Жақында жер аяғы қияндағы Тумаға сапар шектік. Қашық демесеңіз,иттің басына іркіт төгілген ырыздығы мол өңір болғанын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. О жақта да Тәуелсіздіктің отыз жылдығынолжалы қарсы алып, қойны-қонышы қуанышқа толы жұрт бар.Жылқы көбейсе,жұт бола ма?Бір кездері осы өңірді өрге сүйреген Сағидолла Құбашевтай қоғам қайраткерлері атпен жеткен қиырға бүгіндері көлікпен әрең жететіндейміз. Даму жылдамдығына шүбә келтірмегенмен кейде еріншектігіміздің де етектен тартатыны жасырын емес-ау осы. Өйткені, қыр жақты айтса зар жылап қоя беретініміз бар ғой.Ал азығы керек-ақ.Біз жортқан мезгіл құстар жылы жаққа қайтып жатқан күрең күздің соңғы айы еді. Жебедей сап түзеген Аққу сұңқылдап, қаз қаңқылдап, үйрек барқылдап туған жерді әнге бөлеп, сағыныш сазын айтып бара жатқандай бір қимастықты сезесің.-«Құс жоғары ұшса, қыс төменде болады, жерге жақын ұшса, жоғарыда болады» деуші еді баяғының қарттары,- деді сонау Сүйіндіктің сүйікті перзенті, Өрлік ауылдық округінің әкімі Серік аға Сисатов жол қысқарту әңгімесінің шетін шығарып. Бағырлай өткелінен әрі өтіп барамыз. Ботаникадан хабары барларға Бағырлай деген құрақ тәрізді аласа шөп. Байырғы өзен соның атымен аталса керек. Олай дейтініміз көнекөздерден қарт Жайық осы болған дегенді де құлағымыз шалған болатын. Шортаны шоршып, сазаны тайдай тулаған өзеннің басынан бағы тайғалы қашан. Баяғыны айтып зар жылағанмен ештеңе шықпаса да сол дәурен қайта оралар ма? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келер ме дейсің? Жазда бұл аймақта сыңсыған мал болатын. Күн көтерілсе болғаны топырақ қызатын болғандықтан ұзын сирақты өрістей алмай суат бағады. Әсіресе, бөгелектен қорғанған жылқы омырауын суға малып, онсыз да алып насостың күшімен әрең толып тұрған суды ластайды.-Жер тозды. Баяғылар «Жылқы көбейсе, жұт болады» дейтін. Сол келді. Қала жақта тұрып, далада жылқы ұстайды. Тойып секіргеннің кері,- деп әңгімеге қосылды жол бастаушымыз Туманың төл перзенті төрт түліктің көкесін танитын Исатай Насыров. Шынында да «Жылқы сәндік, қой малдық» деген ата-бабаның ескертпесіне құлақ аспақ түгілі – отырыстарда үйір жылқысы көптер алдымен сөйлейтін надан өмірге не дейсің? Ал, «неге жұт болады?» дейтін сұрақтың жауабына келер болсақ — жылқы өзге малдардай емес, шөпті түбірімен жұлып жейді.Тұқым қалмайды.

Қара бурадала патшасындай

Осындай далаға шолу әсерімен Төсқұдық қыстауына келдік. Мұнда Жандос Сайпеден деген аазмат төрт түлік малын бағып отыр. Қыс қамын жасап, шаруасын сайлапты. Округ әкімі С.Сисатов шаруа барысымен танысқан соң Қаройға қарай бойлай бердік. «Ақ боз аттың» тізгінін ұстаған Есенжан көлік жүргізудің хас шебері. Кідіртпе жолдар қанша іркігенмен шоқалаққа түсірмей, төрт аяқты жорғадай соқтырмаудың амалын тауып, құм мұхитында ор қояндай орғып келеді. Айнала жым-жырт. Жол жиегіндегі қалыңдықты паналаған торғайлар аракідік жарыса қалса, анадайдан жалғыз ұшқан қара қарға қайдан жүр деп ойлайсың. Жалпы салқын түсе қатқылдағы мал құм етегіне қарай ойысатыны белгілі. Күзгі дымқылдан кейін, жұмсақ қар түссе жылқыға таптырмас олжа. Алайда: «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан» деп Абай жырлағанның, шуда жіппен жыртық жамайтынның бірі жоқ қазір. Ойнақ салған тай-құлыны жоқ үйір-үйір жылқы да көңілсіз. Ана қабақ баурайында үйірінен бөлектеу тынығып тұрған жалды шабдар айғырдың да басы салбыраңқы. Мүмкін түз тағысы тыным бермейтін түнгі шайқастан шаршап тұрса да кім білген. Бізді көргеннен соң жалт беріп, үйіріне бір қарады да сол күйі қозғалмады. Ал оң қапталдағы келенің ортасында жан-жаққа көз тастап, өзін дала патшасы санайтын қара қасқа бураның тұрысы бөлек. Әдетте, жануарлардың қасқасы киелі саналады. Және ол көп кездесе бермейтіні белгілі. Қайыққа түсер қаңтар келгенде алпыс күн айбат шегіп, аузынан ақ көбік атқылап, кездескен жанды шайнап тастайтыны дала жұртына аян. Талай адамға зақым жасағаны да бар. Жалпы дала жадау. Табиғат науқас. Тоқсан шақырым Тумаға дейін тері сүйреткендей. Көңілің құлазиды. Емдік қасиеті бар итмұрын ғана сонадайдан сорайып көрінеді. Өйткені, оны мал азық етпейді.

