…Найзағай күміс қайшыдай жалт-жұлт етіп қазбауыр бұлттарды қиғылап жатты.Менің де осы сәттегі көңіл күйім осыған ұқсас еді.Сондықтан да табиғатты жан дүниеммен құшақтап тұрдым. Р.Отарбаев
Әлде табиғат -анамыздың адамзат баласына зар -наласының белгісі ме, әлде Жасаған Иеміздің жер бетіндегі жұмыр басты пенделерге көрсеткен қаһары ма,әйтеуір биылғы жылы әлем нөсер жауын мен су тасқынынан ,алапат орман өрттері мен жер сілкінулерден , дауылдардан мен дабылдардан көз ашпағаны ақиқат. Жер шарын аждаһадай жалмап келе жатқан пандемия аз болғандай.Табиғат апаттарына ,әртүрлі зілзалаларға сөзіміз жоқ.Оларды Құдіреттің өзі тоқтатпаса ,адамзат баласының күші келе қоймас.Ал мына қолдан жасалып,әлдекімнің пайдакүнемдігінен ,әлдебіреудің жауапсыздығынан,бағы біреулердің арам пиғылынан болып жатқан жарылыстардың тоқтайтын күні бола ма?! Онсыз да қазақтың қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көрген тауқымет, соры аз ба еді !? Бір қарағанда бұдан екі жыл бұрынғы Арыстағы алапат жарылыстың Тараздағы жарылыс бір тізбектегі кезінде от тимей қалған екінші сатысы секілді…Көкейде мұндайда сұрақ көп.Қоймадағы қару-жарақ өздігінен жарылуы мүмкін бе ?Мұндай қоймаларға жақындаудың өзіне арнайы рұқсат керек емес пе?Арыстағы жарылыстың кінәлілері ,шын мәніндегі қылмыскерлер табылып , жазаланды ма? Бұл сұрақтар ашық күйінде қалатын шығар?…..Арыстағы алапат жарылыстан көз жасымыз құрғамай жатып Тараздағы тағы бір ойранға тап болдық.Ойран емей немене !?Айдың, күннің аманында он бес арыстай азаматтан айрылдық.Аурухана төсектерінде қаншама жаралылар өмір мен өлім ортасында арпалысты.Бұ жолғы жарылыстың да қасақана жасалған қастандық екені қарапайым кісіге де анық білінбей ме?Сонда қоймадағы жарылуға тиісті емес тротилдер неден жарылды?(Жауабын берер жан бар ма?)Өрт сөндірушілер жарылыстың болатынын білмегеннен өрт сөндіруге кірісті емес пе ?Әлде олар білмейтін де қойма да өзге жарылғыш заттар болған ба?Қалай деген де екі жарылыстың да (Арыстағы ,Тараздағы )қастандық әрекет екеніне көп ақылдың керегі жоқ.Егер осы қалалардағы әскери бөлім қолбасшылары жарылғыш заттар ,жарылғыш қарулар есебін жасырған болса ,бұл да қастандық емес пе!?Әскери сала қоғамнан жырақтау ,оқшаулау,»жабық есігі «көп болар…Қарағанды облысының» Абай» шахтасындағы араға бірер жыл салып ,күні кеше ғана тағы да болған өндіріс обьектісіндегі жарылыстың себеп -салдарын кімнен көреміз ?Алты шахтеріміз ,арыстай азаматтар таңертең үйінен сап-сау кетіп, қайта оралмай қалды. Не деген өкініш !Не деген қасірет!Үкімет қара жамылған отбастарына қамқорлық жасамақ ,балалар өсіп жетілгенше әлденеше миллион теңге қаржылай қолдамақ.Бірақ бұлардың ешқайысысы адамның орнын толтыра алмас. .Кінәлілер, жауапты басшылар кім де болса,қоғам,жұртшылық,Ар алдында ,заң алдында жауап берсін.Ақиқат айтылмай қалмаса екен. Бір нәрсе анық:Егер ақиқат айтылмаса ,мұндай қасірет айлар, жылдар аралатып тағы да қайталануы әбден мүмкін .»Жаман айтпай,жақсы жоқ»…
Амантай Бақыт Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі