Атырау өңірінде  соңғы  жылдары  алай-дүлей боран жоқ, қыс бірқалыпты өтіп жүр. Аязды күндер де  өте қатты емес. Қазан-қараша айынан көктемгі наурыз соңына  дейін  қысқы спорт шараларын өткізуге  мүмкіндіктер  табуға  болады. Жайық өзенінің қаладағы, сондай-ақ оны  бойлаған  ауылдар  тұсында табиғи мұз бетінде  алаңдар  жасау қала-ауыл  балаларын  қызықтырудың бір жолы  екені  анық.

Сонымен  қатар Жылыойдағы Қамыскөл көлінде, Жем өзенінде, Қызылқоғадағы  Арал, Бәйтік көлдерінде, Ойыл өзенінде   мұз айдындарын жасау  үлкен спортқа жастарды  баулуға жол ашары сөзсіз. Осындай  қыстың  сәтті күндері  қысқы спортты  ұйымдастыруға  қалай  пайдаланылып жүр? Жалпы қысқы спортты дамытуға не қолды  байлап отыр?

Атырау  қаласында соңғы кездері  басшылыққа  жаңа , жас  буындар келуіне  байланыстықысқы спортққа елеулі  көнің бөліне бастағанын  тұрғындардың  өздері айтып жүр. Қалада  Жайық  өзені бойында  мөлтек  аудандар тұсында қысқы мұз  айдындары  жасалды. Оларда  әр демалыс  сайын Жайық өзені үстінде коньки  тебушілер мен шанамен  сырғанаушылар  сайыстары, өзенді жағалай қысқы жүгіру марафондары  ұйымдастырылып келеді.

Индер ауданында  да биыл қысқы спортты дамытуда  жақсы  бастамалар қолға алынуда. Мұнда шаңғы спортынан биылғы қыс басынан бері бірнеше сайыс өткізіліп, жастардың қызығушылығы  арта түскен. Бұл өңірде қардың  биыл көп түсуі де ,сондай-ақ ауданға басшылыққа жаңа жас әкім Мейірім Қалауйдың келіп  бұл спорт түрін дамытуды  ынталандыра түсуі  де септігін  тигізуде.  Ауданда қазір қысқы және жазғы  спорт  шараларын  өткізіп,оған жастардың көптеп  қатысуына  жағдайлар  жасау жоспарланып  отырғанын  білдік.

Қызылқоға ауданында  да  жер беті қыс бойы  қар жамылып жатады. Сондықтан мұнда  да  қысқы спортты  дамытуға көп  мүмкіндік бар.  Ауданда жалпы  спорт саласы қарқынды дамып, спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұрын тек күрестен ғана бағы жанатын аудан спортшылары соңғы жылдары футбол, волейбол сынды командалық спортты да игеріп, аудан абыройын асқақтатуда.  Ал қысқы спорт түрлеріне келгенде ауыз  толтырып айтар  ештеңе  жоқ .

— Қысқы спорттың ауданымызда кенже қалып жатқаны рас. Бұл сала аудан түгілі облыста да енді-енді қолға алынып, дамып жатыр. Соған сай алдағы уақытта ауданда да жүйелі жұмыстар жүрмек. Яғни, қысқы спорты дамыту бағытында біздің де өз жоспарларымыз бар. Оның бәріне уақыт пен қаржы керек. Мәселен, өткен 2018 жылы бөлінген қаржыға Сағыздағы спорт кешені мен Жангелдиндегі спорт мектебін күрделі жөндеуден өткіздік. Былтыр аудан спортына 24 миллион теңге қаржы бөлініп, оған жаңағы айтқан күрделі жөндеулер жасалып, спорттық құрылғылар алынды. Осылайша, жазғы спорт түрлеріне қажетті жағдайды жасап алдық. Енді алдағы уақытта тағы да қаржы сұратып, қысқы спорт түрлерін дамытуға жұмсамақпыз,-дейді Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиев. -Бірақ, бұл қысқы спорт түрлері бойынша мүлдем жабдықтар жоқ деген сөз емес. Біздің базамызда екі командаға арналған хоккей спортының барлық құрылғысы бар. Сол арқылы жылда Миялыдағы мұз айдынында хоккейден мектепаралық шағын жарыстар өтіп тұрады. Балалар мұз айдынында коньки теуіп, өзара жарысып қызыққа бөленіп жатады. Дәл қазір қысқы спорт кәсіби тұрғыда дамымағанымен бұқаралық сипат алып келе жатыр. Енді таза спорттық бағытта дамыту үшін алдағы уақытта шаңғы, коньки үйірмелерін ашып, балаларды тартуымыз керек. Бірақ, оның бәрі уақыттың еншісінде.

Иә, қысқы спортты ауылдық жерлерде дамыту өте дұрыс бастама. Осы істі тез арада қолға алса, ауыл балалары талай додаларда топ жарары сөзсіз. Себебі, ауылдың сықырлаған аязында шынығып өскен баладан көп нәрсе күтуге болады. Кішкентайынан қысты күні мал қарап, шанамен су тасып, кешкісін ыстық сорпа ішіп өскен балалардың иммунитеті мықты болады. Міне, осындай табиғи тұрғыда дайын тұрған баланы қысқы спортқа сәл бейімдеп жіберсе алынбайтын қамал болмайды.

— Қай-қай саланы дамыту үшін ең бастысы мықты база керек. Сосын барып нәтиже сұрауға болады. Қысқы спортты қолға алу үшін жүйелі жұмыстар жасалуы тиіс. Ең әуелі әр ауылдық округтен шағын болса да мұз айдындарын салған жөн. Сосын аудан орталығынан қысы-жазы жұмыс жасайтын мұз сарайы болған дұрыс. Сонда қыс бойы өз ауылдарында коньки теуіп шыныққан балалар қар ерігесін аудан орталығында жаттығуын жалғастыра алады. Сосын ауылішілік шағын жарыстарды жиі өткізіп тұрған абзал. Жарыс көрген бала түптің түбінде бір жерді жарып шығады,-дейді  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Мәлік Сүлейменов.