Қалпақты ағайынның қайғысы

Дегенмен, тірі адам тіршілік етеді ғой. Көп кешікпей Әзімұқанбетке келдік. Бұл жерге «Құлыншақ» шаруа қожалығы орналасыпты. Иесінің ауқатты адам екені, шаруа жайын білетіні көрініп тұр. Тіпті, былғары диван, әдемі жиһаз…қалада жоқ игілік осында шығар. Заманауи тұрғыда салынған үйдің көмірмен жағылатын жылу қазандығы бар. Насос арқылы құдықтағы су келіп тұр. Байланыс, ток арнайы аппараттар арқылы іске қосылған. Таза ауа, қолдың тағамы. Қарақалпақстаннан келген Сейдолла, Ақылбек деген азаматтар бізді қарсы алып, шаруа барысымен таныстырды. Олар айына 140 мың теңге еңбекақы алады. Мұнда тамақ пісіру, жылумен қамту, мал бағу сынды әркім өз ісімен айналысады. Жолшыбай біз қой бағып жүрген Сағидоллаға жолықтық. Ауылда әкесі және 3 баласы жұбайымен қалыпты. Әкесінің зейнетақысы біздің теңгемен салыстырғанда 15 мың теңге. Телефон арқылы күнде сөйлесіп тұрады екен. Жағдай қиын, күнкөріс шамалы, басшылық жерлерге өзбек ағайындар жайғасып, мектепте өзбекше оқытыла бастапты. Сөйтіп қарақалпақ бауырларымыз өз тілін ұмытатындай жағдайға жеткен.Әулиелер мекеніБіздің негізгі мақсатымыз — Арал хазірет, Әйіп қажы қорымына барып тағзым ету еді. Міне, заманында қараңғы қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болған әулие бабамыздың басына келдік. Жалпы Үдерұлы Сұлтануәйс (Арал хазірет) – ХІХ ғасырда өмір сүрген, діни сауатты, жоғары білім алған адам. Себек – Бөрібастың Тума аталығынан тарайды. Кемесайдан – Байшағыр, одан – Үдер, одан – Арал (Сұлтан -Уәйіс атанған). Стерлитамақта дін оқуын бітіріп, елге 1813 жылы Арал «Хазірет» дәрежесімен оралған. Туған жері Тумада «Көк мешіт салдырып, екі бөлмелі жатақхана, асханасымен медрессе ашқан, ауыл балаларының сауатын ашуға аянбай еңбек еткен, Атырау өңірінің алғашқы қарлығаштарының бірі. 1840 жылы хан Жәңгірдің бұйрығымен указной молда болып бекітіледі. Жақсы сөзімен, дуалы ауыздың құдіретімен талайлардың жан дүниесін тазартқан, адасқандарды тура жолға түсірген. Құм арасындағы шашыраңқы орналасқан елдің балаларын жатақпен, тегін тамақпен, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Үдер ұрпақтарынан жеті бірдей хазірет, ахун атанған білімді азаматтар өрбігенін бүкіл ел біледі. Ұлы Ғұбайдолла мен Хисметолла да Уфада оқып, елге келгесін медреседе дәріс оқыған, Меккеге төрт рет барған көрінеді. Осы Нарын құмындағы қауымдық қорымнан 800 метр жерде Аралұлы Хисметолла ахун хазірет салдырған мешіт құландысы сақталыпты. Әулие бабаларымызға тағзым етіп, мешіт орнындағы тұтынған тұрмыстық құралдарды көзімізбен көрдік.Одан әрі беріректе орналасқан әйгілі Әйіп қажы қауымына барып бас идік. Кейде иесіз дала деп айтамыз ғой. Шынында да сол қырға мәңгілік иелік етіп жатқан әулиелердің барын сезбейміз. Не болмаса «мәйіттер ғой» дейміз. Бұл біздің үлкен қателігіміз.

Нарындағы Насыр ұрпақтары

Ал енді осы кең даланың шырақшысы болып отырған Насырдан тараған ұрпақтар туралы айтудың жөні бір бөлек. Оның құтты құрығын ұстап қалған ұлы Ғилымғали жұбайы Сапарова Қымбатпен сары қымыз сапырып, Қамбар ата тұқымын баққан. Өнікті еңбектің үлгісін көрсеткен Ғилымғали кеңес өкіметі кезінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ауданның Құрметті азаматы атанған. Өнегелі отбасының ошағын тұтатып, ұл-қыз өсірген олардың бәрі – егемен елдің еңбеккерлері. Заманында жақсылардың қатарында болған олардың ісін ұрпақтары жалғастырып келеді. Бүгінде Нұрлыбек атты ұлы жұбайы Досжанова Айымгүл екеуі төрт түлікті төлінен көбейтіп отыр. Балалары Нұрай мен Аягөзді Атыраудағы үйлерінде қарындасы Гүлшат оқытып, қарасып отырса, Омары әлі кішкентай. Нағыз қыр мінезді болып өсіп келеді.

Сонау Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында 1996 жылы «Арал» шаруа қожалығын құрып, содан бері жапандағы жалғыз үй бар қиындыққа қасқайып қарсы тұрып келеді. Өкінішке орай, жауын-шашын болмағандықтан шабындық түгілі жайылымның өзі нашар. Мемлекеттің көмегімен ауыл шаруашылығы техникаларын несиеге алғанмен, шабындықтың жоқтығынан мал азығына сатылыпты. Құдықтың да суы қашып, ашып кеткен. Қырық күн шілде де Бағырлайдан тасып ішеді. Әрине ауылдағы Исатай ағасы да ат ізін салып, көмектесіп тұратыны белгілі. Ауыл әкімі де шаруагердің бұл ісіне ризашылығын білдіріп, тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ауыл шаруашылығына соны өзгерістер жөнінде айтты.

— Өз күшімізге сеніп келеміз. Бұйырса ірі қараны асылдандырмақ ойымыз бар. Ит-құс та күз түсе тыным бермейді. Дегенмен жазда күшіктерін және 2-3 ірісін аулап тұрамын. Әйтпесе көбейіп кетеді,-дейді қайсар жігіт Нұрлыбек. Шынында да қасқыр ауламақ түгілі қарсақтан қорқатын қаланың кейбір көше «батырларына» Нұрлыбектей нар жігіттер үлгі боларлық.

Қырдың құнарлы асына жететін не бар? Біз әңгіме айтып үлгергенше жұбайы Айымгүл де дастарханын жайнатып үлгерді. Қазы-қартасымен буы бұрқыраған қуырдақ, былғаған майы мен қаймағы, тары-талқаны, таба наны қазақылықтың иісін аңқытып жіберді. Былай қарасаңыз тоқ, газы жоқ айдаладағы жалғыз үй болғанмен отанасы осының бәрін мұнтаздай етіп отыр. Кішкентай Омар да әке-шешесінің алданышы әрі көмекшісі. Құдай тіл-көзден сақтасын.

Біз қайта жолға жиналғанымызда Нұрлыбек те торы атын ерттеп мініп, мал қарауға шықты. Жанына жолдыаяқ пен құттыаяқ атты екі иті ере жүрді. Бұл қырдың сақшысындай төбеттердің де азулылығына таң қаласың. Жаңағы аңға шыққандағы сәттерде серігі осы иттер ғана ғой.

Осылайша Тумаға арнаған бір күндік сапарымызда дала тынысын байқап, әулиелерге бас иіп, қал-қадерімізше оқырманға ұсындық.

Ж.Амантурлин

Индер ауданы

Өрлік ауылы

Тума өңірі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *