Кешегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференц байланысы арқылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның биылғы жылдағы алғашқы отырысында әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу, сондай-ақ, Атырау облысындағы мұнай өндіруші алып өндірістік компания – «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұмыстан босатылған жұмысшы-қызметкерлерін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету шаралары туралы мәселенің талқылану жайдан жай емес. Аталған компаниядан болашақта жұмыстан босатылатын 40 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жергілікті атқарушы биліктің ғана емес, ел Үкіметінің де бас ауыртар мәселесі болып отырғаны шындық.
Республикалық үшжақты комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде сапалық жағынан жетілдіру жөніндегі айтқан ұсыныстарын Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі мен салалық кәсіподақтары тарапынан толықтай қолдау табуда. Біз мұнда көтерілген еңбекақы жүйесін анықтау механизмін қайта қарау, жұмыс беруші еңбекақыны төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмысшының өз жұмысын тоқтата тұру құқығын заңнамалық деңгейде қарастыру, басшы мен қатардағы жұмысшылардың жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 1 еселік және 10-нан аспайтындай етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізу, «Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбеккерлердің талаптарын қорғау туралы» конвенциясын толық көлемде ратификациялау туралы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының айтқан орынды ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау табады деген сенімдеміз. Өйткені аталған мәселелер шетелдің компанияларда еңбек ететін қазақстандық жұмысшылардың ғана емес, олардың еңбек құқықтары мен мүддедерін қорғаушы кәсіподақ ұйымдарының да көкейтесті мәселесіне айналғалы біраз болды. Соңғы кезде елімізде осыған байланысты еңбек даударының туындауына да себепкер болғаны рас. Жалпы жұмысшылардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша жасалған бұл ұсыныстар еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Өткен жылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырыстарында Атырау облысындағы еңбек ұжымдарында жұмысшы-қызметкерлерге жалақы төлеуді кешіктіру, еңбекақыны өсіру, өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтау, апаттық жағдайлардың алдын алу және жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қатысты арыздар бойынша мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу, ұлтаралық бірлікті нығайту бойынша тиімді және жүйелі шараларды қабылдау арқылы мұнай-газ өндіру, құрылыс салаларының мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардағы әлеуметтік-еңбек жағдайына талдау жүргізу, кәсіпорындарда тапсырыс берушіден қосалқы мердігерге дейінгі еңбек қатынастарын, еңбекті қорғау, қауіпсіздіктің бақылау жүйесін әзірлеп енгізу міндеттелді.