Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке

АШЫҚ  ХАТ

Құрметті Асхат Қанатұлы!

         Республиканың білімі мен ғылымына Өзіңіз басшы болып келгелі бері бұл салаларда халық тарапынан жаппай қолдау тауып отырған ірілі-ұсақты игі өзгерістер бой көрсетуде. Басқасын айтпағанның өзінде екі өзгеріс – бүлдіршіндерге «Әліппеміздің» қайтып оралуы мен «Мұғалім» деп аталатын бәс жетпес мамандық иелерінің биік мәртебесін қалпына келтіруге  бірден бір алғышарт рөлін атқаратын олардың еңбекақысының айтарлықтай артуы – осы айтқанымыздың дәлелі. Осы бастамалардың, білім мен ғылымдағы өзге де игі өзгерістердің іс-тәжрибеге енгізіле бастауы жаппай материалдық байлыққа ғана құлшынған қоғам жағдайында әбден тұралап қалған рухани дүниемізді қайтадан жаңғырту ісінде Өзіңіз сияқты көкірегінде иманы сақталып қалған  жекелеген сала басшысы да тым тәуір істер атқара алатындығының дәлелі деп есептеймін. Бастамаларыңыздың жақсы жалғасын табуы көпшіліктің Өзіңізге деген үмітін еселей арттырып отыр, сондықтан олар Сіздің адал нинетіңіз бен лауазымдық пәрменіңіз әлі де болса талай-талай игі істерді жүзеге асыруға толығымен жетеді деп үміттенеді. Осыған орай, республикамыздың білімі мен ғылымы саласында көптен бері халық көкейінде жүрген кейбір келеңсіздіктерге қысқаша тоқталып, солардың оң шешімін табу ісіне өзіндік септігі тиуі мүмкін-ау деген кейбір мәселелер хақында ой бөліскенді жөн көрдім. Ғылым мен білім салалары бойынша ондаған жыл еңбек өтілі бар (Академиялық ғылымда – 25 жыл, ЖОО-да ұстаздық қызметте – 26 жыл), өмірден азды-көпті жиғаны мен тергені баршылық ақсақал ретінде Өзіңізбен ой бөлісіп, азын-аулақ дәрежеде  кеңес айтудың ешбір сөкеттігі жоқ деп есептедім. Артықтау кетсем, алдын ала кешірім өтінемін.

         Қазақстанның ғылымы мен білімінде қордаланып қалған келеңсіздіктер аз емес, мен сол тізбекке қарасты ең маңызды деген 5 (бес) мәселе жайында әңгіме өрбіте отырып, әрбіреуіне жеке-жеке тоқталатын боламын.

1. Онсыз да «сорлы болған» қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қалыптастырудағы «термин» деп аталатын арнаулы сөздердің атқарар рөлін ескере отырып, сол терминдердің ұлттық білім мен ғылымға жүйелі түрде енгізілуін қамтамасыз ету мәселесі.

«Термин» атаулы «ғылым тілін» қазақша сөйлетпей тұрып, яғни  осылай аталатын төл сөздердің қазақ тіліндегі сәтті баламалары мен қазақ тілі заңдылықтарына икемделген нұсқаларын рәсімдеп, олардың анықтамалары мен түсініктемелерін қамтитын, баспалардан жарық көрген арнаулы Академиялық сөздіктерді айналысқа енгізбей тұрып, ұлттық білім мен ғылым жайлы, тіпті жалпылама қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жайлы сөз қозғаудың өзі артық екендігі кез келген жүйелі түрде ойлауға қабілетті азаматқа белгілі болуы тиіс.

