20 қаңтар күні облыс әкімі Ғали Есқалиев дәл осындай тақырыптағы «AQJAIYQ» арнасының тікелей эфиріне шығып, облыс тұрғындарының сұрақтарына нақты жауап берді.
Өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты тұрғындардың ұсыныс-тілектерін білу мақсатында жарияланған WhatsApp нөмірі мен электронды поштаға 650 сұрақ келіп түскен. Сауалдарды қабылдау 19 қаңтарға дейін жүргізілді.
Сұрақтардың басым бөлігі Орал қаласының инфрақұрылымын дамыту, негізінен жол, үй кезегі, азық-түлік пен қатты және сұйық отын бағасының күрт көтерілуі, соған сәйкес жолақының өсуі, қоғамдық көлік мәселесі және облысқа қатысты өзге де әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық түйткілдер қамтылған.
2 сағат 30 минутқа созылған тікелей эфирде өңір басшысы 46 сұраққа жауап берді. Алдағы уақытта қалған сұрақтармен Орал қаласының әкімі және облыс әкімінің орынбасарлары жұмыстанатын болады.
– Тұрғындардың маңызды мәселелерін талқылау үшін тілекей эфир тиімді. Осы бағытта жұмыстана береміз. Облысымызда жағдай тұрақты. Экономикамызды дамыту мақсатында еңбек ете берейік. Ауру тағы да өршіп бара жатыр. Сақтанып жүрейік. Бүгінгі қозғалған мәселелер алдағы уақытта шешімін табады. Мен үшін әр сұрақ маңызды. «Қасіретті қаңтар» аталып кеткен жылдың басы ел үшін өте қиын болды. Ауыр кезеңде ауызбіршіліктен алыстамаған жандарға алғыс білдіремін. Осындай тікелей эфир тоқсан сайын жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында біраз тапсырма беріп, кешенді дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Біз бір аптаның ішінде жоспарды дайындап, Үкіметке жібердік. Біраз ұсыныс айттық. Алдағы уақытта ұсыныстар шешімін тауып, ел ахуалы жақсара түседі деген сенімдемін, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Бұл арнайы жобаның көздегені – көпшіліктің үніне құлақ асып, әлеуметтің әлеуетін көтеру жолындағы жұмыстардың қарқынын арттыру. Халық пен билік арасындағы сұрақ-жауапты назарларыңызға ұсынамыз.
Шынтас Сейтақов:
– «Конденсат» кәсіпорны – өңіріміздегі бензин өңдеу және сатумен айналысатын жалғыз кен орны. Сол өндірілген өніммен облысымызды қамтамасыз етуге болмай ма?! Бензинді Ресейден, Атыраудан, Ақтөбеден тасымалдағаннан гөрі өзіміздің өнімді тұтыну тиімдірек. Баға да халықтың сұранысын қанағаттандырар еді.
– Иә, өңірімізде мұнай өңдейтін зауыт бар. Ол қазіргі уақытта небәрі 10% өз қуаттылығында жұмыс жасап тұр. Осы мәселе үш жылдан бері қозғалып келе жатыр. Шешімін табу үшін қолдан келгенін аянмаймыз. Үкіметке де жолдадық. Бұл зауыт жұмысын тоқтатпауы керек.
Анатолий Ткалыч Юрьевич:
– Мен тұратын көп қабатты үйде кейбір пәтерлер ұзақ уақытқа және қысқа мерзімге жалға беріледі. Ол пәтерлерді алатын адамдар үнемі ауысып отырады. Пәтерлердің иесі кім екені белгісіз. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін пәтер иелерін анықтап беруіңізді сұраймын.
– Біздің облысымызда орта есеппен 2500-дей күнделікті жалға берілетін пәтер бар. Бұл сол пәтерлер орналасқан подъезд тұрғындарына ұнамауы мүмкін. Себебі бұл пәтерлерді жалға берушілер мен жалға алушылардың сенімді, адал адамдар екендігін толық сеніммен айта алмаймыз. Сол себепті Анатолий Юрьевич айтқан мекенжай бойынша тиісті құрылым мүшелері тексеріс жүргізеді. Мұндай бизнеспен айналысушылар, әлбетте, жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелулері керек. Белгілі бір деңгейде салық төлеп отыруы тиіс. Және пәтер жалдаушылар туралы ақпараттарды да тіркеп отырулары қажет. Тексерістерді жақын арада бастаймыз. Тұрғындар жалға беру жұмыстарының рәсімделмегенін байқаған жағдайда, учаскелік полиция қызметкеріне хабарласуы керек.
Әлібек:
– Жанақала ауданында тұрамын. Мүмкіндігі шектеулі баланың әкесімін. Балам тәрбие орталығынан жұмасына екі мәрте білім алуға барады. Өкініштісі, қараша айының ортасынан сәуір айының ортасына дейін балаға білім алу мүмкін емес. Мекеменің іші суық. Бала түгілі, мұғалімдер қалың киіммен жүреді. Жақсы мамандар жетерлік. Қателеспесем, Жанақала ауданында 8500 халық бар. Мүгедек баланы оқытатын мектеп болмағаны үшін калаға көшуге тура келіп тұр. Жас отбасымыз, аудан орталығынан кеткіміз келмейді. Аудан орталығынан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы мектеп салынса екен.
– Қалаға көшудің қажеті жоқ. Жаңақала ауданы — облысымыздың өзге аудандарын етпен қамтып отырған үлкен аудандардың бірі. Әрине, біз Жаңақалаға көңіл бөліп отырамыз. Күні кеше аудан тұрғындары маған хабарласып, су мәселесін қозғады. Су келді. Ал мына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ғимаратты биыл күрделі жөндеуден өткіземіз. Ол ғимарат — 1975 жылы салынған жас туристер стансасы. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша оны жөндеуден өткізу жоспарлануда. Күзге дейін бәрін қалпына келтіріп, жағдайды түзейміз.
Раиля Нетеса Ғабдрахимқызы:
– Сіз үстеме баға 15%-дан аспауы керек дейсіз, бірақ сатып алушы тауардың дүкенде немесе базарда қандай бағамен қабылданғанын және сатушының қанша үстеме жасап, соңғы бағаны қалай анықтағанын біле алмайды. Сондықтан халықтық бақылау құру қажет.
– Бұл — қазіргі уақытта бәрін алаңдатып отырған сұрақтардың бірі. Әрине, қарапайым тұрғын компанияның белгілі бір азық-түлікті немесе тауарды қандай бағамен алынғанын білмейді. Үстіне 15 пайыз қосылып тұр ма, әлде, одан да көп пе, оны да білмейді. Оны білу мүмкін емес десек те болады. Бұл мәселемен азық-түлік дүкендеріндегі баға сәйкес келмейтіні туралы шағым түскен жағдайда, тексеріс жүргізуге құқылы тиісті мемлекеттік құрылымдар айналысады. Олар өнімнің қандай бағамен алынғаны, үстіне қанша пайыз қосылғаны туралы ақпаратты ала алады және 15 пайыздан артық баға көтерілген болса, айыппұл салады. Екінші рет бұл жағдай қайталанса, алдыңғысынан көбірек айыппұл салынады.
Владислав Эм Эмильевич:
– Бәйтерек ауданындағы Жаңатаң елді мекенінде орналасқан «Балаған» шаруа қожалығының басшысымын. Біз бақша дақылдарын өсірумен айналысамыз. Менен «нНеге біз жергілікті халықты тартпаймыз» деп сұрайтын шығарсыз? Бақша жұмысын Өзбекстан азаматтарынсыз гүлдендіру мүмкін емес.
– Былтыр сіздің мәселеңізді бірігіп шешкен болатынбыз. Биыл қаңтардағы оқиғаларға байланысты кішкене күрделі болатын шығар. 15 қаңтардан бастап Омикрон вирусынан қорғану мақсатында Өзбекстан билігі Қазақстанмен екі ортадағы тауар алмасу жолдарын шектеді. Сондықтан биыл Өзбекстан мен өзге де елдерден жұмысшы тарту қиын болады. Дей тұрғанмен, ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысты еңбек министірлігі аймақтарға бөлетін квоталар бар. Сіздің де өтінішіңізді сол квоталар қатарына қосуды тапсырайын. Әрине, бірінші кезекте осындай егіншілікпен айналысатын жандарға көмектесуіміз керек. Өйткені біздің дүкендердегі азық-түлік бағасы тікелей осы шаруашылыққа байланысты. Жергілікті тұрғындардың бұл жұмыстарды атқарғысы келмейтіні де бір бөлек мәселе. Оны да жеке қарастыру керек болады.
Мирас Қабдолов Мүтиғоллаұлы:
-Қала бойынша сәулет-құрылыс мәселесін заңды тұрғыда қалпына келтіруіңізді сұраймын. Атап айтқанда, кез келген бос жер теліміне тұрғын үй салуды тоқтату. Мысалы, Жаңа орда ықшамауданы 1, 2, 3 үйлер арасына қыстырып, тоғыз қабатты үй салуда. Заң жүзінде барлық құжаттары дұрыс. Бірақ заңсыздық орын алуда. Жер телімін түрлі геометриялық фигуралар түрінде бөліп, басқаға сатып, көшесі жоқ ауыл тәрізді аудандар қаптап кетті. Жеке тұрғын үй теліміне коммуникация жағдайы, су, кәріз сәйкес келмесе, таунхаус, пентхаус дегендей зәулім үйлер салуға тыйым салу керек. Көп қабатты үйлердің сыртын қаптау үрдісі белең алған. Қырық жамау киіз үй деген сөзді еске түсіріп, қала сәнін кетіріп тұрған жәйі бар.
