Тарихын білмеген халық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айналады, деп бекер айтылмаған. Сондықтан, «Біз шала халықтың емес, дана халықтың ұрпағымыз» деген сөзді ұлттық ұранға айналдыру қажет.
Халықты ояту үшін, тарихты ояту керек. Біздің бай тарихымыз бар. Ұлы дала Әбу Насыр Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай хан, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Әрине, тарихты қолдан жасауға болмайды. Бірақ бар тарихқа байыппен қарап, кезінде түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет. Сонда ғана ұрпақ алдындағы парызымыз өтеле түспек.
Осы орайда, қазақтың саф алтындай табиғи мінез-құлқын, тым тереңнен толғайтын телегей білімділігін бойына сіңіріп өскен, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғатын, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткен, көсемсөз бен көркемсөздің тізгінін тең ұстап, жемісті еңбек етіп жүрген жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы өзінің қайталанбас суреткерлік келбетімен ұлттық көркем ойымыздың көкжиегін кеңейтуге күш-жігерін барынша жұмсап келеді. Ол жиырмаға тарта прозалық және драматургиялық шығармалардың авторы, оның пьесалары еліміздің бас шаһарында, облыс орталықтарында қойылуда.
Ағымдағы жылғы 23-қазанда Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында маған ҚР Мәдениет қайраткері Сабыралы Байғазыұлы Кемелбай тегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуғазыұлы Қасенов, Еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова сынды ұлттың санасын өсіріп, рухын шыңдап жүрген азаматтармен және өзге де тілеулес жандармен бірге Жолтай мырзаның «Ғұлама – ғұмыр» атты тарихи драмасын тамашалаудың сәті түсті. Бұл пьесаның, сондай-ақ мұның сәл алдында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында сахналанған «Аққан жұлдыз құласа…» тарихи драманың Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай автордың тарапынан сый-тарту ретінде ұсынылғанын атап өткен жөн.
Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, қарағандылық режиссер Қуандық Қасымовтың қойылымындағы «Ғұлама – ғұмыр» пьесасы 900-950 жылдары Бағдад, Алеппо және Шам қалаларында ғылыми ізденістерге ден қойған ұлы ойшылға қатысты оқиғаларды қамтиды, философ-ғалымның талайлы тағдырынан хабар береді, көрерменді ұтымды сахналық шегіністер арқылы ұлы ұстаздың туған жері – Отырар шаһарындағы өміріндегі әсерлі сәттерімен қауыштырады. Режиссерлық тың шешімдерге де орын табылыпты. Әрине, пьеса авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы «Әбу Насыр өте күрделі тұлға ғой, айта алғанымыз тоғыз, айтпағанымыз тоқсан тоғыз…» деп айтқанындай, бір сағат 20 минуттық премьера барысында Әбу Насыр Әл-Фараби табиғатын толық көрсету мүмкін болмағаны анық. Ендеше, алда фәйләсуф бабамыздың алтын сандығын айқара ашып, жер-жиһанға ұлттық жауһарларымызды паш ету міндеті тұр.
Кенжеболат Жолдыбай
Нұр-Сұлтан қаласы