының, Исатай ауданының Аққыстау ауылында туған. Әңгіменің турасына көшсек әкесі Абат пен анасы Сапураның дәм-тұздары жараспай ажырасып тынады да, 1986 жылы анасымен бірге нағашыларын сағалап Астрахань қаласына қоныс аударады. Әскери борышын Солтүстік Осетия-Аланияда шекарашылар бөлімінде, біраздан соң келісім шарт бойынша Шешенстанның, Шали қаласында 42-і Гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы құрамында, 70-і Гвардиялық мотоатқыштар полкінде өткізеді.
«Бізді дабыл бойынша оятты. Командир Грузияға барамыз деп айтты. Онда соғыс жүріп жатыр, бейбітшілікті жақтаушы елге көмектесу міндетіміз, деді. Біз сол күні кеште жолға шықтық. Түні бойы жүріп отырдық. Таң алдында ғажайыптары қирандыға айналған Цхинвалиға жеттік. Қарсыластардың жасырын күші бар ма, соны анықтау жөнінде тапсырма алып, бұл міндетті бұлжытпай орындап шықтық. Одан әрі бізді Грузияның Гори қаласының шыға берісіне блокпостыға қойды, алдында айтқан оқиға орын алғанға дейін екі тәулікті сол жерде өткіздік» дейді Тасболат Ибрашев сол өткен күндер жайлы күрсіністі ойға беріле.
«Бізге полковник Штонденко Юрий Владимирович келіп командирімізден тәуір пулеметші көмекшісімен және атқышты қоса беруін талап етті», дейді одан әрі Тасболат Ибрашев.
«Баратындар қатарына ілігіп таблетка УАЗ-452 автокөлігімен Грузия жолымен жүріп біз келгенше, олардың автомотоколоннасы да жақындап қалған. Полковник Штонденко маған қаратып:–Колоннаны бізге қарай өткізбей, ақырына дейін ұстап тұрасың, деп бұйық берді.
-Мен оларды ұстап тұра алмасам ше,
жалғыз өзім не істей аламын?
-Бұл бұйрық.
-Құп болады. Мен солай бұйрықты орындауға кірістім. Артымда екі жауынгердің жерде жатып, қарсыластарды нысанаға алғанын білгенім жоқ. Мен ондаған грузин арнаулы жасағының (спецназ) жауынгерлеріне қарама-қарсы оларды көздеп тұрдым, шамамен 40 минуттан аса мерзім. Қимылдаса шүріппе басатын едім, өйткені бұл маған берілген бұйрық.
«Жолдан кет, біз қалайда өтеміз» деген қарсыластарға қаймықпай тұрып: «кетсеңдер кетіңдер «анаған», жайратып салмай тұрғанымда» дегенімде өзіміздің полковник: «Енді жерге жатып қарауылда, деп бұйрық берді. Сірә, сағатқа жуық пулемет көтерудің, әрі көз айырмай көздеп тұрудың қандайлығын түсінгені.
Әріректе терек жамылып тұрған журналистер тобы маған жақындап келіп, «не үшін басыңды бәйгеге тігіп тұрсың» деген сынды сұрақтарын қойып жатты. Жастық ғой, қорқу деген ойыма кіріп те шықпайды. «Бұйрық. Ол бұлжымай орындалуы керек. Отан үшін әрине», деп қоямын еш саспастан. «Жалғыз пулеметші мені өлтіруі мүмкін, мен де жастығымды ала кетермін» деп сіресемін іштей. Бір тәуірі анам мұнда екенімді білмейді. Осыдан екі күн бұрын сөйлескенімде сол бұрынғыша Шешенстанда дей салғанмын, Грузияға баратынымды бүгіп қалғаным қандай жақсы болған!»
Грузин жасағы енді не істеу керектігін ақылдасып шешкенінше Тасболаттың артынан өңешін алға созып екі бірдей танк Т-72, Т-62,-нің «Урал оқ ату көлігінің келіп үлгергенін қаһарман жауынгер сезген де емес, жалғыз болсам да жауыма берілмеспін деген ойдан арылған жоқ ол. Әп, бәлем деп көздеп тұрды қарсы жақты. Тасболат қорықпасыншы деп айтпаса да, анасы мен екі апасы оның жауына қасқая қарсы қарап тұрғанын Ресейдің Орталық телехабары қайтасын-қайта көрсетіп жатқанда, бәрібір біліп қойды.
Оңтүстік Осетияның Батыры
Армия қатарынан оралғанына біраз жылдар өткенде ол «Сыныптастар» әлеуметтік желісінен сол отты күндердегі өзіне қатысты видеосюжетті көреді де таң-тамаша қалады. «Мәңгі жадымыздасың» деген тақырыбы қандай? «Неге мені өлдіге санаған, неге Бато деп атаған?» Аталған видеосюжеттегі мен және тірі екенімді айтып комментарийлер жаза бастадым, бірақ ешкімді сендіре алмаймын, дейді Тасболат.
Шынымен де қайта Тасболаттың өзін «сен біреудің ерлігін өзіңе таңып, батыр болғың келетін сұмпайы екенсің» деп кінәлай бастайды. Ал, жұбайы бұл оқиғаның куәгері сен екеніңді қалайда дәлелде дейді. Көзі тірі қаруластары да «біз кепіл боламыз дәлелдеп тын», деп кеңес береді. Тасболат болса, «шанасыңдар ма, шанбайсыңдар ма, шаруаларың білсін, әбден шаршадым» деп қолды бір ақ сілтейді.
Дегенмен Тасболатқа бұл ой тыным бермейді. «Неге жұрт қайдағы бір Бато Дашидоржиевты мұның орнына таңдаған? Біздің полкта бірде-бір бурят ұлтынан сарбаз болған емес еді ғой…»
Армия қатарынан оралған соң Ибрашев Астрахань қаласына тұрақтап қалады. Бертін келе жұбайы Динараны, екі қызы Медина мен Милананы алып Мәскеу маңына қоныс аударып, көне қала Дмитревода өмір сүруде.
Бір күні Тасболатқа Бурятиядан еркін күрес тренері Семён Атанов телефон шалып, оны Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Алдар Дамдиновтың іздеп жүргендігін жеткізеді. Сөйтіп депутат екеуі Мәскеуде кездеседі. «Мен оған айрықша алғыс айтамын, менің мен екенімді дәлелдеп, маған шанғаны үшін» дейді Тасболат.
Ол аяқ астынан БАҚ өкілдерінің өзіне құлай қалғанына, бірінен соң бірінің сұхбатқа шақырғанына таң-тамаша қалады. «Мұның бәрі мен күтпеген, үйреніспеген жағдай» деуі содан шығар.
2019 жылдың Желтоқсан айында ол Цхинвалиге, ондағы баспасөз орталығы Spitniikke шақырылады. Сол жолы ол «За службу на страже мира в Южной Осетий» мемлекеттік медалімен марапатталады. Бұл жарлыққа ел Президенті Анатолий Бибиловтың өзі қол қойған.
-Бұл оқиға өз батырларын қолдайтын қалың жұрттың назарынан қағыс қалуы тиіс емес. 2008 жылғы сол қанды күндерде Оңтүстік Осетияның тағдырына араша тұрғандар мәңгілік құрметімізде. Бұл тұрғыдан алғанда бүтіндей грузин колоннасының алдына қасқая қарсы қарап тұрып, ары қарай өткізбеген Тасболат Ибрашевті батырымыз деп ардақ тұтамыз,-дейді Оңтүстік Осетия мемлекетінің басшысы Эрик Пухаев.
Айтқандай жас ардагерді Оңтүстік Осетия алақанға салып ардақтады. Ол жөнінде газеттері жарыса жазып, деректі фильм түсірілді. Телеэкраннан батыр қазақтың бейнесі бірнеше күн бойы түспей тұрды. Өзі болған жерлерді аралап көрді. Сол грузин колоннасын қарсы алған тұс, қазақша айтсақ көзіне оттай ұшырады. Университеті қандай! Театры да дым болмағандай асқақ бейнесімен аспандайды. Мұндағы тас қабатты жол тақтайдай тегіс.