— Мұз сарайын салу қиындық туғызатындай жағдай болса, аудандағы әр мектепке он шақты шаңғы мен конькиден алып берген дұрыс. Сосын дене тәрбиесі пәні мұғалімдерін курстан өткізіп, қысқы спортты дамытуға мүмкіндік туғызу керек. Кезінде балаларды талай жарысқа апардық. Сонда байқағаным балалар өздері айналысып көрмеген спорт түрлеріне қызыққыш болып келеді. Баланың сол мінезін пайдаланып, қысқы спорт түрін дамытқанымыз дұрыс. Өйткені, бұрын шаңғы теуіп көрмеген бала аса қызығушылықпен тез меңгеріп алады,-дейді   спорт саласының ардагері Рахмет  Ғалиахметов.

Қыстың сәні мұз бен қар екені мәлім.  Қай жерде де ,қала ма аудан ба  балаларды қысқы спортқа тарту үшін әдемі етіп мұз қалашықтар салу маңызды. Ал  Атыраудын  солтүстік ,шығыс  аудандарыдағы  қалың  қар оны жасауға әбден қолайлы.Қазір қыстың уақытында балалар сыртқа шығып ойнамайды. Барлығы үйде смартфон мен компьютердің алдында отырады. Егер ауданда бала қызығатындай сырғанақтар мен мұздан жасалған түрлі мүсіндер қойса балалар да   сол маңнан табылады. Осылайша, қысқы спортқа балаларды қызықтырып барып тартқан жөн. Ол үшін спорттық базадан бұрын қыста балалар ойнай алатын алаңдар жасалғаны  жөн. Сондықтан, аудан орталығында, үлкен селоларда  алып мұз айдыны емес, шағын-шағын мұз алаңдары салынса, оған  аудан, ауыл кәсіпкерлерін  тартса  ғой. Жыл сайын сол мұздан коньки теуіп, шыныққан бала қысқы спорт түрлерінің үйірмелері ашылған уақытта дайын спортшы болып шығатыны сөзсіз.

— Қызылқоға  ауданында қысқы спорттың дамығанын, балалардың жақсы жетістікке жеткенін бәріміз де қолдаймыз. Бірақ, бұл өте қиын шаруа. Біріншіден, біз табиғи жағынан дайын емеспіз. Себебі, біздің аудан Индер сияқты дөңесті,қыратты  аймақ емес. Ал, шаңғы спортын дамыту үшін міндетті түрде таулы, қыратты жерлер керек. Байқасаңыздар елімізде қысқы спорттан жүргендердің көбі Шығыс Қазақстан, Алматы сияқты таулы аймақтан шыққан спортшылар. Неге? Себебі, ол жерлер қысқы спортқа өте ыңғайлы. Ол жақтың қысы да ұзақ. Ал, бізде қалың қары бар таза қыс әрі кетсе үш айдан аспайды. Мысалы, шаңғы спортынан үйірме ашып, балалар енді-енді ысыла бастағанда қар еріп кетеді. Сосын келесі қыс түскенше күту керек. Ол уақытта әлгі балалар үйренгендерін ұмытып қалады,-дейді Сағыз ауылының тұрғыны   Жақсылық Орынбасаров. -Рас, біздің ауданнан хоккей мен коньки спортын дамытуға болады. Ол үшін ауылдардан мұз айдындарын толтырып салу керек. Жалпы мұз айдынын салуға көп қаражат та кетпейді. Көлемі 10х20 метр болатын жан-жағы қоршалған нысанды тауып, ішіне су құйып қатырса мұз айдын болып шыға келеді. Тек округ әкімдерінің осы мәселені  дамытуға деген ынтасы  болуы керек.

Жұрттың көбі қысқы спорт жайлы сөз болғанда шаңғы мен конькиді ғана айтады. Ал, негізінде мұзды ойып, балық аулау да қысқы спорттың бір түрі.  Бұл біріншіден спорт, екіншіден балықтарға пайда. Себебі, қалың мұз салдарынан көп жерлерде балықтарға ауа жетпей қырылып жатады. Егер Атырау қаласының Жайық өзені, Қызылқоғада  Ойыл өзені бойынан балық аулаудан жарыс өткізсе  балықтарға ауа барып, қырылудың алдын аламыз, табиғи тепе-теңдік сақталады. Осы жарысты өзендерді бойлай ағып жатқан барлық ауылдарда өткізсе  ынталы  азаматтар көбейері сөзсіз.Әрі  ауыл жастары жалқаулық, бойкүйездіктен  арылар еді. Бірақ бұндай жарыстар Атырауда өтті дегенді естіген жоқпыз.

Қысқы спорт мәселесі Атырау облысының  барлық  өңірлерінде де  әзірге кенже  қалғаны  жасырын емес.   Аймақта  осы саланы дамыту туралы түрлі ұсыныстар мен бастамалар  жылда  айтылады, бірақ аяқасты  қалып қояды. Бұған  жергілікті әкімдіктегі  басшылар, Атырау облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының жаңа басшылығы жеткілікті  мән  бергені  жөн. Биылғы Жастар  жылында жас  ұрпақты  қайсарлыққа, төзімділік пен ептілікке баулитын қысқы спортты  дамытуға енжар қарамайық!

                                                                           Еркін САМАЛЫҚ,

  Атырау облысы.