Бұл мәселені жөнге келтіру негізі жоқ емес, бар. Қазақстанның қоғамдық Білім академиясының президенті, белгілі ғалым және ұлт жанашыры Асқарбек Құсайыновтың ұйымдастыруымен 2014 жылы ғылымның 30 саласы бойынша  Қазақша-орысша, Орысша-қазақша  сөзтізбелер дайындалып, бұл еңбектер жеке кітапшалар сериясы түрінде баспадан жарық көргені белгілі (Алматы, «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы). Ұзын-ұрғасы жүзге жуық білікті маман-ғалымдардың күшімен дайындалған бұл сөзтізбелерде ғылым-білім мен іс-тәжрибеде жиі қолданылатын терминдердің басым көпшілігінің қазақша баламалары немесе шет ел тілдерінен енген терминдердің қазақ тілі заңдылықтарына икемделген варианттары жүйеленген. Бұл ұланғайыр еңбек кемшілік біткеннен ада, бесаспап еңбек деп мәлімдеуден аулақпыз, бірақ бұл кітапшалар сериясы іс-тәжрибеде «жамырап жүрген» терминдерді бір ізге түсіруге негіз боларлық еңбектер екендігі даусыз. Осы игілікті істі одан әрі жалғастырсақ, сөйтіп аталған сөзтізбелер негізінде сол ғылымның 30 саласы бойынша жүйеленген терминдердің Түсіндірме сөздіктерін қазақша жазып шыға отырып, оларды ұлттық тілде дайындалған Академиялық сөздіктер тұрінде рәсімдей алсақ, бұл қазақ тіліндегі оқулықтар мен ғылыми еңбектердегі қазіргі «қойыртпақтардан» құтылудың бірден бір жолы болған болар еді.

Сөзтізбені дайындаған, ғылым салаларын игеру дәрежесі де, қазақ тілінде тәуір жазу машығы да біршама жоғары мамандар да, олардың әлеуетін уақтылы пайдаланып қалу мүмкіндігі де жыл санап азаюда. Алайда бұл аса маңызды мәселенің күн тәртібіне қойылып, арнаулы қаржының бөлінбеуі аталған мәселені жүзеге асыруға қолбайлау болып отыр.  Өкінішке орай, бұл ұланғайыр шаруаның жүзеге аспауы, яғни аталған келелі шаруаны жүзеге асыруға арнаулы қаржының бөлінбеуі қазір Сіз басқарып отырған Министрліктің бұрынғы басшыларының бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан келе алмауының ғана нәтижесі емес, біздің елімізде бәрімізге үйреншікті болып үлгерген «адами факторға» да тікелей байланысты…

2. Шет елдерден орыс тіліндегі нұсқасы арқылы енгізілген терминдерді қазақ тілі грамматикасының заңдылықтарына сәйкес түрлендірудің бірыңғай Ережесін жасақтап, іс-тәжрибеге енгізу мәселесі.

Қазақ тілінің үндестік (сингармонизм) заңдылығына кереғар келетін халықаралық терминдерді тіліміздің ішкі үндестіктеріне сәйкестіріп жазу және оларға жалғаулар жалғау арқылы түрлендіру мәселесіндегі салғырттық тіліміздің шұбарланып кетуіне әкеліп отыр. Мәселен, соңғы жылдары қолданысқа жаппай ене отырып, бәрімізге үйреншікті болып үлгерген «тест» терминін атау септікте сол «тест» күйінде қалдырып, оны септік жалғаулары көмегімен түрлендірген (септеген) жағдайда тестің», «теске», «тесті», «тестен», «тесте» және «теспен»),  сол сөзіміздің «тест» деген түбірін жоғалтып, «тес» қылып алатын боламыз. Осындай сөздің орта шенінде немесе аяқ жағында екі бірдей дауыссыз қатаң дыбыстар қосарлана тіркескен, сондықтан қазақ тілінің үндестік заңдылығына мүлдем жат сөздерде жетіспей тұрған «і», «ы» сияқты дауысты дыбыстарды  әуел-бастан-ақ (атау септіктің өзінде-ақ) орын-орнына қойып немесе сөз соңына тіркеп жазуымыз жөн шығар. Жаңағы келтірген «тест» сөзін бірден «тесті» деп жазғанда ғана бұл сөзді түрлендіру барысында бірізділікті қамтамасыз ете отырып, «тестінің», «тестіге», «тестіні», «тестіден», «тестіде» және «тестімен» деген редакцияда қазақ тіліне «жуықтатып» түрлендіруге болады ғой. Бұл нұсқалар да алғаш естігенде құлаққа жағымсыздау әсер қалдыруы әбден мүмкін, бірақ бұл жағдайда қазақ тілінің ішкі заңдылықтары сақталатын болады және түрлендіру (септеу) барысында сөздің түбірін «жоғалтып алу» қаупінен құтылатын боламыз. «Термин» деп аталатын арнаулы сөздер ілегінде мұндай екіұшты сөздер біршама жиі ұшырасады, олай болса, олардың айтылу мен жазылу нұсқаларын бірізділікке түсіріп қолдану, яғни жетіспей тұрған дауысты дыбысты «орнына қою» қажеттілігі бар екендігі даусыз. 

