–
Қонаевтың аңшылығы туралы неге жазбайсың? Несаға тұтқиылдан сауал тастады.
– Қонаев менімен сөйлесе ме? Қалай барам, қалай табам?
– Журналистің нашары солай айтады. Неге іздемейсің? Неге таппайсың? Сұра, ізде, тауып ал, тілін тап, әңгімелес. Керек болса, есігінің алдында жат, подъезінде түне, қалай болса да материал дайындауға тырыс.
Ойланып отырмыз. Әлде тапсырма, әлде ұсыныс. Неден шығып еді? Кісі біткен таң қалатын мақала жазғымыз келген. Ұстаз Қонаевты атады. Аңшы, сексенінде сергек жүр. Әлі атқа мінеді. Тамаша тақырып қой. Келісеміз. Бірақ қырық жыл ел басқарған адам бізді менсіне ме? Сөйлесе ме? Езу тарттық. Ойға әлдене түсті. Жымиып отырдық та, іске кірістік. Қажетті нөмірді таптық. Тердік. Сөйлестік. Тұтқаны көтерген жігітке жөнімізді айттық. Бұйымтайды білдірдік. Жарты сағаттан кейін хабарласуымызды өтінді. Уәделі кезде телефон құлағын қайта бұрадық. Дінмұхаммет Ахметұлы келісіпті. «Сәрсенбі, сағат 10.00 де келсін»,- депті. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде мәселе шешілді.
Дайын жүргенбіз. Кездесуге. Бала кезден сіңген қасиет. Қазақтың қартын тыңдауға құмар болдық. Мақаншының шал-шауқанын мезі еткен кезіміз де бар. Қиын сұрақтарды қардай боратып. Кейбіреуі ренжіген, Қабанбай жайлы сұрағанда. «Ленинді неге зерттемейсің, арғы тарихты түгендеуді қоя тұрып?». Күліп кете бергенбіз. Енді Димаш ақсақалмен жолығудың сәті келіпті. Сұрақ көп. Қалай жауап қайтарады, қандай жауаптар күтеміз? Уәделі күні есігін қақтық. Төменде күзетші құжатымызды тексерді. Тінту жоқ, қажетті қабатты айтып, қай есіктің қоңырауын бастанымызды түсіндірді. Лезде көтерілдік. Қолды қоңырау түймесіне апардық. Есікті Димаш Ахметұлының өзі ашты.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам, төрлет. Қазір уақыт тапщы. Бір естеліктер жазып жатырмыз, өзге де шаруалар көп. Айналайын, меселің қайтпасын деп, келсін деп едім. Бір жиырма минут уақытым бар. Өзі қазір іс те қаурыт боп кетті. Жолаушылап бара жатырмыз да…
Кірген бетте состиып тұрдық да қойдық. Ақсақал артына қарайлаған жоқ. Тартып барады. Сөйлеген беті дәліз бойымен біраз жүріп, оңға бұрылды. Жұмыс кабинеті шығар. Сосын бізді іздеген, шамасы. Қайта шықты.
– Әй, неғып тұрсың, өтсеңші бері
– Өткенде… 20 минутта не біліп үлгерем… сол жағы уайымға бөлеп тұр ғой
– Уайымы несі? Балам-ау, уақыттың тапшы екенін айтып жатырмын ғой. Келген соң кір енді, бері кел.
– Келем ғой.. бірақ..
– Мынау қызық болды ғой. Өт деймін бері. Босағада тұрғаны несі. Шырағым, спортшы газеттен ешкім келмеуші еді, соны естіп, әрі таң қалып, спорт жазатын тілшінің іздегенін қызық көріп, әйтпесе уақыт шынында да тапшы еді. Кірсеңші, енді.
Қасына бардық. Бойы ұзын кісі екен. Әлгі бір дастанда Қабанбай батырды суреттейтін жері бар, «қасы қалың кісі екен, бетін жауып кетіпті, сақалы ұзын кісі екен, кеудесін жауып кетіпті, қаһары қатты кісі екен, ашуланып, кетіпті». Мейірімді кісі екен. Мейірленіп кетіпті. Өңі ашық кісі екен, сұлуланып кетіпті. Еңсесі биік кісі екен… Шынымызды айтайық. Атаның алдында тұрғандай сезіндік. Ата болғанда да өзің жақсы көретін, мейіріміне шомылғың келетің атаңның. Күлімсіреді. Көзімен де күледі екен. Жұмыс үстелінің басында жұмсақ орындыққа жайғасты. Оңға бұрылғанда көргенбіз. Төменде, әлде төрі сол, үстелдің аяғында екі аласа кресло бар екен. Соның біріне барып, тізе бүктік.
– Әй, бері отыр, жақын мынау орындыққа отырсаңшы
– Біліп тұрмын, орындыққа отырсам, ресми сөйлесеміз. Мен сұрақ берем, жарытып қояр сауалым жоқ. Жиырма минутқа жетпей шығып қалам. Одан да осы жер дұрыс.
– Не дейді?
– Не дегенде, мен сізді Ата деп келдім. Айтары бар деп келдім. Ақыл тыңдайын деп келдім.
– Айналайын-ау ақыл дегенде, журналист емессің бе, әңгімелеседі, сұхбат жазады деді ғой..
– Дұрыс қой, бірақ шамам өзіме белгілі ғой. Екінщі сұрақтан кейін ептеп тыжырынасыз да, төртінщіге келгенде…
– Әй, бір қызық бала болдың. Жарайды, сенікі жөн. Ал, қой енді сұрағыңды.
– Ата, аңды мылтық ала ма, мерген ала ма?