– Әрине, облыс орталығының келбетін біз бақылауда ұстап отыруымыз керек. Ұсыныстар эскиз түрінде түседі. Тиісті кеңес мүшелері бәрін қарап, бекітеді, мақұлдайды. Егер осындай кеңестерге қатысқыңыз келсе, осы салада білімдеріңіз болса, аты-жөніңізді мен қала әкіміне тапсырамын. Үйлердің сыртын қаптау – тұрғын үйлердің ішін жылы ұстау мақсатында жасалып жатыр. Оны, өкінішке орай, мемлекет реттемейді. Оның бірден-бір шешімі – бірден жақсы, сапалы, жылы үйлер тұрғызу. Құрылыс компанияларымен іс жүргізген уақытта осы мәселелерді жіті бақылайтын боламыз. Сонымен қатар биыл жоспар бойынша екі бірдей қызыл керамикалық кірпіш шығаратын зауытты іске қосқымыз келеді.
Коммуникациялар сәйкес келмейді деген сөзге келіспеймін. Өйткені жоба немесе ғимарат салынар кезде барлығы есепке алынады. Сол жерді сумен, газбен және басқа қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаса, үй тұрғызуға рұқсат берілмейді. Заңсыз салынып жатқан үйлер бар. Бұл талқыланып жатыр. Заңсыз бизнеспен айналысатындарға коммуникациялық қызмет көрсетпейміз. Бұл туралы коммуналдық мекемелерге де ескертілді.
Бейбіт Иманғалиев Талапұлы:
-Зачаганск кенті Мұрат Мөңкеұлы көшелерінде 2 жылдан бері жолдардың екінші жамылғысы төселмеген. Қашан төселеді? Жолдар өте сапасыз. Биыл Орал-Атырау республикалық тас жолы күрделі жөндеуден өтеді. Осыған орай елді мекендер тұсына мал өткелін жобаның сметалық құжатына енгізіп, орнату қажет. Бұл мал шаруашылығы мен жол қауіпсіздігі үшін қажет. Сондай-ақ Деркөл-Саратов айналма жолын кеңейту, жарықшамдарын орнату жұмыстары жасалса екен. Қалада жол құрылыстары жүргізілген уақытта жолдың құрылысын қадағалау үшін техникалық қадағалаушыдан бөлек, қоғамдық қадағалаушылар комиссиясы керек деп ойлаймын.
– Атырауға апаратын жолдың жұмыстары былтыр басталып кетті. Біздің облысымыз мал шарушылығына бейім болғандықтан, мал өткелдерін салуымыз керек. Қазіргі уақытта біздің жобалаушылар тиісті қызметкерлерімізбен бірге жол мен мал өткелдері туралы талқылаулар жүргізіп жатыр. Менде бар ақпарат бойынша, қырықтан астам мал өткелін салу жоспарлануда. Сонымен қатар Деркөл-Саратов қиылысын айтып отырсыз. Ол жердегі қиылыстарды жобалаушылар әзірге көрсетпеді. Бірақ міндетті түрде біздің пікірімізді назарға алады. Сондықтан халыққа, көлік жүргізушілеріне тиімді жолын ұсынатын боламыз және олар ұсыныстарымызды қабылдайды.
Ақжарқын Ержанова:
– Неліктен қалада сумен жабдықтау және жылу беруде жиі үзілістер болады?
–Заң бойынша үйдегі жеке мәселелер сол үйдің тұрғындары арасында шешіледі. ПИК немесе сол үйдің тұрғындары, арнайы құрылған топтар жиналыс ұйымдастыруы керек. Құбыр ауыстыруға 15 мың кете ме, әлде, басқа сома кете ме, ол үй иелері арасындағы жиналыста талқыға түсуі қажет. Жылудың себепсіз өшуі туралы шағым көп түскен жоқ. Су ұрлығын да айтып кету керек. Монша, бассейн, көлік жуу орындарында суды қайта өңдеу, тазарту жүргізілмейді. Сол үшін есептегіш құралдар орнатылып жатыр. Биыл ескі су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Кенжеғали Әбдрахманов, еңбек ардагері:
– Біздің облыс республикалық қазынаға қыруар қаржы түсіреді. Бірақ жергілікті бюджетке түсетін ақша көлемі бойынша еліміздің өңірлері арасында соңғы орында тұрмыз. Бұл әділетті ме?
– Дұрыс айтасыз. Біз де осы сұрақты бірнеше мәрте көтергенбіз. Алдыңғы жылы да ресми хат жазған болатынмын. Біздің облыс қағаз жүзінде болмаса да, іс жүзінде донор облысқа жатады. Біздің облыс соңғы орында дегеніңізбен келісе алмаймын.
