немесе елді есеңгіреткен бес баланың өлімі нені аңғартты?
Астанадағы 5 баланың өлімі бүкіл қазақ халқы ғана емес, естіген әлем елдері халықтарын да есеңгіретті. Көзінен жасы, көңілінен зары төгілген ана мен әкені жұбатар сөз табыла қоймайды … мұндайда.
Көкталда бес баланы соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне келген халықтың қарасы мол болды. Қабырғасын бір-бірлеп сөксең де, қабақ шытпас ерлердің өзі көз жасына ерік берді. Халықтың мол шоғыры тіркелген әлеуметтік желіні ашсаңыз, бұл оқиғаға қабырғасы қайыспаған, көңіл айтпаған адамның кемде-кем екенін көресіз. Шиеттей балаларын асырау үшін түн қатып жүріп, жұмысқа жегілген әке мен шешенің бір емес, төрт несиесінің бары да белгілі болды.
Әлеуметтік желіде тараған отбасының шотына халық шама-шарқынша ақша аударып жатыр. Алматы жұртшылығы Астанада үйінде өртеніп кеткен 5 баланы еске алу үшін 28 Панфиловшылар паркіндегі мәңгілік алау маңына жиналды. Қайғылы қаза қабырғасын қайыстырған жұртшылық үнсіз ғана алау басына келіп, гүл шоқтары мен ойыншықтар, шамдар қоя бастады. Мұндай аза тұту шаралары еліміздің барлық қалаларында болды.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қаралы отбасыға 13 миллион теңге аударып жатқанын хабарлады. «Хазрет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев 13,4 млн теңге жиналғанын, бұл сома жанұяға табысталатынын айтқан. Ізін ала Астананың бас имамы Наурызбай Өтпенов бес баласынан айырылған отбасыға үй алып беретіндерін жеткізді. «Біз олардың ата-анасымен сөйлестік. Ақылдаса келе, мешіт атынан баспана сатып алып береміз деп шештік. Біз осылай келістік», — деді ол.
Каспий банк тарапынан да отбасыға көмек берілді. Өз қолдауы ретінде банк қара жамылған отбасының несиесін жабатын болды. Болған оқиғаға қатысты мемлекеттік органдар да көмек қолын созуда.
Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері қайғыдағы отбасы шотына бір күндік жалақыларын аударды. Бұл жақсылықтың бәрі де есеңгі-реген әке-шешенің қайғы жүгін бір мысқал да азайта алмас. Десе де, бәрі де ниетімен көмек қолын созып жатыр…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы отбасына, марқұмдардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Тиісті ұйымдар басшыларына барлық жағдайды жасауды тапсырды.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та қаза болған бала-лардың ата-анасына және жақын-дары мен туыстарына көңіл айтты.
Бейқамсыздықтан, жауапкер-шіліктің жоқтығынан, тұрпайы қазақы өмірден арыла алмаудың, «от бар жерде – қауіп тұрады» — , деген ескертпе сөзді жадымызда ұстамаудың опығынан арасы оншақты күнде Қызылордада үш бала, Астанада бес бала, Павлодарда бір үйлі жан улы газға, өрт жалынына тұншығып өмірмен қоштасты. Көңілсіз жәйлар еңсені басып жіберді… Неткен шарасыздық? Бұлар — бүкіл ел өміріндегі ауыр қайғылар.
Астанадағы бұл отбасы уақыт-ша баспанада төрт жыл тұрып келген. Жанұяда жетеу. Оқиға болған күні ата-анасының екеуі де үйде болмаған. Отбасы Көктал-1 тұрғын алабындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан үйде тұрған. Бұл шағын баспана болған, алайда отбасы осы үйде төрт жыл бойы тұрып келген. Жанында бірнеше осындай үй бар. Онда отбасының туыстары тұрады. Үйде көмір пеші жағылатын болған. Туған-туысқандарының айтуынша, бұрын-соңды пештен қиындық көрмеген, олардың үйінде де осындай пеш тұр екен.
Қайтыс болғандардың барлығы — қыз балалар, үлкені таяуда 13-ке толуы керек болған, кенжесі — үш айлық. Туыстарының айтуынша, балалардың анасы бөлшектеп өлшеуші болып жұмыс істейтін және сол күні ол түнгі ауысымда істеген. Әкесі балаларымен бірге болған, бірақ оны дереу жұмысқа шақыртқан. Ол көлік жөндеу станциясында моторист болып жұмыс істейді екен. Соңғы рет олар пешті түнгі екі шамасында тексерген, барлығы да дұрыс болған және үйде жарық жанып тұрған. Ал түнгі үште алапат өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнынан жеті минутта келгеніне қарамастан, үй түгелдей жанып кеткен — ағаш бөренелер, қаптама, барлық жиһаз және техника. Тек кірпіш қабырғалар қалған. Құтқарушылар өртпен 40 минут бойы арпалысқан.
Өрт сөндірушілердің мәлі-метінше, 2018 жылы елордада 669 өрт болған. Соның салдарынан 10 адам қаза тапты. 2019 жылдың басынан 69 өрт шықты.
Үкімет отырысы барысында Бақытжан Сағынтаевқа жергілікті биліктегілердің қайғылы жағдайдан кейін қандай шара қолданып жатқаны баяндалды. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.“Ата-анасымен жұмыстар жүргізіліп жатыр, сондай-ақ, отбасыға әрі қарай қандай көмек көрсетілетіні жайлы талқылап жатырмыз. Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта аудандық әкімдіктегілер мен Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттегілермен біріге отырып, тексеріс жұмыстары жүргізіледі, жекеменшік үйлер-дің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары өтеді”, – деді Астана әкімі.
Бақытжан Сағынтаев таяуда еліміздің бірнеше өңірінде ауа температурасы төмендейтінін айтып, барлық қызметтің техника қауіпсіздігі ережелерін бақылауы қажет екенін ескертті.
“Техника қауіпсіздігі ереже-леріне мән беріңіздер. Ішкі істер министрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылыту маусымы аяқталғанға дейін өрт қауіпсіздігі шараларын жаңартсын. Ішкі істер министрі, барлық ұйым, тұрғын-үй коммуналдық қызметтегілер тұтынушылардың жылумен және жарықпен қамтамасыз етілуін өз бақылауларына алсын. Барлығы нақты және ешбір апатсыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Әкімдіктегілер де бұл мәселені бақылауға алуы керек , – деді Премьер-министр үкімет отырысы барысында.
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Астанада қайғылы жағдайдан кейін кімнің жазалануы мүмкін екенін, мәселені тиянақты тексеріп жатқандығын айтты. “Тергеу барысында әкесін дереу жұмысқа шақыру қажеттілігі шынымен де болды ма деген мәселелер анықталады”, – деді ол.
Болашақта осындай жағдай-ларға тап болмау үшін ТЖК Құрылыс істері жөніндегі комитетпен бірге жеке тұрғын үйлерде тұратын адамдардың газ сараптау, яғни табиғи газдан улы газды ажырататын құрылғысын орнату мақсатында ережелерді жасап жатырмыз”, – деді ол.
Иә, қазақта «Жау шапқаннан кейін қылышыңды босқа сермеме» деп тектен–тек айтылмаса керек. Біз әлі аңғалмыз, әр нәрсеге жеке жауапкершілікті сезінбейміз. Қауіпсіздік техникасы ережесін сақтау есімізден шықпауы тиіс.
Ермек БИҒАЛИ
Өз тілшіміз.