Соғыс қаһарманы Тбет ауылындағы «Өртенген жандар» музейіне бас сұқты. Өткен сол Тамыз оқиғасының куәсіндей естеліктермен қауышты. Қайтыс болған ОМОН жауынгерлерінің ескерткішіне тәу етті. Ұрыс сәтінде көз жұмған командирі Денис Ветчиновтың кеуде мүсініне гүл шоқтарын қойып көңілі босады.
-Иә, Денис Ветчинов менің сүйікті командирім болды. Өз міндетін адалдықпен атқарды, сарбаздарға ағалық мейірімін төкті, алаламады. Майор Денис екеуіміз Шешенстанда танысқанбыз, онда ол «Зам.полит» лауазымында болатын. Ол 2008 жылдың 9 Тамызында 58-і Армия құрамындағы шабуылдаушы топ ұрысқа түскенде Ресей журналистері мен қоршаудағы жауынгерлерді құтқарамын деп өз өмірін құрбан етті. Өзгелердің бақыты үшін өз еркімен ажал құшты, әрине ерлік өлім!
Жақында Астрахань қаласында Тасболат Ибрашевпен кездесу өткізіліп, оның кеудесіне «За родной доблесть» медальі тағылды. –Мен мақтанды сүймеймін. Батыр дегенге де келісе бермеймін, бар болғаны бұйрықты ғана орындадым, сосын мені, мен деп танығандарына ғана ризамын,-дейді ол кездесулерде.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Алдар Дамдинов:-Оның есімі Тасболат, бізше «Каменный меч» деп аударған дұрыс. Бұл қазақ деген ата-бабасынан бері қарай батыр халық. Қазақтар 1941 жылы Мәскеуді жауға бермей қорғап қалды. Волоколамск тас жолында генерал Панфиловтың дивиясы құрамында күші әлдеқайда басым жауды бір қадам алға бастырмай, арыстанша арпалысты. Бауыржан Момышұлы теңдессіз батыр командир. Бауырлас халықтардан тұратын Армия Рейхстагтың үстіне Жеңіс Туын тіккенде қазақ жауынгерлерінің үлесі мол болғанын тарих жоққа шығара алмайды. Демек, Тасболат Ресейдің ғана емес, қазақ деген халықтың да батыры.
Осетия журналисткасы телехабарының аяғында:-Тасболат және басқа орыс жауынгерлерінің және өз қаһармандарымыздың арқасында 2008 жылы болған Тамыз соғысында жеңіске жеттік. Біз тек солай ғана бүгінгі Тәуелсіз еркін елде-Оңтүстік Осетия республикасында өмір сүріп жатырмыз. Осыны біз әрқашанда есте ұстап, тарих жадынан мәңгілікке өшірмеуге тиіспіз.
Сөз соңы немес Тасболат ұшқан ұя
Тасболат Ресейде қанша ма ардақтала тұрса да өз орманына қарап ұлитын бөрінің бөлтірігі. Әкесі Кәримолла Ибрашев Қоңыр бөрік Алашаның азаматы. Ұзақ жылдар Құрманғазы ауданының Құрманғазы атындағы кеңшарында маңдай алды автокөлік жүргізушісі болса, оның жұбайы Нұрсила мектепте еден жуушы болып істесе де еңсесін түсірмеген, ісі берекелі, әр күні мерекелі жан екен. Марқұмдардың артында Марат, Абат, Мәрия, Рашида, Талғат, Болат, Құрманбай, Сәния сынды бір-бір түтінді түзу ұшырған, ұрпақ жалғастырған, бір-бір кәсіптің иелері жарқын жандар қалған. Осыларының ішінде Маратының ғана кірпігі ерте ілінсе, өзгелерінің шаңырақтары гүлдей қаулап өсуде.
Ұрпақтардың баршасы дерлік бұрынғы Қызылоба, қазіргі Ғизат Әліпов батыр ауылында, әрине, ата-ана қолында сол кездегі Жасқайрат, қазіргі Жұмекен негізгі мектебінде оқып, білім алған.