Талғат Жұмаев:
—Мені Орал-Атырау әуе қатынасы рейстерін қайтару мәселесі толғандырады. Батысқазақстандықтардың біразы Атырау облысында жұмыс істейді және үнемі екі қала арасында қауіпсіз көлік тасымалын қажетсінеді. Бұрын QAZAQ Air рейстері аптасына 3 рет болатын, қазір тек 1 рет қызмет көрсетеді. Рейстерді қайтару қажет. Тұрғындар такси қызметін пайдалана отырып, арнайы заңдылықтар мен стандарттарға сәйкес жабдықталмаған қауіпті тас жолда қаза табуда.
– Дұрыс. Бұл — өзекті мәселе. Жол қауіпті. Өкінішке орай былтыр 102 адам осындай жол-көлік оқиғалары себебінен қаза болды. Әуе компаниялары басшылығымен сөйлестік. 29 қаңтардан бастап аптасына екі мәрте рейс жасалатын болады. Жалпы аэропортқа келер болсақ, оған қатынайтын қосымша маршруттарды көбейтеміз. Қазір терминал қосылғаннан кейін жоспар жасалды. Маршруттарды көбейтуге мүкіндік бар, орналасқан жеріміз жақсы.
«ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орал қалалық филиалы:
-Орал қаласының шет жағындағы шағынаудандар мен көшелерге (Сарытау, Қазақ ауылы, Ескі әуежай және т.б.) аутобус маршруттарына аялдамалар қашан қойылады? «Орал — Тайпақ» аутомобиль жолының бойында ұялы байланыс желісі өте нашар ұстайды. Байланыс операторларымен бірге осыны дұрыстау жұмыстары жүргізіле ме? Проблеманы олар біле ме? Шаруа қожалықтарында тіркелген әр мал басынан салық алу мәселесін (субсидия алуына және алмауына қарамастан) Үкімет алдында көтересіз бе? Ауылдардың тұсына (әсіресе Атырау-Орал және Орал-Ақтөбе жолдары) қауіпсіздік үшін үй малы өтетін жерлерге күні-түні жанып тұратын айрықша белгілер орнатыла ма? Прокуратура, полиция, салық және басқа да құрылымдардан (облыс, аудандық) қашан тұрақты түрде халықпен кездесіп, тағайындалған басшылары және жұмысы туралы тоқсан сайын есеп береді? Ауылдардың тұсына тұрғындарға ыңғайлы жергілікті өнімді (бау-бақша, сүт өнімдері) сататын дүңгіршектерді (сауда павильондары) орнату қажет.
– Тек Тайпақ маңындағы жол мәселесі емес, біздің басқармамызға тиісті барлық жолға қатысты мобильдік операторларға тапсырма бердік. Олардың үш жылдық жоспарлары бар. Сол үш жыл бойынша мобильдік байланыс пен интернет жүйесін жақсартумен олар айналысып жатыр. Тайпақ үлкен ауыл болғандықтан, ол жер тек жолдың бойында емес, түгел сол аумақта мобильдік байланыс болуы керек. Биыл бұл мәселе өз шешімін табады.
Айрықша белгілер мен шам орнату жолдың жобасын жасаған кезде қызметкерлер ауыл тұрғындарының ұсыныстарын есепке алады. Барлық жерге тиісті белгілер мен шамдар орнатылып, жобаға кіргізіледі.
Әр мал басына салық төлеуді зерттеп үлгермедік. Алайда жақында шаруа қожалықтарымен кездескен кезде олар басқа ұсыныс айтты. Әр мал басына төлегеннен гөрі бірыңғай салық тиімді деп ойлаймын. Әкімшілік басшылары ғана емес, салық комиссиясы, Полиция департаменті секілді халықпен тығыз байланыс жасайтын құрылымдар тоқсан сайын тікелей эфирге шығып, халықтың сауалдарына жауап беретін болады.
Асылхан Молдашев:
– Сіздің қызметіңізді пайдаланып, жер алған туыстарыңыз бар ма?! Сіздің туысқандарыңыз жалпы немен айналысады?
– Облыс орталығындағы жер мәселесі – күрделі мәселе. Сынға көп ұшырайды. Мансапты пайдаланбау – негізгі ұстанымым. Менің туыстарым да, достарым да менің арқамда бір квадрат метр жер алған жоқ. Екі ағам бар. Екеуі де мемлекеттік қызметте жасамайды. Үлкен ағам инженер-гиолог, осы қалада бір компанияда жұмыс атқарады. Екінші ағам — Атырау қаласында металл құрылысымен айналысатын зауыттардың бірінде басшы. Және олар өз қызметтері арқылы мемлекетке қызмет етіп, көмегін тигізуде.
