(мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов туралы толғаныс)

«…Қас  үлектен туған қатепті

Қара нар керек біздің бұл іске!..»

(Махамбет)

Қазақта Махамбет  бабам айтқандай: «Қас үлектен туған қатепті қара нардай азамат ерлер қай заманда да болған ғой, «бір кем дүние» олардың қайталанбастай ғажайып ерлігі көзі тірісінде-ақ аңызға айналса да,жалпақ жұртқа жария болмады;оқулықтарда жазылмады, ең өкініштісі ардақты есімдерін кейінгі жас ұрпағы білмеді.

Басымызға бақ қонып, дариға тәуелсіздік  келгесін ғана «ғасыр құпиясына айналған» сол ерлер туралы айтыла бастады, жазыла бастады.Азуын айға білеген Кеңестік тоталитаризм заманында Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Н.Хрущевтің өзіне тайсалмай қарсы шығып, ел намысын,абыройын,жеріміздің біртұтастығын қорғап қалған,керек десеңіз, ұлттық рухымыз бен ділімізді сақтап қалған бірегей басшы қайраткеріміз  нағыз қасқыр жүректі азамат – Жұмабек Ахметұлы Тәшенов.

Ақиқат айтылмай қалмайтынының  бір айғағы – «Ақ жол Қазақстан» газетінің   7.11.2003 жылғы №45 санындағы Н.Байсарының «Жұмабек Тәшенов – Алаштың асыл ұлы» мақаласында тарих  ғылымдарының  докторы Бейімбет Ермұхановтың жазғанынан («Казахстанская правда», 15.02.1995) мынадай мысал келтірілген.

«…В начале  60-х годов возникла серьезная угроза территориальному единству республики, когда Хрущев попытался через,так называемый, Целинный край, куда вошли по инициативе Москвы пять северных областей Казахстана, фактически оторгнуть казахские земли подчинив край непосредственно центру. К счастью, нашелся мужественный руководитель – председатель Совета министров КазССР Ж. Ташенов, который решительно выступил против предложения Хрущева.Демагогический замысел не увенчался успехом.На примере Крыма,подаренного Украине, можно оценить беспримерный поступок

Ж. Ташенева, имя  которого, к  сожалению, не получило достойного его заслуги отражения!»

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанды солтүстіктегі бес облыссыз, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласынсыз ойға алудың өзі қорқынышты!

Бір азамат  бір жерде біреуді жаладан қорғап қалса, ерлік дейміз, батылдық дейміз.Ал,Қазақстанның жерінің үштен бірін қорғап қалған ерлікті қай заманда кім көріпті!?Біз әлі күнге жайбарақат, болғанды болды деп қана отырмыз;неткен жайбасар, неткен салғырт едік!.. Әлде бұл қанымызға сіңіп кеткен ұлтсыздықтың, аярлықтың бір белгісі емес пе екен?..

Жұмабек ағаның  кейінгілер аңыз ғып айта жүрер ерліктерінің бірі – қазақ тілді баспасөздің басына жабылу қауіпі туғанда арашашы болуы.

Қазақстан  Коипартиясы Орталық Комитетінде өткен 1958 жылғы 28 шілдедегі  «Қазақ әдебиеті» газетін жабу туралы, тіпті «Социалистік Қазақстанды» аударма басылымға айналдыру жөнінде ұсыныс болған мәжілісте кейбір жөн біледі деген ел ағалары ұсынысты жан бағып жалтақтап мақұлдауға айналғанда: «Социалистік Қазақстан» газетін  ашқан да  сен емессің, жабатын да сен емессің.Ондай сөз айтпа!»-деп тойтарып тастайтын да қайран асыл ер Жұмабек аға. Қазақтың тіліне, ұлттық рухына елуінші жылдары (1954-60) Мәскеуден келген төрт орыс басшы – Пономаренко,Яковлев, Брежнев, Беляевтер тұсында қара бұлт үйірілгенде ұлт мүддесін білім-біліктілігімен, ең бастысы елін сүйген жүрегімен қорғаған да – Тәшенов. Сол кездің өзінде «Қазақ тілі мемлекеттік деңгейде қолданылсын» деп мәселе көтергенін де тарих біледі.

Н.Байсарының аталмыш мақаласынан Алматының тең ортасын бөліп түскен даңғылға хакім Абай  есімін беруге, оған сәулетті ескерткіш орнатуға, сонымен қатар 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігін өткізуге де басшылық жасаған  Жұмабек аға екенін оқып, білдік.

Қайраткер басшының арқасында осы жолы Қалибек Қуанышбаев,Ермек Серкебаев, Роза Жаманова,Шәкен Айманов пен Мұқан Төлебаев бес қазақ «КСРО Халық артисі»атағына ие болады.Әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны да іскер, алғыр ойлы басшының еліне жасаған бір тартуы еді.

Жұмабек аға мәдениет пен өнер,әдебиетіміздің көрнекті өкілдерін баспанамен де мәртебесін көтерген бірегей басшы болды. Көрнекті қайраткердің заманында шексіз билік пен алтын тақтың буына мастанып небір утопиялық «жаңалықтарды» ойлар тауып,тіпті БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында «Мы вам  покажем  Кузькину мать» деп мінберде лепіріп туфлиімен тоқылдатуға дейін барған Хрущевтан бастап, Козлов, Шевченко сияқты шовинистерді қақ маңдайдан «сөзбен ұрып» есеңгіреткені Тәуелсіздік жария еткен шындық.

