Оқиға өткен жылдың жаз айында орын алған еді. Орда бұзар отыздан асқан азамат Теңіз  мұнай-газ  кенішіндегі бір фирмада «КамАЗ» автокөлігін  жүргізетін-ді.

Міндеті ТШО-ның дизель отынын қазанды көлігімен мердігер мекемелерге тасымалдап, жеткізу болатын-ды. Сол күні әдеттегідей темір тұлпарын соляркаға сылқита толтырып алған ол түске жақын Кеңарал елді мекеніне ат басын тіреді. Осы жерде бейтаныс орыс жігітін кезіктірді. Оған арзан бағасына солярка сататынын мәлімдейді. «Сауда сақал сипағанша» дегендей, әлгі адам келісімін бере қойды. Қуанып кеткен жүргізуші дереу көлігінің үстіне мініп, қазанының қақпағын ашып жіберді де, еш ойланбастан 6653 литр дизель отынын құйып берді. Есесіне 332650 теңге ақшаны сытырлатып тұрып санап алды.

«Ұрлықтың құйрығы — бір тұтам», бірақ жүргізушінің ұрлығы көп ұзамай ашылып қалды. Сөйтсе мекемеде арнайы «Гломос» атты арнайы деректер базасы бар болып шықты. Онда мердігер компаниялар автокөліктерінің қозғалысы, жүрген-тұрғаны, ішіндегі жанар-жағармайдың көлемі мен қай жерде құйылып алынғаны бақыланып отырады екен. Солярка сатқан серінің қылмысы сол бағдарлама арқылы анықталды. ТШО-ның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері «10150 литр дизель отынының 6 653 литрі қайда?» деп сұрағанда «КамАЗ» жүргізушісінің амалсыздан кінәсін мойындауға тура келді. Құқық қорғаушылар оның үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс көтеріп, алдын ала тергеу амалдары арқылы сотқа жолдады.

Сот іс бойынша жинақталған және басты сот отырысында зерттелген дәлелдемелердің негізінде сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті жоғарыдағы баппен дұрыс сараланған деп санады. Себебі ол ТШО мен оған қызмет көрсетіп жатқан мердігер мекемелердің көлік құралдарына құю үшін өзіне сеніп тапсырылған 6 653 литр дизель жанар-жағармайын иемденіп алып, жымқырған.

Аудандық соттың үкімімен айыпкер кінәлі деп танылды. Оның асырауында кәмелетке толмаған балаларының барлығын және келтірілген шығын орнының толтырылғанын ескеріп, 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, жәбірленушінің өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 36075 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіру міндеттелді.

Осылайша, компанияға 1 187 000 теңге мөлшерінде мүліктік залал келтірген жүргізуші көлденең табыс табамын деп абыройынан бір, жұмысынан екі айрылды. Бұл ұрлыққа бейім өзге азаматтарға ащы сабақ болса керек.

                                                                                        Р.Алдамбергенов,

   аудандық соттың судьясы,

    Е.Бисекенұлы,

                        журналист.