Зәру Қуанышәлиева Ержанқызы:
-Мен жас маман ретінде 2021 жылғы наурыз айында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Теректі ауданының қаржы бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Сізге беріледі, бәрі дұрыс деп хабарласты. Бірақ мен бір реттік көтерме ақшаны да, үйге берілетін несиені де алған жоқпын. Кейін өзім барып сұрағанымда, ақша жоқ, сіз 77-ші орында тұрсыз дейді. Қалайша? Менімен бірге тапсырған жұмыстасым барлығын алды. Ал мен қалайша 77-ші болдым? Сонда ол ақша қашан беріледі? Отбасылымын, екі ұлым бар, үшіншісін дүниеге әкелгелі отырмын. Басымызда баспанамыз жоқ. Сарыөмір ауылында өзгенің үйінде тұрып жатырмыз.
– «Дипломмен ауылға» — үлкен бағдарлама. Ауылдарымызға жас мамандар өте қажет. Түсінгенім бойынша, бұл жерде құжаттар уақтылы жиналмаған немесе қаражат бітіп қалған. Сондықтан сіздің құжаттарыңыз дұрыс болса, бағдарлама бойынша қаражатты бөлеміз және сіздің өтінішіңіз бірінші кезекте қарастырылатын болады.
Мақсат Макешов:
—Облыста жұмыс жасап тұрған көптеген зауыттар бар. Сол зауыттар облыс тұрғандарына қандай пайда әкелуде? Қанша тұрғынды жұмыспен қамтып отыр?
– Біздің облыстағы машина құрастыру, машина жасау зауыттардың көбі жұмыс жасап тұр. Әрине, бәсекеге, нарыққа байланысты кейбірі жабылып, орнына басқа зауыттар ашылды. Бір қуантатыны – өткен 2021 жыл біздің зауыттарымыз үшін жаман болмады. Бір-екі зауыт өткен жылдармен салыстырғанда өндіріс көлемін азайтса, енді бірі өндіріс көлемін арттырды. Соның ішінде «Зенит», арматура, трансформатор зауыттарын айтуға болады. Трансформатор зауыты өзге елдерге тауарларын шығарып жатыр, «Зенит» кемелердің жаңа түрлерін шығаруда. Былтыр 400 тонналық кемені суға түсірсек, биыл Қорғаныс министрлігімен келісіп, мемлекеттен үлкен тапсырыс алдық. 17 млрд теңгеге сыйымдылығы 700 тонналық кеме жасауымыз керек. Бұл бұрындары шығарылмаған, Қазақстан бойынша ең үлкен кеме болады. Бұл Зенит зауыты кемінде үш жыл жұмыс жасайды дегенді білдіреді.
Сонымен қатар бізде ЗКМК деген компания бар. Ол қару-жарақ шығарумен айналысады, білесіздер. Олар да қарудың жаңа түрлерін шығарып, шетелге экспорттап жатыр. Яғни біздің зауыттарға мемлекет тарапынан былтырғы жылы көп қолдау болды деп айта аламын. «Нұржанар» секілді жеке компаниялар да жақсы жұмыс жасап, өндіріс көлемін көбейтуде. Жалпы өндіріс орындарында 5 мыңдай адам жұмыс жасайды. Олардың бәрі де жай адамдар емес, жақсы мамандар. Оларды, әрине, сақтап қалуымыз керек. Сол үшін көп тапсырыс алуға, жұмыс орындарын көбейту мақсатында жұмыстанып жатырмыз.
Мират Нәби Уәлиханұлы:
-Орал-Бөрлі-Ақсай жолы кашан жөнделеді? Циолковский 2 мекенжайындағы үйдің құжаты қашан беріледі?
– Орал-Бөрілі-Ресей шекарасының жолының жоспары былтыр ғана сараптамадан өтті. Қазір қаражатқа ұсыныстарымызды бердік. Мемлекеттік қазынадан немесе басқа да көздерден қаражат тауып, биыл жол құрылысын бастағымыз келеді. Өткен жылдың қыркүйек айында өңірімізге Примьер-министр болған кезде осы жол құрылысына қаражат табуды тапсырды. Құжат былтыр ғана шықты, ол жобада біраз кемшіліктер болды. Кемшіліктер түзелгенше біраз уақыт өтті. Қазір жобамыз дайын және биыл іске асады деп үміттенемін.
Циолковский 2 мекенжайындағы мәселе кәсіпкерлер арасындағы дауға байланысты шығар. Қараша айында Астанада журналистерге осы сауал төңірегінде жауап бердім. Қазіргі жағдай да сол күйінде. Дауласқандардың бір жағы өз құқығын пайдаланып, жоғарғы сотқа өтініш берді. Ал жоғарғы сот шешімі әлі шықпады. Жақында бір газет беттерінде үйдің көзін жою, құлату керек деген жалған ақпарат тарапты. Қалай пайдаланатыны жөнінде кәсіпкер өзі шешім қабылдайды. Құлатылмайды, жойылмайды. Журналистерден тұрғындарды босқа уайымдатпай, дұрыс, нақты ақпаратты таратуды сұраймын.