«Айтылмаса,сөздің атасы өледі» деген емес пе, Н. Байсары былай деп жазады: «1960 жылдың күзінде Ақмолада үлкен жиналыс болады, оған Хрущев қатысады. Кешкі сағат он кезінде Қазақстан КП-ның сол кездегі бірінші хатшысы Д.Қонаев Ж. Тәшеневке: «бізді Хрущев шақырып жатыр»,- деп айтады.Екеуі барады.Сонда Хрущев былай дейді:Жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі.Алты облысты тың өлкесіне қосамыз.Жолдас Қонаевпен пікір алысқанбыз.Ол кісі бізді  қолдады.Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келеді».Мұндайды күтпеген Тәшенев:

«Мен бұл мәселені қолдаған былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуына қарсымын!» дейді.

Хрущев те тарс кетеді: «Саяси бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің? Әріберіден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз.Совет елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беруСССР Жоғарғы Кеңесінің еркі!».Сонда Ж.Тәшенев былай деп сауатты жауап беріпті:  «Жоғарғы  кеңес әр республиканың жерін жергілікті орындарсыз шеше беретін болса, онда СССР-дің конституциясын жою керек. Негізгі заңда әр  республика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар деп жазылған.Егер заңмен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық мекемелерге дейін шағым беруден  де тайынбаймыз, ондай құқығымыз да бар…» («Ақ жол Қазақстан», №45, 7.11.2003  «Жұмабек Тәшенев – Алаштың асыл ұлы»).

Бұрын-соңды мұндай сауатты қарсылықты көрмеген Бірінші хатшы Жұмабек ағаның ұлтын сүйген турашыл, әділ, батылдығына қысастықпен, өзінің қарау ниетімен, өктем билігімен жауап берді.

Жалпы алғанда Қазақстанның жоғары басшылық қызметінде тоғыз жылдай болған талантты,іскер, білікті ұйымдастырушы, нағыз көшбасшылық қасиетке ие азамат осылай кейінгі жылдарда Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, 14 жыл осы облыстың жан-жақты өркендеуіне зор үлесін қосады.

Осы орайда бір мәселені әділдік үшін айтпауға болмайды.Жұмабек  ағадай «атаның ғана ұлы болып қалмай, адамның ұлы бола білген;ұлт мүддесін өзінің қарақан басынан жоғары қойған, осы жолда кресло-лауазым жайлылығын емес,арының тазалығын ойлаған қайраткердің жүрегін ауыртқан шовинистердің айқайы мен арам пиғылдарынан гөрі өзқандастарымыздың жымысқы,аяр,қорқақ әрекеттері болғанын тура айтуымыз керек. Мұндай «көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей» бұқпа тірлік әлі күнге  бойымыздан кетер емес…Мен бұл жерде қарапайым халықтың өкілдерін емес, жоғары басшылықта болғандардың адресіне қаратып айтып отырмын.Қара халық пен еліміздің ұлтшыл, дарабоз азаматтары Тәшенев дегенде ішер асын жерге қойды; өмір бойы құрметтеп,ардақты есімін аялаумен өтті.

Солардың арасынан Б.Момышұлын,  Ғ. Мүсірепов пен С. Нұрмағанбетовті ерекшелеп айтар едім.

«Егемен Қазақстанның»  2015 жылғы №115 санында жарияланғанҚапез Қожахметов пен Мағжан Садыханұлының «Бірегей тұлға»мақаласында әдебиетіміздің классигі Ғ. Мүсіреповтің Жұмабек аға туралы мынадай пікірі берілген: «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз.Жазушы деген халық адамға өз жүрегінен орын береді.Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім Жұмабектің мынау елге келген қадамы сіздерге құтты болсын деп тілек айтпақпын».Өз заманында шындықты ғана жазып, Ар биігінде қалған Ғабеңнің сөзі – халықтың пікірі деуге болады.

Иә! «Қатепті қара нардай» қасқайып халқының аманатын  адал атқарған,ұлт мүддесін еш пендеден  тайсақтамай қорғаған;  тақтың құлы болмай, Ардың ұлы болып өткен мемлекет  және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің басты арманы – Тәуелсіздік болғаны анық. Тәуелсіздік, ең үлкен бақыт, байлығымыз басымызда.Ендігі арман – сол Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, осы жолда Тәшеневтей ұлт зиялыларының жолымен күншілдік пен қызғаныштан, аярлық пен екіжүзділіктен, жемқорлық пен жүзге, руға бөлінушіліктен аулақ болу – қатарында Жұмабек ағаның Арман немересі секілді талантты өкілдері бар кейінгі толқын отандастарымыздың басты парызы да осы.

PS: Нұртас Оңдасыновтай, Жұмабек Тәшеневтей Алаш арыстары өз қолымыз өз аузымызға жеткен мына заманда «Халық қаһарманы» атағына әбден лайық.

Қолдайтын, Отандастар, сіздер де үн қосады деген сенімдемін.

Амантай Бақыт