Батыр жерлесіміз Тасболат Ибрашевтың адам-асыл болуына есімі құрманғазылықтарға жақсы таныс от ауызды, орақ тілді белгілі мемлекеттік қызметкер Құрманбай Ибрашевтың ықпалы мол болыпты. Бұл жайлы ұялы байланыс арқылы осы баянымыздың кейіпкерінен сұрағанымызда:-Құрманбай ағамыз әкемнің туған інісі бізді, мені және алдымдағы екі апам Әлия мен Әселді бағып, қағып өсірісті. Аққыстау ауылында тұрғанымызда ата-анамыз ылғи жұмыста болды. Құрманбай аға біз үшін Қызылобасын тастап, біздің үйге жатып оқыды. «Өтірік айтсаң, шындықтан жалтарсаң, біреуге жамандық ойласаң, сол бойда құлағыңды жұлам» дейтін сотқарлау маған ылғи. Аға тәлімі адамдық арлы жолға бастады.
Құрманбай Ибрашевтың өзі де:-Алтыншы сыныпты бітірген соң үлкендердің ұйғарымына сай 7-ден бастап 11 сыныпты бітіргенше Аққыстауда болдым, сонда оқыдым. Ағам да жеңгем де жұмыста, түсте сабаққа барсам, түсқайта әлгі үшеуін бағып, қағамын, дейді.
Тасболат Ибрашевтың өмірі құрманғазылықтармен тығыз байланысты. Себебі ол 1999-2001 жылдары 9,10 сыныптарды осы ауданның М.Әуезов атындағы орта мектебінде оқып, үлкен өмірге қанат қаққан. Сынып жетекшісі Саутина Ирина Владимировна екен. Мұндағы бозбала достары қазір өзіндей болып есейген.
-Құрманбай ағамның жұбайы ауданның белгілі ұстазы Венера Сату қызы Хайдарова жаны асыл адам. Жеңге болып желіктірмеді, анамдай қамқорлап аялады. Ақ дәмін балаларынан бұрын менің аузыма тосты. Өмір бақи ардақтап өтемін. Ағалығы әкелік мейірімге ұласқан Құрманбай ағамның бар болмысы шындықтан тұрады екен, осы күнде ойлап отырсам. Шындық-адамзат атаулыны адастырмас нағыз биіктегі бағдаршам. Бойыма осы бір асыл қасиетті дарыта алғаны үшін ағамның алдына басымды иемін,-дейді Тасболат бауырымыз желідегі әңгімеміз үзілмей тұрғанда.
Анасы Сапура өзінің туған мекені Астрахань облысының, Красный яр ауданының Қараөзек ауылында немере-жиендерімен тұрып жатыр. Ал, әкесі Абат бұл күндері Атырауда, Мырзабек ұлы мен Гаухар келінінің қолында. Тағдырдың маңдайға жазуы солай деп, біз де батыр бауырымыздың ата-анасы жайлы шындықты іркіп қала алмадық.
Басыңа сын түскенде ез болып қалмай, ер болып тұра білгенге не жетсін! Тасболаттың бозбала шақтағы сол бір ерлігі бұл күндері әлемге аян. Қазақ ұлына күллі әлем рухтана сілкінді. Әбден мойындалды. Мәскеуден бастап Ресейдің бірнеше қалаларында, оның ішінде Оңтүстік Осетияда мұнайлы астана-Атырауда да бірнеше кездесулер өтуде. Тарих қойнауы оның ерлігіне амалсыз ығысып орын берді. Алда әлі қанша ма жүздесулер тұр? Ескірмейді деп жүрген махаббат та ескірер, бірақ ерлік ескірмейтініне, қашанда жарқырап жұлдызды аспан төріне шығарына сіз бен біздің бүгінгі өміріміз куә. Ресейде танылуына Тасболаттың кінәсі жоқ, тағдыр жазуы. Ең бастысы ол адамзат баласының алаңсыз өмірі үшін өз жанын құрбан етуге дайын болды. Қазақ деген халықтың бүгінгі ұрпағы қандай екендігін айдай әлемге паш етті. Бабалар рухы үзілмейтіндігінің биік көрінісі осы демекпіз. Біздің қолымызға асығыс қалам ұстатқан да осы бір құдірет. Мөмкін, құрманғазылықтар да батыр Тасболатын бір көруге уақыт пен мейірім табар деген үміт үкілейді. Ұрпағың ылғи да абыройдың биік тұғырынан табылғай, асыл жұртым!
Таңатар Дәрелұлы