Мерует Ешниязова Жеткербайқызы:
– Егіндібұлақ ауылының әлеуметтік жағдайы қашан көтерілмек? Біздің балалар, мектеп оқушылары, тіпті кейбір мектеп мұғалімдері цифрлық технологияны пайдалануды білмейді. Несие төлеу үшін қалаға барады. Жолақысы – 2000 теңге. Онымен қоса уақытын да жоғалтады. Егер интернет болса тұрғындар несиесін арнайы қосымша арқылы 5 минутта төлеп тастар еді.
Екіншіден, мектепте бала саны аз. Ауылымызда біраз құрылыс нысаны жаңартылды. Балаларға арналған ойын алаңы салынды. Бірақ олар кім үшін, не үшін салынды? Ұрпақ аз, әр тұрғында мектеп жабылып қалмас па екен деген қорқыныш бар. Бірнеше мәрте сыныптар жабылып, біраз оқушы өз ауылынан мектепті бітіре алмады. Осы тұста ауылдағы жұмыссыз азаматтар мен азаматшаларға шағын кәсіп ашу үшін қолдау көрсетілсе екен. Мен бірнеше ер азаматтың кәсіп ашқысы кеп, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша оқу курсын оқығанын білемін. Бірақ ақша алу үшін КЕПІЛДІК керек екен, кепілге қоятын мүлкі болса, несиені кез келген банктен алмай ма?
Үшіншіден, ауылымыздың кейбір тұрғындары «Nur Otan» партиясының мүшесі, бірақ мүше екенімізді елеп, материалдық тұрғыдан ауылымызға көмек көрсетсе екен. Себебі бірде-бір рет «Nur Otan» партиясынан ауылға көмек болмады. Ең болмаса, мерекелерде көп балалы, аз қамтылған отбасыларға бір қалта сыйлық берілсе екен.
– Егіндібұлақ ауылы — шекара аумағында жатқан перспективалы ауыл. Президент жақында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына көмек көрсетуді көбейту керек екенін айтты. Шекара маңында жатқан ауылдарды жандандыру үшін біз талдау жасадық. Қай ауылда қандай мәселе бар екенін анықтап, оларды шешу жолдарын да қарастырдық. Шекара маңындағы ауылдарға көмек көбірек көрсетіледі. Ауылдарды қашанда қолдаймыз. Интернет бақылауға алынады. Азаматтарды тарту, қызықтыру аудан әкімі мен ауыл әкімінің жұмысы. Егер өзі тұрып жатқан жерден көшуді жоспарлап жүргендер болса, Егіндібұлақ секілді перспективалы ауылға көшуді ұсынамыз.
Дархан Нұрлыбекұлы:
– Мен — жас кәсіпкермін, өңіріміздің дамуына өзімнің үлесімді қосқым келеді. Ғимараттарды, жолдары жобалаумен айналысамын. Менің ойымша, біздің қалаға, жалпы өңірге жанашыр азаматтар керек. Осы елдің азаматы ретінде сізді қолдауға дайынмын. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
– Жолдарды жобалау — үлкен мәселе. Осы саланың мамандары бізге қажет. Пайдалы кеңесін айтып, көмек көрсетуге талпынып тұратын жандардың пікіріне қашанда құлақ асамыз.
Эльмира Тастенова Мәлікқызы:
– Теректі ауданына қарасты Пойма ауылына мектеп салуға қаражат бөлуге көмектесуіңізді сұраймыз. Қазір балалар 60-жылдары салынған бұрынғы жатақхана ғимаратында оқып жатыр. Акт залы, спорт залы, асхана деген атымен жоқ. Тек үш кабинет, онда балалар бастауыш негізінде білім алуда. 4-сыныптан кейін балалар әртүрлі ауылдарға қатынап оқиды. Ауыл республикалық теміржол бойында орналасқан. Сонымен қатар республикалық жол да ауыл жанынан өтеді. Үлкен жол болған соң, үлкен жүк көліктері мен жеңіл машиналар жылдамдықты арттырады. Бұл балалар үшін өте қауіпті.
– Шағын елді мекендерде ескі мектептер көп. Оның біразы күрделі жөндеуді қажет етсе, біразы жаңа құрылысты талап етеді. Бәрі бірден қалыпқа түсе қоймайды. Мәселелер уақыт өте келе шешіледі. Пойма ауылындағы мектепті біз биылғы жоспарға кіргіздік. 180 орындық мектепті сол ауылдан тұрғызғымыз келеді. Осы проблеманы жүйелі түрде шешу үшін былтыр екі типтік жобаны жасадық. Біріншісі 60 орындық, екіншісі 108 орындық. Теректі ауданында мектепті қажет ететін Пойма ауылынан басқа тағы 2-3 ауыл бар. Пойма ауылы мектебінің құрылысын біз биыл бастаймыз.
Игорь Гуртовой Васильевич:
– Казталов-Жәнібек жолының құрылысы қашан аяқталады? Жайық өзенінің алдағы уақытта да жағдайы қандай болмақ? 30-40 жыл бұрын су қоймасы салынып, бәрі дұрыс болған еді. Қазіргі жағдайға кім жауап береді?
– Тек Казталов-Жәнібек емес, басқа аудандардағы жолдар да жөндеуді қажет етеді. Пандемияға байланысты аз-кем кедергілер болды. Былтыр қаражат бөлінді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысты кеш бастаған мердігерлер жоспарды уақтылы аяқтай алмады. Тапсырыс беруші — «КазАвтоЖол» республикалық кәсіпорны. Мердігерлер ауыстырылды. Жол биыл салынатын болады. Қазір құрылысқа керекті құрал-жабдықтар, материалдар жинақталуда. Мердігердің жұмысын қатаң түрде қадағалап отырамыз. Материалдардың қымбаттауына байланысты сметалық құжатқа өзгеріс енгізуге тура келді.
Оренбургта да, Башқұртстанда да болдық. Оларда да Жайық өзенінің жағдайы осындай. Ешкім су қоймасын тұрғызып жатқан жоқ. Тек белгілі бір тәртіп бар. Осы мәселені шешуге арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның арасында әкімдік қызметкерлері де, гидрологтар да бар. Олар Жайық өзенін зерттеп, түйткілді мәселенің шешімін табу үшін еңбек етуде.
Ақзия:
-Мен — екі мүгедек баланың анасымын. Біздің облыста оңалту орталығы салынса деген өтінішім бар.
– Облыс орталығында оңалту орталығын салудың сараптамадан өткен жоспары бар. Ол да біраз қаражатты талап етеді. Біз республикалық бюджеттен осы мәселені қарастырып жатырмыз. Тек біздің өңірде ғана емес, басқа өңірлерде де осындай оңалту орталықтары салынуы қажет. Қазір бюджеттік өтінімді жібердік. Республикалық бюджеттің мақұлдауын күтіп отырмыз. Сонымен қатар облыс орталығында шамамен 800 шаршы метрді құрайтын оңалту орталығын ашамыз. Бұл кейбір тұрғындардың мәселесін шешеді деп ойлаймын. Біз бұл оңалту орталығын қаңтар немесе ақпан айында ашқымыз келеді.
Еламан Асқарұлы:
– Жол-көлік оқиғалары көбейді. Әлеужеліні ашып қалсаң, малға соғылған көліктердің суреттері мен видеолары қаптап кетеді. Осы мал иелерінің жауапкершілігін қалай арттыруға болады?
– Өкінішке орай, жол-көлік оқиғалары көп. Былтыр малдың қатысуымен 7 жол-көлік оқиғасы болды. 5 жерлесіміз қаза болды, 11 адам қатты жарақат алды. Мал иелеріне айыппұл салынып жатыр. Айыппұлдың құны – 8 мың теңге. Үкіметке өз ұсынысымызды жібердік. Айыппұлдың сомасын көбейту керек екенін жаздық. Иесіз малды 6 ай бағып-ұстау мәселесі де қаралуда. Бұл бізге тиімсіз. 6 ай малды бағу үшін біраз ақша жұмсауға тура келеді. Қауіпсіздік шараларын күшейтуге жергілікті тұрғындар да атсалысуы қажет.
Руслан Мұхамедов Болатұлы:
– Мен Орал қаласының коммуналдық мекемелерінің бірінде жұмыс істеймін. 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорына құжаттар тапсырғым келді. Бірақ менің құжаттарымды қабылдаудан бас тартты, өйткені менің ресми түрде жұмысым болды. Жұмыс істейтін және кәсіпкерлікпен де айналысқысы келетін азаматтарға қандай қолдау көрсетуге болады? Жеміс-жидек өсірумен, картоп өсірумен айналысуға ниет бар, бірақ жер алуда мәселе туындайды. Менің білуімше, жер конкурстық негізде тек шаруа қожалықтарына беріледі, ал шағын және жаңадан бастаған ауыл шаруашылығы бойынша кәсіп бастағысы келетін азаматтарға жер алудың қандай мүмкіндіктері бар?
– Кәсіпкерлік басқарма Руслан Болатұлымен байланысқа шығатын болады. Сізге неліктен қолдау көрсетілмегенін анықтап береміз. Тұрақты жұмысыңыз болса, грант беру қиындау болады. Грантты тек жұмыссыз отырғандарға береміз. Жеңілдікпен микрокредит алуға мүмкіндік бар. Төлем мөлшері 4-6 пайызды құрайды. Жер тек шаруа қожалықтарына беріледі. Қалада тұратын болсаңыз, бізде бау-бақшамен айналысатын қожалықтар бар. Жұмыс істемей, бос тұрған саяжайлар бар. Саяжай басшыларымен байланыс жасап, жалға алып, сол жерде кәсібіңізбен айналысуыңызға болады.