Тағы бір айырықша сөз етуді қажет ететін мәселе – шет ел тілдерінен енген сөздерге жалғанатын «-ин», «-ив», «-яр» «-он», «-ен», «-аль», «-ель», т.с.с. орыс тілі қосымшаларының үстіне қазақ тілінің «лы(қ)», «лі(к)», «ты(қ)», (ті(к)», (ды(қ)», (ді(к)»  қосымшаларын жалғай салу «індетінен» құтылу мәселесі. Бұл мәселе бойынша көп созбаламай-ақ бір-ақ мысал келтірейін: осыдан біраз жыл бұрын ең жиі қолданылатын сөз тіркестерінің бірі – «индустриально-инновационная программа» сөз тіркесі болды. Осы тіркестің бүкіл ресми құжаттардағы, мерзімді баспасөздегі қазақша баламасы жаппай «индустриальдық-инновациондық бағдарлама» түрінде беріліп жүрді. Дұрысы – «индустриялық-инновациялық бағдарлама», яғни қазақшаға аударғанда, әуелі сөздің түбірін («индустрия», «инновация») тауып алып, қазақ тілі қосымшалары соған жалғануы тиіс қой.

«Полярлық түн», «молярлық ерітінді», «агрессивті әрекет», «конструктивті жоспар», «позициондық күрес», «тура пропорциональды», «функциональдық жүйе», т.с.с. жүздеген тұрақты сөз тіркестері мен құрастырылу принципі осыларға ұқсас түсініктер ғылыми басылымдарда ғана емес, күнделікті ақпарат көздерінде де «өріп жүр». Бұл жайлы сөз қозғағанда «тіліміз шұбарланып үлгерді» деп мәлімдеуге мәжбүрміз, себебі бас газетіміз «Егемен Қазақстаннан» бастап, «Ана тіліне» дейінгі аралықтағы бір де бір мемлекеттік басылым мұндай «қойыртпақтардың» байыбына барып жатқан жоқ. «Полярный» сөзінің түбірі – «полюс», орыстар бұл сөзден шыққан туынды анықтауышты, өз тілдерінің ерекшеліктеріне орай, «полюсный» емес, «полярный» деп рәсімдеген; «молярный» анықтауышының түбірі «моль» (қазақшасы, «мөл»), одан туындаған анықтауыштың «мольный» емес, «молярный» болып өрнектелуі де орыс тілі заңдылықтарының сақталу нәтижесі. Ендеше біз неге аталған түсініктерді «полюстік түн», «мөлдік ерітінді» деп өрнектемейміз?! Өзге терминдер де нақ осы заңдылыққа сәйкес қазақшалануы тиіс, олай болса жоғарыда келтірілген сөз тіркестерінің дұрыс редакциялары – «агрессиялық әрекет», «конструкциялық жоспар», «позициялық күрес», «тура пропорциялы», «функциялық жүйе», т.с.с.

Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.

Орыстың «химико-технологический институт», «физико-географические процессы»,  «литолого-петрографические исследования» деген сөз тіркестері «химико-технологиялық институт», «физико-географиялық үдерістер», «литолого-петрографиялық зерттеулер» емес,  қазақ тілінің жазылмаған заңдылықтарына сәйкес, «химикалық-технологиялық институт», «физикалық-географиялық үдерістер», «литологиялық-петрографиялық зерттеулер» түрінде тәржмалануы тиіс.