– Бұйрық алады. Адамның ебі болуы керек. Аңшылық ермек емес. Кезінде кәсіп болды. Аңщы машықтанды. «Алпыс бір айлалы түлкіні алпыс екі айлалы тазы алады», – дей ме, атаң қазақ. Түбіне үңіл, түбірін ізде. Мылтық туралы да көп айтты, бабаларың. Жеті қазынаның бірі ме? Біздікі аңшылық емес. Серуен. Сейіл деп те айтуға келеді. Таза ауа, көтеріңкі көңіл, ол да бар шығар. Бірақ мен аңға шыққанда көп ойланам.
– Шаршайсыз ба?
– Ойдан ба?
– Жалпы деймін де.
– Шаршаған да жақсы ма деймін. Белгілі бір шек қой. Адам мүмкіндігінің шегі.
– Аңшылықта адам көп өкінетін секілді. Оқ тимей кетеді…
– Қартты қайда сүйреп барасың? Журналистің бәрі «аңшы», қақпан құрып отырады. Осыны сендерге оқыта ма? Адамда өкініш деген бар. Бірақ өткінші жаңбырға ұқсау керек ол. Қазақ не дейді? «Өткен іске өкінбе», – дейді. Әрі қазақ дұрыс айтады. Саналы адам бәрін де санамен салмақтайды. Сені түсініп отырмын. Алғың келетін жауаптарың мүлде бөлек. Тау-тас кездіріп, арқар аттырып, түлкі қақтырып, сосын мені басып қалмақсың ә? Білемін, білемін. Бірақ бүгінгі әңгіме саят туралы, шын мәніндегі аңшылық жайында болсын. Сергектікті сөз етейік, спортыңды айт.
– Ат туралы ше?
– Жылқы дегенде елеңдемейтін қазақ болмайды. Мінсең көлік, іщсең сусын. Жарайды мынаны айтайын. Өзің жақсы білетін «Орталық стадиондағы» салтанатқа Хрущев келді. Қарсы алдық. Қабағы ашылмады. Аса түсінбедім. Әлдекімге ренжулі. Стадионның мінбесіне щыққанда сұрады. «Қанша адамға арналған?». «Отыз мың жанкүйерге, Никита Сергеевич». «Алматының халқы қанша?». «600 мың». «Сен не сонда бүкіл Алматыны стадионға жинайын деп па едің? «Лужникиді» білесің, Мәскеуде қанша адам тұратынын тағы да білесің, сонда неге сүйеніп, сонша далиттыңдар?». Түсіндірген болдық. Оны естіген кейіп танытпады. Кейіді де отырды. Сосын ақ боз ойнақтап шыға келді. Салтанат кезі ғой. Тұрқы ұнады білем. Қарады, жанары қатты да қалды. Құлағына сыбырладым, «Никита Сергеевич, осы жануарды сізге мінгізейік деп едік». Иегін көтеріп оңға қарай бейімдеп, жалт қарады. Табан астында түсі жылынды. Мінгіздік, алды. Сонымен ұмыттық. Ұмытпапты. Хрущев жолдас. Кремльден телефон соғылды. Әлгі ақ бозды арнайы вагонмен жіберу жайында. Жібердік.
– Медеуді салу да қиын болған шығар?
– Әр құрылыстың, әр нысанның өз қиындығы, шешу жолы болды. Оның бәрін жіпке тізіп қайтеміз? Елге қажет болды. Салдық. Жұрт игілігін көріп жатыр. Керегі сол емес пе? Мыңдаған мәселелер болды. Құрылыс тоқтаған кездер. Сәулетшілермен мәселе дегендей. Оның ертеңге қажеті қанша? Өз кезіміздегі қиындықтар. Өзіміз шештік. Іс аяқталды. Маңыздысы сол ғой….
Ұзақ әңгімелестік. Сол күні күтуші де болмады. Көмекшілер де кірмеді. Ешкім кедергі келтірмеді. Мүмкін сағат жарым. Біздің өре де Атамның бойы секілді биіктеген сияқты. Сөзге қандық. Әңгімеге жарыдық. Өйткені санамызға сіңіріп айтты, жанымызға үңіліп айтты. Бәлкім кезі келгенде жазармыз. Жаздық. Мақаланы айтамын. Ұсындық. Газетке. Жарық көрді. Алып-ұшып, апарып бердік. Көрді. Оқитын болды. Сосын телефон шалдық, салем бердік.
– Жақсы екен, айналайын. Тамаша!
– Оқыдыңыз ба?
– Әй, оқымасым айтам ба, мұндай мақтау. Өткенде шай іше алмай кеттің. Айттым ғой, ана кісі бір жаққа шығып кеткенін. Енді бір келіп, шай іш, жарай ма? Әй, сұрағың көп, екен. Қалжың, әй. Келіп тұр, айналайын, жарай ма.
Ауа жетпей қалатындай. Абынып қалдық. Атамен сөйлестік. Қырып жазбағанымыз анық. Мерейімізді өсіргені ғой. Оны түсінеміз. Бақыт деген осы шығар, бәлкім. Қазақтың шоқтығы биік тұлғасымен телефонда тілдесу. Өзін көргеніміз бір басқа. Сөзін естідік, ойын түсінуге тырыстық. Ол да керемет. Бірақ телефондағы тілдесу… сөйтсек ол соңғы сөйлескеніміз екен… іс-сапардан келе жатып естідік. Үлкен жүректің тоқтағанын. Поездан түсе сала қаралы жиынға қарай зыттық. Келсек, қоштасу аяқталып, жұрт сыртта іркіліп тұр екен. Ештеңге қараған жоқпыз. Әлде ерекще бір күш біте ме? Кедергілерді бұзып өтіп, ішке ендік. Табытты жапқалы жатыр. Жүгіріп барып, қош айтып үлгердік. Көз алдымда Қонаев биіктеп бара жатты…
Аман Сейітхан