Әсел Тургаева Төлегенқызы:
– Абай даңғылындағы 56-үйдің ауласына бақылау камераларын орнатуды сұраймыз. Өйткені 2019 жылы осы үйдегі дүкен, пәтер, машиналар тоналды. Сонымен қатар 2018 жылы үйдің ауласында адам өлімі орын алды. Біз облыстық Полиция департаментіне бақылау камераларын орнату туралы өтініш білдірдік, бірақ нәтиже болмады. Қазір үйдің ауласында қоршалған қоқысқа бағытталған жалғыз камера бар, бірақ үйдің ауласы мен кіре берісі қараусыз тұр.
– Полиция департаментіне мекенжайыңызды береміз. Бұл — көп қабатты үй. Жоспарымызға сәйкес қаламыздағы көп қабатты үйлердің барлығы бейнекамералармен қамтылады. Меніңше, сол жоспардың ішінде Әсел Төлегенқызының үйі де бар. Біз жоспарды қайта қарап, Абай даңғылындағы 56-үйдің бар-жоғын тексереміз.
Елдар Бисенбаев Қайратұлы:
– Зашаған кентінің Болашақ және Балауса шағынаудандарында 2000-ға жуық үй бар, бірақ мектеп жоқ. Көптеген көшелерде қатқыл табанды жол жоқ. Көктемде қар еріген кезде үйге жету мүмкін емес. Телефон байланысы өте нашар, кейбір жерлерде интернетке шығу мүмкін болмайды. Тағы бір мәселе — медициналық пункттер жоқ, 6-шы емхана алыс.
– Жолға байланысты қала әкімі баяндайтын болады. Интернетті қала бойынша жақсартамыз. Бұл жұмыс қолға алынды. Зашаған кентіндегі жағдаймен таныспыз. Айтқан мәселелер ескеріледі. 6-емханаға 880 мыңға жуық адам тіркелген. Қазір инвестор таптық. Зашаған кентінде емхана ашқысы келеді. Бұл жоба іске асса, мәселе шешіледі. Болашақ, Балауса шағынаудандарында кем дегенде 3 мектеп салуды көздеп отырмыз. Балабақша тұрғызу да жоспарда бар. Мектеп салынатын орынды анықтадық. Бұйырса, құрылыстар басталады.
Жаңылсын Мұзаппарова:
– Сарытау шағынауданына балабақша қажет.
– Жуырда Сарытау шағынауданында 180 орындық балабақша ашылуы тиіс…
Анар Аменова Құспанқызы:
– Мент — көп балалы анамын, ұлым олимпиадалық резерв мектеп-интернатында 11-сыныпта оқиды. Биыл үздік спортшы сертификатын алса, былтыр спорт шебері атанды. Мұндай балаларға қандай да бір жеңілдіктер, гранттар қарастырылған ба?
– Балаңыз спорттық жетістіктерімен қуанта берсе, грант беруге, әрине, болады. республикалық грантты жеңіп алуға да мүмкіндік бар. Облысымызда спорт саласына 10-15 шақты грант бөлінеді. Ең бастысы, оқушылардың жақсы нәтижеге қол жеткізуі. Тестілеуден жоғары балл алғаны дұрыс. Балл қаншалықты жоғары болса, соншалықты грантқа ие болуға мүмкіндігі бар. Бірінші кезекте, біз көп балалы отбасында тәрбиеленген балалардың грантқа қол жеткізуіне мүмкіндік жасаймыз. Өткен жылы біраз жас спортшыны жоғары оқу орнына түсірдік.
Руслан Фазылов:
– Сырым ауданының Алғабас ауылында ұялы байланыс неге жоқ?
– Жалпы үлкен ауылдар бойынша мобильді байланыс пен интернетті жақсарту бойынша жоспарымыз бар. Алғабасқа биыл міндетті түрде ұялы байланыс орнатамыз.
Әсел Сұлтанәлиева Салыққызы:
– Бұрын Абай даңғылы 57/2 бойындағы жаңа үйді салған кезде бұрынғы «Сұлтан» базары маңы және Мұхит көшесі 97-үй арасындағы ұзындығы 100-150 метр жолды қазып тастаған еді. Сол себепті қазір тұрғындардың орталық көшеге шығуы қиындап кетті. Жаңа үйдің салынғанына 3 жыл өтті, алайда ешкім жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Жаңа үйді салған мердігер мекеме – «Қазхолл» компаниясы. Осы учаскеге жол салуды аяқтауды сұраймыз.
– Бұл мәселені орынбасарыма тапсырамын. Темірхан Меңдіғалиев «Қазхолл» кәсіпорнымен сөйлесіп, мәселені шешетін болады. Қар еріп, жер кепкеннен кейін егерде ол жол қаланың жолы болса, қайта қалпына келтіру кәсіпорынның міндеті.
Марлен ҒИЛЫМХАН