Ең соңғы мәселе: орыстың «ь» және «ъ» белгілерін қазақ әліппесінен аластайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Апыр-ау,  бұл белгілер [әріптер емес, белгілер (!)] қазақ тілінде тіпті де қажетсіз ғой. Қатаңдық белгісі («ъ») қазақ сөздерінде мүлде қолданылмайды десе де болады, ал орыс алфавитіне тиесілі ұяңдық белгісі («ь») бар сөздерді біз қазақша қолданғанда оларды өзіміздің «ә», «ө», «ү», «і», т.с.с. жіңішке дыбыстарымыздың көмегімен еш қиындықсыз-ақ өрнектейді емеспіз бе?! Орыс тілін дәрменсіз тіл деуге болмас, алайда оның алфавитінде әріптермен (дыбыстармен) қатар осы белгілердің болуы сол алфавитке енген әріптер жиынтығының кейбір сөздер легін «дыбыстап беруге» жеткіліксіз екендігін дәлелдейді. Біздің әліпбеміз бұл мүмкіндікті ешбір қиындықсыз орындайтын болса, оған жат белгілерді күштеп енгізудің қажеттілігі қанша?!…

Өзімізге етене жақын геологияға қатысты «Альпийские горы» деген сөз тіркестері ресми қолданылып жүрген сөзтізбелер мен сөздіктерде «Альп таулары» болып беріліп жүргендігін көргенде, кәдімгідей назаланамын. Осы нұсқаны ұсынған әріптестердің қазақша сөйлегенде немесе жазғанда «ь» белгісінен мүлдем арылу қажеттілігі жайлы патриоттық сезімі туындамағанның өзінде «Альпийские горы» деген атаудың арғы төркінінде түріктің «Алып таулар» деген түсінігі жатқандығын аңғармауы таңдандырады. «Алып» сөзі орыстың «алфавит»  сөзінің негізін құрағандығы, яғни түріктің «әліпби» сөзіне негіз болғандығы О.Сүлейменов ақынның әйгілі «АЗиЯ» кітабында айтылған. «Әліп» қазақ әліпбиінің бірінші әрпі, оның таңбасы «тік тұрған таяқша» екендігі белгілі. Әлпі таулары (дұрысы, «Әліп таулары») да «тік тұр» және ол шынында да алып таулар!

Жоғарыда сөз болған келеңсіз жайттардан құтылудың жалғыз-ақ жолы бар, ол шет ел сөздерін қазақ тілі заңдылықтарына икемдеп қолданудың бірегей Ережесін дайындап, жаппай іс-тәжрибеге енгізу және сол Ереженің қатаң сақталуын Сіздің Министрлік жанынан құрылған арнаулы құрылым көмегімен үнемі қадағалап отыру (мүмкін, соңғы кезде сөз бола бастаған «Тіл полициясын» расынан да ұйымдастырып, оның басты міндеттерінің бірі ретінде нақ осы  мақсатта қолдану тиімді шығар). Сөз болған Ережені жасақтау әрине «Тіл және әдебиет» институтының бірден бір парызы. Бұл келелі шаруаға Жазушылар одағы сияқты беделді мекеме өкілдерін де қатыстырса, артықтық етпейді деп есептеймін.

3. Мектеп оқушылары үшін қазақ тілінде оқулықтар жазу ісіне жауапкершілікті күшейту мәселесі.

Орта мектептің жоғарғы сыныптарының бірінде және бастауыш сыныпта оқитын немерелерімнің үйге берілген тапсырмаларын сол немерелерім түгелі мына мен де (ғылым докторы, профессор, академик) орындай алмауым бұл мәселенің көкейтестілігін айшықтай түседі. Ғылымның әр түрлі салалары бойынша мектеп оқушыларына арналған оқулық авторларының кәсіби біліктілік дәрежесі жайлы біржақты пікір айтуға деген құқығым, бесаспап маман болмағандықтан, айтарлықтай шектеулі екендігін түсінемін, бірақ сол авторлардың басым көпшілігіне тілдің жұтаңдығы мейілінше тән екендігін толық сеніммен айта аламын. Кейбір оқулықтарды оқи отырып, олардың авторы не жазып отырғандарын өздері де толық түсінбейтін шығар деген мазмұндағы тұжырымға келесің. Көптеген оқулықтардағы кемшіліктер сол оқулық авторларының материалды әбден үйреншікті болып кеткен орыс тілді оқулықтардан «тікелей аударуының» және мұндай аудармалардың ойдағыдай болып шықпауының нәтижесі сияқты.

