Биыл Исатай Тайманұлының 230 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Әсіресе Исатай батырдың 230 жылдығына орай Атырау, Ақтөбе облыстарында соның ішінде Исатай, Қобда аудандарында Атырау қаласында ғылыми-әдістемелік конференциялар, ақындар айтыстары өткізіліп, батырға арнап «Көсем», «Асқақ рух» атты кітаптар шығарылды.Шейітсайдағы Исатай Тайманұлы  кесенесі кешенге айналдырылды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың ұйымдастыруымен Исатай батыр кесенесінің айналасына көтерілісте ерекше белсенділік көрсеткен 8 батырға стелла тұрғызылып, кесененің айналасына ағаштар отырғызылды.

   Жұртшылыққа белгілі қазіргі Атырау облысында дүниеге келген, 1836-1838 жылдарда Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған халық-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы 1838 жылғы 12 шілдеде Ақбұлақ өзені жағасында болған шайқаста қаза тапты.Батырдың және оның баласы Оспанның денелері Шейітсай деген жерге жерленген. Сол Шейітсай, қазіргі Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағында.

    Осы жерде бір атап өтетін жай — 100 жылдан асса да гурьевтіктер батыр Исатай Тайманұлының зиратының қай  жерде екендігін білмеген. Тек гурьевтік артист Хаттар Дүйсемәлиев қана батырдың зиратын тауып, осы белгісіздікке нүкте қойған.

     Енді Хаттар Дүйсемәлиев деген кім? – деген сұраққа жауап берейік. Ол  1926 жылы 14 тамызда бүгінгі Құрманғазы ауданына қарасты. Мақаш ауылдық округінде (Ботақан ауылдың кеңесі А.Ш.) дүниеге келген. Ауылда 7 жылдақ білім алған. 1945 – 1954 жылдарда Теңіз колхоз-совхоз театрында артист, театр режиссеры қызметтерін атқарған. 50- жылдардың екінші жартысында облыстық мәдениет бөліміне жұмысқа шақырылып, жеке әнші ретінде көрермендер алдында өнер көрсеткен. 1959 жылы автоклуб менгерушісі, ал 1966 жылдан бастап Гурьев облысының филармониясына артист- вокалист  қызметіне орналасады. 70 жылдары ол «Казақконцертте», Гурьев облыстың кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы  жанындағы мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған. Әнші 1986 жылы 6 наурызда дүниеден өткен.  

     Енді Х.Дүйсемәлиев Исатай батырдың зиратын қалай тапты? деген мәселе төңірегінде сөз қозғайық. 1959-1966 жылдары Хаттар ағамыз облыстық мәдениет басқармасына қарасты автоклуб менгерушісі болып қызмет жасады. Міне осы кезде ол басқарған автоклуб артистері Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс, оңтүстік өңірлерін аралап, соның ішінде Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Орынбор облыстарындағы қазақтарға концерттер қойды. Осындай іс-сапармен 1962 жылы Ақтөбе облысының  Қобда ауданына барады. Сол кезде ауданның жергілікті тұрғындары Х.Дүйсемәлиевке «Шейітсай» қорымында сіздің елдің батыры Исатай Тайманов жерленген дейді. Осыдан кейін, автоклуб мүшелері Исатай батыр мен оның баласы Оспан жерленген жерді барып көреді. Гурьевке қайтып келгеннен кейін Хаттар облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1962 жылғы 9 желтоқсан күнгі соңында «Исатай бейітті табылды» деген үлкен мақала жариялайды. Сол мақаладан мынадай жолдарды оқуға болады. «Жуырда біз жергілікті орындардардың нұсқауымен қасымызға осы аймақтың көпті көрген кәріқұлақ қарттарынан бір топ адамды ілестіріп, Исатайдың моласын іздеуге шықтық. Жалпы бағдармен  біз Қобда ауданы, Жайсан совхозының №8 фермасына келіп, жөн сұрасқанымызда, 3 жасында жетім қалып, орыс азаматының қолында тәрбиеленген Скарбов Әнес Қайыпұлы деген жігіт Исатай туралы бұрын осы жердің қарттарынан қызықты әңгімелер естігенін айтып, сол қарттарға жұмсады. Кейін мола табылған жерден 9 км қашықтықтағы Жарсай деген жерде тұратын Мұқанов Құбаш, Әленов Сағынғали, Келбетов Ғабдісалам деген қариялар бізге көп көмек берді.

     67 жастағы Мұқанов Құбаш мынадай әңгіме айтады: «Бұл жерде терең сайлар өте көп. Бәрі де Қиыл өзеніне құяды. Бір терең сайды Шейітсай деп атаған….. «Шейітсай» аталуы – Исатай мен оның достары халық мүддесі жолында қаза тапқандықтан шәйіт өлген адамдар деп қойылған көрінеді»

     Қарт (Мұқанов Құбаш — А.Ш.) содан кейін Исатай өлді деген жерді, моланы көрсетеді. Шейітсайдан оңтүстікке қарай 15-20 метр жазықтықта 3 мола қатар жатад, бір мола олардан 1-1,5 м кейініректе. Ертеде Оңғарбай Сіңіртасов деген адам көзі тірісінде бір ақтас қойған екен. Ол қазір үгіліп біткен. Осылайша, Қобда ауданы аумағынан Исатай Тайманұлының зираты табылады. Оның басына «Бұл жерде 1838 жылы 12 июльде батыр Исатай Тайманұлы қаза тапты» деген жазуы бар кішкентай қалақша тақтай қағылады. Хаттар өз мақаласын мынадай жолдармен аяқтайды. «Енді осы жерге батырға арнап ескерткіш орнатуды, сол жерде жаңа ұйымдаспақшы 2 совхоздың бірін Исатай» атымен атауды ойластырса, халық батырына деген ел ықыласының куәсі болып шығар еді деп ойлаймыз» Көп кешікпей Хаттардың бұл пікірі жүзеге асып, осы аумақта Исатай ауданы құрылды.

      Исатай Тайманұлының 200 жылдығына орай батыр мен оның баласы Оспан жерленген жерге ескерткіш тас қойылады. Сонымен бірге батыр бабаның қаза тапқанына 175 жыл толуы кезінде сол кездегі Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың үлкен ұйымдастырушылық қызметі арқасында 2014 ж. Шейітсайда қазақ батырына биіктігі 11,5 м кесене тұрғызылса, 2021ж Исатай Тайманұлының 230 жылдығына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Ожаевтың идеясымен Шейітсайдағы батыр кесенесі кешенге айналдырылды.

     Сөйтіп, кезінде Атыраулық Х.Дүйсемәлиев тұңғыш тапқан тек Атырауға ғана емес, бүкіл қазақ еліне ортақ қаһарман Исатай Тайманұлына деген ел құрметі осылайша іс жүзіне асты.

       Сөз соңында 1836-1838 жылдардағы Бөкей ордасы мен Кіші жүздің Батыс бөлігінде болған халық-азаттық көтерілістің көсемі батыр Исатай Тайманұлының зиратын алғаш тауып, Халыққа жариялаған атыраулық патриот өнер қайраткері Хаттар Дүйсемәлиевтің есімін есте қалдыру мәселесін де ойластырған артық болмайды деген пікір білдіргіміз келеді.

Шамғонов Амангелді

ҚР — ның үздік өлкетанушысы

Исатайтанушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *