Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі
Республиканың білімі мен ғылымына Өзіңіз басшы болып келгелі бері бұл салаларда халық тарапынан жаппай қолдау тауып отырған ірілі-ұсақты игі өзгерістер бой көрсетуде. Басқасын айтпағанның өзінде екі өзгеріс – бүлдіршіндерге «Әліппеміздің» қайтып оралуы мен «Мұғалім» деп аталатын бәс жетпес мамандық иелерінің биік мәртебесін қалпына келтіруге бірден бір алғышарт рөлін атқаратын олардың еңбекақысының айтарлықтай артуы – осы айтқанымыздың дәлелі. Осы бастамалардың, білім мен ғылымдағы өзге де игі өзгерістердің іс-тәжрибеге енгізіле бастауы жаппай материалдық байлыққа ғана құлшынған қоғам жағдайында әбден тұралап қалған рухани дүниемізді қайтадан жаңғырту ісінде Өзіңіз сияқты көкірегінде иманы сақталып қалған жекелеген сала басшысы да тым тәуір істер атқара алатындығының дәлелі деп есептеймін. Бастамаларыңыздың жақсы жалғасын табуы көпшіліктің Өзіңізге деген үмітін еселей арттырып отыр, сондықтан олар Сіздің адал нинетіңіз бен лауазымдық пәрменіңіз әлі де болса талай-талай игі істерді жүзеге асыруға толығымен жетеді деп үміттенеді. Осыған орай, республикамыздың білімі мен ғылымы саласында көптен бері халық көкейінде жүрген кейбір келеңсіздіктерге қысқаша тоқталып, солардың оң шешімін табу ісіне өзіндік септігі тиуі мүмкін-ау деген кейбір мәселелер хақында ой бөліскенді жөн көрдім. Ғылым мен білім салалары бойынша ондаған жыл еңбек өтілі бар (Академиялық ғылымда – 25 жыл, ЖОО-да ұстаздық қызметте – 26 жыл), өмірден азды-көпті жиғаны мен тергені баршылық ақсақал ретінде Өзіңізбен ой бөлісіп, азын-аулақ дәрежеде кеңес айтудың ешбір сөкеттігі жоқ деп есептедім. Артықтау кетсем, алдын ала кешірім өтінемін.