Оқулықтарда ғылыми түсініктердің иерархиялық бағыныштылығын ескермеу мысалдары да жиі ұшырасады. Иерархиялық тұрғыдан төменірек дәрежедегі түсінікті игермей тұрып, бірден жоғары дәрежелі түсініктер жайлы сөз ету мысалдары – оқушының түк түсінбеуіне алып келетін бірден бір қауіпті тәжрибе. Ғылыми қағидалардың мән-мағынасы «екінші түсінік бұдан бұрын сөз болған бірінші түсініктің «иығына» жүйелі түрде қондырылып отырған жағдайда ғана» ұғымды болмақ. Олай болса, оқулықтарды жазу барысында оларға енгізілетін ғылыми түсініктердің (терминдердің) күрделілігін бірте-бірте арттыру мәселесі баса назар аударуды қажет ететін мәселе (мәселен, екінші сынып оқушысы «заттың салмағы» деген түсініктің не екендігін білмей тұрып, «заттың массасы» деген ұғымды игеруі мүмкін емес қой).

Жоғарыда айтылған екі бірдей келеңсіздіктің (тіл жұтаңдығы мен иерархиялық жүйелеу ісінің ескерілмеуі) тамырына балта шаппай тұрып, білімді де білікті қазақ жастарын тәрбиелеу сияқты аса көкейтесті мәселе оң шешімін табуы қиын екендігі даусыз.

Оқулықтар жазуға осы еңбекті қосымша табыс көзіне айналдыруға тырысқан шала сауатты, тіл иірімдерін де жөнді білмейтін мамандардың тартылуының арғы төркінінде де қазақи тамыр-таныстықпен ұштасқан немесе байырғы корупциялық сұлбаларға негізделген сол баяғы адами факторлар жатырғанға ұқсайды. Қалай болғанда да, қазақ тілді оқулықтардың басым көпшілігі өздерінің сапасы жағынан сын көтермейтін дәрежеде. Көп жағдайда олар білім көзі емес, оқуға деген құлшынысты кеміту құралы рөлін атқаратынға ұқсайды. «Бүгінгі жастар кітап оқып жарытпайды» деген мазмұндағы реніштердің арғы төркінінде нақ осы оқулықтар мен оқу құралдарының сапасыздығы жатуы әбден ықтимал. Бұл айтылғандардан шығатын басты қорытынды – оқулық жазатын авторларды іріктеу ісіне үлкен мән берілуі керектігі, бұл жауапты жұмысқа «кім көрінгендер» тартылмай, ғылымды да, сөз құдіретін де жақсы меңгерген нағыз бесаспап авторлардың тартылуын жүзеге асыру қажеттілігі.

4. Бүлдіршіндерге арналған қарапайым да тартымды сюжеттерге құрылған қазақ тілді ертегі-мүлтфилімдерді, компютерлік ойындарды дайындау ісін мемлекеттік дәрежеде жолға қойып, оларды бүгінгі жоғары технологиялық цифрлік құралдарға жаппай енгізуге мұрындық болу мәселесі.

Бүгінгі таңда жоғары технология өнімдері – смартфондар – күнделікті өмірдің ажырамас құралдары дәрежесін иеленгендігі белгілі. Ұялы телефондар бүгінде бүкіл ел тұрғындарының үйреншікті байланыс құралдары ретінде ғана емес, әр түрлі ақпараттар алу құралы ретінде де жаппай қолданыста. Бұл үдерістен жас бүлдіршіндер де тыс қалып жатпағаны белгілі, немерелеріміздің таңның атысы–күннің батысы қалта телефоны экранына шұқшиып, «өздеріне қажет» материалдарды қызықтау тәжрибесі үйреншікті көрініске айналуда. Өкінішке орай, жасөспірімдер мен бүлдіршіндерді қызықтыратын материалдардың басым көпшілігі (әр түрлі ертегі-мүлтфилмдер, компютерлік ойындар) әлі күнге дейін негізінен орыс тілінде рәсімделген материалдар екендігі баршамызға аян. Осыдан кейін қазақы отбасында тәрбиеленіп, қазақ мектептерінде оқитындардың өздері де қазақ тілінің қаймағын қалқудың орнына орысша шүлдірлеп кетуге дәйім дайын тұру құпиясының арғы төркінін түсіну қиын емес. Бүлдіршіндерді қызықтыратын қарапайым ойыншықтардан да ұлттық нышандарды дәріптейтін үлгілерді  ұшырастыру – сирек құбылыс. Ойыншық дүкендерінде бұрымы тілерсегіне түскен қоңырқай жүзді қазақ қыздарының мүсінін емес, көздері көкбеңбек орыс қыздарының мүсінін кескіндейтін қуыршақтардан көз сүрінеді.

Біздің ойымызша, Сіз басшылық етіп отырған министрлікте осы айтылған келеңсіздіктерден арылу шараларына бастамашы бола отырып, жағдайды жөнге келтіруге деген құзірет мен пәрмен толығымен жететкілікті болуы тиіс.

5. Қазақ ғалымдарын шетелдік басылымдарға жаппай кіріптар қылып қою тәжрибесін азайтуға, болашақта  біржолата жоюға бағытталған нақтылы іс-шараларға пәрмен беру мәселесі.

Кез келген еңбек нәтижесі, оның ішінде ғылыми зерттеу нәтижелері де бірінші кезекте өз елінің жоғын жоқтауы тиіс қой: ғылыми жұмыс нәтижелері бірінші кезекте өз еліне қатысты нақтылы практикалық мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етуге, сол елдің ғылыми әлеуетінің артуына, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінің қарқын алуына, т.с.с. үлес қосуы тиіс. Олай болса, жалпылама қисын (логика) тұрғысынан алғанда, отандық ғылыми зерттеу нәтижелері бірінші кезекте өз Отанының ғылыми басылымдарында жарық көруі тиістілігі ешбір күмән туғызбайды. Өкінішке орай, бізде бәрі керісінше екендігі белгілі. Осыдан оншақты жыл бұрын Сіздің кезекті ізашарларыңыздың бірі «ғаламат реформаторлық танытып», отандық ғалымдардың ғалымдық дәрежесі мен еңбегінің тиімділігін анықтаудың ең басты критерийі ретінде олардың зерттеу нәтижелерінің шетелдік жоғары импакт-факторлы басылымдарда жарық көруімен анықтау тәжрибесін енгізген болатын. Осы жағдай күні бүгінге шейін сақталуда. Мұның нәтижесінде отандық басылымдарда отандық ғылым жетістіктерін жариялау тәжрибесі түгелдей дерлік жойылып, ең маңызды жетістіктер әр түрлі шетелдік басылымдарға ағылуда. Еңбектерін шет ел басылымдарында жариялау талабы жас ғалымдарға да қойылуына байланысты, олардың жағдайы адам аярлық: біздің жас магистранттар мен докторанттар ғылымдағы корифейлер болуға әзірге дайын болмағандықтан, олар өздерінің ортаңқол дүниелерін шетелдік басылымдарда жариялау үшін онсыз да жетісіп тұрмаған еңбекақыларының нобайын сол басылымдарға жөнелтуге мәжбүр.

Біздің елде осылайша «өзімізді төмендетіп, өзгелерді ғана аспанға көтеруіміздің» нәтижесі бір топ келеңсіздіктерге себепші болып отыр. Олар: а) ең маңызды деген еңбектердің тек шет ел басылымдарына ғана жолдануына байланысты отандық ғылыми басылымдарда көңіл аударарлық еңбектердің мүлдем азайып кетуі, сөйтіп ғылымның өзге салаларды «сүйемелдеу мүмкіндігінің» түгелдей дерлік сиырқұймышақтануы; ә) біздің ғалымдардың, олардың арасында жас ғалымдардың еңбекақы мөлшері онсыз да жетімсіз болуына қарамастан, олар осы бір кездейсоқ та жүйесіз ойластырылған реформаның салдарынан айтарлықтай материалдық шығындарға ұшырауда; б) ғылымда қол жеткен ең маңызды жетістіктеріміздің кейбір қарау ойлы шетелдік әріптестер тарапынан қолды болып кетуіне өзіміз жағдай жасап отырмыз (жіберілген мақаланы әр түрлі себептермен жарияламай, бірақ ондағы озық идеяны шетелдік ғалымның иеленіп кету мүмкіндігі жоғары ғой), т.с.с.

