Қазақ халқында сақталған жақсы дәстүрдің бірі көп болып, жылу жинап, қиналған жандарға жәрдемін тигізу екені белгілі. Ағайынның, ауылдастың басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, бірі қаржылай қарасып, бірі қолдан келген қолқабысын береді. Осындай көңіл тебірентер қайырымдылық іс жақында Мақаш ауылдық округінде де жүзеге асты.

Бір ерекшелігі, оған ұйытқы болған ауылдың атқамінері мен үлкендері емес, қарапайым ғана жастардың бастамасы екені қуантады. Түрлі қиындықтарға тап болып, денсаулығы кеміп, басындағы баспанасының да әбден тозығы жеткен Ерслан Қуановтың кембағал халі Ерқанат Ілиясов, Нұрлыбек Абдолов, Нұржан Қажетов сынды ауылдастың жандарын жүдетіп, ойласа келе бас біріктіріп үй тұрғызып берсек деген шешімге келеді. Бұл тоқтамдарын қалған жастар да қолдап, 1975 пен 1998 жылдары аралығында туғандар өзара келісіп, қажетті құрылыс материалдарын, істелетін жұмыстарды бөлісіп алады. Мамыр айында Ерсланның ескі үйін бұзып, орнына 3 бөлмелі баспана салу қамына кірісіп кетеді. Бірі қаржылай жәрдемдесіп, енді бірі құрылыс жұмыстарымен айналысып бос уақыттарында осы маңнан табылып отырды. Күнжан Мусағалиева мен Жеміс Серікбаева апалары ішкі-сыртқы сылақ жұмыстарын жүргізді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осындай үлкен ұйымшылдықтың арқасында Ерсланға жаңа жылға жаңа үй салып берді. Суы, газы тартылып, жылуы жүргізілген үйдің ішіне ағайынды Мәдениет, Болат Кенжеғалиевтер, Құлесов Жұмабек бастаған көршілері төсеніш, көрпе-жастық, үй жиһаздарын алып беруге қол ұшын созды. Бұл істен ағайындары да қалыспады.

Алға ауылының тұрғыны Тасемен Сәрсенов мынадай деректермен бөлісті. – Ерсланмен бірге оқып, бірге жүрген құрдаспыз. Вахталық жұмыста жүріп алған жарақатынан мүгедек болып қалды. Содан кейін тұрмысы нашарлап кеткені жасырын емес. Көзіміз көріп тұрғасын қолдан келгенше көмектесіп жүретінбіз. Құрдастардан Ержан Батырханов пен Асхат Үмбетәлиев тиын-тебенін тапсын деп  аяқ киім жөндейтін құралдар алып берді, Мұхан Камалов оның мүгедектік алуы үшін көп көмектесті. Шаруа қожалығы иесі Есболат Құбашев те ағалығын білдіріп, үнемі қамқорлап келеді. Енді, міне, ауыл жастары болып асарлатып жаңа үй салып берді. Титімдей болса да қол ұшын тигізгендердің баршасына алғысымыз шексіз, — деген ол бұрындары жыл-жылға бөлініп, өзара қырқысып жататын ауыл жастарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып қайырымды іске құлшына кіріскен ауызбіршіліктерін алға тартты.

Өткен жұмада жаңа қонысқа көшу тойы өтіп, шарада Мақаш ауылдық округі әкімі Болат Мұфтахов алғы сөзін арнады. Лента қию рәсімін ауыл молдасы Ізтұрған Әдиятов пен үй иесі Ерслан жасады. Жиылған жұртшылық жаңа қонысты аралап, тілектерін айтып, дәм ауыз тиіп, ақ баталарын берді. Бұдан соң «Алтын асық» дәмханасында Ерслан мен бауырлары дастархан жайып, көмек қолын созғандардың баршасына құрметін білдірді. Алғыс хаттар табысталып, ұйытқы болғандарға ескерткіш сыйлықтар ұсынылды. Бұл ауылда тұрмаса да жақсы бастамаға қолдау білдіріп, атсалысқан Мейрамбек Зұлхарнайұлы, Дулатбек Рысбекұлындай жігіттерді ұлығылауды да ұмыт қалдырмады.

А.НӘЖІМОВ.

Құрманғазы ауданы,

Атырау облысы