         Жалпы алғанда, ғылыми зерттеу нәтижелерін бағалаудың үш түрлі критерийі белгілі, олар: 1) ғалымның басылымдарда жарық көрген еңбектерінің саны мен сапасы; 2) сілтемелілік критерий (критерий цитируемости); 3) сараптама қорытындысы.

         Біздің сөз етіп отырған мәселеміз бірінші критерийге (еңбектің сапасын анықтауға) қатысты. Еңбектің сапасы ең алдымен сол еңбек жарық көрген ғылыми басылымның беделімен (мәртебесімен) анықталатыны рас. Осы тұрғыдан алғанда зерттеу нәтижелерінің жоғары импакт-факторлы шетелдік басылымдарда жариялануы шынында да жоғары бағалануы тиіс. Бірақ мұндай тұжырым өз елімізде жарияланған еңбектерді «жермен жексен» етпеуі керек те. Бүгінгі тәжрибеге сәйкес, біздің ғалымның Thomson Reuters немесе Scopus базасына енген журналдардың бірінде жарияланған бір ғана мақаласының отандық басылымдағы оншақты мақаламен, кейде тіпті тұтас монографиямен бірдей бағалануы көкейге қонбайды-ақ. Монография қашан да жоғары бағаланған, бір ғана жақсы монография мазмұны жоғары импакт-факторлы он-он бес мақалаға негіз болуы – жиі байқалатын құбылыс.

         Қайталап айтамын: отандық ғалымдардың зерттеу нәтижелерінің жоғары импакт-факторлы шетелдік басылымдарда жариялануы айырықша бағалануы орынды. Алайда мұндай жарияланымдар шетелдік басылымдардан «табиғи түрде» орын алуы керек қой: өз елімізде басылған белгілі бір еңбектің маңыздылығы соншалық, ол шет ел ғалымдарының назарына ілінер болса, сол шетелдік басылымдар мұндай мақаланы өздер-ақ аударып жариялайтын болады, тіпті мұндай жарияланым үшін авторға қаламақы  төленуі де ықтимал. Міне, осындай еңбектер ғана айырықша бағаланып, ең жоғары балл алып жатса, кімнің таласы бар?! Ал біздің елдегі ресми билік өкілдерінің Қазақстан ғалымдарын өздері жазған еңбектерін негізінен шетелдік басылымдарда жариялауға мәжбүрлеуі сол биліктің отандық ғылым мен біздің ғалымдарды халықаралық қауымдастықтағы екінші сұрыптағы нысандар деп бағалауымен пара-пар әрекет. Қазақстан ғалымдары мұндай мүсәпірлікті мойынсынуға тіпті де «лайық емес». Қазақстан ғалымдары, олардың арасында қазақ ұлтының өкілдері өздерінің ғылыми әлеуеті тұрғысынан ешкімнен де кем  еместігі, жалпы қазақ ұлты өкілдерінің зердесі мен зейіні қашан да аса алымды болғандығы тарихтан белгілі жайт. Олай болса, Қазақстан ғалымдары еңбектерінің сапасын арттырудың бірден бір табиғи жолы – ғалымдарға ғылыммен айналысуға қолайлы жағдайлар туғызу, зерттеудің озық нәтижелерін әуелі өз басылымдарымызда жариялау тәжрибесіне ауысу, сөйтіп бірінші кезекте өз еліміздегі басылымдардың сапасын көтеру, яғни оларды жоғары импакт-факторлы басылымдарға айналуына жағдай жасау болса керек.   Міне, осындай өзекті мәселелер өз шешімін тапқанда ғана қазақ ғылымы да, қазақ ғалымдары да өздеріне тиесілі тұғырға көтерілетін болады.

Сөз болған мәселенің оң шешімін табуға Министрлік мұрындық бола алады деген үміттемін.

P.S. Бұл хат Елімізде болып өткен өзгерістерден бұрынырақ, яғни өткен 2021 жылдың аяқ шенінде жазылып, Министрге арнаулы хат арқылы жіберілген.

Нәсіпқали СЕЙІТОВ,

геолог-ғалым, ғылым докторы, профессор,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корроспондент мүшесі,

салалық Минералдық ресурстар академиясының академигі,

   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *